БIР БИIКТЕН – БIР БИIККЕ
БIР БИIКТЕН – БIР БИIККЕ
Мен қазақ Елiне 1989 жылдан берi көп барғам. Қалада да, далада да болдым, ауылдағы Жанболатовтар отбасында да жаттым; Қазақстанның мерзiмдi-мерзiмсiз басылымдарынан тартып, интернеттегi ол туралы мағлұматтармен де таныспын. Радионы, әсiресе "Азаттықты" үзбей тыңдағаныма да 20 жыл болды (тiптi АҚШ-та да жарым жылдай тұрып қайттым). Оппозициядағыларға да ден қойып, құлақ түрем…
Қазақстан басшыларына пiкiрi көптердiң iшiндегi ел үшiн шынайы еңiрейтiн, бiлiктi, менталитеттiлердi де, не санасыз, не орайшыл, не өкпешiл, не "өзi үшiн оттайтын", не "атың шықпаса жер өртешiл" жолбикелердi де байқағандаймын. Билiк басындағы топта тек жемқорлар ғана емес, осы соңғы сипаттағылардың бар екенiне де сенемiн. Бұлардан сырт, қолынан келсе, бөлеушiлер iшiндегi нағыз ұлысжандыларды да, елi үшiн өзге еңiреушiлердi де сыпырып тастап, жас мемлекетке жүген-ноқта салғысы, тiптi ерттеп мiнгiсi келетiн күш барын да сеземiн…
Осыларды ойлап, елдiктi ескерiп, әлгi сабырлылықты сақтап, Қазақ Елiнiң макроскопиялық тұлғасына, ондағы Нұрекең мен оның көмекшiлерiне диаспорадағы бiр зиялы ретiнде назар салғанда, менiң жүрегiм Қазақ Елiне, оның басшыларына, соның төбе биi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа зор ризашылық пен жоғары баға бағыштайды. Бұл арада менiң Нұрекеңмен еш жеке байланысым жоғын, тiптi дидарласып та көрмегенмдiгiмдi, ол кiсiге қарата тек диаспорадағы қалыс жан екенiмдi ескерте кету ерсi де, артық та бола қоймас.
— Ризашылығыңыз қай негiзде? Мысалыңыз бар ма? — дерсiз. Бар мысал. Бiрақ бәрiн шұбырту қажет емес шығар.
Арғы кездегi Нұрекеңдi онша бiлмеушi едiм. Бұл кiсiге назарымның ең алғаш қатты ауған тұсы — Тәуелсiздiк ғарапасындағы күз. КСРО ыдырап жатқан кез. Одақтас республикалар бiрiнен кейiн бiрi "кетiп жатты". "Қыбыр етпеген" — тек Қазақстан! Тықыршып кеттiк. Әр күнi кешкi "соңғы хабарлар" уағында теледидарға тесiлгенiмiз тесiлген. Әбден зарықтық… Шүкiрлiк! "Соңғы автобусқа шығып" үлгердi! Жыл аяғына таяу Қазақстан да тәуелсiздiгiн жариялады! Қуанғанымызды айтпа! Талайлар тiптi еңiреп жылап та жiбердi!
Тарихта, шынайы реформаның оңайы мен жеңiлi болған емес. Тiптi оның көбi реформатор көсемнiң түбiне де жеткен. Талай елге тәуелсiздiк қанның бодауына келсе, оларға реформа қан мен тердiң есебiнен ғана тәуiр нәтиже берген. Қазақстан КСРО-дан бөлiнген бiр "мүше" (ағза) күйiнде тұрып-ақ аса көрегендiкпен батыл бекiмге келдi де, нарық экономикасына беттеген реформаға кiрiсе жөнелдi. Бәрi сәттi бола кетуi мүмкiн емес-тi. Ел тойға айналғанда, арғы кезеңде әбден дәндегендер (қиянатшылар, жемеңқорлар) қойға шауып жатысты. Әдiлетсiздiктер, талаулар, шашулар болды. Бiрақ реформаның зор беталысы дұрыс едi. Сырқат жанға операция қандай батады? Ауруға дәрi де ащы-ақ… Бұл тұста реформаға кiрiспеген көршiлер мақталып, Қазақстан датталып та жатты. Бiрақ, қанша қан ақса да, операция сәттi болды. "Дәрi" қанша ащы болса да, шипа бердi. Кеше мақталғандар ендi сыналды да, Қазақстан өркендей бастады. Нарық экономикасына өткен ел саналып, орташа жалақы, ұлттық жалпы iшкi өнiмнiң өсуi сияқты көрсеткiштерi ТМД-ның ең алдына шықты. Шетел экономист-талдармандары Қазақстанды – "даму жөнiнен өзiн отар еткен елдiң алдына шыққан тарихтағы тұңғыш мемлекет" деп атасты! Кеше ғана (19.10.2002) БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннан: "Қазақстан нарықтық экономикаға өтуде орасан табыстарға қол жеткiзiп, экономиканы нәтижелi сауықтыра бiлдi", — деп кесiп айтты.
Иә, Қазақстан — қозғалған жұртынан әлi алыстай қоймаған, жүрiп бара жатқан көш. Түзелер жағы әлi де баршылық. Десе де оған ТМД-ның алдына шығудан артық талап қою әдiлдiк болмас. Проблема, мәселе дегендерiң қай елде жоқ. Мысалы, кедей-кепшiк зырлап дамып бара жатқан мына Қытайда да, әйгiлi бай ел АҚШ-та да баршылық. Мен бұлардан қайыршыны да көрiп жүрмiн. Ендеше 10 жастағы Қазақстанға не сөгiс?! Қайта көңiл толы разылықпен, "әдiлеттiң ақ жолымен" жүргенi дұрыс болды. Иләһим осылай дами берсiн деу жөн шығар.
Менiң бiлуiмше, Қазақстанның ең даулы проблемаға айналатын iсiнiң бiрi — iргелестерiмен шекара мәселесi де. Есiңiзде шығар, КСРО тұсында Москва: "Қытай! Сенiң заңды да тарихи шекараң — Ұлы қорған!" — деп айғайласа, Бейжин: "Па, шiркiннiң оттауын! Орыс! Сен Оралдың арғы жағындағы ұсақ княздық болатынсың. Батыста Балқаштың шығысы мен оңтүстiгi, ал Қиыр Шығыста Амурдың аяғындағы ұланғайыр аумақ — менiкi!" деп ақыратын. КСРО ыдыраған соң, шағын да жас ел Қазақстан "Алып көршiсi Қытаймен тең терезелi күйде сөйлесе алар ма?" — дейтiн талай жан. "Балқаштан басталар жердi Қытай алмай қоймайды", — дейтiн кей сәуегөйлер. "Қытай шекара тоқтамына асықпайды.. Оны әдейi, кейiнгi ұрпақтың шешуiне итередi. Бұл кәнiгi қытайша қулық…", — дейтiн кей синологтар… Шүкiрлiк, "жылы-жылы сөйлесе", бұл мәселенi де шештi. Қазiргi шекара бекiп, достық шекарасына айналды. Әрине, мұнда да бiлiмдiлiк пен парасаттылық жатыр. Мұның төбесiнде екi ел басшысы тұр.
Сұлтан Жанболатов, қаламгер, қоғам қайраткерi