АВТОКӨЛIК ӘКЕЛУ АРЗАНҒА ТҮСПЕЙДI
АВТОКӨЛIК ӘКЕЛУ АРЗАНҒА ТҮСПЕЙДI
1-маусымнан бастап Қазақстанда заңды және жеке тұлғалардың автокөлiк әкелу үшiн кедендiк баж салығын жiктеу басталды. Бiрақ елiмiздiң экономикасы үшiн беларусь тарифтерiмен бекiтiлген салық пайда әкелмеуi мүмкiн, тiптi сарапшылардың айтуынша ұзақ мерзiмде негативтi тұстарын байқатады.
Бүгiнгi таңда беларусь автокөлiк нарығы тұрақты емес, нақтырақ айтсақ, заңсыз көлiк саудасы өршiп тұр. ТМД және Еуропа елдерiмен салыстырғанда Белоруссияда заңды тұлғалар кедендiк салық төлеуден қашып, түрлi қылмыстық iстерге барады. Сондықтан шекарадан мұндай көлiктердi елiмiзге тасымалдау өте күмәндi да қауiптi iс. Осындай жағдайларға орай, Беларусь бюджетiне түсуi тиiс 5-7 миллион АҚШ доллары ай сайын жасырын тұлғалардың қапшығына кетедi. Десе де бұл елде машина жасау жақсы дамыған, логистика мен iшкi рыногы қалыптаса тұра, жеңiл авто шығаратын зауыттардың жұмысын ретке келтiре алмай отыр. Мәселен, 2009 жылы СП ЗАО "ЮНИСОН" 161 автокөлiк жасаған.
Тұрақсыз беларустiк тәжiрибе елiмiзге енетiн болса, 1991 жылдардың жағдайы қайтып оралатыны сөзсiз. Сонда тұтынушы тауарды кiмнен алғанын бiлмейтiн, қылмыстық базар пайда болады.
Соңғы үш жыл бойы республиканың автомобильдер нарығы өзге елдердiң импорты есебiнен құрылып келедi. 2009 жылы жеңiл автомобильдер ресурстарының жалпы көлемiнiң 98,9 пайызы импорттың үлесiнде (2008 жылы — 97,9%, 2007 жылы — 98,4%). Өткен жылы халықтың жаңа автомобильдерге деген сұранысы алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендегенi байқалды. Жаңа автомобильдердiң сатылуы — 51,8 пайыз, ал ұсталған көлiктер 4,5 пайызға төмендедi (сатылған автомобильдер саны 28 мың дана және 18 мың дананы құрады).
Отандық бiр кәсiпорынның өндiрiс көлемi әзiрше халық тұтынысын қамтамасыз ете алмай отыр. Шетелден әкелiнетiн автомобильдердiң негiзгi жеткiзушiлерi Германия (жеңiл автомобильдер импортының жалпы көлемiнiң 41 пайызы), Жапония (32,9), АҚШ (9,9) және Корея Республикасы (3,2) болып табылады. Бұдан кейiн импорттық автокөлiктердiң 80 пайызы арнайы дилерлер арқылы жүзеге асырылатын болады.
ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң ұсынған мәлiметтерiне сүйенсек, өткен жылы Қазақстанның жеңiл автомобильдер паркiнде 2,6 миллион көлiк құралы тiркелсе, халықтың қолданысындағы көлiктердiң саны 2,5 миллионды құраған. Бұл 2008 жылға қарағанда 1,7 пайызға көп екен.
Ақниет ОСПАНБАЙ