ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨРКЕНИЕТТI МЕДИАКЕҢIСТIК ӨРIСI

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨРКЕНИЕТТI МЕДИАКЕҢIСТIК ӨРIСI

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨРКЕНИЕТТI МЕДИАКЕҢIСТIК ӨРIСI
ашық дереккөзі
561

"Нұр сұңқар" дәстүрлi байқауға айналады

Қоғам мен мемлекет өмiрiн сан қырынан ашып көрсетiп, екi әлемдi қиыстыра да құрастыра алатын сөз серкелерiнiң кәсiби мерекесi тосын сыйлықпен басталды. "Баспасөз күнi" қарсаңында билiк партиясы "Нұр Сұңқар" журналистер байқауының жеңiмпаздарын марапаттады. Елорда төрiндегi Конгресс-Холл сарайы республика түкпiрiндегi журналистердiң басын қосты.

"Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының қызметiн насихаттау, республика халқына саяси бағдарламаларды түсiндiру, жеткiзу мақсатында қалам тартқан журналистердiң кәсiби қабiлетi мен ынтасын шыңдау үшiн республикалық байқау жарияланды. Байқау – "Нұр сұңқар" деп аталды. Республикалық байқауға облыстардағы, аудандардағы, бүкiл республикамыздың барлық ақпарат құралдарының тiлшiлерi мен телеарна операторлары, фототiлшiлерi де қатысты. "Нұр Отан" партиясының кез келген шарасы БАҚ қатысуынсыз өтпейдi. Көшбасшы партия ұйымының, қоғамдық қабылдау мен депутаттық фракциялардың жұмысы, тұрғындардың әлеуметтiк мәселелерiнiң шешiмiн табу барысы бұқаралық ақпарат құралдарында үнемi жарияланбақшы.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқаудың тосын сыйлығы "Хабар" арнасының тiлшiсi Александр Аксютецке бұйырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ересен еңбегiн үздiк ашып көрсетiп, ұтымды жариялай бiлген журналиске пәтер кiлтi тапсырылған. Осы орайда "Нұр Отан" ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин байқаудың дәстүрлi өтетiндiгiн айтты.

– Сiздерге бiрден айта кетейiн, Саяси кеңес Бюросының шешiмiмен, бұл сайыс жыл сайынғы дәстүрлi шараға айналады. Сiздердiң еңбегiңiз бiздiң мемлекетiмiз үшiн, халқымыз үшiн, тәуелсiз Қазақстанымыз үшiн өте маңызды да, өте жауапты. Елiмiздiң саяси тұрақтылығы, бiрлiгi, әлеуметтiк-экономикалық, рухани дамуы жолында қосып жатқан үлестерiңiз де өте зор. Сол үшiн Елбасы Н.Назарбаев елiмiздегi бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше назар аударып, барлық жағынан қолдау көрсетiп келедi, – дедi Н.Нығматуллин.

Аталмыш байқау 2010 жылдың 27-қаңтары мен 10-маусым аралығында жеңiмпаздарды анықтады. Ал комиссия құрамына Саяси кеңес мүшелерi, ҚР Парламентi депутаттары, "Жас Отан" ЖҚ, Қазақстан Журналистер одағы, бас редакторлар клубы өкiлдерi кiрiп, жүлдегерлер баспасөз беттерiнде жарияланып, теледидарда көрсетiлген шығармашылық еңбектер бойынша сараланды. Ал байқаудың алғашқы марапаттау рәсiмi бүкiләлемдiк "Оскар" киногерлер сыйлығының үлгiсiмен ұйымдастырылды. Алтын қауырсынды статуэтка лайық деп табылған номинанттар iшiнен таңдалды, осылайша жеңiмпаздар туралы шағын роликтер көрсетiлдi. Жалпы, 200 журналист қатысқан байқаудан 18-i үздiк деп танылып, 300 мың теңгелiк ақшалай сыйлыққа ие болды.

– Қазақстан журналистикасының деңгейi мен шеберлiгi шетелдiк әрiптестерiн кем түспейдi. Бүгiнде елiмiз әлемге жаңашыл бастамалар мен идеялары қалыптасқан өркениеттi медиакеңiстiк ашып отыр, – дедi Сенат спикерi Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар отандық журналистиканың даму және қалыптасу тарихына үңiле отырып, елiмiздiң "төртiншi билiк" иелерiнiң Қазақстанның имиджi мен қоғамдық құндылықтарды жазудағы еңбегiн атап өттi.

Марапаттау рәсiмi кештiң көркiне айналды. Байқау қорытындысы бiрнеше номинация бойынша жарияланды. Солардың бiрi – "Сарапшы" аталымы бойынша сыйлық "Астана" телеарнасы Бас директорының орынбасары Ықылас Мұхит және "Хабар" агенттiгiнiң "Жетi күн" хабарының бас редакторы Федор Курепинге берiлдi. Сондай-ақ, қазылар алқасы жеңiмпаздарды орыстiлдi және қазақтiлдi журналистер деп таңдап алды. "Бiздiң депутат" номинациясы бойынша, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсi мен барлық деңгейдегi мәслихаттар депутаттарының қызметi туралы ең үздiк жарияланымдар үшiн "Егемен Қазақстан" АҚ тiлшiсi Анар Төлеуханқызы және "Қостанай жаңалықтары" ЖШС директоры, бас редактор Сергей Харченко марапатталды. Сыйлықты табыс етуде ресейлiк 1 арнаның бұрынғы тележүргiзушiсi, қазiр де РФ думасының депутаты Александра Буратаева шақырылды. "Бүгiн тарихи оқиғаның үстiнен түсiп отырмын, бүкiл Қазақстан журналистерi жиналыпты. Олар аймақтарда жүрсе де өз iсiне адалдық танытқан адамдар", – дедi ол.

"Жаңалықтар тiзбесi" номинациясы бойынша тарту шығармашылық және ақпарат жөнiндегi "Казинформ" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қаламқас Әбуова мен "Интерфакс – Казахстан" ақпарат агенттiгiнiң бас редакторы Наиль Ишмухаметовке бұйырды.

Сонымен қатар ҚР Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиев: "Жол картасы" бойынша тағы бiр мәселенiң шешiлуi ықтимал" дедi. Оның айтуынша, бағдарлама төңiрегiнде аймақтардағы тiлшiлерге де қосымша жәрдем қарастырылады. "Аймақ жаңалықтары" номинациясы бойынша сыйлықты партияның аймақтардағы қызметi мен аймақтық филиалдарының қызметiн ең үздiк жариялағаны үшiн "Айқын" газетiнiң Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншiктi тiлшiсi Мира Берiкболова, "Время" газетiнiң Жамбыл облысы бойынша меншiктi тiлшiсi Галина Выборнова алды.

"Кадрда партиялық кадрлар" номинациясы бойынша бастауыш партия ұйымдары туралы дайындалған ең үздiк материалдар үшiн "Қазақстан" Ұлттық арнасы, Астана дирекциясының редактор-жүргiзушiсi және бас-редакторы Жиенәлi Мейiржан және "СТВ" телеарнасының ақпараттық талдау және жаңалықтар бағдарламаларының жүргiзушiсi Святослав Тарасов марапатталды.

"Көзқарас" номинациясының иегерлерi "Қазақстан РТРК" АҚ Қарағанды облыстық филиалы, "Қазақстан-Қарағанды" телеарнасының редакторы Әли Тойжiгiтов және "КТК" телеарнасының директоры, "Апта портретi" бағдарламасының жүргiзушiсi Артур Платонов.

"Алғашқы қадам" номинациясы сыйлығы бұқаралық ақпарат құралдарының жас өкiлдерiнiң (30 жасқа дейiнгi) партия мен "Жас Отан" Жастар қанатының қызметi туралы, сондай-ақ партия жүргiзiп отырған жастар саясаты туралы ең үздiк материалдары үшiн – "7-телеарна" тiлшiсi Ербол Мәндiбеков пен "Казахстанская правда" АҚ, "Саясат" бөлiмiнiң тiлшiсi Лаура Түсiпбекова марапатталды.

"Сенiм" номинациясының сыйлығы партияның Қоғамдық қабылдау бөлмелерiнiң қызметi туралы ең үздiк материалдары үшiн Алматы облысы, "Жетiсу" телеарнасының тiлшiсi, "Қоғамдық қабылдау" хабарының жүргiзушiсi Роза Дүйсебаева, "Литер" газетiнiң Астана қаласындағы меншiктi тiлшiсi Татьяна Казанцеваға бұйырды.

"Объектив шеберi" номинациясы бойынша партия туралы ең үздiк операторлық жұмыс, сондай-ақ фотоматериал үшiн, "Новое поколение" газетiнiң фототiлшiсi Талғат Ғалымов және "Хабар" АҚ операторы Николай Кишенин марапатталып, "Нұр Сұңқар" байқауының арнайы белгiсi мен қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды.

"Төртiншi билiк" иелерiнiң қаламына жiгер берiп, өз iсiне деген ынтасы мен талабын күшейткен байқау дәстүрге айналса құба-құп. Көңiлдi кеш "Баспасөз күнiне" арналған әсем әуенмен аяқталды. Ал бұл мерекеге арнайы келген шетелдiк қонақтар тiлшiлер қызметiн жоғары бағалады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары