«АВАТАРДЫҢ» АВТОРЫ АСҚАН БАЙ
«АВАТАРДЫҢ» АВТОРЫ АСҚАН БАЙ
Жыл сайын әлемдегi ең бай адамдардың қалтасына үңiлетiн "Forbes" журналы 28-маусымда 2010 жылғы шоу-бизнес әлемiндегi 100 ең дәулеттi тұлғаларды жария еттi. Бұл жылғы тiзiмде аз-кем өзгерiстер мен күтпеген жағдайлар көп-ақ.
Осы жылғы атақтылардың тiзiмiн американдық тележүргiзушi Опра Уинфри ашыпты. Оның медиажобалары әлемде үлкен сұранысқа ие болып, Уинфри соңғы 12 айдың iшiнде 315 мллион доллардай табысқа кенелген. Рейтингтегi екiншi орын әншi Бейонсқа бұйырды. Бейонс 2010 жылы тек қана ән айтып қоймай, жарнамалық роликтерге түсiп, өзiнiң дизайнерлiк брендiн де дамытты. Осының нәтижесiнде оның бiржылдық табысы 87 миллион долларды құрапты. Атақты әншi өткен жылы небәрi төртiншi орында болатын.
Биыл киноәлемдегi өзгеше туынды "Аватар" фильмi киносүйер қауымның ерекше ықыласына бөленгенi мәлiм. Бүкiл әлем фильмдi қызыға көрiп, режиссер Джеймс Кэмеронға бiрқатар атақ-абырой сыйлағаны жасырын емес. Американдық режиссер "Forbes" жасаған тiзiмнiң үздiк үштiгiнен орын алды. Журнал эксперттерiнiң пiкiрiнше, Кэмеронның төл туындысы "Аватар" кассалық рекордтарды артта қалдырып, әлемдiк прокатта 2,7 миллиард долларды жинаған. Ал режиссердiң 2010 жылғы табысы 210 миллион долларды құрапты. "Аватар" Кэмеронды атақтылар тiзiмiнiң үшiншi сатысына көтердi. Оның үстiне режиссер алғаш рет "Forbes" мамандарының көзiне iлiккен екен.
Сондай-ақ, гольф шеберi Тайгер Вудс, әншi Бритни Спирс, ирландтық рокерлер U2, соңғы "Оскардың" лауреаты Сандра Баллок, актер Джонни Депп, әншi Мадонна алғашқы ондықтың қатарында. 2009 жылдың ең дәулеттi актрисасы, көпбалалы Анджелина Джоли тiзiмдегi 18 орынды мiсе тұтты. Ал Ресейдiң теннисшi қызы Мария Шарапова биылғы атақты әрi дәулеттi жұлдыздардың тiзiмiнде 86-орында екен.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ