"ҚОРҒАСТАҒЫ" ДЕСАНТ

"ҚОРҒАСТАҒЫ" ДЕСАНТ

"ҚОРҒАСТАҒЫ" ДЕСАНТ
ашық дереккөзі
246

Кеденшiлермен өткен үшiншi кездесу

Кеден бекеттерiн аралау үшiн журналистер биыл тағы бiр рет жолға шықты. Негiзгi бағыт – "Қорғас" бекетi болғанымен, әуелгi сапар "Даму" индустриалды-логистикалық орталығынан басталды.

Екi күн бойы журналистер десант барысында Алматы облысында орналасқан "DAMU" Индустриалды-логистикалық орталығының кедендiк бақылау орнымен, Панфилов ауданындағы соңғы үлгiдегi кедендiк бақылау технологиясымен қамтылған "Қорғас" бекетiнде болып, Кеден одағына кiру барысындағы кеден қызметкерлерiнiң дайындығымен танысып қайтты.

Алматы облысы бойынша кедендiк басқарма бастығы Құрманбек Артықбаевтың айтуына қарағанда, 2010 жылғы 5 айда Алматы облысының сыртқы сауда айналымы 692 миллион АҚШ долларын құраған екен. Жалпы көлемдегi экспорт үлесi 10,4 пайыз болса, импорт 89,6-ға жетiптi.

"Қазiр Кеден одағына кiру төңiрегiнде көптеген сұрақтар туындап отыр. Менiң ойымша, бұл одаққа кiру бiздiң сауда-саттық қарым-қатынасымызға керi әсерiн тигiзбейдi. Өйткенi, бүгiнгi күнi төлемдер көбейiп, Алматы облысы бойынша көршi Қытай елiмен арадағы сауда-саттық айналымы 43 пайызға жетiп отыр, ал республика бойынша 6 пайыздың төңiрегiнде. Ең қолайсыз мәселе шеттен автокөлiктердi алып келу болатын. Осы жолы елiмiздiң Премьер-министрi Ресей жағымен келiсiмге келiп, соның нәтижесiнде Қазақстан азаматтары 2011 жылдың 1-шi шiлдесiне дейiн жылына бiр рет шетелден автокөлiк алып келе алады. Кеден одағына кiргелi берi шетелден көлiк тасымалдау төлемдерi 30-40 пайызға өсiп, азаматтарымыздың автокөлiк әкелу мәселесi қиындап кеткен болатын. Мiне, қазiргi күнi бұл мәселе шешiлiп, төлемдер құны бұрынғы қалпына келтiрiлдi", – дейдi Құрманбек Артықбаев. Сонымен қатар, басқарма бастығы Кеден одағына кiргелi берi кеден қызметкерлерiнiң әлеуметтiк жағдайын көтеру, шекараны күшейту мен кеден қызметкерлерiнiң жұмысын жақсарту iсi қолға алынып отырғандығын жеткiздi.

Кедендiк төлемдердi жинау кеден органдары қызметiндегi негiзгi басымдықтардың бiрi болып табылады. Мәселен, ағымдағы жылдың 5 айындағы бағдарланған жоспар 15 миллиард 294 миллион теңге болса, ел қазынасына 18 миллиард 294 миллион теңге түскен, бұл жоспардың 114 пайызға орындалғандығын көрсетедi. Ал, жылдық жоспар 42,8 миллиард теңгеге тең екен, қаңтар айынан бергi жұмыс қорытындысы бойынша ол 43 пайызға орындалған.

Кедендiк төлемдер мен салықтардың қосымша өндiрiлуiне де Кедендiк бақылау басқармасының жұмысы өз септiгiн тигiзуде. Аталмыш басқарма берген деректерге сүйенсек, биылғы жылы кедендiк бақылау басқармасы бюджетке қосымша 100 миллион 938 мың 802 теңге көлемiнде кедендiк төлемдер мен салықтарды құйыпты.

Тағы бiр айта кететiн жайт, соңғы 5 айдың iшiнде Алматы облысы бойынша Кедендiк бақылау басқармасы тарапынан 62 қылмыстық iс қозғалған. Оның 5-уi қауiпсiздiк желiсi бойынша болса, қалған 57-сi контрабандаға қарсы күрес басқармасы құрамындағы анықтау бөлiмi қозғаған қылмыстық iстер. Сонымен қатар, 270 әкiмшiлiк iс қозғалып, 4 миллион 701 мың 017 теңге көлемiнде айыппұл өндiрiлген.

Алматы облысына есiрткi заттарын жеткiзудiң тұрақты арналарын анықтау мен оларға тосқауыл қою мақсатында ҚР Iшкi iстер министрлiгiнiң Алматы облыстық IIБ-ны мен Есiрткi бизнесiне қарсы күрес басқармаларымен бiрiккен iс-шаралар да ұдайы жүргiзiлiп отырыпты.

Жұмыстың екiншi күнi журналистiк десант "Қорғас" кеден бекетiнде жалғасын тапты. Бұл кеден бекетiнiң жұмысы жолаушыларды және жүк көлiгiн тексеру сияқты екi бағыттан тұрады. Кедендiк жұмыс шараларының бәрi соңғы үлгiде жабдықталған аппараттармен жасалады. Қытай елiне барғысы келетiн жолаушы болса, оның құжаттары жылдам рәсiмделiп, көп уақыт өтпей-ақ, кеденнен өтуiне мүмкiндiгi бар. Мұның бәрi елiмiздiң кеден бекетiнiң жұмысы күнен-күнге дамып, өркендеп келе жатқандығын көрсетедi.

Ал, жүк тасымалдаушы көлiктердiң бақылауы да жылдам әрi тиiмдi жүргiзiледi. "Қытайдан келген жүк көлiгi алдымен сканерлеу аппаратынан өткiзiледi және не әкетiп бара жатқандығы тiркелiп, оған электронды құлып салынады. Кеден бекетiнде оның көрсеткен мәлiметi бойынша көлiктi тексеру жұмысы жүргiзiлмейдi, ол тек оның баратын межесi кеден бекетiне жеткен кезiнде ғана жүргiзiледi. Салынған электронды құлыпта көлiк иесiнiң берген мәлiметi бойынша көлiктiң не алып бара жатқандығы және оны кiм алып бара жатқандығы көрсетiледi және ол Орталық қызмет көрсету орталығында онлайн жүйесi арқылы тiркелiп, бақыланып отырады. Сондай-ақ бұл көлiк тек бастапқыда белгiлеген межелi кеден бекетiне ғана бара алады. Мысалы, Қарағанды қаласына барамын деп, Атырауға кетiп қала алмайды. Өйткенi электронды чип арқылы оның қай жерде жүргендiгi көрсетiлiп тұрады. Сондықтан, көлiк еш қайда бұрылмай тек өзiнiң көрсеткен нүктесiне ғана барады. Сонымен қатар, электронды құлып салынған жүк көлiктi жол бойындағы еш пост тоқтатпайды. Көлiк өзiнiң бекетiне жеткен уақытында ондағы кеден қызметкерлерi көлiктегi электронды құлыпты шешiп, көлiк жүргiзушiсiнiң берген мәлiметi бойынша, ондағы заттарды тексередi", – дейдi "Қорғас" Кеден бекетi бастығының орынбасары Ризабек Қалиаждаров.

Жылдың басынан берi аталмыш кеден бекетi арқылы 8713 жүк көлiгi өткен, бұл өткен жылғыға қарағанда 3500 көлiкке артық. "Келген көлiктердiң құжаттары түгел болса бiр күнде кеденнен өтiп кетедi. Кейде құжаттары жеткiлiксiз болып, қосымша мекемелерден құжат алулары керек болады. Мұндай жағдайда бiраз кiдiрулерiне тура келедi", – дейдi Р.Қалиаждаров.

Кедендiк одаққа кiру шараларын жүзеге асыру шеңберiнде ҚР-ның Үкiметi елiмiздiң оңтүстiгiндегi кедендiк шекараларды нығайту мақсатында қаржы бөлу туралы шешiм қабылдаған болатын. Осы тұрғыда "Қорғас" кеденiнiң әлеуметтiк инфрақұрылымын күшейту үшiн Алматы облысы Кедендiк бақылау басқармасы, Панфилов ауданының Қорғас ауылында кеден қызметкерлерiне арнап, 18 пәтерлi 3 қабатты екi үй салып жатыр. Жоспар бойынша, осы жылдың желтоқсан айында салынып бiтуге тиiстi үйлер қыркүйек айында қызметкерлерге табысталмақ. Мұның бәрi елiмiздiң кеден бекетiн күшейтiп, оның жұмысын тиiмдi етуде атқарылып жатқан iстер екенiн аңғартады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары