ДИПЛОМ АЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

ДИПЛОМ АЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

ДИПЛОМ АЛҒАН ЖАСТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН
ашық дереккөзі
288

Өткен аптада Қазақ-Британ техникалық университетiнiң орталық залында 2010 жылғы бiтiрушi бакалавриаттарына диплом тапсыру салтанаты болып өттi.

Мерекелiк шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақ-Британ техникалық университетiнiң ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бейсембетов Ескендiр Қалыбекұлы түлектерге ақ жол тiлеп, үздiк диплом иегерлерiне ерекше сертификаттар мен дипломдарын табыс еттi.

Қазақ-Британ техникалық университетiн биылғы бiтiрушi түлектер саны — 420, оның iшiнде үздiк дипломмен бiтiрушiлер — 66. Университетте бiлiм беру 4 факультет бойынша жүзеге асырылады. Энергетика және мұнай-газ индустрия факультетiнен 174 бакалавриат, 39 үздiк диплом, ақпараттық технология факультетiнен 70 бакалавриат, оның iшiнде 12-сi үздiк диплом, қаржы-экономикалық факультетiнен 171 бакалавриат, оның 14-i үздiк диплом және Халықаралық Экономика мектебiн бiтiрушi 5 түлек және 1 үздiк диплом.

"Ең үздiк студент — 2010" атағын иеленген түлектер, атап айтсақ, Диана Абдрахманова, Дмитрий Абдразақов, Ирина Чигянова, Жанат Назарова және тағы басқаларға ерекше сертификаттар мен үздiк дипломдар тапсырылып, университет атынан арнайы сыйлықтар берiлдi.

2010 жылғы бакалавриат дипломдарының ерекшелiгi — бiтiрушiлер әлемнiң кез келген жерiнде жақсы жұмысқа орналаса алады. Бұған бiлiм ордасының Ұлыбританияның "IMAREST" беделдi халықаралық ұйымымен бiрiге отырып жұмыс жасауы өз септiгiн тигiзiптi. Айта кететiн жайт, өткен жылмен салыстырғанда, биыл техникалық мамандықтар бойынша мамандардың сандық көрсеткiшi айтарлықтай нәтижелi болды.

Университет Ұлыбританияның бiрнеше беделдi бiлiм ордаларымен қоян-қолтық жұмыс жасап келедi. Сондықтан аталмыш бiлiм ордасын тәмамдаған бiлiмгерлер Ұлыбританияның Роберт Гордан және Хериот Уотт университеттерiнiң дипломдарын иеленедi. Сонымен бiрге, университетте тәлiмгерлерге шетелдiк мұғалiмдер дәрiс оқиды. Бұл да, бiтiрушiлердiң алдағы уақытта жемiстi еңбек етулерiне жол ашады.

Қазақ-Британ техникалық университетiнiң проректоры, Қ.Р. ҰҒА-ның президентi, академик Мұрат Жұрынов: "ҚБТУ-ды бiтiрген әрбiр студент 100 пайыз жұмыспен қамтамасыз етiледi, олардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайды. Себебi университетiмiз Еуропаның озық технологиялары мен бiлiм беру сапасын жоғары деңгейде меңгерген. Биылғы түлектерiмiздiң екi жүзге жуығы мемлекеттiк грант негiзiнде бiтiрушiлер, ал қалғандары ақылы негiзде бiлiм алып шықты. Ақылы негiзде бiлiм алу екi мыңнан бес мың АҚШ доллары аралығындағы қаржыны құрайды. Әрине, бұл аз қаражат емес. Дегенмен, сапалы бiлiмге кеткен шығын түбiнде ақталады. Есесiне бiз де бiтiрушi әрбiр түлектiң жоғары бiлiмдi, бiлiктi маман болып шығуын мақсат тұтамыз. Жалпы элиталық университетте басқару iсi күрделi болғандықтан студент санының көп болуы тиiмдi емес. Сол себептi алдағы жылдары университетке студенттердi қабылдау ережесiне өзгерiстер енгiзiлмек. Тағы бiр мақсат, өзге елдердiң озық технологиялары мен бiлiм беру сапасын басқару тәжiрибесiн Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарына үлгi етiп, енгiзгiмiз келедi", — дейдi.

Елiмiздiң қарыштап дамуына Қазақ-Британ техникалық университетiнiң қосатын үлесi өте мол. Сондай-ақ, бiтiрушi түлектер өздерiнiң терең бiлiмi мен шығармашылық күш-жiгерi арқылы егемен елiмiздiң одан әрi iлгерi дамуына өз үлестерiн қосады деген нық сенiмдемiз.

Ботакөз АХМЕТОВА, ХҚТУ-нiң журналистика бөлiмiнiң 2-курс студентi

Серіктес жаңалықтары