АЛЫС САПАР АЛҒАШҚЫ АДЫМНАН БАСТАЛАДЫ

АЛЫС САПАР АЛҒАШҚЫ АДЫМНАН БАСТАЛАДЫ

АЛЫС САПАР АЛҒАШҚЫ АДЫМНАН БАСТАЛАДЫ
ашық дереккөзі
946

Ақын Мұхтар Шаханов "Шәмшi" журналында жарияланған бiр естелiгiнде былай деп жазды: "Бiрде менiң туған күнiме Төлеген Айбергенов "Тасбақаның түрлерi", "Iле Алатауының құстары" атты екi кiтапты сыйға тартты". Төкеңнiң iзденгiштiгi, көп оқитындығы өлеңдерiнен де байқалады. Жақында Айбергеновтiң көне қағаздарының арасында мақал-мәтел жинаған дәптерi ұшырасты. Ел аузынан жазып алған тәлiм сөздердiң кейбiрiне сын көзiмен қарап, өзгерiс те жасаған.

Ақын Төлеген туралы Ғабең (Ғабит Мүсiрепов) естелiгi де осыған саяды. Ғабит Мүсiрепов: "Маған жастардың iшiнен марқұм Төлеген Айбергеновтiң менмендiгi жоқ қарапайым ғана адамдық мiнезi қатты ұнаушы едi. Бiр күнi ойда жоқта екеумiз жолыға қалдық. Алдында бiраз өлеңдерiн оқыған едiм, солардың өзiме ұнағанын айттым. Байқап тұрмын, мақтауымды ол жай сыпайылық үшiн ғана қабылдаған сияқты. Айтқандай-ақ сөзiмдi аяқтаған кезде:

– Ой, Ғабе, жаңа сiз айтқан жақсылықты да, жаңалықты да мен өзiмiздiң халық ақындарынан алып жүрмiн ғой. Тiптi, сiз Ақан серiнiң мына бiр-ақ өлеңiне елiктеуден туған өлеңiмдi де байқамадыңыз-ау, — дедi күлiп. Амал бар ма, бiз қазақ әдебиетi екi-үш дарыннан ерте айырылдық. Олар — Абдолла, Баубек, Төлеген". Шын, жақсы ақын – әрi қарапайым, әрi талантты. Басқаша айтсақ, мақал-мәтел жинап, халық ауыз әдебиетiн сүйгенiнен де талант iзденгiштiгi көрiнедi.

Мәселен, ұлы Мұхтар "Өскен өркендi" не үшiн жазды? Мұхаң кемеңгер кiсi нақ өмiрiнiң соңғы жылдарында ғана оңтүстiк қазақтарының шұрайлы тiлiн бiлдi. Бәлкiм, бұрыннан да бiлген шығар, бiрақ, ол кезде оның бұған көңiл аударуға мұршасы болған жоқ. Сондықтан да ол соңғы жылдарда Шымкент жаққа жиi келгiштедi. Тiлiн үйрендi, халқының дүние-таным, тыныс-тiршiлiгiн зерттедi.

Ақын Төлеген Айбергенов те өте iзденгiш болған. Өлеңдерi, күнделiгi жарық көрiп, ел қазынасына қосылды. Әлi де iзденген адамға отыз жасында қыршын кеткен таланттың жарияланбаған жырлары, аудармалары табылады. Төкең Ташкентте оқып, Қарақалпақстанда, Сарыағашта ұстаз болып еңбек еткенi өмiрбаянынан мәлiм. Үйiндегi көне қағаздарының арасында мақал-мәтел жинаған дәптерi де бар екен. Жары Үрниса, қызы Салтанат бұл жазбаларды жариялауды қажет санамағандай. Ал, бiздiңше, жас ақын iзденiмпаздығына дәлел болатын бұл жазбалармен оқырмандарды таныстыру артық емес сияқты. Тiл қаймағы оңтүстiкте жатыр.

“Ақын мұрасы – халық мұрасы” деп, оқырманға ұсынуды жөн көрдiк.

Мылтықбай ЕРIМБЕТОВ, Жазушылар одағының мүшесi

1. Бұрынғы күнiм күн екен,

Сыбызғының үнi екен.

2. Жыланның уы басында,

Момынның қуы қасында.

3. Қасқалдақтай қанатымен су шашып.

4. Ботқадағы сөз боққа аспас.

5. Кең киiм кеңесiп тозады.

6. Жыланды iннен шығарған тiл,

Мұсылманды дiннен шығарған тiл.

7. Жақсыға берсең я қайтады,

Я айтады.

8. Малыңды жоқ қылайын десең пұл ет,

Бидайыңды жоқ қылайын десең ұн ет.

9. Аты қашқыр жiгiттiң,

Шу-шуменен не iсi бар,

Аспабы өткiр ұстаның,

Туф-ту менен не iсi бар.

Қолына құсы қонғанның

Қу -қу менен не iсi бар.

10. Тышқан iнiне сыймайды

Артына қалбыр байлайды.

11. Ақылдының алдында жүр,

Ақылсыздың артында жүр.

12. Естек естекке үйiр,

Мәстек мәстекке үйiр,

Қотыр атқа соқыр ат үйiр.

13. Ақ та болсаң ант iшпе,

Айрандай сiңер бойыңа.

14. Талайлымен таласпа.

15. Көп тентегi би болады,

Аз тентегi и болады.

16. Ұранды ұран жеңедi,

Қыранды қыран жеңедi.

17. Қызы көп ауылдың қыдыры бар,

Қариясы көп ауылдың перiштесi бар.

18. Жақсы ниет сәт болар,

Жаман ниет қат болар.

19. Тар жерде табысқан, кең жерде келiседi.

20. Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал!

21. Ата – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ.

22. Бейнетiң қатты болса – тапқаның тәттi болар.

23. Ит алған қуда не сын бар.

24. Қауiп бар жерде қатер бар.

25. Үйренiскен жау атыспаққа жақсы.

26. Көп ақымаққа аға болғанша,

Бiр ақылдыға iнi бол.

27. Жақсының сөзi диiрменнен шыққандай,

Жаманның сөзi түйеден түскендей.

28. Ақсақ ит сау иттен сауға сұрайды.

29. Ауырған басқа темiр тарақ.

30. Екеудiң үлесi үшеуге үнем.

31. Есебiңнен жаңылсаң, есiңнен айрыласың.

32. Өз көшесiнде жаман ит те жолбарыс.

33. Қыз қуыршақ дейдi, бала құлыншақ дейдi.

34. У iшкен бiр өледi, ант iшкен мың өледi.

35. Ғалыммен жақын болсаң қолың жетер,

Залыммен жақын болсаң басың кетер.

36. Бiр елi ауызға екi елi қақпақ.

37. Алдияр, “алдияр” десең дандияр.

38. Шешен сөз бастар, батыр қол бастар.

39. Су сағасы бұлақ, сөз сағасы құлақ.

40. Адам ойға тоймас, бөрi қойға тоймас.

41. Ақылды қария – ағынды дария.

42. Алмақтың да салмағы бар.

43. Демi бардың емi бар.

44. Арыстанның ойынынан түлкiнiң мойны үзiледi.

45. Басы қату болса, аяғы тату болады.

46. Төбелестен соң жұдырық.

47. Шықпаған жаннан үмiтi бар.

48. Қазанның түбiнде шемiршек қалды деп.

49. Өлгенмен бiрге өлмек жоқ.

50. Былшығын аламын деп қылшығын алма.

51. Тоқал ешкi мүйiз сұрап барып құлағынан айырылыпты.

52. Мал келерiнде керегенiң көгiнен келедi,

Кетерiнде көзiнен кетедi.

53. “Бас” десе құлақ дейдi,

“Ешкi” десе лақ дейдi.

54. Күбiсiне қарай пiспегi,

Кемесiне қарай ескегi.

55. Тамшыдан тама-тама дария болар.

56. Ат жалдаған өтер,

Ит жалдаған кетер.

57. Көптен қулық артылмас.

58. Жақыны көп жасқанбайды.

59. Екi кiсi бiр кiсiнiң тәңiрiсi.

60. Жыңғыл десе қырғын деп.

61. Қарға орнына тұяқ.

62. Несие жеме еттi, ұят жыртар беттi.

63. Ашта жеген құйқаңды,

Тоқшылықта ұмытпа.

64. Әркiм өз тасына батпан.

65. Шамадан шама артық емес,

Қаратау сексен батпан.

66. Жаудан қайтпаған жүрегiм,

Бiр қасық майдан қайтты.

67. Атасы басқамен аң аулама,

Атар да жанына байлар.

68. Қуанғаныңды бiлейiн туған күнi кел,

Қайғырғаныңды бiлейiн өлген күнi кел.

69. Бiр тiстем нанда қос өгiздiң күшi бар.

70. Сәуiр болмай, тәуiр болмас.

71. Сау сиырдың боғы емес.

72. Қазақтың қарасы – қаласы.

73. Алтын да тас, тас та тас.

Алтындай болмас басқа тас.

Алтынға алтын кез келсе,

Алтынды алтын тастамас.

74. Шықсаң шыңға, құласаң – ылдыйға.

75. Қарға баласын аппағым дейдi,

Кiрпi баласын жұмсағым дейдi.

76. Ит қорыған жерге өш.

77. Итаршыға бiр шаршы.

78. Жазда мыйы қайнамағанның,

Қыста қазаны қайнамас.

79. Әуелден мiңгеспе,

Мiнгескесiн үндеспе.

80. Сезiм бар жерде, семiздiк жоқ.

81. Жаны күйген тәңiрiсiн қарғайды.

82. Шырынға шыбын үймелейдi.

83. Бiр жұдырық ұрыппыз,

Не десең де тұрыппыз.

84. Көптiң батасы бiр.

85. Қыдырманның баласы әупiшiм деп жылайды.

86. Отын көп болса жалын да көп болады.

87. Алыс сапар алғашқы адымнан басталады.

88. Ақылды iсiмен көрсетедi.

Ақымақ тiлiмен көрсетедi.

89. Тiреу болмай бiлеу болмайды.

90. Жыршы қызға сыршы күйеу.

91. Жақсы адам – елдiң ырысы,

Жақсы сөз – жанның ырысы.

92. Жiгерсiз адам жетiмсiреп тұрады.

93. Жақсы ниет жарым ырыс.

94. Кедейдiң бiр тойғаны – шала байығаны.

95. Ауыл қарайлас, шаруа орайлас.

96. Малға бәлемет, басқа сәлемет.

97. Арқалаған томарыңның садағасы кетейiн.

98. Қаруың қалпында болса, қапыда қалмайсың.

99. Ел көркi – мал, өзен көркi – тал.

100. Көптiк қайда, тоқтық сонда.

101. Ерiншекке шегiншек тап болар.

102. Табы бiрдiң тәңiрiсi бiр.

103. Адам күнi адаммен.

104. Темiршi көмiршiге үйiр.

105. Жiгiттiң түсiн айтпа, iсiн айт.

106. Өнерлi бала сүйкiмдi.

107. Үйiнде озған түбiнде озар.

108. Алпыс күн аспанға қарағанша,

Алты көш те, айдынға құла.

109. Жетең жаман болмаса,

Жете жарлы болмассың.

110. Әдiл iстiң арты игi

111. Сәтi түсер iске сәлден себеп.

112. Оңай олжа оңалтпас.

113. Шабыспақ оңай, табыспақ қиын.

114. Қолы ашықтың жолы ашық.

115. Ауру адам қаяушыл.

116. Көңiл орнында болса, жан жайында.

117. Қайғыны қайратты жеңедi.

118. Елдi қу бұзады, сүттi су бұзады.

119. Жерде жетiм налыса,

Көкте перiште қайғырар.

120. Жауды көп қашырады,

Жақсы аты Бараққа қалады.

121. Мiнезiң жатық болса,

Iшкенiң қатық болады.

122. “Өзiм бiлем” деген бүледi,

Көпке ойласқан бiледi.

123. Iнiсi есер болмай, ағасы қадiрлi болмас.

124. Батырлар бастас болады,

Байлар қоныстас болады.

125. Бай байға құяды, сай сайға құяды.

Шұқанаққа дым да жоқ.

126. Бар тумаң батуда болмасын,

Жоқ тумаң жолыңда тұрмасын.

127. Шапқанда байдың ұлысың,

Тоқтасаң түсер есiңе.

128. Шөлмек мың күнде сынбайды, бiр күнде сынады.

Дихан жаңбыр күнi тынады.

129. Қойдың иесi болса, бөрiнiң де Құдайы бар.

130. Мың күн көлеңке болғанша, бiр күн адам бол.

Алты күн атан болғанша, бiр күн бура бол.

131. Жiгiтке қырық жыл байлық,

Қырық жыл жарлылық жоқ.

132. Бай ұлы болғанша, базар ұлы бол.

133. Жаманға жалынғанша, жат та жаныңды қарман.

134. Дұшпанның көңiлiнде болсаң да көзiнде болма.

135. Түлкiнiң тоқсан екi тәсiлi бар, ең абзалы көрiнбеген.

136. Бидi – “құл” десең күлкiсi келедi,

Құлды – “құл” десең өлгiсi келедi.

137. Жұмаққа бiздi апармай, есек қамай ма.

138. Өл-тiрiл ишан болып ал да,

Молданың енесiн ұра бер.

139. Алып бермесең ары жат.

140. Кетпеннiң басын бассаң, сабы өзiңе тиер.

141. Қарны ашқан кiсiге,

Арпа талқан майдай көрiнер.

Қатыны жоқ кiсiге,

Пұшық қатын айдай көрiнер.

142. Көсеуменен түрткеннiң кегi кетпейдi.

143. Жылыда жыйнақталмаған суықта қымтала алмайды.

144. Сыныққа сылтау, құлақсызға мылқау.

145. Ыржық қызға тыржық күйеу.

146. Сұрап алған аурудың емi табылмас.

147. Қорыққан бұрын жұдырықтар.

148. Iшiнен боқтарын көп боқтар.

149. Сақаудың тiлiн әжесi бiледi.

150. Сөк берген кiсiмнен көрейiн бе,

Жей алмаған тiсiмнен көрейiн бе.

151. Саңырауға сәлем берсең, “атаңның басы” дейдi.

152. Нақылды бiр айтпаса ақылсыз айтпайды,

Ақылды адам әр сөзiн нақылсыз айтпайды.

153. Ерлi қоян терлi қоянды әкетедi.

154. Үндеместе бәле бар, от басында шала бар.

155. Көркiм көрiк болмас,

Шашым сауын болмас.

156. Пiскен астың күйiгi жаман.

157. Төрiнен көрi жуық.

158. Қадiр бiлмес туғаннан, құныңды бiлген жат артық.

159. Мал – баланың шашуы.

160. Аштықта жегенiңнiң, тоқтықта дәмi кетпейдi.

161. Жұтқан жұтамас.

162. Пысық басқа, әз басқа.

163. Күнiң үшiн күл тасы.

164. Ағайынның азары болса да, безерi болмас.

165. Кәрi түйе бақырауық.

166. Жаны барда жалынған,

Жаман ердiң белгiсi.

167. Бiр ағарған сақалың,

Ендi қайтып ағармас.

168. Қотыр қой өзiң үшiн бозғыл мал.

169. Хиуада бiр көзе сынса Қоңыраттықтан көрер.

170. Айтпасам бiлмейсiң,

Ашпасам көрмейсiң.

171. Болған да күнiң,

Өлген де күнiң.

172. Ат шаппайды, бақ шабады,

Бақ шаппайды, бап шабады.

173. Ер тарықпай молықпас.

174. Қауiп қайда болса, қатер сонда.

175. Жаман туысқаннан жақсы дос артық.

176. Жақсы аттан жығылса, жаман табашыл.

177. Хан алдында сөйледiм, хан кескен жоқ тiлiмдi,

Халық алдында сөйледiм, халық тапқан жоқ мiнiмдi,

Қараша үйге барғанда, қатыным қатты сөйлесе,

Итке берсiн күнiмдi.

178. Ерден ердiң iсi артық,

Жаман қып соққан күмiстен,

Жақсылап соққан мыс артық.

Ауқаты жоқ ақ үйден,

Iшiнде болса тағамы,

Пейiлдi болса адамы,

Қараша үйлер бес артық.

179. Жаман атқа жал бiтсе,

Жанына торсық байлатпас.

Жаман адамға мал бiтсе,

Жанына қоңсы қондырмас.

180. Аты шыққан төбеге бiр шауып шық.

181. Азғантай асқа аспазшы болма.

182. Халқың ұры болса ұры бол, бөрi болса бөрi бол.

183. Жалғыз жүрiп жол тапқанша, көппен жүрiп адас.

184. Басы жоқтың асы жоқ.

185. Екi тойың қабат болсын,

Екi дүниең абат болсын.

186. Сүйектi дос сүйенiсiп күн көредi,

Ауызды дос айтысып ақысын алады.

187. Сыйлағанды сыйла,

Қинағанды қина.

188. Алғаным – алпыс аттан озғаным.

189. Ағайын көрмесе жат болады.

Көрiспесе ұят болады.

190. Тасқан төгiледi,

Iскен жарылады.

191. Көңiлiң азса дарияға бар,

Тасса әулиеге бар.

192. Жаны ашымастың басы ауырмас.

193. Санасызға сан айтсаң да,

Сайдың суы шақ келмес.

194. Жарлының көңiлi құрт көксейдi,

Көжесiнiң қатығы жоқ.

195. Ойланбағанның iсi ойран.

196. Өтiрiкшi өлгендi куә тұтар.

197. Ана тұрып қыз сөйлегеннен без,

Әке тұрып ұл сөйлегеннен без.

198. Сараң адамға жоқ сылтау.

199. Құлды жасқап бидi ұрады.

200. Келiннiң аяғынан,

Қойшының таяғынан.

201. Жаман сиырға су көрсетпе.

202. Иттi күшiм десең аузыңды жалайды.

203. Су сиырдан жеридi, сиыр судан жеридi.

204. Қазаққа ар ма десең,

“Насыбайың бар ма?” дейдi.

205. Өзiн-өзi мақтаған өлiмнiң қара басы.

206. Қоңсы қоңсыдан тәлiм алар,

Ғалым ғалымнан бiлiм алар.

207. Өзiмдiкi дегенде өгiз қара күшiм бар,

Кiсiнiкi дегенде қылар-қылмас iсiм бар.

208. Бермес сараңды кетпес сiлiмтiк жеңедi.

209. Мен де қатын болармын,

Қапқа тары салармын.

Серіктес жаңалықтары