ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕН КЕЛIНШЕКТЕР ЖАҢА МАМАНДЫҚҚА ИЕ БОЛДЫ
ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕН КЕЛIНШЕКТЕР ЖАҢА МАМАНДЫҚҚА ИЕ БОЛДЫ
1 ай iшiнде жаңа мамандыққа ие болған 86 алматылық қыз-келiншек кезiнде дағдарыстың кесiрiнен жұмыссыз қалғандар қатарында болатын. Олар арнайы ұйымдастырылған әлеуметтiк жоба шеңберiнде "екi қолға бiр күрек" тапты.
Соңғы жылдары әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың салқынын сезiнгендер қатарында әсiресе, әйелдер көп. Сейсенбi күнi Chevron компаниясы мен "Қазақстанның Iскер әйелдерi" ассоциациясының ұйымдастыруымен, Алматыдағы жұмыссыз жүрген әйелдердi тегiн оқыту және қайта мамандандыру әлеуметтiк жобасының бiрiншi кезеңi қорытындыланды. ҚР Президентi жанынан құрылған Әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат iсi жөнiндегi ұлттық комиссия қолдаған осы жобаның арқасында алматылық 86 қыз-келiншек 1 ай көлемiнде жергiлiктi еңбек нарығында сұраныс жоғары мамандықтарды тегiн меңгердi. Шаштараз, есепшi, мейрамхана әкiмгерi, бала күтушi-тәрбиешi, тiгiншi, аспаз, кондитер мамандығы бойынша қаладағы "Real Vive" сұлулық салоны, "Белый слон", "Жұлдыз" мейрамханалары, "Достар" балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу орталығы, "№1 ателье", "Жетiсу" мейрамханалық кешенi т.б. кәсiпорындарда әрi бiлiм алып, әрi тәжiрибе жинақтаған арулардың кейбiрi ендiгi жұмысқа орналасып үлгерген. Оқу аяқталғанда жоба ұйымдастырушыларының ықпалымен, курсқа қатысушылар келiсiмдерге алдын ала қол қойған кәсiпорындарға қызметке қабылданбақшы. Осынау игiлiктi шараның басы-қасында жүрген Chevron компаниясыгың Қазақстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Замира Қанапиянова Iскер әйелдер ассоциациясымен бiрге жергiлiктi және республикалық мемлекеттiк органдар, оның iшiнде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Алматы мен Астана қалаларының еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау департаменттерiнiң өкiлдерiне ризашылығын бiлдiрдi. Жоба шеңберiндегi мамандық түрлерi арнайы жүргiзiлген әлеуметтiк зерттеулер нәтижесiнде iрiктелiп алынған: "Мамандық иелерiне деген сұраныс әр жерде әрқалай. Мысалы, Астана қаласында бала күтушi, тәрбиешi, мейрамхана әкiмгерi секiлдi мамандықтар қат болса, Алматыда бiр қызығы, негiзiнен есепшiлер тапшы екен. Бiз осыны ескеруге тырыстық" деп мәлiмдеген Қанапиянова ханым алдағы уақытта ер кiсiлерге арналған жобалардың жүзеге асырылатынын, қазiргi кезде отандық еңбек нарығында арнайы зерттеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқанын жеткiздi.
Алматы қаласының әкiмшiлiгi жанынан құрылған Еңбек биржасының директоры Батай Қабыловтың айтуынша, бүгiнде жұмыссыз жүргендердiң 67 пайызы қыз-келiншектер. Ал еңбек нарығындағы "екi қолға бiр күрек" еркектердiң еншiсiндегi мамандықтар көрiнедi. "Үстiмiздегi жылдың басынан берi қала бойынша 5300-ден астам адам Еңбек биржасы арқылы жұмысқа тегiн орналастырылды. Қосымша мамандық алу еңбек нарығындағы зор мүмкiндiк болып табылары анық" деп ағынан жарылған Батай Маманұлы жаңа мамандық иелерiне ақ жол тiледi. Алматы қаласы бойынша Iскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Светлана Гонаго 2010 жылдың соңына дейiн Алматы мен Астанадағы 500 жұмыссыз әйелдi оқыту және қайта мамандандыру жоспарланып отырғанын, 10 маусымнан бастап жаңа 7 топтың арнайы курстарды бастап кеткенiн тiлге тиек еттi. Үкiметтiң "Жол картасы" бағдарламасының мақсаты мен мiндетiне сәйкес келетiн бұл әлеуметтiк жобаны мемлекеттiк органдардың қуана құптауы тегiн емес. Оның үстiне, 2009 жылы Астана мен Алматы облысының Iле ауданында алғаш рет жүзеге асырылған жобаның арқасында көптеген қыз-келiншек жұмыспен қамтамасыз етiлiп, кейбiрi жеке кәсiпорнын ашқан көрiнедi.
Ұйымдастырушылар бiлiм алғандардың құлшынысы мен талпынысына дән риза. Мәселен, "№1 ателье" кәсiпорнының жетекшiсi Укеева Бағдагүл Әбдiрасылқызы тiгiншi мамандығын меңгерген 13 қыз-келiншектiң 1 ай бойы ерекше ықыласпен бiлiм алуға құмартқанына тәнтi. Десе дегендей, тiгiншi қыздар сертификат алуға өздерi тiккен әсем көйлектерiн киiп келiптi. Жаңа өмiрге жаңа қадам басуға құлшынған 86 қыз-келiншектiң қуанышына ортақтасуға келген белгiлi әншiлер Айжан Нұрмағамбетова, ағайынды Ғизатуллиндер игiлiктi шараның салтанатын асқақтатты.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ