ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЖЫМҰҚАНЫ
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЖЫМҰҚАНЫ
Жақында "Қазақтың Қажымұқаны" атты жинақ жарық көрдi. Жинаққа әйгiлi балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының көзiн көрiп, ерлiгiне куә болған замандастарының естелiктерi мен зерттеушiлердiң еңбектерi кiрiстiрiлген.
Жинақ 1984 және 1990 жылдар "Қазақстан" және "Күш атасы" деген атпен басылып шыққан кiтаптарда келтiрiлген мәлiметтердi кiргiзе отырып, жан-жақты зерттеудiң нәтижесiнде толықтырылды. Жинаққа кiрген еңбектердi құрастырған – Ғазизбек Тәшiмбай. Құрастырушы балуан атамыз жайлы естелiктердi 1966 жылдан бастап жинаған. Бұл жылдарға дейiн палуанның өмiрi аз зерттелген болатын. Қажымұқан ұлт тарихында ғана емес, дүниежүзiлiк спорт аренасына шыққан тұңғыш қазақ. Бiрақ атақты палуанның ел арасындағы өмiрi мен ерлiктерi, спорттағы жетiстiктерi туралы әңгiмелер осы жинаққа бiрiктiрiлген.
Қажымұқан – Парижде, Лондонда, Варшавада, Берлинде, Будапештте, әлемнiң басқа да көптеген қалаларында күрестi. Кеңес өкiметi орнағанға дейiн бiрде-бiр қазақ спортшысы мұндай тамаша табыстарға жетiп көрген емес. Атақты балуанның өмiрiндегi қиын кездерi өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына тап келдi. Бұл кезде ауыл белсендiлерi оны 5-6 ай абақтыға да жаптырады. Шетелдерден алып келген неше түрлi жарнамалары мен суреттерi де сол жылдары жоқ болған. "Қазақтың Қажымұқаны" атты кiтап бетiне кейбiр жоғалған суреттер салынды, оның өмiрбаяны мен спорттық жетiстiктерi түгелдей зерттелiп, кейiнгi ұрпақ үшiн ұлттық қымбат қазынаның бiрi болары анық.
Ақниет ОСПАНБАЙ