ЖАҢА ДIНИ АҒЫМДАР АДАМДЫ ҚАЛАЙ "АРБАЙДЫ"?

ЖАҢА ДIНИ АҒЫМДАР АДАМДЫ ҚАЛАЙ "АРБАЙДЫ"?

ЖАҢА  ДIНИ АҒЫМДАР АДАМДЫ ҚАЛАЙ "АРБАЙДЫ"?
ашық дереккөзі
252

Соңғы кезде елiмiзде дәстүрлi емес дiндер атауына ие болған көптеген дәстүрлi емес дiни ұйымдарға жұмыссыздар, өмiрден өз орнын таппағандар, рухани iзденiсте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық қиындықтарға төзе алмағандар, дәстүрлi дiндi терең бiлмейтiндер, әсiресе жастар олардың үгiт-насихатына тез iлiгуде. Өзiне құлшылық етушiлердi қоршаған ортадан оқшаулауға ұмтылған қатаң фанатизмдiк сипатқа ие дәстүрлi емес дiни ұйымдар өз қатарларында адамдарды күштеп, ұстап зорлық-зомбылық, қаржылық айла-шарғымен айналысуда, сонымен қатар құрықтарына iлiккен жандарды отбасылық байланыстардан үзу үшiн белсендi түрде жұмыс жүргiзуде.

Қазақстанда түрлi дәстүрлi емес дiни ұйымдар саны барған сайын өсiп, бас-аяғы жиырма жылға жетпейтiн уақыт iшiнде "Сайентология шiркеуi" (статистикалық есеп бойынша: 2003 ж. – 1; 2008 ж. – 5; 2009 ж. – 4), "Кришнаны тану қоғамы" (статистикалық есеп бойынша: 2008 ж. – 12; 2009 ж. – 10;), Фархад атаның жолын қуған "үмбеттер", "Ата жолы" (басқаша атауы "Ақ жол"), "Иегова куәгерлерi" (статистикалық есеп бойынша: 1990 ж. – 27; 2003 ж. – 100; 2008 ж.– 76; 2009ж. – 78),тағы да басқа толып жатқан дәстүрлi емес дiни ұйымдар (cтатистикалық есеп бойынша: 2003 ж. – 51; 2009 ж. – 44;), "Елуiншiлер" (статистикалық есеп бойынша: 1990 ж. – 42; 2003 ж. – 32; 2008 ж. – 48; 2009 ж. – 51) елiмiздiң түкпiр-түкпiрiн жаулап үлгердi. Көптеген отбасының шырқы бұзылып, түтiнi түзу ұшқан талай шаңырақ ортасына түстi. Өкiнiштiсi, дiни сауаты әлi кемелiне келмеген азаматтар олардан қалай сақтану керектiгiн, қандай жолмен тойтарыс беруге болатындығын жете бiле бермейтiн сыңайлы. Дiннiң атын жамылған терiс пиғылды ағымдар қоғамның тұрақтылығына қауiп төндiруi мүмкiн екендiгiне ендi ғана ой жiберiп жатқандаймыз. Жалпы, дәстүрлi емес дiни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға жүрiп, көнетiн ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмiр жүргiзу болып табылады. Өздерi жұмыс жүргiзетiн ел халқының дiнiн, тарихын, әдет-ғұрпын, дiлi мен психологиясын терең зерттеп алады.

Кез келген бiр адамды рудың, халықтың, не болмаса қандай да бiр ұйымның құрамдас бөлiгi ретiнде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейiмделгiш келетiнi белгiлi. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгерiп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән iс-әрекеттердi жасайтын болады. Оның сыры неде?

Бейiмделгiш ұйымның ең түсiнiксiз жерi мынада: жеке тұлға, бiр топқа айналғаннан кейiн ортақ жүйеге, бiр мақсатқа бойұсынады. Осылайша, әрқайсысы дербес ойлау, әрекет ету қабiлеттерiнен айырылады. Жаңа күйге енедi. Бұрын өзiндiк идеясы мен сезу қабiлетi бар тұлғалар топ санатына енгеннен кейiн бiртұтас ұйымның мүшесiне айналады. Зерттеушiлер осы ұйымның iс-әрекетi мен психологиялық жағдайына да сипаттама бередi. Мәселен, ерiк жiгерi төмен жандар сыртқы күштердiң әсерiмен болған өзгерiстерге бейiмделгiш келедi. Дәстүрлi емес дiни ұйымындағыларды салқын санамен ойлау, ой қорыту қабiлетi мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейiмделгiш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездiктi талап ететiн әрекеттерге оңай айдап салуға болады. Мұндай жағдайда, жүрексiну, тiптi өзiн-өзi сақтау инстинктiне де бағынбауы ықтимал. Себебi, ол өзiн шексiз күштi сезiнедi.

Тағы бiр айта кетерлiгi, бейiмделгiш жандар аңғал, сенгiш келедi. Оларды алдап-арбау, қандай да бiр терiс мақсаттарға қолдану дәстүрлi емес дiни ұйым көсемдерi үшiн аса қиын шаруа емес.Себебi, жүйкесi ойлау қабiлетi зақымданған адамдар шындық пен өтiрiктiң арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, көсемдерiнiң айтқанына тез бой алдырады. Әрине, белгiлi бiр тұлғалардың айдап салуымен ашу-ызаға бой алдырған мұндай топқа қарсы келу, оларды жолынан қайтарам деу өте қауiптi екендiгi түсiнiктi. Демек, өзiңдi-өзiң қорғау үшiн солардың дегенiне көнуге тура келмек.

Ескiшiл көзқараспен өмiр сүретiн, аңыз-әңгiмелерде айтылған жайттарды шындыққа балайтын дәстүрлi емес дiни ағым мүшелерi кез келген жаңашылдықты жақтырмайды, тiптi оны жек көруi де мүмкiн. Себебi, осы топ ықпалына түскен жандар үшiн ұйымдардың рәсiмдерi мен салт-дәстүрлерi бiрiншi орында тұрады. Осы орайда елiмiздегi кең етек жайып бара жатқан сананы арбаушы дәстүрлi емес дiни ағымдардың, бiраз елдi әуре-сарсаңға салған "Ата-жолы", "Елуiншiлердiң" әлегi туралы айтпай кете алмаймыз. Елiру, психопатологиялық дерттiң салдарынан долдану, өздерiне ғана мәлiм жұмбақ "ләззатқа" бөлену, қалшылдап-дiрiлдеу, жүрекпен сөйлеу – "Ата-жолы" мен "Елуiншiлердiң" әрекетiне тән құбылыстардың бiрi. Осы жүрекпен сөйлеу, қалшылдап-дiрiлдеудiң сырын "Ата-жолы" және "Елуiншiлердiң" өздерi былай деп түсiндiредi: "Бұл қасиеттi рухтың адам тәнiне енуi кезiнде болатын құбылыс". Осы сәтте олар өз-өздерiн және қоршаған адамдарды мүлде естен шығарады. Кейбiреулерiнiң көздерiне түрлi елестер елестейдi. Олар дәстүрден тыс дiни ағым мүшелерi миына сiңiрген бейнелердi көредi. Атап айтқанда, "Ата-жолындағылар" әулие-бабалармен, аталар рухымен байланысқа түсемiз десе, ал "Елуiншiлер" Христосты, Мария ананы, жұмақты, тозақты, тағы басқаларын көретiндерiн айтады. Бұл феноменге қатысты халық арасында көптеген оқиғалар тiркелген. Мәселен, бiрде шiркеу қызметкерi "ләззатқа" бөлену кезiнде бiр сағат бойы басын еденге соққылаумен болған.

Соңғы жылдары елiмiзде дәстүрлi емес дiни ағымдардың кесiрiнен орын алған бiрқатар оқиғалар осының бiр дәлелi. Мәселен, Қазақстанда кең қанат жайған "Иегова куәгерлерi" әскерде қызмет етуге қарсы. Сондай-ақ, олар мемлекеттiк Әнұранымызды, мемлекеттiк Туымызды мойындамайды. Сол сияқты, дәстүрлi медицинаны жоққа шығарып, тек дәстүрлi емес дiни ұйымдарға ғана табынушылар көптеп кездеседi.

Дәстүрлi емес дiни ағымдармен күресу оңайлықпен шешiмiн табатын мәселе емес. Адам осындай жағдайда бұрын тәжiрибесiнде кездеспеген мәселемен бетпе-бет келедi. Соған орай, оны шешудiң сенiмдi құралдарынан да бейхабар жандар мезгiлсiз өмiрiмен қоштасқан азаматтардың қатары күрт көбейiп барады. Осының бәрi ой-санасы тәуелсiз күйге түсудiң салдарынан болып жатқан оқиғаларға байланысты елiмiзде тұрақтылықты, дiнаралық татулықты нығайту мақсатында дәстүрлi емес дiни ағымдардан зардап шеккендердi оңалту мақсатында бiрiншi болып Қазақстанда 2007 жылы Ю.Денисенконың басшылығымен Қостанай қаласында "Дәстүрлi емес дiни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету" үкiметтiк емес ұйымын ашып, бөгде ағымның ықпалына түскен жандарды тура жолға бағыттау iсiнде көптеген маңызды iс-шаралар атқарып келедi.

Лимана ҚОЙШИЕВА, ҚР Мәдениет министрлiгi Мәдениеттер мен дiндер халықаралық орталығының жетекшi ғылыми қызметкерi

Серіктес жаңалықтары