НӘЗIРДIҢ БЕС СУРЕТI

НӘЗIРДIҢ БЕС СУРЕТI

НӘЗIРДIҢ БЕС СУРЕТI
ашық дереккөзі
405

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрға келгенiмiзде, араб мәдени күндерiнiң ашылу салтанаты басталып кетiптi. Театрдың фойесiнде ерсiлi-қарсылы жүрген адамдар саябырсып, барлығы дерлiк үлкен залға жайғасқан. Бiрен-саран өкiлдерi ғана өздерiнiң ұлттық дүниелерiн келген қонақтарға таныстырып жүр. Ең қызығы, аппақ киiм киiп, ақ сәлдесiн жамылған арабтардың түр-тұлғасының өзi араб екендiгiн дәлелдеп тұрғандай әсер қалдырады екен.

Араб музыкасы, араб мәдениетi… Бiрiккен Араб Әмiрлiгiнiң Қазақстандағы мәдениет күндерi әуелi елордасы – Астанада басталған болатын. Ақордада басталған қылқалам, қолөнер шеберлерiнiң көрмелерiмен айшықталған арабтың мәдени күндерi Алматыда аяқталды.

Театрдың фойесiнде арабтың бiрнеше өнерпазы жағалай тұрып, қолдарындағы әртүрлi ұрмалы аспаптарын сабалап, ұлттық әуендерiн әуелете жөнелдi. Бiрiншi қабатта жағалай арабтың ұлттық тағамдары да жайылыпты. Тәп-тәттi тоқаштары мен дәмдi пiрәндiктерi жесеңiз тiл үйiредi. Есiк алдында зәмзәм суын ұстаған арабтар да көрмеге келген қауымға зәмзәм суын ұсынып жатты.

Араб биiн көрiп, араб әнiне елтiген жұртшылық бұл күндерi қазақтың тұңғыш дипломанты Нәзiр Төреқұовтың да көрмесiн тамашалап қайтты. Бұл көрменiң қазақ үшiн жаңалығы да бар. Бұл көрмеге алғаш рет дипломанттың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған суреттерi де қойылды. Тарихи сәттерден сыр шертетiн суреттердi бекзада Фейсалдың қызы Мишель Бiрiккен Араб Әмiрлiгi королiнiң архивiне ұсынған екен. Бүгiнде Түркияда тұратын Мишель ханым өзiнiң жеке архивiнен тоғыз мың суреттi алып, король архивiне өткiзедi. ҚР Сауд Араб Корольдiгiндегi елшiлiгiндегi екiншi хатшысы Исмаил Мадияр Ғалымұлы өзi ерiнбей ақтарып отырып, тоғыз мың суреттiң арасынан қазақтың тұңғыш дипломантының бес суретiн тауып алады. Бекзада Фейсаль мен Нәзiр Төреқұловтың арасында сыйластық, жақын қарым-қатынас болғандықтан, қазақтың дипломантының бекзадамен әр жылдары бiрге түскен суреттерi осылайша туған атамекенiне оралып, халқымен қайта қауышты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары