КЕРЕКУДЕ ЖАСТАРЫМЫЗ БАС ҚОСТЫ

КЕРЕКУДЕ ЖАСТАРЫМЫЗ БАС ҚОСТЫ

КЕРЕКУДЕ ЖАСТАРЫМЫЗ БАС ҚОСТЫ
ашық дереккөзі
207

Павлодар облысында 3-4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi күнiне арналған "Бiрлiгiмiз жарасқан" атты патриоттардың республикалық үшiншi форумы өттi. Форум 14 облыстан, Астана мен Алматы қалаларынан келген 250-ден астам делегаттың басын қосты.

Ауқымды шараға келген елiмiздiң аға буын өкiлдерi мен жастары, белсендiсi мен өз iсiнiң бiлгiрi, Отан үшiн тер төгiп, өз қызметiнде еселi еңбегiмен көзге түсiп жүрген азаматтары алқалы жиынның сәнiн келтiрдi. Форумға ҚР Парламент сенатының депутаттары, елiмiзге белгiлi қоғам және мемлекет қайраткерлерi Оралбай Әбдiкәрiмов, Ғарифолла Есiм, Ермұхан Ибрагимов, мемлекеттiк Елтаңба авторы Жандарбек Мәлiбеков және тағы да басқа елге танымал азаматтар қатысты.

Республикалық патриоттар форумы аясында мыңнан астам белсендi жастардың қатысуымен ҚР мемлекеттiк рәмiздерi күнiне арналған "Бiздiң Ту! Бiздiң Елтаңба! Бiздiң Әнұран!" атты акция ұйымдастырылды. Аталмыш шара Павлодар қаласының орталық алаңынан бастау алды. Ұзындығы жиырма метрге дейiн жететiн Ту мен Елтаңбаны ұстаған жiгерлi жастар қала көшелерi бойынша шеруге шықты. Құрамында жергiлiктi "Жас Отан" жастар қанатының басқа да көптеген жастар бiрлестiктерiнiң мүшелерi, аймағымыздың жоғарғы оқу орындарының студенттерi бар топ облыс орталығындағы Даңқ алаңына жиналып, сап түзедi. Форум қатысушылары Мәңгiлiк алау маңында митинг өткiздi. Митингiге облыс әкiмiнiң орынбасары Әлия Ғалымова мен бiрқатар жергiлiктi мекемелердiң басшылары да қатысты. Сондай-ақ, құрметтi қонақтар да болды. Әсiресе, шара барысында сөз алған Халық қаһарманы, генерал лейтенант Бақытжан Ертаевтың жалынды сөздерi жастарымызға рух берiп, жiгерлендiрдi.

"Мемлекеттiк рәмiздер – Ата Заңымызбен бекiтiлген ұлтымызды айқындап тұрған нышан. Аспан түстес туымыз елiмiздiң ашық аспан астында бақытты өмiр сүрiп отырғанымызды дәлелдесе, тудағы қазақы ою-өрнектер қазақтың ұлттық ерекшелiктерi мен киелiлiгiн айқындағандай. Көк аспанда қалықтай ұшқан қыран құс бар әлемге қазақ деген халықтың қайсарлығын паш етiп тұр. Тек осы байлықтарымызды әрқашан қастерлеп, биiктерге көтере беруiмiз керек. Егемендi елiмiздiң еңсесiн көтеретiн де, тәуелсiз Қазақстанның көк Туын көкте желбiрететiн де сендерсiңдер, жастар! Ал жалынды жастар тұрғанда қазақ елiнiң Туы биiктей берерi анық", – дедi өз сөзiнде қаһарман Бақытжан Ертаев.

Павлодарлық жастардың атынан сөз алған Қазақстан халқы ассамблеясы жастар қанаты өкiлдiгiнiң көшбасшысы Ирина Чибунчи: "Көп ұлтты Қазақстан жастары батыр аталарымыздың, ардақты ардагерлерiмiздiң алдында бас иедi. Жеңiмпаз аға буынның жанқиярлық ерлiгi замандастарымызды отансүйгiштiкке үндейдi, барша ұлтты бiрлiкке шақырады. Батыр ардагерлерiмiздiң арқасында бiз Отанға деген махаббаттың қандай екенiн тереңнен ұғына түсемiз" – дедi.

Даңқ алаңында жиналған жастар, форумға қатысушылар Мәңгiлiк алау алдына гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына үнсiз бас иiп, тағзым еттi.

Ұйымдастырылған шараның көркiн аша түсу үшiн форумға қатысушылардың көңiлiн аулай келген кеш қонақтары әсем әндерi арқылы шашу шашты. Думанды өткен форумда Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары Роза Рымбаева, "МузАрт" тобы, "Дауыс Интернешнл", "Ринго" топтары және тағы да басқа әншiлер патриоттық әндер шырқап, шараның көңiлдi де тартымды өтуiне өз ықпалдарын қосты. Облыс әкiмi Бақытжан Сағынтаев та қызыққа толы мерекелiк шараны жұртпен бiрге тамашалады.

"Бiрлiк болмай, тiрлiк болмас" дегендей барлық қазақстандықтардың басын қосып, бiр шаңырақтың астына жинаған шараның басты мақсаты – бiрлiгi жарасқан елдiң керегесiн нығайту болатын. Осы форумды ұйымдастыру арқылы әрбiр ұлт өкiлдерi Қазақстан халқының жарқын болашағы үшiн тер төгiп, аянбай еңбек ететiнiн дәлелдегендей болды. Отанын шын сүйетiн, ұлтым деп соққан жүректi азаматтарымыз барда қазақ елiнiң қаймағы бұзылмақ емес. Алдыңғы толқын ағалардан үлгi алып, көшiне iлескен жас буын осы форум арқылы қазақ елiнiң нағыз патриоттары екенiн көрсеттi.

Еркебұлан АЛДАБЕРГЕНОВ

Серіктес жаңалықтары