ӘМIР ӘБДIҒАПАРДЫҢ АРУАҒЫНА ТАҒЗЫМ

ӘМIР ӘБДIҒАПАРДЫҢ АРУАҒЫНА ТАҒЗЫМ

ӘМIР ӘБДIҒАПАРДЫҢ АРУАҒЫНА ТАҒЗЫМ
ашық дереккөзі
366

Өткен аптада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты әмiр Әбдiғапар Жанбосынұлының туғанына 140 жыл толуына байланысты "1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: тарихы және қазiргi заман" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткiздi.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiске қатысты тарихтың ақтаңдақ беттерiнде аты жиi айтыла бермейтiн әмiр Әбдiғапар Жанбосынұлы хақында ескi фото-суреттер мен құжат-деректер кешегi күннен сыр шертетiндей. Алаштың нартұлға батыры жайында бiрден-бiр зерделi зерттеу жүргiзген белгiлi тарихшы, академик-ғалым Манаш Қозыбаев екен. Талай жабулы қазанның бетiн ашып, шындықтың ауылын жақындатқан зерттеушi қазақ тарихына сүбелi үлес қосып, 1990 жылы Әбдiғапар Жанбосынұлына "әмiр" деген атақты берудi ғылыми түрде ұсынған. Шын мәнiнде, халқы, ұлты үшiн жанкештiлiкке барған батыр азаматтың "әмiр" екенiн ел-жұрты сол кезде-ақ мойындағаны белгiлi. Сол кезде әмiр Әбдiғапар Торғай уезiнiң "ханы" болып тағайындалады. Бiрақ Әбдiғапар өзiн хан дегеннен гөрi "әмiр" деп атауды жөн санапты. Тек оны Манаш Қабашұлы ресми түрде 1990 жылдың басында жазып, көрсеткен.. Демек, Әбдiғапар Жанбосынұлының кiм екенiн бiлгiмiз келсе, тарихшы академик Манаш Қозыбаевтың "Жауға шаптым ту байлап" атты кiтабында келтiрiлген мына анықтамаға көз жүгiртуге болады: "…XX ғ. Ұлт азаттық қозғалысының көсемдерiнiң бiрi әмiр Әбдiғапардың бағы Егемен Ел болған кезде ғана ашылып отыр. Әбдiғапардың кешегi тоталитарлық заманда есiмi құбыжық етiлдi, тарихтан аластатылды. Ал шын мәнiнде Әбдiғапар кiм едi… Ауыр заманда ту көтерген ерлердiң бiрi әмiр Әбдiғапар даңқ үшiн әмiр болмады, ел есiмiн атады, ол көндi, Отан үшiн жанын пида етiп, шүберекке байлады. Патша жендеттерiнен аман қалған әмiр Әбдiғапар большевиктiк экстремизмнiң құрбаны болды…"

Ал, жазушы Қоғабай Сәрсекеев батыр туралы "Төрт таған" кiтабында мол мәлiмет бергенiн айтады. Алайда, жазушы қазақ тарихында әлi де зерттелмеген, ашылмаған тың деректердiң мол екендiгiн және тарихшылар мен ғалымдар арасында өзара түсiнiстiктiң жоқтығын да тiлге тиек еттi.

Бүгiнде әмiр Әбдiғапар Жанбосынұлынан тараған ұрпақтың ұйытқысы боп отырған немересi – Қабден Қалиұлы Әбдiғапаров. Сексеннiң сеңгiрiнен асқан қарияның айтуынша, бабасы Әбдiғапар жайында құнды кiтаптар жарық көрiп жатыр. 1960 жылы шыққан "1916-1917жж. Торғай қазақтарының көтерiлiсi" атты кiтапқа мұрағаттық құжаттар енсе, М.Сүлейменовтiң құрастыруымен "Әбдiғапар хан" атты кiтап оқырманға жол тартты. Қазiргi тарихшылар осы деректердi пайдаланып жүр", – дейдi ол кiсi.

Конференцияға Англия, Италия, Корея, Ресей, Өзбекстан, Тәжiкстаннан арнайы шақырылған мамандар қатысып, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбында жинақтаған материалдарға сүйенiп баяндама жасады. Яғни, бұл шарада Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия мен алыс-жақын шетелдерде де 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын зерттеудiң қазiргi заманғы ұстанымдары қарастырылды. Аталған мәселенi зерттеу төңкерiске дейiнгi кезеңде басталғанымен, даулы мәселелер әлi де аз емес. Көтерiлiстi хандардың бастауына төзе алмаған қатаң партиялық нұсқаулар және тұжырымдар көптеген тарихи фактiлердiң бұрмалануына әкелiп соқты. Бұл қарама-қайшылық аталған тақырып ауқымының едәуiр тарылуына себеп болды. Бүгiнде зерттеу көздерi кеңейген. Елiмiз тәуелсiздiгiн алғалы берi бұрын жарық көрмеген мұрағат құжаттары мен материалдары жариялануда. ХХ ғасырдың басындағы негiзгi дерек көздердiң бiрi "Алаш" партиясының баспа органы, араб әлiпбиi негiзiнде жазылған "Қазақ" газетiнде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс кезеңiндегi және оған дейiнгi қазақтың қоғамдық-саяси және әлеуметтiк жағдайы жайында мол мәлiмет бар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары