НҰРЛЫ ФАТИМА (F.C.)

НҰРЛЫ ФАТИМА (F.C.)

НҰРЛЫ ФАТИМА (F.C.)
ашық дереккөзі

Фатима Захра (ғ.с.) (614-632) – Алланың елшiсi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мен ислам дiнiн ең бiрiншi болып қабылдаған оның сүйiктi де құрметтi жұбайы Хадишаның қызы. Көптеген тарихи деректер бойынша Фатиманың туған күнi милади жыл санағы бойынша 3-шi маусымға сәйкес келедi.

Хадиша дүниеден өткенде Алланың елшiсi оны жиi есiне алатын едi. Тiптi, оның құрбыларына да үлкен құрмет көрсететiн. Пайғамбарға сый-сияпат әкелген кезде ол: "Бұл сыйлықтарды Хадишаның құрбысына апарып берiңдер" дейдi екен.

Әбу Бәкiрдiң қызы, пайғамбардың әйелi Айша: "Мен Хадишаның кезеңiнде өмiр сүрмегенiме өкiнемiн. Пайғамбардың сол әйелге деген үлкен махабатына қайран қаламын. Тiптi, Хадиша қайтыс болса да, Алланың елшiсi оны әрқашан құрметпен есiне алады" деген екен. Пайғамбардан мұндай махаббат пен құрметтiң себебiн сұрағанда ол: "Хадиша бәрiнен артық болатын. Басқалар дiнсiз болғанда ол Аллаға иман келтiрiп, мұсылман дiнiн қабылдаған. Қиын күндерi басқалар менен сырт айналғанда ол бар мал-мүлкiн, байлығын ислам жолына сарп еттi. Алла Тағала менiң ұрпағымды Хадиша арқылы жалғастырды" деген екен. Жиырма бес жастағы Мұхаммедке тұрмысқа шыққанда Хадиша қырық жаста болған. Алланың елшiсiнiң (Мариям атты әйелден туған, жастай шетiнеп кеткен ұлы Ибраһимдi қоспағанда), Қасым, Абдулла, Таһир, Тайиб сынды ұлдары мен Зайнаб, Рукайя, Умм Кулсум және Фатимадай сегiз перзентiнiң анасы Хадиша болатын. Шииттiк деректер бойынша, Хадиша Мұхаммедтiң екi жасында қайтыс болған Қасым деген ұлы мен пайғамбардың сүйiктi қызы Фатиманың ғана анасы болған. Қалғандары Хадишаның бұрынғы некесiнен немесе оның сiңлiлерiнiң балалары болған.

Хадишаның көзi тiрiсiнде жоғары мәртебеге ие болатыны жайлы пайғамбарға Жебiрейiл перiште хабарлаған: "Алланың елшiсi! Қолында ас-суы бар Хадиша келiп тұр. Сенiң жаныңа келген кезде Алланың оған пейiштен баспана әзiрлеп қойғанын, ол жерде ешқандай уайым-қайғы мен шаршап-шалдығудың не екенiн бiлмейтiн болатынын айтып қуант".

Мiне, Фатима осындай Алла алдында да қадiрлi Хадишадай тамаша әйел мен Мұхаммед пайғамбардай ұлы адамның қызы едi. Анасы Хадиша пайғамбарлық басталғаннан кейiнгi хижра жыл санағы бойынша оныншы жылдың рамазан айында 65 жасқа келген шағында көз жұмғанда Фатима бар болғаны бес жастағы сәби болатын. Фатима Ислам дiнiмен және оның қасиеттi кiтабы – Құранмен бойжеттi, пайғамбарлық ауанда өмiр сүрiп, сонымен тыныстады.

Әулеттегi төртiншi қыз болғанына қарамастан Фатима пайғамбардың ең сүйiктi қызы болды. Анасы Хадиша Фатимаға жүктi болғанда Жебiрейiл перiште пайғамбарға: "Уа, Алланың елшiсi! Хадишаның iшiндегi бала сенiң ұрпағыңның жалғастырушысы. Ол мұсылмандардың жетекшiсi – имамдардың анасы болады" деп уәхи етiптi.

Исламға дейiнгi жәһилдiк кезеңдегi араб қоғамында қыз бала адам санатына қосылмайтын. Бұл көбiнесе экономикалық қиындықтармен тығыз байланысты болса керек. Надан, қараңғы арабтар әулетте дүниеге келген қыз баланы тiрiдей көметiн болған. Патриархаттық қоғамда ұрпақ жалғастырушысы, әкесi өлсе дүние-мүлiкке ие болып қалатын мұрагер – еркек кiндiктiнiң орны бөлек саналатын. Ұлы жоқ адамды "махрұм қалған", ұрпақ жалғастырушысы жоқ деп есептейтiн. Алланың елшiсi Мұхаммедтiң еркек кiндiктi баласының жоқ екенiн бетiне басып, оны "абтар" яғни мұрагерден "махрұм қалған" деген Ас ибн Вайел сияқты дiнсiз дұшпандарына жауап бере алатын, үш аяттан тұратын "Кәусар" сүресiнде: "Шын мәнiнде саған Кәусарды бердiк. Сондықтан Раббың үшiн айт намазын оқы, құрбандық шал. Расында дұшпаңыңның өзi ұрпақсыз қалады" делiнген. "Кәусар" – жұмақтағы бұлақ атауы болуымен қатар молшылық, үрiм-бұтағы көп деген мағыналарға да ие. Дiнтанушылардың пiкiрлерiнше, "Кәусар" сүресiнде Фатиманың есiмi аталмаса да, бұл сүре пайғамбардың сүйiктi қызына арнайы түсiрiлген. Осылайша Алла Тағала пайғамбардың кенже қызын ұрпақ жалғастырушысы ретiнде ұлықтап, барлық әйел затын қорлық пен кемсiтушiлiктен азат етiп, олардың жеке тұлға ретiндегi қоғамдағы орнын жоғарылата түстi.

Пайғамбар қызына "О, Фатима! Алла Тағала саған жар таңдап, соған ұзатуды маған уәхи еттi. Алла саған ең бiрiншi болып исламды қабылдаған, биiк қасиеттер мен асқан шыдам иесi және ғылым-бiлiмде бәрiнен артық лайық адамды таңдағанын сен бiлесiң бе!" деп сұрапты. Ол адам Әли болатын. Осылайша Алланың бұйрығымен Әли он алты жастағы Фатимамен үйленедi. Имам Садықтың айтқан сөздерi де Фатиманың жер бетiндегi ерекше әйел болғанын көрсетедi: "Егер Алла Фатима үшiн Әлидi жаратпағанда жер бетiнен Фатимаға лайық жар табылмас едi". Фатима мен Әли екеуi тұрмыс құрып, түтiн түтеткеннен кейiн Хасан, Хусейн, Зейнаб, Умм Кульсум сынды төрт перзент сүйедi.

Фатиманың өмiрi Алланың елшiсi – әкесiнiң өмiрiмен бiте қайнасып жатты. Тiптi ислам дiнiн алғаш қабылдап, өзiнiң халифi етiп сайлаған, "Мұса пайғамбарға Һарон қандай болса, сен маған сондайсың" деп құрметтеген пайғамбардың немере iнiсi Әлиге тұрмысқа шығып, бала тәрбиесiмен айналысса да оның әкесiмен байланысы еш үзiлген емес. Пайғамбардың қызметшiсi бiр естелiгiнде: "Алланың елшiсi сапарға шығар алдында соңғы болып қоштасатыны, сапардан қайтқанда алдымен қауышатыны сүйiктi қызы Фатима едi" деген екен.

Әбутәлiп пен Хадиша қайтыс болған соң құрайыштықтардың пайғамбарды жәбiрлеп, жапа шектiрген әрекеттерi күшейе түспесе, бәсеңдей қоймаған. Бiрде құрайыштықтардың бiрi пайғамбардың басына құм шашып жiбергенде, әкесiнiң үстiн қағып, тазалап, жанашырлық танытқан да Фатима екен. Сонда пайғамбар кiшкентай Фатиманы: "Жылама, қызым, әкеңдi Алла қорғайды" деп жұбатыпты. Пайғамбар сүйiктi қызын өзiне көрсеткен қамқорлығы мен мейiрбандығы үшiн "умму абиһа" яғни, "әкесiнiң шешесi" деп атаған. Алланың елшiсi Фатимаға деген әкелiк махаббатын ресми түрде де адамдарға айтып жүрген. Фатиманы қолынан ұстап, үйден шығып: "Бiлетiн, бiлмейтiндерiң – барлығың құлақ түрiңдер! Қызым Фатима – менiң бөлшегiм. Менiң жаным мен жүрегiм. Кiмде-кiм оны ренжiтсе, менi ренжiткенi. Менi ренжiткенi Алланы ренжiткенi. Фатима мен үшiн ең ардақты жан" деп қызының өзi үшiн қандай қымбат болса, Алла алдында да қадiрлi екенiн бiлдiрген. Әйтсе де пайғамбар мен Фатиманың қарым-қатынасы әке мен перзенттiң ғана емес, бүкiл қоғамның, тiптi бүкiл ұлттың да қарым-қатынасының үлгiсi едi.

Имам Садық Фатиманың мынадай сөзiн рәуаят еткен: "Әй, мүмiндер! Дауыстарыңды пайғамбардың дауысының үстiне көтермеңдер. Өзара бiр-бiрiңе дауыстағандай пайғамбарға дабырлап сөйлеспеңдер" деген аят түскен соң пайғамбарды "О, әке!" деп атауды қойып, "Алланың елшiсi!" деп атайтын болдым. Бастапқыда ол ештеңе демедi, бiрақ кейiн: "О, Фатима! Бұл аяттың саған, сенiң отбасыңа қатысы жоқ. Сен менiң, мен сенiң бөлшегiңмiн. Бұл аят өркөкiрек, тәрбиесiз құрайыштықтарға арналып түсiрiлген. Ал сен маған бұрынғыдай әке де. Бұл менiң жүрегiмдi жадыратып, Алланы және менi қуантады".

Қасиеттi Құран Кәрiмнiң 33-шi "Ахзап" сүресiнiң "аят татһир" – "тазарту" деген атаумен кең таралған 33-аятында: "Үйлерiңде отырыңдар! Кәдiмгi надандық дәуiрiнше ашылмаңдар. Сондай-ақ намазды орындап, зекет берiңдер. Аллаға, Пайғамбарыңа бағыныңдар. Әй пайғамбардың үй-iшi! Шын мәнiнде Алла сендерден арамдықты аулақ қылып, өздерiңдi тап-таза қылуды қалайды" деп пайғамбар әулетiнiң күнәдан пәк болуын көздеп, пайғамбарға бағыныңдар деу арқылы оның қадiр-қасиетi мен беделiн асқақтатады. Бұл аяттың Фатимаға да толық қатысы бар. Сөзiмiздi осы мәселе тұрғысында айтқан Нафи ибн Аби Хамранның пiкiрi дәлелдей түседi: "Мен Мединеде сегiз ай болдым. Күн сайын таңертең пайғамбардың таң намазына бара жатып, қасиеттi Фатиманың үйiнiң есiгiне барып: "Пайғамбардың әулетi, сендерге Алланың рахымы болсын. Намаз уақыты. Шын мәнiсiнде, Алла сендердi тазартқысы келедi және толығымен тазалайды" деген сөздерiн еститiнмiн".

Фатиманың пәктiгi мен қасиеттiлiгiн Құрандағы "Әли Ғымран" сүресiндегi "Мобаһеле" аяты да дәлелдей түседi.

Хижра жыл санағының тоғызыншы жылында Алланың елшiсiне Наджраннан бiр топ мәсiх дiнiн ұстанатындар келiп, Иса мәсiх жайлы айтады. Пайғамбар да олардың әрбiр сұрағына дәлелдi жауап бередi. Әйтсе де олар Иса мәсiх тұрғысындағы бiр мәселе бойынша онымен келiспейдi. Сол кезде Алла Тағала пайғамбарға мәсiх дiнiндегiлермен дауласуға бұйырады. Пайғамбар Құрандағы "Әли Ғымран" сүресiндегi келесi аятты оқиды: "Шын мәнiнде Алла қасында Ғисаның (ғ.с.) жағдайы өзiн топырақтан жаратып, сонсоң "бол" дегенде бола қалған Адамның (ғ.с.) жағдайы сияқты. Раббыңнан бiр хақиқат. Ендi күдiктенушiлерден болма. Ал Ғиса (ғ.с.) жайында саған мәлiмет келгеннен кейiн өзiңмен кiм таласса да оларға: "Келiңдер! Балаларымызды, балаларыңды, әйелдерiмiздi, әйелдерiңдi, өздерiмiздi және өздерiңдi шақырып алайық. Сонсоң Алланың лағынетi өтiрiкшiлерге болсын деп қарғасайық" де".

Мобаһеле – (екi жақты қарғыс) бiр мәселе бойынша қарама-қайшы пiкiр ұстанған екi жақ адамдарының Алланың қарғысын бiр-бiрiне жiберуi. Алладан жалған айтқан жақты жазалауын сұрап, өтiнуi.

Бұл оқиғаның тарихи мәнi мен маңызы өте жоғары. Мұндай дауға қатысушылардың иманы мықты болу керек және бiр жақтың адамдары жүз пайыз хақ болған жағдайда ғана ақиқаттың бетi ашылмақ.

Наджрандықтар екi жақты қарғыс рәсiмiн келесi күнi өткiзуге уағдаласады. Олардың дiнбасылары: "Егер ертең Мұхаммед уәде еткен жерге өзiнiң әулетiн (аһл ал-Байт) ертiп келсе, екi жақты қарғысты бастамаңдар. Егер де өзiнiң сахабаларымен келсе лаж жоқ. Онда оның шынайы пайғамбар болмағаны" дейдi.

Алланың елшiсi келесi күнi Әли, Фатима, Хасан мен Хусейндi ертiп "мобаһеле" өтетiн жерге келедi. Пайғамбар әулет мүшелерiне: "Аллаға дұға еткен кезде сендер "әумин" деп айтыңдар" дейдi.

Мәсiх дiнiн ұстанатындар Мұхаммедтiң нағыз пайғамбарлардың әдiсi бойынша әрекетке көшкенiн түсiнедi. Олар пайғамбардан "мобаһеленi" өткiзбей, екi жақты ымыраға келуiн өтiнiп, даудан бас тартады.

Белгiлi ғалым, көптеген ғылыми еңбектердiң авторы, соның iшiнде "Кашшаф" атты тәпсiрiнде Замахшари да бұл оқиғаның пайғамбар әулетiнiң пәктiгi мен даналығының бұлтартпас дәлелi екенiн жазған. Бұл оқиға Алланың елшiсiнiң сенiмдi iнiсi Әли, сүйiктi қызы Фатима, немерелерi Хасан мен Хусейннiң жоғары дәрежесiмен қатар олардың "аһл ал-Байт" яғни, пайғамбардың (с.ғ.с.) пәк әулет мүшелерiнен екендiгiн дәлелдейдi. Құран Кәрiмнiң тәпсiршiлерi, хадистанушылары мен тарихшылар Фатима Захраның наджрандық мәсiх дiнiн ұстанатындармен болған "мобаһелеге" қатысқан бес адамның бiрi екендiгiне қол қояды. Пайғамбардың басқа туған-туыстары мен әйелдерi бұл топқа енбейдi. Алланың елшiсiнiң өз әулетiндегi әйелдердiң арасынан Фатиманы таңдауының өзi оның қасиеттiлiгiнiң, пәктiгiнiң, тақуалығының дәлелi.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмiрiнiң соңғы күнi Фатима әкесiнiң басын сүйеп, жанында отырады. Алланың елшiсi Фатиманың құлағына бiрнәрсе деп сыбырлайды. Сол кезде Фатима көзiне жас алады. Пайғамбар Фатиманы қайта шақырып, тағы да бiрнәрсе айтады. Бұл жолы Фатима күлiп жiбередi. Пайғамбардың әйелi Айша Фатимадан алғашқы қамығуы мен соңғы күлуiнiң себебiн сұрағанда: "Алланың елшiсi алдымен осы аурудың салдарынан көз жұматынын айтты. Мен жыладым. Содан кейiн бiздiң әулеттен ең бiрiншi болып оның соңынан баратынымды айтты. Күлiп жiберген себебiм осы" дептi.

Одан басқа пайғамбар (с.ғ.с.) Фатимаға бүкiл әлемдегi әйелдердiң ханшайымы болатынын айтып қуантқан деседi. Сүннидтiк деректердiң iшiндегi нақты, тарихи негiзделген болып саналатын "Сахих" Бұхари мен "Сахих" Муслимнiң кiтаптарында Алланың елшiсiнiң "Фатима – жұмақтағы барлық әйел затының ханымы" деген сөзi бар. Имам Садықтан: "Пайғамбардың (с.ғ.с.) "Фатима – жұмақтағы әйелдердiң ханымы" деген сөзi оның уақытындағы әйелдерге ғана қатысты ма?" деп сұрағанда имам: "Бұл Имранның қызы Мариямға қатысты. Ал Фатима – жұмақтағы әйелдердiң барлық ғасырлардағы ханымы" деп жауап берiптi. Алланың елшiсiнiң: "Дүниедегi ең ұлы әйелдер қатарында Имранның қызы – Мариям, Хувайлидтiң қызы – Хадиша, Мұхаммедтiң қызы – Фатима, Мазахимнiң қызы (перғауынның әйелi) – Әсия" деген сөзi бар. Осы төрт әйелдiң арасынан Фатиманың жұмақтағы барлық ғасырлардағы әйелдердiң ханымы болып таңдалуы да оның қасиеттiлiгiнiң белгiсi.

Имам Әли ибн Муса ар-Риза әкесiнiң "Мүмiндердiң әмiрi" – Әлиге айтқан Алланың елшiсiнiң: "Қиямет-қайым күнi "Жүздерiңдi төмен салыңдар! (Қазiр) Мұхаммедтiң қызы Фатима өтедi" деген үн естiледi" деген сөзiн жеткiзген. Сол сияқты Әбу Айюб Ансари Алланың елшiсiнiң: "Қиямет-қайым күнi үн естiледi: "О, адамдар! Бастарыңды түсiрiңдер! "Сират" көпiрiнен Фатима өтедi" деген сөзiн жеткiзген. Сол кезде айналасын жетпiс мың хор қызы қоршаған Фатима анамыз "сират" көпiрiнен өтедi екен.

Имам Садықтан Фатиманы нелiктен "Захра" – "нұрлы", "шұғылалы" деп атайды деп сұрағанда ол: "Фатима михрабта тұрып Аллаға табынып жатқан кезде оның нұры аспан тұрғындарын жұлдыздардың жердi нұрландыратыны сынды шуаққа бөлейтiндiктен" деп жауап берiптi.

Алланың елшiсi дүние салған соң әртүрлi қиындықтар Фатиманың өмiрiн қиындатып, көп меһнат шегуiне себеп болды. Бiр жағынан сүйiктi әкесiнiң қазасы, екiншi жағынан дұшпандары мен қарсыластарының әрекеттерi Фатиманың денсаулығына нұқсан келтiрiп, рухани соққы да болды. Хижра жыл санағы бойынша джамади ал-уляның 13 күнi немесе джамади ас-сани айының 3 күнi пайғамбардың қазасынан кейiн 75 немесе 95 күн өткен соң Фатима бұл пәни дүниенi тәрк етiп, бақиға аттанады.

Фатима әкесiне қорған, "мүмiндердiң әмiрi" – Әлиге адал жар болуымен қатар, Хасан мен Хусейндей екi имамды тәрбиелеген ана, жарлы-жақыбайға көмек қолын соза бiлген адамгершiлiк иесi. Ислам iлiмiн таратушы, исламдық құндылықтардың сақтаушысы.

Ежелден қазақ әйелдерi алдымен Алланың мейiрiмiне үмiт артып, содан кейiн екi дүниенiң ханшайымы – Фатима анамыздай абзал жанды өздерiне үлгi тұтып, бастарына iс түсiп, қиындыққа душар болғанда "Бибi Фатима – пiрiм-ай, көмектесе гөр!" деп медет сұраған.

Айнаш ҚАСЫМҚЫЗЫ, филология ғылымдарының

кандидаты, шығыстанушы