Бахар МУРАДОВА: ӨЗ ЕЛIМIЗ ҮШIН ҚОЛДАН КЕЛГЕННIҢ БӘРIН IСТЕДIК

Бахар МУРАДОВА: ӨЗ ЕЛIМIЗ ҮШIН ҚОЛДАН КЕЛГЕННIҢ БӘРIН IСТЕДIК

Бахар МУРАДОВА: ӨЗ ЕЛIМIЗ ҮШIН ҚОЛДАН КЕЛГЕННIҢ БӘРIН IСТЕДIК
ашық дереккөзі
281

Қазақстан мемлекетi ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткелi берi алуан пiкiрлердiң алаңына айналды. Жуырда, Алматы қаласында өткен "ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемi" атты трансазиялық парламенттiк форумға әлемнiң 56 елiнен Парламент ассамблея өкiлдерi ат басын тiредi. Әзiрбайжан милла мәжiлiсi төрағасының орынбасары, ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясы делегациясының басшысы Бахар Мурадова ханыммен тiлдескенiмiзде әңгiменi қырғыз мәселесiнен бастап кеп жiбердi.

– Өзiңiз көрiп тұрғандай, бұл басқосуда негiзiнен қырғыз мәселесi сөз болып отыр. Осы тұрғыда айтайын дегенiм, қоғамдағы барлық сұрақтар құқық жағынан шешiлуi керек. Әсiресе, саяси мәселелер, билiктiң ауысуы, бәрi осы жағынан қарастырылуы керек. Қырғызстандағы жағдайды сөз етуден қашудың керегi жоқ. Бұл елдiң жағдайы бәрiмiздi қатты мазалайды. Қырғыз елi түркiтiлдес, бауыр халық. Бәрiмiз туысқан, ағайынды халықпыз. Бiз де сонау тәуелсiздiк алған қиын кездерi мемлекетiмiздi, егемендiгiмiздi берiк етуге ұмтылдық. Өз елiмiз, мемлекетiмiз үшiн қолдан келгеннiң бәрiн iстедiк. Сондықтан да Парламенттiк ассамблея, ЕҚЫҰ және оның барлық халықаралық ұйымдары мүшелерi Қырғызстанда бейбiт өмiрдiң орнығуына күш салу керек. Қазiр қырғыз елi өзiнiң мемлекетiн қайта құрмақшы. Келешекте оңтайлы жағдай қалыптасу үшiн заңнамалық құжаттар қабылдайды.

– Сiздiңше, Қырғызстанда Президенттiк билiк орнай ма, әлде Парламенттiк билiк пе?

– Болжам жасағым келмейдi. Неге десең, әзiрге бiлмеймiн. Жеке көзқарасымды айтар болсам, қырғыз елi өтпелi кезеңде тұр. Өзiнiң мүмкiндiктерi мен күшiн сарп етiп отыр. Оған әртүрлi күштiң саяси амбициялары кедергi келтiрмеуi керек. Менiңше, қырғыз елiнiң болашағы қалай болатынын халық шешедi. Бұдан былай қырғыз халқы мұндай қиыншылыққа тап болмасын деп тiлейiк.

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға ретiнде қолға алып жатқан шаралары көңiл толарлық па?

– Қазақстанды бұл жұмыста өте жақсы бағалаймын. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы өз нәтижесiн берiп келедi. Ауғанстанға қатысты, Қырғызстанға байланысты нақты мәселелердi көтердi. Жаңа оқиғаларға әп-сәтте баға берiп, шешу жолдарын қарастырып кеттi. Бұдан былай мұндай шараны басқа да халықаралық ұйымдармен бiрлесiп, аясын кеңейте түсу керек.

– Әзiрбайжандағы саяси-әлеуметтiк жағдай туралы айтып өтсеңiз?

– Бiзде, Құдайға шүкiр, жағдай тұрақты. Қырғызстанға ұқсас оқиғалар болған емес. Естерiңiзде бар шығар, мұндай жағдай тек 1990 жылдың басында ғана орын алды. Бiз бұл тығырықтан лезде шығып, өз жолымызды таңдадық. Экономикалық ахуалдың нашарлауы, мемлекеттiң iшкi жағдайының оңалмауы да сол жылдары бастан өттi. Билiк басына Гейдар Әлиев келгеннен кейiн бұл мәселелердiң бәрiне нүкте қойылды. Қазiр республикамыз жылдан-жылға гүлденiп, өнiп-өсiп, дамып келедi.

– Әрине, форумда көтерiлген адам және есiрткi саудасы мәселесi сiздiң елiңiздi де айналып өтпейтiнi рас қой.

– Дұрыс айтасыз. Бұл мәселенi жоққа шығара алмаймын. Осы қызметтi қаржыландырып отырған мемлекеттерге қарсы күрес жасау керек. Бiздiң жерiмiздiң 20 пайызы армянның қару күштерi арқылы сатып алынған. Қазiр осы автономды облысты армяндық қоғам өкiлдерiнен құралған сеператистiк жүйе басқарып отыр. Сол жерде тек армяндар ғана өмiр сүрсе, бүгiнде олардың өзi кетiп қалған. Онда тұру мүмкiн емес. Бағынатын заң, арнайы бақылау жоқ. Яғни, олар жергiлiктi не халықаралық заңға бағынбайды. Сондай-ақ, қару-жарақпен жасақтанғандардың саны қанша? Кiм қалай өмiр сүредi? Оны ешкiм бiлiп жатқан жоқ. Себебi, бұл заңсыз аймақ. Бұны қашан тоқтатпайынша, даму туралы айтудың өзi артық. Күн сайын шекарада адамдар оққа ұшып жатады. Есiрткi, сыбайлас жемқорлық, кедейлiк, бұлардың барлығын тек бiржақты тәртiппен емес, тек халықаралық қауымдастықтардың көмегiмен шешу керек. Ауған террорлық топтары iс-әрекетiн тоқтатқан жоқ. Шекараларлың қауiпсiздiгiн сақтау үшiн оған Пәкiстанды да тарту қажет.

– Ал, елдiң демографиялық жағдайы қалай?

– Демографиялық ахуал бiрқалыпты. Қазiр бiз 9 млн.-нан астық. Бiрақ Армениямен салыстырып қарасақ, бiздiң жағдайымыз өте жақсы. Себебi, Арменияда демографиялық көрсеткiш төмен. Тұрғындардың саны да азайып барады. Арменияда қазiр бар-жоғы 1,5 млн. адам тұрады. Ал Әзiрбайжан халқы жылдан-жылға өсiп жатыр. Бiзде тек әзiрбайжан ғана емес, басқа да ұлттың өкiлдерi тату-тәттi тұрады. Бәрi де заң алдында бiрдей.

– Әзiрбайжан тiлi дамып жатыр ма?

– Ресми тiл – әзiрбайжан тiлi. Өйткенi, халықтың 90 пайызы әзiрбайжан ұлты. Ал орыс тiлi ресми тiлдiң деңгейiнде қолданылмайды. Бiрақ әр азамат өзiнiң ойын қай тiлде жеткiземiн десе де, өз еркi. Бiзде ағылшын тiлi мектебi, орыс тiлi мектебi бар. Посткеңестiк кеңiстiктегi елдер iшiнде бiзде тұңғыш рет Славяндық университет жұмыс iстей бастады.

– Әзiрбайжан халқын не мазалайды?

– Барлық ұлтпен татумыз. Әртүрлi конфессия өкiлдерi толеранттылық танытып, бiр-бiрiн түсiнiсе алады. Бiздегi ең басты мәселе – армяндар бiздiң жерiмiзден кетсе, бәрi жақсы болар едi.

Сұхбаттасқан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары