АЛАТАУ

АЛАТАУ

АЛАТАУ
ашық дереккөзі
399

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВКЕ

Күн жылынып көктемге ел жеткенде,

Жұпар аңқып тұрған-ды жер-көктен де.

Құдай сенiң кеудеңе өлең құйған

Бесiгiңдi перiште тербеткенде.

Көкке қарай қаққанда жыр қанатын,

Туған елдiң көзiнде нұр жанатын.

Бiреулердiң көргенде қысастығын

Өр кеудеңе бiр жауып бұрқанатын.

Арман құсың қаққанда ақ қанатын,

Жұрттың бәрi жырыңнан бақ табатын.

Ат үстiнен түспеген азаматсың,

Екiталай күн туса аттанатын.

Қиыр-шиыр жолдарда, бұралаңда,

Ердiң бәрi ел қорғап тұрады алда.

Тiктеп қайта тұрғызған сен емес пе,

Арманымның ақ шыңы құлағанда.

Қуат берiп қазақтың құм-даласы,

Жырлағаның жаһанның мұң-наласы.

Ұлы ақын болар деп кiм ойлаған,

Қозы баққан кешегi қыр баласы.

Өзiң жақтан ескенде алтын арай,

Алмас қылыш тұра ма жарқылдамай.

Кеудесiнде жолбарыс тулап жатқан,

Сенi сардар көрмесiн халқың қалай.

Көктем бар ма сенi, аға, қарсы алмаған,

Сұлу бар ма төрiңде ән салмаған.

Адалдықтың өзi деп бiлем сенi,

Терезесiн өмiрi шаң шалмаған.

Құрсағында жаралып арлы ананың,

Үнi болған ақынсың замананың.

Сенсiң, аға, өлеңнiң Алатауы,

Түргелген төсiнен сардаланың.

Көңiлiңде өлеңнiң оты өрiлiп,

Жеттiң талай мұратқа төтежүрiп.

Ғасыр мұңын арқалап,

Абай шыққан

Алып шыңға келесiң көтерiлiп.

Рафаэль НИЯЗБЕК

Серіктес жаңалықтары