ДИПЛОМ ЖӘНЕ КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ

ДИПЛОМ ЖӘНЕ КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ

ДИПЛОМ ЖӘНЕ КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ
ашық дереккөзі
786

Жұмыспен қамту агенттiктерiнiң қитұрқылары

"Денi дұрыс жұмыс табу қиынның қиыны екен. Диплом алсам, жұмысқа орналаса қалатындай көрiнетiн едi. Бiрақ қолыма қаншама газет алып, жарнамалар мен құлақтандыруларды шолсам да, жолым болмай-ақ қойды. "Срочно требуется…" деп жазылған мамандық бойынша iле-шала хабарлассаң, жұмыспен қамту агенттiгiне түсесiң. Жұмысқа орналастыру үшiн бұл агенттiктер тiркеуден өткiзедi. Жөн-ақ. "Уақытында хабарласа жатармыз" деп үстiртiн жауап қатады да, бiр мың, екi мың теңге аралығындағы соманы қағып алады. Ал уәде етiлген қызмет туралы ертесiнде ешкiм ештеңе бiлмейтiн болып шығады", – деп мұңын шақты бiрде жақын құрбым. Расында, табыс табудың мұндай тәсiлi таңсық болудан қалған. Қоғамның көкейiн тесетiн бiр-ақ нәрсе қалған тәрiздi – құлқынның қамы, бала-шағаны бағып-қағу.

Десе де жұмыссыздық мәселесi шешiлмей-ақ қойды. Жақын арада, жақын онжылдықта әлемдегi жұмыссыздық дертiнiң бiржақтылана қоюы екiталай. Жалпы, қос қолға бiр жұмыстың iлiгерi анық. Ал дағдарыс "тепсе темiр үзетiн" азаматтардың да еңсесiн езiп отыр. Қазақстан үшiн жастар арасындағы жұмыссыздық ең бiр бас ауыртар мәселе, елiмiзде еш жерде оқымайтын және жұмыссыз жастар саны жалпы белсендi адамдардың сегiзден бiр бөлiгiн құрайды екен.

2010 жылғы наурыз айында Қазақстандағы жұмыссыздар саны 524,3 мыңға жетiптi. Ал жұмыссыздық деңгейi 6,1 пайызды құрады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң жұмыспен қамту органдарына наурыз айының соңына дейiн ресми тiркелгендердiң саны – 76,4 мың адам. Жұмыссыздар ретiнде тiркелгендердiң iшiнде экономикалық белсендi халықтың үлесi – 0,9 пайыз. Десе де жасырын жұмыссыздық бұл көрсеткiштердiң алдын орап түсерi анық.

Елiмiзде "Жол картасы" бойынша халықты жұмыспен қамтамасыз ету бастамасы қолға алынып, тiптi ойдағыдай iске де асырылды. Республика көлемiнде мыңдаған адамдар жұмысқа тұрып, бұл мәселенiң бетi бiржола берi қарағандай да болып едi. Бiрақ жұмыссыздық саны кемiмедi. Неге? Аталған бағдарлама негiзiнде 1-10 күндiк қызметке алынғандар саны әлi де жұмыспен қамтылғандар қатарында тұр. "Бұл статистика үшiн жасалған" дедi Есеп комитетiнiң басшысы Омархан Өксiкбаев депутаттар отырысында. Дағдарысқа байланысты жаппай қысқартулар мен банкротқа ұшыраған компаниялардың мүлде жабылып қалуы бұған бiрден-бiр себеп. Қолында дипломы бар, тәжiрибесi мол мамандар да қазiр жұмыссыз жүр, болмаса арзан және тиiмсiз қызмет түрлерiне жалданады. Бұл дегенiмiз, қаладағы мейрамханалар мен шағын асханалар, түнгi клубтар мен жасырын ойынханалар немесе базар төңiрегiндегi ұсақ-түйек жұмыстар. Қазiргi таңдағы негiзгi жұмыс берушiлер деп осыларды ғана атауға болады. Бұл қалалы жердегi тiрлiк. Ал ауылды елдiмекендердегi жастар үшiн жұмыс көзi мүлде жабық тақырыпқа айналған. Сондықтан да, соңғы кездерi ауылдың өзiнде "питак" деп аталатын орындар пайда болған. Мұндай жерлерге жұмыссыздар жиналып тұрады. Iрiлi-ұсақты шаруасы бар ауылдың белдi азаматтары осындай арзан жұмыс күшiн пайдалану мүмкiндiгiне ие. Қысқасы, әрбiр ауылда Алматыдағыдай өз "Сейфуллин" және "Рысқұлов" көшесi пайда болған. Алғашқыда үйiрiлiп тұрған топты көргенде, себебiн түсiну оңай емес. Ал қазiр, бұл да таңсық болмай қалды.

Көп жағдайда жұмыссыздықтың экономикалық әсерi сипатталады да, кумулативтi характерге ие әлеуметтiк әсерi ескерусiз қалады. Бiрақ та жұмыссыздықтың елдiң жағдайына тигiзетiн әсерi көбiне әлеуметтiк мәселелермен тығыз байланысты. Мәселен, жұмыс iздеген адамды керi қайтармайтын тағы бiр топ бар — көлiк жуу орындары. Мұнда, байқасаңыз, кiлең жастар. Күнi-түнi қолын суға малып, сыз бен судың үстiнде жүретiн жастардың ертеңгi денсаулығы үшiн жұмыс берушiлер жауап берiп отырған жоқ. Ал жалақы мардымсыз. Еңбекақыны берудiң де өз "фэншуй" технологиясы бар көрiнедi. Мәселен, бiр көлiк — 1500 теңгеге жуылса, соның 10 пайызы жуған адамға тиесiлi, қалғаны қожайындiкi. Сонда бiр тәулiгiне бiр адам 10 көлiк жуса, 1500 теңге табады. Хош делiк. Көлiк жуу процесi қожайынның көңiлiнен шықпаса, еңбегiң еш кеттi дей бер. Тәулiк бойында таза термен келген ақшаң жұмыс берушiнiң қалтасында кетедi. Мiне, осындай жұмыс күшiн пайдалану технологиясы "официанттық" қызметте де кеңiнен таралған.

Негiзiнде, анықтама бойынша жұмыссыздық — халықтың жұмысқа қабiлеттi бөлiгiнiң жұмыс таба алмауы. Жұмыссыздық — жұмыс орнына сай келетiн адамдардың азаюынан, адамдардың санының көбеюiнен пайда болады. Жұмыссыз ретiнде биржада тiркелген, жұмыс табуға нақты мүмкiндiгi жоқ адамдар айтылады. Бұл жұмыссыздықтың ғылыми тұжырымдамасы.

Тәуелсiздiк алғалы берi елде еңбек рыногына әсер ететiн бiрқатар факторлар өрiс алды. Соның бiрi — көлеңкелi экономика. Бұл салада негiзiнен жұмысшыға жасырын ақы төлеп немесе еңбек етуге қолайлы жағдай туғызбағандықтан мемлекетке салық төлемейтiн сектор пайда болды. Бұған ең алдымен ел экономикасы көтерiлгеннен берi елге ағылған босқындар, гастарбайтерлердi жатқызуға болады. Қазiр нақты қанша көлемде мұндай жұмыссыздық түрi барлығын ешкiм тап басып айта алмайды. Себебi, жасырын жұмыссыздық та белең алған. Ал әйелдер ең бiр активтi топ болып табылады, бiрақ онда да жұмыссыздық бар және оны негiзiнен жасырын жұмыссыздық қатарына жатқызуға болады.

Сондай-ақ қазiргi таңда көптеген мекемелер әлдеқашан ұмытылған проблема — жұмыс кадрларының жетiспеушiлiгiне ұшырады. Бұрын олар өте көп болса, казiр олар әртүрлi салаға араласуына және квалификациясы төмендеуiне байланысты кемiп кеттi. Ал жұмыс iздеушiлердiң квалификациясы жоқ немесе өте төмен. Сондықтан қоғам бiр-бiрiне қарама-қарсы екi түрлi ауруға шалдығып отыр: кадр дефицитi және жұмыссыздық.

А.БЕЙIМБЕТ

Серіктес жаңалықтары