METIS'S ТОБЫНЫҢ МАСҚАРАСЫ

METIS'S ТОБЫНЫҢ МАСҚАРАСЫ

METIS'S ТОБЫНЫҢ МАСҚАРАСЫ
ашық дереккөзі
221

Бүгiнде қазақстандық қай телеарнаны қоссаңыз да, музыкалық хит-шерулердiң үстiнен түсесiз. Бейнеклип пен ән жарысқа түсетiн бәсекелестердiң басым бөлiгiн орыстiлдi, қазақи дәстүрден ада, киiм кию үлгiсi де тұрпайы топтар құрайды. Сол музыкалық бағдарламалардың бiрiнде METIS’S тобының "Звон бокала" атты масқара клипiн көргенде, жағамызды ұстадық.

Жастардың өзiндiк стилi бар десек те, шоу-бизнеске тиiстi органдардың қадағалауы қазiргi таңда өте қажет. Өйткенi, бұл бейнеклипте "стриптиз", яғни жартылай (тырдай десе де болады) жалаңаш қыздың билегенi бiздiң өсiп келе жатқан ұрпағымыздың психологиясына керi әсерiн тигiзерi айдан анық. Әлбетте, бұл жалаңаштанып билейтiн жалғыз клип емес. Осы бағытты ұстанып, аудиторияның көңiлiн жаулап алуға тырысатын әншiлер жетiп артылады.

Бiр ғана мысал келтiрейiн, күнделiктi телеарналардан көргенiн үлгi тұтатын жасөспiрiмдер өз бетiнше бейнеклип түсiруге әуестенiп жүр. Жастар арасында кең танымал роликтерге тақырып iздеудiң қажетi жоқ. Ұялы телефондарда жас қазақ қыздарының музыка әуенiмен иiрiле билеп, тәнiн жалаңаштағаны немесе бiр-бiрiмен қырықпышақ болып төбелесiп жатқаны – клиптен көрген қылықтың нәтижесi. Қалай айтсаң да, мұндай бағытта ән айтып, би билейтiн әуендер көбiне орыстiлдi шоу-бизнес өкiлдерiне тән.

Осы жағдайлар Metis’s, Ringo, Misterions және Tequilla секiлдi түрлерi қазақ болғанымен, ырым-жырым болған қазақы көйлектегi, iстерi орыс-ағылшын топтарының көшiрмесi екенi белгiлi. Оларға музыкалық бағдарламалар да үнемi жақтас. Қит етсе, сенсация жасағысы кеп, жалған жұлдыздарды мадақтайды. Тiптi, қайсiбiрiнiң күнделiктi тiршiлiктегi қарапайым ауқатын да тiлге тиек етедi. Ал бұл орыстiлдi шоу-бизнес өкiлдерi өз кезегiнде, "қазақша өлең айтады" деп қазақтiлдi әншiлерге мұрын шүйiре қарайтын көрiнедi.

Сондықтан көптеген бейнеклиптердi эфирге шығармастан бұрын, оларды этикалық, психологиялық сараптаулардан өткiзсе орынды болар едi. Бейнеклип – шығармашылық қиялдың жемiсi десек те, белгiлi бiр тұсаудың болғаны дұрыс.

Өзбек елi тәулiгiне жиырма төрт сағат бойы тек қана өзбекше клиптер мен киноларды көрсетедi. Мұны тамашалайтын Оңтүстiк Қазақстан облысының көптеген аудандарының тұрғындары өзбекше сөйлейтiндiгi де сондықтан.

Бiзге ресейлiк Тимати немесе шетелдiк 50-Сent сияқты ұятсыз әншiлердiң клиптерiнiң отандық көшiрмесiн жасайтын, түнгi клубтар мен коорпоративтiк отырыстарда ән шырқаудан әрiге бара алмайтындар емес, қазақылықты насихаттайтын топтардың туындылары көбiрек қажет.

Нұржан БИЖАНОВ

Серіктес жаңалықтары