ТАМЫРЛАРДАН СЕЗIМ СЕЛIН АҒЫЗҒАН...

ТАМЫРЛАРДАН СЕЗIМ СЕЛIН АҒЫЗҒАН...

ТАМЫРЛАРДАН СЕЗIМ СЕЛIН АҒЫЗҒАН...
ашық дереккөзі
268

Қажытай Iлиясұлының екi томдық таңдамалысынан үзiк сыр

Таңғаларлық жағдай: ақын, жазушы атаулы, iшiнде өзiм де бар, қазiргi кезеңде көптiң бiрiне айналдық. Бұған титтей намыстанбаймыз. Бес, он бес томнан, толық деймiз бе, таңдамалы деймiз бе, құшақ-құшақ кiтаптар жинағын шығарудан алдымызға жан салар емеспiз.

Оқырманды қайдам, әлгiндей көптомдықтар маған бiртүрлi жағымсыз әсер етедi. Әдебиет алаңын балдыр-батпақ, шалшыққа айналдырып бара жатқан жоқпыз ба деген дүдамалға батамын. Талантымен елiн мойындатқандарға мұның зияны тиетiн тәрiздi. Мұқабалары жалт-жұлт, көз қызықтыратын көптомдықтардан тас, түйiршiк, құмның арасынан нағыз алтын iздегендей хал кешесiң, алда-жалда хас шебермен жүздесуге талпынсаң. Жақында ақын, сазгер, сатирик Қажытай Iлиясұлының таңдамалы шығармаларының екi томдығымен танысқанымда, әлгi пiкiрлерiмнiң тас-талқаны шықты. Композициялық құрылымы қайран қалдырды, қос кiтаптың архитектуралық тұтастығын көрiп, түрлi жанрдың мұншалық таңғажайып үндестiк тапқанының сырын ұғуға асықтым.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында университеттiң журналистика факультетiнде бiрге оқығанмен, ұдайы қылкөпiр үстiнде жүретiндей қобалжытып, назарына шалынбауға тырысатынбыз. Жатақхана дәлiзiнде гитарасының құлағын бiзге, қыздарға ұстатып қойып, небiр зарлы әуендi сарнатқанда, төбе құйқаңды шымырлататын. Таң шапағын гитара сарынымен қарсы алатыны емiс-емiс есiмде. Бiрақ бойын буған нендей нала, өзегiн өртеген өкiнiшi не, тiптi де мән бермеппiз. Сыбызғы, сырнай, шаңқобыз, балалайка, мандолин, домбырадан қолы босап, төңiрегiндегiлерге әзiл– қалжың, уытты сөзiн төккенде, мұның бiрiн түсiнiп, бiрiн түсiнбегендiктен жауап қайтаруға қауқарым жетпейтiн. "Лениншiл жас" (қазiргi "Жас алаш") газетiнде аздаған уақыт қатар еңбек еттiк. Ешкiмнiң бет-жүзiне қарамай тiке айтатын турашылдығын сол тұста байқадым. Қаламы қарымды, нысанаға алғанын бүркiттей қағып түсiретiн. Тыпырлаған асаудай байыз таппайтын Қажағаңның алды-артынан iлесу мүмкiн емес-тi.

Дара басында сан алуан өнердiң түйiсуiн Алланың сыйы деп қабылдағанымыз жөн шығар. Мына екi томдық соның нақты айғағы. Филология ғылымының докторы, академик, профессор Зәки Ахметов "Жеке тағдырды өлең өрнегiмен үлкен өреге көтерiп, адамның сай-сүйегiн сырқырататын, ерiксiз ойландыратын, ойландырып қана қоймай, жаман-жұтық дағдыдан жиiркендiретiн тағлымын айтсаңызшы! " деп тебiренедi. Әйгiлi сыншының Қажытай поэзиясының жаңалығын тайға таңба басқандай анықтауы ғажап! Белгiлi дәстүрдi жалғастыра отырып, ақынның өзiнше қолданған тәсiлiн шеберлiк ретiнде дәлелдейдi. Ғылыми негiзбен, парасатпен, адалдықпен ақын Қажытайдың образ ашудағы теңеулерiн жан-жақты талдайды. Өлең жолдарын екi жағынан бiрдей ұйқастыратын ерекшелiгiн жаңалық ретiнде ұсынып, ауыспалы мағынада алынған нәрлi сөз тiркестерiн нәзiктiкпен шынайы сипаттап бередi. Осындай астарлы, мазмұнды алғысөзбен ашылған кiтапты әрi қарай асқан қызығушылықпен оқисың. Алғашқы томдағы "Арман айнасы", "Алтын бесiк", "Ән өлеңдер", "Тумыс пен тұрмыс", "Келешекке кеңес", "Кiсiлiк келбетi", "Арнау өлеңдер", "Толғаулар мен дастандар" сегiз бөлiмге түзiлiп, ара-арасында сынадай қағылған әрiптестерiнiң лебiзi, қысқа-нұсқа арнауы, талдауы екi кiтаптың өнебойына алтын, күмiс жалатқандай жадыратып, көкейге қона кетедi. Әсiресе ақын, аудармашы, сыншы, талантты да талғампаз Жүкел Қамайұлының бiрiншi томның соңындағы "Қыналы поэзиясы " таңғы шықтай тұнған тазалық. Қажытай өлеңiндегi сөздердiң түгелiмен қозғалысқа енгенiн музыка сазындай алдыңа жайып салған. "Сөз қадiрiн бiлместен қолға қалам алу сөздiң киесiн қашырады, – дейдi Жүкел. – Бұл қағиданы Қажытай Iлиясұлы бала кезден ет-сүйегiне сiңiрiп өскендей. Ұйқас бiткендi көпiрте өлең ету емес, ана тiлiнiң құрсағында ашылмай жатқан қалың сөз қорынан қажетiне керегiн алатындығы анық байқалады". Мұны кiм-кiм де дереу зердесiне түйетiндей.Титтей ғана мысал, "сардаланың иiсi еңсесiнен аңқиды", ал бiз әдетте өн-бойынан, тәнiнен, денесiнен деуге бейiмбiз ғой. Жанын жегiдей жеген өлең аласұрған тұмадай саңылау iздейдi, кейде қырмызы қызыл түлкiдей аш бүйiрден аңшыдай қадалтады. Тiл шешпеген түйiндi күйге шештiредi, тамырлардан тасқын селiн ағызады, көкiрегiнде мыңдаған көш сабылып, мың толқынды бiр толқынның ырқына көндiредi. Тiс жiгiне қыстырылған тарыға шейiн мән иемденiп, бозторғай аспандағы қоңырауға айналады, үркiп қонған бөдене мал алдына тас тәрiздi топ етедi.

Бiлiмге кенезесi кепкен баланың ғасырдың қаңбағындай қаңғып жүрiп, басынан небiр әдiлетсiздiк, азапты өткергенiмен, алған бетiнен қайтпағаны, жалынын сөндiрмегенi оқырманның да рухын асқақтатады. Қырсығының арылмағанына қарамастан жанының жалынымен дауыл кесiп, жылағанды уатты, әдiл бидiң мiнбесiн iздеп, қайда барса да қара қылды қақ жарды. «Халықтың қасiретiн айта алмасақ, несiне қалам ұстаймыз» деп жар салды. Ақын жерi бай, жемiсi көп жерұйықта тiкенекке ылғи сүрiнiп жүрсе де келешек, менi түбi түсiнерсiң деп үмiттендi.

Қажытай Iлиясұлы өзiнiң ортасы, қоғамы, замандастарын толыққанды бейнелеу арқылы ұлтының, көшпендiлердiң қайталанбас рухани қазынасын еселей байытады.Ұмытылған ұғымдар санаңды оятып, селт еткiзедi. Көз бен көңiлден мүлдем алыстап кеткен iрiлi-ұсақты құбылыстарды бүгiнгi ұрпаққа ыждараттықпен жеткiзедi. Соның аясында ақын тұлғасы да биiктей бередi. Жырды ғашығының келбетiне балап, бiрде домбыралы серiдей шалқиды, кейде шеркөкiрек бола кетедi. Құлашын кедергiлер жаздырмай, қырт табалап, керең күлетiндей күн кешiп, қайғы деген шөлге түнеп ержеткен Қажытай берекесi бетiнде тұрған, тұлпарын томарларға сүрiндiрiп, көкiрегi кекке тұнған қазақ. Ұзақ жылдар қанжардай қын iшiнде жата беруге мәжбүр болған жырлары, мiне, халық игiлiгiне айналып, мезгiлдiң тамыршысы ретiнде сыбайластық, тоғышарлық, алаяқтық атаулыны аяусыз әшкерелейдi.

Прозаик, сыншы, сатирик Ғаббас Қабышев екiншi томды "Сатира саңлағы" мақаласымен бастаған. Кейiпкерiмiздiң ел-жұртына iстеген қамқорлығын, батыл күресiн, шындықтан шошитындардың iнiне су құйып, бәрiн ақылмен, қайсарлықпен, төзiмдiлiкпен орнына келтiрер қарым-қабiлетiн мейiлiнше нанымды жазыпты. Әзiл-оспақ, сын-сықақ, мысал-баллада-дастандар, баталар, мақал-мәтелдер, достық әзiлдер, "па, шiркiн, пародия!", тентек жерлер, астарлы айтыстар алты бөлiмге тармақталып, бiртұтас театр құрап тұр. Ден қойсаңыз, бас алмай оқитыныңыз анық. Қажытай сатирасы өзiне дейiнгi, өзiнен кейiнгi мықтылардың ешқайсысына ұқсамайды. Былай қарасаң, шап-шағын, шымыр дүниелердiң аясы кең, астары қалың, кез келгенi сахнаға сұранып тұр, дайын мини-спектакль. Қажытай Iлиясұлы қолтаңбасына зергерлiк жанкештiлiк тән, әрбiр сөз өз орнында, әлдеқалай алынып тасталса, тұтастығынан дереу айырылып, симметриясы бұзылған ою-өрнектей, қираған құрылыстай әсер етер едi. Бiр де бiр сөзiн қысқарту, басқаша өңдеу мүмкiн емес. Музыка нотасындай лайықты биiгiнде. Өзiне ғана тән осындай артықшылығының себебiн тумысынан саққұлақ, сезiмтал, әншi, күйшiлiк қасиетiнен iздеген жөн. Лирикасынан да, сатира, пародия, мақал-мәтел, мысалдарынан да музыка төгiлiп тұрады. Туындыларына жан бiтiретiн мiне, осы. Саятшы, атбегi, сыншылығының шығармаларындағы сипаты арнайы талдауды қажет етедi. Әрине, Зәки Ахметов, Темiрбек Қожекеев, Ғаббас Қабышев, Қабдеш Жұмадiлов, Көпен Әмiрбек, Темiрше Сарыбайұлы, Жәркен Бөдеш, таңдамалыға ой, пiкiрлерiн бiлдiрген басқа да қаламгерлерден артық айта алмаспын. Аталған, аталмаған авторлардың кезектi әр бөлiмнiң увертюрасындай берiлген мақала, өлең үзiндiлерi жоғарыда айтқанымыздай, кiтаптың шырайын ашып, бағыт-бағдарын айқындап тұр. Өнерiндегi қуаты, құтымен өз тереңiнде сүңгiген, кещеге, кереңге пысқырмай алшаң басқан ақынды сенiмi алдаған жоқ, "өлеңiм, әнiм, күйiм өртенбесе, табады қуып жүрiп, атақ менi" дегенi ақиқатқа айналды, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi.

Суырыпсалма, шешен, ән шығарып, күй төгiп, сан-алуан музыкалық аспаптың құлағында ойнайтын, сатира мен лириканы қатар меңгерiп, ұлтымыздың ұлылығын әспеттеген кешегi ержүрек батыр, сал-серiлердiң ғайыптан жеткен сирек өкiлiндей көрiнетiнi бар кейде Қажағаның. Көңiлiңдегi мұңды көзiңнен көре қоятыны және рас. Қиянаттан қанатым талып, сонау жылдары құлазып жүргенiмде, бiрауыз сөзiмен рух бергенi есiнде де жоқ шығар. "Айтып қой маған, көк шыбын үймелетейiн көздерiне" деп, есiмдерiн атай қалсам, әлгiлердi жоқ қып жiберетiндей ағалық айбарын, қарындас қамын ойлайтындай азаматтық iрiлiгiн байқағанмын. "Мен адаммын бiр мәрте туып өлер, озбырлыққа пенденiң қуы көнер" деп, ешқашан кiсiлiктiң туын қисайтпай, затында тазалық жоқ пысықтармен көзқарасы үйлесе алмай, әулекi дүрмекке ермей, ойында ылғи обал, сауап тұратын мiнезiмен қадiрлi.

"Құрулы шымылдықтың бәрiн түрiп", бетiн биiктерден көрсетуге әлi ұмтылып келедi, әлi сенiп келедi, "шын ақын атын айға жазады ғой, қалса да дүниенiң шамы сөнiп" деп. Мұндай ақынды көптiң бiрiне тели алмайсың. Қажытай Iлиясұлының екi томдық жинағының көркемдiгiн, қимыл-қозғалысқа құрылған тебiренiсiн, мың бұралған толқын ағысын, бояуы қанық суретiн, бас-аяғы жұмыр мүсiн жасайтынын, ғалым, сыншы, ақындар тобының айшықтап үлгерген поэзиядағы жаңалығын, жетiстiгiн былай қойғанда, кiтап мазмұнының логикалық құрылымы, берiлу мәдениетi былайғыларға өнеге, әсiресе 10-15-ке созып, бiтеу, мылқау көптомдық шығаратындар үшiн. Татымсыз таңдамалылардан озық та оқшау, талғампаз автордың өзiн-өзi таңдай бiлуiнiң үлгiсi, өрелiктiң белгiсi. Заманның қатiгез, тар құрсағында ұзағырақ тұншыққан жырлары ел тәуелсiздiгiмен қатар қанат қағып, көпшiлiктiң де меншiгiне айналғаны оқырман үшiн үлкен қуаныш. Өйткенi Қажытай Iлиясұлы – қазақтың дәстүрлi серiлiк: атбегi, құсбегi, палуандық, шешендiк, сыншылық, суырыпсалма ақындығын, мiрдiң оғындай тиер әзiл-қалжың, уытты сықақ, қақпайларын қаймағын бұзбай бүгiнгi күнге жеткiзген ата-бабамыздың көзi, мұрагерi, тылсым талант тұяғы, көптiң бiрi емес, зерделi қауым iздеп таппай жүрген жоқтың бiрi…

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

жазушы, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары