Жексенбек ЕРКIНБЕКОВ: ӨНЕР – ӨМIРIМНIҢ ӨЗЕГI БОЛДЫ

Жексенбек ЕРКIНБЕКОВ: ӨНЕР – ӨМIРIМНIҢ ӨЗЕГI БОЛДЫ

Жексенбек ЕРКIНБЕКОВ: ӨНЕР – ӨМIРIМНIҢ ӨЗЕГI БОЛДЫ
ашық дереккөзі
434

Бiз бүгiнге кешеден келдiк. Кеше кемелденген социализм едi. Коммунизм орнатамыз деп жанталастық. Одақтас республикалардың бiрiншi басшысы Никита Сергеевич Хрущев: "Орыстың тiлiн тез игерсеңдер, коммунизмге тез жетемiз" – деп жаппай орыстандыру саясатын жүргiздi. Тiлiмiзден бөлек ұлттық құндылықтарымыздыда жадымыздан шығарып, тұрмыс-салтымыздан айыруға күш салды. Дегенмен сол кездегi ұлтжанды жандар мен мемлекет басшылары қатал коммунистiк идеологияның өзiнде де Ана тiлiмiздi әдебиет пен өнер арқылы сақтай отырып, ұлттық мәдениетiмiздiң де жаңаша өркендеп дамуына жол тапты. Сондай тұлғалардың бiрi бұрынғы Мәдениет министрi – Жексенбек Еркiнбеков. Жадымызды жаңарту мақсатында ардагер ағаны әңгiмеге тарттық.

– Жексенбек аға, жылғалар бастауын бұлақтардан алады. Сiз өнер әлемiне қалай келдiңiз?

– Мен Алматы облысының бiр қиянындағы Биғаш ауылында өмiрге келдiм. Балалық шағымыздың қызықтарын соғыс жылдары жұтып қойды. Тағдыр бiздi ерте есейттi. Арманым оқу едi. Соның сәтi 1950 жылы түстi. Анам Жаңыл ескi ағаш чемоданға бауырсағын салып, қолыма өзi ұжымшардан еңбегiне алған бес жүз сомын ұстатты. Сонымен "Алматы қайдасың" деп үлкен жолға түстiм. Ол кезде жолаушылар таситын автобус болмайтын. Жүк машинасының қорабына мiндiм. Содан ҚазМУ-дiң Тарих факультетiне құжаттарымды тапсырып, алғашқы жазбаша емтиханнан ойдағыдай өттiм. Қаланы тамашалап жүр едiм, бiр биiк үйдiң ашық терезесiнен ән естiлдi. Тыңдасам, "Ақбақай". Әлдекiмнiң тамылжыта шырқағаны соншалық, өзiне ерiксiз тартып барады. Сол үйге қалай кiргенiмдi бiлмеймiн. Ұзын дәлiзiнен Шора Темiров ұшыраса кеткенi. 1948 жылы бiр мектепте мұғалiм болып бiрге жұмыс iстегенбiз. Кiрген үйiм – Өнер инсититуты екен. Шора – екiншi курстың студентi болып шықты. Ол Өнер институтын мақтай жөнелгенде аңсарым ауып, осында ауысқым келдi. Оның үстiне өзiм де өнерден құр алақан емес едiм. Домбыра тартып, күй шертемiн. Университеттен құжаттарымды алып, институтқа тапсырдым. Өнер институтының студентi атанып, жатақхананың бiр бөлмесiнде 26 бала жаттық. Қазақстанның Халық әртiстерi Қ.Жантiлеуов, Х.Тастанов, А.Жұбанов, Л.Хамиди, Л.Шаргородский, С.Шабельскийден дәрiс тыңдадық.

1953 жылы 3-шi курстi бiтiрiсiмен Құрманғазы оркестрiнiң құрамына қабылдандым. Сол жылы Бұхаресте өткен IV Дүниежүзiлiк жастар мен студенттердiң фестивалiне қатыстық, оркестр алтын медальмен марапатталды. Оркестр құрамында менiмен бiрге оқитын Сайлау, Жекетай, Шора, Мәлгаждар, Алдаберген болды. Дирижерiмiз Шамғон Қажығалиев едi. Содан кейiн оркестр Мәскеу, Ленинград, Едiл бойындағы қалалар мен Орта Азия республикаларында гастрольдiк сапарларға шықты.

– Соғыстан кейiнгi жылдарда халық шаруашылығын қалпына келтiру науқаны жүрiп жатты ғой. Сол кезде гастрольдiк сапарларыңыздан есте қаларлықтай жағдайлар болған шығар.

– Иә, бәрiн есте сақтай беру мүмкiн емес. Алайда 1954 жылдың жазын Түркiменстан мен Өзбекстанда өткiздiк. Қай қалаға барсақ та көрермендер Күләш Байсейiтова мен Кәукен Кенжетаевтiң жеке-жеке орындау әндерiне қол соғып, үлкен құрмет көрсеттi. Атақты әртiстерiмiз Қонақ үйде жатты да бiз вокзал жанындағы вагондарға жайғастық. Олар бiзге жетi сайын бiр келiп, жағдайымызды бiлiп тұрды. Кейде ақшамыз жетпей, құр шәй нанмен жүрек жалғап жүрдiк. Күләш апамыз бiр жолы келгенде соны сезсе керек. Сөмкесiнен бiраз ақша шығарып, әр қайсымызға елу сомнан таратты. Ой, сонда қуанғанымыз-ай! Бұлбұл атанған әншi Күләш апамыздың сол жомарттағын күнi бүгiнге дейiн ұмытқаным жоқ. Өнер институттын үздiк бiтiрдiм. Менi сол өнер ордасына ұстаздық жұмысқа қалдырды.

– Сiз мәдениет саласына ұзақ жылдар бойына басшылық еттiңiз. Ал әкiмшiлiк басқаруды алғаш рет қай оқу орнынан бастадыңыз?

– 1956 жылдың қаңтары болатын. Мәдениет министрi Әмiр Қанапин шақырып жатыр деген соң, қабылдауына бардым. Ол Алматы хореграфиялық училищеге директорлық қызметтi ұсынды. Мен би өнерiне бейхабар екенiмдi айтып, бас тартым. Қанапин: "Жексенбек, балет өнерiнiң музыкадан аса алыстығы жоқ. Оның үстiне сен жас мамансың. Бұл қызметтi тез игерiп кетесiң", – деп бұйрық шығарды. Училищеде қазақтың тұңғыш кәсiпқой балетмейстерi Шара Жиенқұлова мен Мәскеудiң Генесиндер атындағы институтының түлегi Дәурен Әбiровпен қоян-қолтық жұмыс iстестiм. Ленинградқа арнайы шақырылған Александр Селезневтiң де шәкiрттердi тәрбиелеуде еңбегi зор болды. Кейiннен училищенi әр жылдарда бiтiрген З. Райбаев, Б.Аюханов, Р.Тәжиева, С.Көшербаева, Р.Байсейiтова, Р.Бапов және т.б. ұлттық би өнерiнiң биiк шыңына шықты. Мен сол училищенi екi жыл басқардым.

– Естуiмiзше сiз Қазақ радиосында да қызмет iстегенсiз.

– Иә, 1958 жылдың ақпан айында Қазақ радиокомитетiнiң сол кездегi төрағасы Х.Мұстафин қызметке шақырды. Комитеттiң музыка редакциясының көркемдiк жетекшiсi етiп тағайындалдым. Бұрын бұл қызметтi А.Жұбанов, Е.Брусиловский, М.Төлебаев атқарған екен. Iстi жаңаша ұйымдастыруды қолға алдым. Редакция жанынан Қазақстанда тұңғыш рет эстрада-симфониялық оркестрiн құрдық. Жыл сайын Мәскеудегi Бүкiлодақтық радиокомитеттен бiлiктi мамандар шақырып, Жүсiпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Жамал Омарова, Рахия Қойшыбаева, Қали Жантiлеуов, Рүстембек Омаров, Жаппай Қамалбаевтың әндерiн халық музыка аспаптарының сүйемелдеуiнде үнтаспаға жазып алдық. Қазiр олардың сол дауыстары радионың Алтын қорында сақталуда.

Арада бiр жыл өткен соң менi Қазақстан Компартиясы ОК шақырып, Мәдениет секторының меңгеруiшiсi етiп бекiттi. Сектор, Ғылым, бiлiм және мәдениет бөлiмiне қарайтын едi. Бөлiм меңгерушiсi, бiлiктi тарихшы Серiкбай Бейсембайұлы болатын. Адамгершiлiгi мен парасаты жоғары жаннан көп өнеге алдым. Орда бұзар отыздағы кезiм ғой. Қызметтi жан-тәнiммен атқардым. 1961 жылдың қыркүйегiнде ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаев өзiне шақырды. Ол: "Жексенбек, жоғары музыкалық бiлiмiң бар екен. Опера және балет театрына директор болып барасың, Iске сәт!» деп шығарып салды. Сол кезде театрдың директоры ОК бюросының номенклатруасында тұрады екен. Солай Абай атындағы опера және балет театрының директоры болдым. Жалпы театрды 1934 жылы ашылғаннан берi 20-дан астам кiсi басқарыпты. Бiрақ көбiсiнiң музыкалық бiлiмi болмаған. Содан әрi десе бiр не екi жылдан артыққа тұрақтай алмапты. Театр құрамында 600 адам еңбек етедi. Соңғы директоры Райхан Жуминнiң де музыкалық бiлiмi жоқ. Зейнеткерлiкке шыққан соң бiраз белгiлi әртiстердi үйiне қонаққа шақырды. Сол шақырылғандардың iшiнде жаңа басшы – мен де бармын. Сол кеште Қанабек Байсейiтов пен Құрманбек Жандарбеков ағаларымыз бiраз "көңiлденiп" алған соң маған: "Бала, сен қайда директор болып келгенiңдi бiлесiң бе?" – дедi. Әрi тосын, әрi жұмбақ сауалына: "Опера театрына" деп жауап бердiм. Қанабек; "Жоқ, сен әлi қайда келгенiңдi бiлмейдi екенсiң. Құрманбек екеумiз ертең саған барып түсiндiремiз", – дедi. Ертеңiне екеуi кеңсеге келдi. Опера театры құрылғаннан бергi жайларды айта келiп: "Театрға келген әрбiр директор бiлсiн-бiлмесiн кiсi айналасына бас-көзсiз әкiмшiлiгiн жүргiзуден бастайды. Сенiң арнайы музыкалық бiлiмiң бар екен. Сондықтан қолыңа қойын кiтапшаңды ал да, күнделiктi жүрiп жатқан қойылымдарды тыңдап көр. Сол тыңдаған, көрген қойылымдардағы байқаған ой-тұжырымдарыңды қолыңдағы кiтапшаңа жазып отыр. Барлық спектакльдердi тыңдап болғаннан кейiн театрдың кезектi кеңейтiлген көркемдiк кеңесiнде өзiң байқаған жағдайларды түгелдей баянда. Сонда ғана театр ұжымы жасаған баяндамаңнан сенiң қабiлетiңдi, түйсiк-түсiнiгiңдi байқайды. Қысқасын айтсақ, сен сонда ғана директор ретiнде "сыннан" өтесiң" дедi. Мен олардың ақыл-кеңестерiн бұлжытпай орындадым. Көргендерiм мен тыңдағандарымнан түйген ойларымды Көркемдiк кеңес мүшелерiне ашып айттым. Кәсiби деңгейiмдi байқап ұнатса керек жылы қабылдады.

Театр репертуарындағы "Қыз Жiбек", "Ер Тарғын", "Бiржан-Сара", "Абай", "Айсұлу", "Қамар сұлу", "Жалбыр" операларынан басқа әлемдiк классикалық шығармалар: "Айда", "Лакмэ", "Гофманның ертегiлерi", "Дубровский", "Шопениана", "Болеро", "Франческо да Винчи" секiлдi күрделi операларды сахналадық. Қазақ группасы Жамбыл, Шымкент, Түркiстан, Кентау, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Семей, Ақмола, Қарағанды қалаларында өз өнерлерiн көрсеттi. Кейiндеу Мәскеудiң Кремль сарайында бiр апта бойна ұлыттық қойылымдар көрсетiп, өнер сыншыларның талғамынан шықтық.

– Опера және балет театрының директоры болу, Көркемдiк кеңес мүшелерiнiң ойынан шығу әрине оңай емес. Дегенмен, сiздiң қызметiңiзге байланысты ешқандай сын айтылған жоқ па?

– Неге айтылмасын. Орынды сынды кiм болса да қабылдайды ғой. Ал орынсыз айтылса, тойтарыс беруге тура келедi. В.Мессман деген музыка зерттеушiсi бар едi. Мақалалары баспасөздерде жарияланып тұратын. Маған дейiнгi басшысымен бiрiншi ғарышкер туралы балет жазбақшы болып, келсiм шартқа тұрыпты. Бiр күнi кеңсеме сол келдi. Жүрiп жатқан қойылымдарды, содан соң менi мақтады. Жай мақтап отырмағанын iшiм сездi. Келген шаруасын сұрадым. Ол бұрынғы директормен келiсiм шартқа тұрғанын ескертiп: "Сол балеттiң алдын ала 25 пайыз қаламақысын берсеңiз", – дедi. Мен бiрден: "Сiздi музыка зерттеушiсi ретiнде бiлемiн. Бiрақ композиторлық өнерiңiз әлi маған беймәлiм. Сондықтан балеттiң бiр көрiнiсiн жазып әкелiп, Көркемдiк кеңеске тыңдатыңыз. Солардың талғамынан өтсе, сол сұраған ақшаңызды берейiк", – дедiм. Сол-ақ екен, ол шарт кеттi: "Сiздiң басқару қызметiңзiдегi осал жақтарыңызды "мақтап немесе даттап" көрсете аламын. Газеттерде сөзiмдi сөйлейтiн таныстарым көп" – деп қоқан-лоққы жасады. Ол бiрiншi ғарышкер туралы балет жаза алмады. Тек менiң басқан iзiмдi аңдумен болды. Арада бiраз күндер өткен соң "Ленинская смена" газетiне оның "Средь шумного бала" деген сын мақаласы жарияланды. Сондағы айтқаны "Театр директоры тек опера мен балет көрсететiн ғимаратты жастардың ойын-сауық отауына айналдырды" екен. Тағы бiр айтқаны – театрдағы әртүрлi өсек-аяң мен ұсақ-түйек кемшiлктердi әжуалапты. Театр ұжымы оның бұл сынымен келiспедi. Көп ұзамай "Казахстанская правда" газетiне бiрнеше әртiс қол қойған "Критика недобросовестная и предвзятая" атты қарсы мақала жарияланды. Онда Мессманның жалақор жымысқы әрекеттерi әшкерлендi. Осы екi мақала бойынша Мәдениет министрлiгiнде мәселе қаралды. Көпшiлiктiң қарсы уәжiне сөз тауып айта алмаған Мессман жиналыстан қашып шықты.

– Халқымыздың ардақты ұлдарының бiрi – Мәдениет министрi болған Iлияс Омаров едi. Сiздер сол бiр жылдары тiзе қосып, бiрге қызмет еттiңiздер. Сол асыл жан туралы не айтасыз?

– Iлекең адам танығыш жан едi. Мамандарды атқарған iсiне қарап бағалайтын. Әр кезде ақыл-кеңестерiн айтудан жалықпаушы едi. Және орынды ұсыныстарыңды тыңдап, қолдайтын да. Көп түйiндi мәселелердi бiрге отырып шештiк. Сол кiсiнiң кезiнде опера және балет театры Одақ көлемiнде және шетелдерге гастрольдiк сапарларға жиi шықты. Ол кiсiнiң денсаулығы сыр берiп, ауыр операцияны басынан өткiздi. Тiптi, өмiрден өтерiнен бұрын, яғни 1970 жылдың мамырында өзiнiң орынбасарлары А.Рахманов, Қ.Төлекеев және менi үйiне шақырып: "Мен көп уақыт сырқаттандым. Күнделiктi мәдениет саласындағы iстердi атқару iсi сендердiң мойындарыңда болды. Сондықтан сендерге рақметiмдi айтып, батамды берейiн деп шақырдым", – деген едi. Ол ақтық демi бiткенше ұлтына қызмет еттi. Сондай жанмен бiрге қызмет iстегенiме күнi бүгiнге дейiн қуанамын. Iлекеңнен кейiн әдебиетшi ғалым Мүсiлiм Базарбаев министр болды. Ол кiсi менiң еркiн жұмыс iстеуiме еш кедергi келтiрген жоқ. Қайта қолдап отырды. Өзi сырбаз адам едi. 1970 жылы Алматыдан үш мың орындық Республика сарайы салынды. Шынын айтсақ бұл сарай Дiнмұхамед Қонаевтың беделiнiң арқасында тұрғызылды. Сол ғимарат Үкiмет шешiмiмен Мәдениет министрлiгiне берiлдi. Министрлiк айына 20 концерт қойылымдарын ұйымдастырды.

– Сiздер гастрольдiк сапарлармен шетелдерге көп шықтыңыздар. Сол кезде қилы-қилы тағдырдың илеуiмен жат-жұртта жүрген қандастарымызбен кездескен боларсыздар.

– 1970 жылы Қазақстан – Швеция Достық қоғамының ұйымдастыруымен Скандинавия елдерiнде екi айдай гастрольдiк сапарда жүрдiк. Стокгольм, Хельсинки, Мальме, Тампере, Турку, Ювяскюля, Карлстад қалаларында опера және балет ұжымы әйгiлi өнер шеберлерi Е.Серкебаев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Р.Абдуллин, М.Мұсабаев, Б.Аюханов, Н.Нүсiпжанов, Е.Хасанғалиев, Р.Бапов және т.б. қатысуымен концерттер қойып, жат жұрт көрермендерiнiң ыстық ықыласына бөлендi. Мерзiмдiк басылымдары бiз туралы жақсы пiкiрлерiн бiлдiрiп жатты. Швецияда он шақты қазақ отбасы тұрады екен. Бiздiң осы елдерде гастрольдiк сапарда жүргенiмiздi естiп, Германия мен Бельгияда тұратын қазақтар да келiп, өнерiмiздi тамашалады. Бiз қай қаған барсақ та олар iлесiп отырды. Олардың көздерiнен елге деген сағынышы, бiзге деген ыстық ықыласы көрiнiп тұрды. Өкiнiштiсi, тоталитарлық жүйе орнатқан тәртiпке сәйкес қандас бауырларымызбен емiн-еркiн араласа алмадық. Бiр бiрiмiздi жүректерiмiзбен түсiнiстiк те қойдық. Iштей қауышар күндi тiледiк.

– Сiз Мәдениет министрi болғанға дейiн осы саланың барлық баспалдақтарынан өттiңiз. Сырттан тосын келген жоқсыз. Сiздi министр етiп тағайндағанда қарсылық бiлдiргендер болды ма?

– Бұл өзiм үшiн тосын болды. 1976 жылдың шiлдесiнде әдеттегiдей үйге түскi асқа келгенмiн. Дiнмұхамед Қонаевтың қабылдау бөлмесiнен телефон шалып, сағат 14-те бiрiншi басшының қабылдауында болуды жеткiздi. Уақытында бардым. Қабылдау бөлмесiнде Мәдениет министрi Мүсiлiм Базарбаев отыр екен. Мен: "Сiз бiздi неге шақырғанын бiлесiз бе?" – деп едiм, ол кiсi де мүлдем бейхабар болып шықты. Әуелi кабинетке Мүсекеңдi шақырды. Ол шыққан соң мен кiрдiм. Қонаевтың қасында Б.Әшiмов пен С.Имашев отыр екен. Дiнмұхамед Қонаев: "Жексенбек, бiз сенi Мәдениет министрi қызметiне тағайындауды жөн көрiп отырмыз", – дедi. Мен: "Бұл қызмет менiң қолынан келер ме екен?" – дедiм екiұштылау. Дiнмұхамед Ахметұлы: "Бiз сенiң атқарып жүрген iсiңдi жақсы бiлемiз. Министрге жетi жылдай орынбасар болдың. Өнердi өрге сүйредiң. Министр болу да қолыңнан келедi", – дедi. Сол жолы М.Базарбаев – Сыртқы iстер министрi, ал мен Мәдениет министрi болып тағайындалдым. Мәскеу бұл ұсыныстарды қолдады.

– Сiздiң осы саланың министрi кезiңiздегi атқарған жұмыстарыңызды жұрт жақсы бiледi. Республикада бiрнеше халық театрлары, мәдениет ошақтары, "Отырар сазы" халық музыка аспаптары оркестрi секiлдi талай өнер ұжымдары, кiтапханалар, мұражайлар, ән-би ансамбльдерi мәдени ескерткiштер өмiрге келдi. Жаңа таланттар шықты. Сол еңбектерiңiздiң арқасында халық қалаулысы да атандыңыз. 1986 жылы Мәскеу республикасының бiрiншi басшысы етiп Геннадий Колбиндi жiбердi. Сол кезде сiз де Қонаевтың кадры деп саналып, қуғынға түстiңiз ғой.

Колбиннiң Қонаевқа терiс көзқарасын жандайшаптар жақсы пайдаланды. Қонаевтың кадры деп менiң үстiмнен де ОК-ке домалақ арыздар түсiрдi. "Д.Қонаев пен Б.Әшiмовке барып, өз қызмет бабын пайдаланып, балаларына пәтер алып бердi". Негiзгi таққан айыптары осы. Партия комиссиясы мен республикалық прокуратура қызметкерлерi ұзақ тексерiп, шындыққа көздерiн жеткiзген соң ғана тексерулерiн тоқтатты. Министрлiкте өткен жиналыста комунистер домалақ арыздың негiзсiз екенiн ашып айтты. Сонда да Фрунзе аупарткомының бюросы әдiлдiктi белден басып, қатаң сөгiс жариялады. Ал әлгi кейiн жандайшаптардың өздерiнiң қарау iстерi шығып, жұрт алдында масқара болды. Бiрақ сол ұзақ-сонар тексерiс адал жаныма дақ түсiрiп, сырқатқа ұшыратты. Сол жылы қарашада күрделi операцияны бастан өткiзген болатынмын. Денсаулығым күрт төмендеп ауруханада бес ай жатып шықтым. Дәрiгерлер: "Қызметтi қойып, денсаулығыңызды күтiңiз" – деген соң құлақ асуға тура келдi. Солай 1987 жылдың шiлдесiнде Үкiмет басшысына қызметтен босату жөнiнде өтiнiш жаздым. Арада бiраз жылдар өтiп, денсаулығым түзеле бастаған соң ғана Қазақ музыка қайраткерлерi қоғамының төрағасы болып сайландым. Содан күнi кешеге дейiн Қазақстан музыка мәдениетiн әрi қарай дамыту үшiн еңбек еттiм.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары