Олег ПЕЧЕНИК: ОРТАЛЫҚ СТАДИОННЫҢ ЕЛ СПОРТЫНА СIҢIРГЕН ЕҢБЕГI ЗОР

Олег ПЕЧЕНИК: ОРТАЛЫҚ СТАДИОННЫҢ ЕЛ СПОРТЫНА СIҢIРГЕН ЕҢБЕГI ЗОР

Олег ПЕЧЕНИК: ОРТАЛЫҚ СТАДИОННЫҢ ЕЛ СПОРТЫНА СIҢIРГЕН ЕҢБЕГI ЗОР
ашық дереккөзі
370

Спорттың ошағына саналатын ғимараттар iшiнде Алматыдағы Орталық стадионның алар орны ерекше. Осы күндерi түгел жөндеу жұмыстарын бастан кешiп жатқан кешеннiң жағдайын бiлмек мақсатпен нысан директоры Олег Владимирұлы Печеникпен сұқбаттасқан едiк.

– Олег Владимирұлы, осы күндерi халық өздерiнiң сүйiктi Орталық стадиондарын сағынып жүргенi сөзсiз. Жөндеу жұмыстарының аяқталып, стадион жанкүйерге есiгiн айқара ашатын күн қашан?

– Ия, стадионды жергiлiктi халық сағынып жүр. Осы күндерi алматылықтар жиi-жиi хабарласып, мән-жайды бiлiп жатады. Осының өзi бiздiң жұмысымызға жауапкершiлiкпен қарауымызды қажет етедi.

Стадион дәл қазiр күрделi жөндеуден өтiп жатыр. Құрылыс барысы толықтай жоспар бойынша жүргiзiлуде. Бюджеттен шамамен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлiндi. Тендердi жеңiп алған ағылшындық "MAG" компаниясы өз жұмыстарын көрсетiлген жоспар бойынша орындап келедi. Ауа райының қолайсыздығынан бiз бiр ай кешiгiп қалдық. Ол ендi бiздiң кiнәмiз емес. Өйткенi стадионның алаңы, жүгiретiн төсенiштерiн салу үшiн қолайлы жағдай қажет. Сол жайттарды есептей келе бiз стадионды қолдануға 1-маусым күнi берудi жоспарлап отырмыз.

– Стадион құрылысының дәл осы уақытқа дейiн созылуының себебi неде? Өткен жылдары да жөндеу жұмыстарын бастау туралы әңгiмелер өрбiген едi.

– Қазақстанда халықаралық деңгейде футбол матчтарын өткiзетiн басқа стадион болмаған соң орталық арена жұмысын тоқтата алмады. Бiз Астанадағы жаңа заманауи стадионның ашылуын күттiк. Мiне, сол ғимарат есiгiн ашқалы берi бiздiң үстiмiзден ауыр жүк түскендей болды.

– Еуропалық стандарттарға бұрыннан сай стадионға қандай өзгерiстер енбек?

– Осы жолы бiз ғимараттың сейсмологиялық жағдайын күшейтудi көздедiк. Өздерiңiз бiлесiздер, бұл стадионға осыдан екi жыл бұрын 50 жыл болған едi. Сондықтан қабырға дуалдардың берiктiгiн тағы бiр бекiтiп алса артық болмас.

Содан кейiн жасыл алаңды толық ауыстырып жатырмыз. Ресей мен голландиялық жаңа үлгiдегi әдiс бойынша төселiп жатқан төсенiш Қазақстандағы ең алдыңғы қатарлы, сапалы болады деп сенемiз. "Бомард" компаниясы – осы салада жемiстi қызмет етiп жүрген бiрден-бiр ұжым. Жасыл алаңның 80 пайызы жасанды төсенiш болады. Осының арқасында бiз алаң жағдайының ұзақ мерзiмде бiрқалыпты сақталуына мүмкiндiк аламыз.

Трибуна астында орналасқан жуынатын, шешiнетiн бөлмелер, баспасөз клубы, допинг тест орталықтары барлығы заманауи технологиямен жабдықталып, компьютерлiк жүйеде жұмыс жасайтын болады.

Және табло мен қауiпсiздiк құралдарын толық жаңарту да ойда бар.

Менiң ойымша, қазақ спортына бұл стадионның сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Орны да ерекше. Сондықтан Орталық стадионның мүддесiн үнемi билiк алдында қорғап жүрем. Тарих пен дәстүрге бай кешен әлi де ел спортының талай жарқын жеңiстерiнiң куәсi болады.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары