САБИЛЬЯНОВ СОТТАСЫП ЖАТЫР

САБИЛЬЯНОВ СОТТАСЫП ЖАТЫР

САБИЛЬЯНОВ СОТТАСЫП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
295

Бiзде депутатпен соттасу фактiлерi бұрын да болған. Әлi күнге қоғам былтыр ғана "Тасжарған" газетiнiң журналисiмен соттасқан Ромин Мәдиновты ұмыта қойған жоқ. Ендi мiне, мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильянов та сот көмегiне сенiм артпақ. Ол басқа емес, өзi сайланған өңiрдiң азаматтарын сотқа бердi. Оған себеп, "Жас Алаш" газетiнде жарық көрген "Тарбағатайлықтар Астана жаққа емес, Өскемен жаққа қарап елеңдейдi" деген мақалада "ар-ожданым мен iскерлiк беделiме нұқсан келдi" деп арыз түсiрген.

Бұл мақалада сайлаушылар депутат Сабильяновтың сайлаудан соң ауылға ат басын бұрмай кеткенiн және берген уәдесiнде тұрмағандығын жазған. Жол, ауызсу мәселесiнiң шешiлмей жатқандығы да тiлге тиек етiлген. "Бiз Нұртайымызға өкпелiмiз. 2007 жылдың жазынан берi ауылымызға ат басын бұрмады. Бiз оған сайлау кезiнде ғана керек екенбiз" делiнген тарбағатайлықтар жазған хатта. Осы мақала жариялана салысымен, депутат Нұртай Сабильянов "маған қатысты шындыққа сай келмейтiн, менiң ар-намысыма, қадiр-қасиетiме нұқсан келтiретiн: "Тарбағатайлықтар Нұртай Сабильяновқа өкпелi"; "Аягөздiктердiң айтуынша, қазiр ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған — Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильяновтың командасы"; "Алайда, Тарбағатай ауылы тұрғындарының Сабильяновқа деген өкпесi қара қазандай"; "Сабильянов депутат болғалы бiзге ат басын бұрмады"; "Ал Сабильянов мұның бiрiн де iстеген жоқ. Бiз оған сайлау кезiнде ғана керек екенбiз" деген мағлұматтарды терiске шығаруды талап еткен. "Егер олай болмаса, өзiмнiң ар-намысымды, қадiр-қасиетiмдi қорғау үшiн сотқа жүгiнуге мәжбүр боламын" деп талап хат жазған.

Алайда, мақаладағы бұл пiкiрлер терiске шығарылмаған соң, Сабильянов сайлаушыларын сотқа берiп, 500 теңге моральдық шығын талап еттi. Бұл арыз қолына тиген соң, тарбағатайлықтар да сотқа қарсы талап арыз түсiрiп, Сәбильяновтан моральдық шығын ретiнде сегiз талапкердiң әрқайсысы 3 млн. теңгеден өндiрiп, оны Аягөз-Тарбағатай жолын жөндеуге бөлгiзудi және адвокат жалдауға кеткен шығынды өндiрудi сұраған. Бiрақ, екi тарап та бiр-бiрiнiң шартын орындамайтын сыңай танытып, iс насырға шауып кеткен сияқты.

Өткен аптада Тарбағатайдан Алматы қаласына келген сайлаушылар баспасөз мәслихатын өткiзiп, “Сабильяновтың бiздi сотқа тартқаны дұрыс болмады” дегендi айтты. Әйтсе де, депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, бұл адамдардың артында белгiлi бiр қаржылық топ бар. "Олай деуiмнiң себебi бар. Ауылдың қарапайым азаматы "ақ қар, көк мұзда сотқа сүйредi, жағдайымыз жоқ" деп жүредi де, Алматыдан адвокат жалдап, оған 300 мың теңге төлейдi. Айтыңызшы, ауылдың қарапайым адамы Алматыдан осындай ақшаға адвокат жалдай ала ма? Егер олардың артында бiреулер тұрмаса, Алматының қақ ортасындағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткiзе ала ма?" деген едi. Ал жауапкер Төлеубай Ахметов: "Сабильянов сотқа бергеннен кейiн ұлыма көлiк алып берем деп отырған бар ақшамды адвокатқа төледiм. Егер қалтасында 300 мың теңгесi бар адамдардың бәрiн қаржылық топ десе, 300 миллион немесе 3 миллиард доллары бар адамдарды кiм деп атайды сонда?" деген қарсы пiкiрiн де бiлдiрiп жатты. Сөйтiп, екi тарап өзiнiң талаптарын орындатуға кiрiстi. Депутат Нұртай Сабильянов: "Егер сот моральдық шығынды өндiрiп берiп жатса, ол ақшаны Аягөздегi балалардың психоневрологиялық мекемесiне жiберемiн" десе, жауапкер Төлеубай Ахметов: "8 талапкердiң әрқайсысы 3 млн. теңгеден өндiрiп алса, Аягөз-Тарбағатай жолын жөндеуге бөлгiземiз" деп жоспарлап қойыпты.

Сонымен, депутат пен сайлаушылар арасындағы дау-дамай сотқа жеттi. 4 ай бойы сарылып күткен сот процесi де басталды. Әуелгiде Аягөзде, сосын Тарбағатайда өткен көшпелi сот процестерiнде жауап берген сайлаушы-жауапкерлердiң кейбiрi арыз-хатқа тек ауызсу, жол мәселесi бойынша қол қойғандығын айтып бақты. Келесi бiр отырыс жауап берушi тарап келмей қалғандықтан, кейiнге шегерiлдi. Бұған қарағанда, "Сабильянов ауылдың бетiн көрмей кеттi" деп өкпелеген тарбағатайлықтар депутатты ендi жиi көрiп тұратын сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары