СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА САРАПҚА САЛЫНДЫ

СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА САРАПҚА САЛЫНДЫ

СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА САРАПҚА САЛЫНДЫ
ашық дереккөзі
215

Сейсенбi күнi "Нұр Отан" ХДП-ның саяси кеңесi кезектi отырысын өткiздi. Үкiмет мүшелерi қатысқан жиында ел экономикасын дамытудың он жылға арналған стратегиялық маңызы бар индустриалды-инновациялық бағдарламасы қабылданды. Жүктелген мiндеттердiң баянды жүзеге асуын "Нұр Отан" партиясының өзi жiтi назарына алмақ.

"Нұр Отанның" саяси кеңесiнiң бюро мәжiлiсiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның атқарған жұмыстары мен алдында тұрған басқа да мақсат-мiндеттерiн айқындап бердi. Бұл ретте партияның орталық аппараты атқарған шаруа аз емес. Ең бастысы, "Нұр Отан" Елбасы Жолдауында көрсетiлген әр мiндетке жеке-жеке мониторинг жүргiзген. Үкiметтiк не үкiметтiк емес органдармен қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, Жолдауды жүзеге асырудың жүйесiн қалыптастырды. Соның арқасында "Бюджет туралы", "Бiлiм-ғылым" және "Денсаулық туралы" заңнамаларға қажеттi өзгерiстер енгiзiлдi. Қазiр партия тұрғын үй шаруашылығы, энергия үнемдеу, заманауи технология туралы заң жобаларын әзiрлеуге белсенiп кiрiсуде.

Сонымен қатар "Нұр Отан" партиясы жемқорлықпен күрестi күшейтiп, халыққа көрсетiлетiн қызмет сапалары мен "Жол картасының" iске асуын үнемi өз бақылауында ұстап келедi. Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазiр бiздiң алдымызда тұрған ең басты мақсат — индустриалдық-инновациялық даму жөнiндегi стратегиялық бағдарламаны баянды жүзеге асыру. Бұл оңай шаруа емес. Әлбетте, бiз қай нысанның қашан қай жерде салынатынын бiлемiз. Әрi олардың барлығы қажеттi қаржымен қамтылған. Тiптi, қанша жаңа жұмыс орындары ашылатынын да бiлемiз. Сондықтан бұл бағдарламаның орындалуын бiздiң партия жiтi қадағалап отыруы тиiс" дедi. Нақтырақ айтқанда, жұртты баспанамен қамту, жалдамалы пәтерлердi бөлу тәртiбi мен бастауыш ұйымдардың жұмысын одан әрi жандандыру көзделген.

"Нұр Отан" ХДП Төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматулин: "Қазiргi уақытта тек орталықта ғана емес, алыстағы қалалар мен аудандарда маңызды жұмыстарды белсендi жүргiзу үшiн бастауыш партия ұйымдарымен тығыз байланыс жасау жолдарын енгiздiк. Бүгiнгi күнi бұл ұйымдардың саны 6 мыңға жеттi. Олардың барлығы әрқашан елмен бiрге жүретiн, көмек көрсететiн, партиямыздың беделiн көтеретiн негiзгi күш. Сонымен қатар, партиямыздың қоғамдық қабылдау бөлiмдерi де халық арасында кең қолдауға ие болып отыр. Өткен 4 айдың өзiнде елiмiзде қоғамдық қабылдау бөлiмдерiне 25 мың өтiнiш түскен. Бұл ел азаматтарының Президентке деген, Партияға деген зор сенiмiнiң көрсеткiшi" дегендi жеткiздi.

"Бiз партияны бiр күнге, бiр жылға құрғанымыз жоқ. Он жылға құрғанымыз жоқ. Партиямыз халықтың атынан халыққа қызмет iстеп, бiздiң қоғамды алға қарай алып жүретiн, алыс жолға алып жүретiн қуатты қоғамдық күш болуы керек. Ол үшiн ешқандай жеңiлдiк жасауға, партияның жұмысына жеңiл-желпi қарауға болмайды" деп үкiмет мүшелерiн жұмыла жұмыс iстеуге шақырды Елбасы. "Нұр Отан" бақылауға алатын негiзгi мәселелерге тоқталды. Бiрiншiден, "нұротандықтар" 2020-стратегиясының негiзгi қағидаларын халыққа түсiндiрiп, оған күллi елдi жұмылдыруда шешушi рөл атқарулары тиiс. Екiншiден, бұдан кейiн азаматтық болмыстары әлдеқашан қалыптасқан кәнiгi саясаткерлер басында тұрған партия басталған iстi болашақта да лайықты жалғастыратын жас мамандарды даярлауға баса мән берулерi керек. Үшiншiден, бұған дейiнгi дағдарыспен күрес шараларына қатаң бақылау қойып, iстiң жемiстi аяқталуына зор үлес қосқан "нұротандықтар" елдiң өндiрiстiк жаңғыру iсiне де осылай атсалысулары керек. Төртiншiден, елдiң дамуы мен жалпыұлттық бiрлiктi нығайту үшiн үнемi басқа да саяси және қоғамдық күштермен пiкiр алысып, халықтың сан алуан пiкiрлерiнiң тұтастай ескере жұмыс iстеуi шарт. Аймақтағы аса iрi ықпалдастық үрдiсi "Кеден Одағының" Қазақстанға беретiн артықшылықтарын тиiмдi пайдалануға да партия мен оның парламенттiк фракциясы атсалысулары қажет.

"Нұр Отан" партиясы биыл елiмiз бойынша әртүрлi деңгейдегi жүздеген шара ұйымдастырды. Тұрғындарға түсiнiк беру, үгiт-насихат, қайырымдылық пен қоғамдық қабылдаулар секiлдi күнделiктi шараларға 3 миллион тұрғынды қамтыған. Сонымен бiрге биыл билiк партиясы өздерiнiң 500-ге жуық әрiптестерiн жоғары Партия мектебiнде бiлiктiлiктерiн арттыруды жоспарлап отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары