КӘРIМ МӘСIМОВТIҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ
КӘРIМ МӘСIМОВТIҢ ҚЫТАЙҒА САПАРЫ
Жиырма миллионға жуық халқы бар Шанхай қаласы әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен саулаған қонақтарды қабылдады. Әрбiр бес жыл сайын дәстүрлi түрде өткiзiлетiн "EXPO-2010" көрмесiне биыл 189 мемлекет қатысып отыр. Соның iшiнде ҚХР-ға арнайы сапармен барған ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов бастаған делегация көрменiң ашылу салтанатына қатысты.
29-сәуiрде Қытай Халық республикасына ат басын тiреген үкiмет басы ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның қабылдауында болды. Келiссөздер барысында екi мемлекет арасындағы екi жақты ықпалдастықтың көкейкестi мәселелерi және болашақ ынтымақтастық шаралары талқыланды. Өз кезегiнде Ху Цзиньтао Қазақстанның дағдарыстан кейiнгi дамуын тiзбектей келе, тиiмдi реформалардың арқасында I тоқсандағы экономикалық жетiстiктерiн атап өттi. Үкiмет басының бұл сапары алдын-ала жоспарланып, Қытайдың саяси басшылығымен және Қазақстанда жұмыс iстейтiн iрi Қытай компаниялары басшыларымен бiрқатар кездесулер ұйымдастырылды. Бұдан кейiн Кәрiм Мәсiмов EXPO-2010 көрмесiнiң ашылу салтанатын тамашалады.
Қытайдың анасы саналатын Янцзы өзенiн сағалай орналасқан қаладағы көрмеге дүниежүзiнiң барша мемлекеттерi қатысыпты. Ашылу салтанатына Франция, Мальта президенттерiмен қатар Еуропалық комиссияның басшысы Жозе Мануэль Баррозо және РФ өнеркәсiп және сауда министрi Виктор Христенко келдi. Биылғы көрменi өткiзуге Қытай, Оңтүстiк Корея, Мексика, Польша және Ресей мемлекеттерi ұсынылып, нәтижесiнде таңдау соңғы 30 жылда үздiк экономикалық жағдайға қол жеткiзген Шанхайға түскен. Мiне, осыдан кейiн қалада құрылыс саласы бұрынғыдан да күрт өстi. Шанхай қаласының әкiмiнiң орынбасары Ян Сюн бұл көрменi өткiзуге 400 миллиард юань (58 миллиард доллар) жұмсалғанын айтты. "Үздiк қала, үздiк өмiр" деп аталған көрменiң көздейтiнi – қаланы көркейткен адам туралы айту. Әлем сарапшыларының пайымдауынша, ХХI ғасырдың екiншi онжылдығында қала тұрғындары 55 пайызды құрайтын болады. Ал халқы үшiн ғылыми-технологиялық, экономикалық және мәдени басымдықтарды көрсететiн көрме 1851 жылдан жұмыс iстеп келедi. Лондон қаласында бұл көрме алғашқыдан-ақ өнеркәсiп жетiстiктерiн паш ете бастады. Араға сандаған жылдар салса да, мән-мазмұнын жоғалтпай, инновациялық идеялармен бөлiсiп келедi.
Аталмыш көрмедегi Қазақстан ұлттық экспозициясының айдары – "Астана – Еуразияның жүрегi" деп аталды. Қазақстандық павильон Астананы әлемнiң ең жас әрi қарқынды дамып келе жатқан елордалардың бiрi ретiнде таныстырғаны күмәнсiз. Елiмiздiң павильоны 8 негiзгi зонадан тұрады. Атап айтсақ, "Таным территориясы", "Қала келбетi – 2030", "Астана алаңы", "Интерактивтi сауық" және басқалар. "Мен Шанхайдағы EXPO-2010 әлем жаңа кезеңде екенiн көрнектi көрсетедi деп ойлаймын", – дедi К.Мәсiмов журналистерге ҚР ұлттық павильонын аралап көрген соң.
Астана 2017 жылғы ЕХРО көрмесiн өткiзуге өз кандидатурасын ұсынып қайтты.
Ақниет ОСПАНБАЙ