КОРЕЯ 8 МИЛЛИАРД ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЯДЫ

КОРЕЯ 8 МИЛЛИАРД ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЯДЫ

КОРЕЯ 8 МИЛЛИАРД ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЯДЫ
ашық дереккөзі
245

Қазақстан Президентiнiң Оңтүстiк Кореяға сапары екiжақты қатынастарды дамытуға серпiн бердi. Екi елдiң басшылары арнайы келiссөздер жүргiзiп, стратегиялық әрiптестiктi бекiтуге бағытталған шаралар айқындалды. Қазiр қазақ-корей сауда-экономикалық ынтымақтастығы үлкен қарқынмен дамып келе жатыр. Қазақстанда Оңтүстiк Корея капиталы салынған 300-ден астам бiрлескен кәсiпорын жұмыс iстейдi. Ендi бұл көрсеткiш жыл санап артатын болады. Келер жылы Сеул мен Астанада кеңес құрылып, бiрқатар инвестициялық жобалар қаралмақ.

Былтыр Корея Республикасының Президентi Ли Мен Бак Астанаға ресми сапармен келгенде екi ел басшылары 2010 жылды Қазақстанның Кореядағы, одан кейiнгi 2011 жылды Кореяның Қазақстандағы жылы деп жариялап, екi ел арасындағы байланысты жандандыра түсуге уағдаласқан. Сол уәдеге сәйкес, Елбасының сапары барысында Қазақстанның Кореядағы жылы салтанатты түрде ашылды. Салтанатты жиын барша қазақтың рухани дүниесiн, өнерi мен мәдениетiн күллi корей жұртшылығына паш еттi. Елбасы тек сауда-саттықпен, алыс-берiспен шектелмей, екi елдiң мәдени ынтымақтастығын арттыру өзара бауырластықты нығайта түсудiң басты кепiлi екенiн атап өттi.

Елбасы Қазақстанның табиғи байлықтары мен Оңтүстiк Кореяның жоғарғы технология саласындағы табыстары жұмыла әрекет етсе, алынбайтын асу қалмайтынын жеткiздi. Яғни, кәрiстер аса қомақты инвестиция құю арқылы қолдарындағы заманауи жетiстiгiмен Қазақстанның дамуына көмектеспекшi. Бұған дейiн Кореяның елiмiзге салған инвестициясы 4 миллиард доллардың айналасында болса, Елбасының осы сапарының нәтижесiнде қолға алынатын жобалардың жалпы құны 8 миллиард долларға жеттi.

Қазiр Қазақстанда корейлiктер қолға алған екi iрi жоба бар. Ауқымды жобаның алғашқысы Балқаш жылу электр стансасы да, екiншiсi газ-химиялық кешен. Себебi, келешекте бiздiң елiмiздiң экономикасы 50 пайызға өссе, электр қуаты ауадай қажет.

Ал есесiне, алдағы уақытта Қазақстаннан Оңтүстiк Кореяға 2 миллион тонна астық экспортталатын болады. Бұл екi елдiң ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастығын кеңейтпек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары