ӨЗБЕКСТАН IРГЕМIЗДЕ ДЕСЕК ТЕ....

ӨЗБЕКСТАН IРГЕМIЗДЕ ДЕСЕК ТЕ....

ӨЗБЕКСТАН IРГЕМIЗДЕ ДЕСЕК ТЕ....
ашық дереккөзі
1048

Iргемiздегi Өзбекстанда қазақ диаспорасының ең iрi шоғыры – 1989 жылғы есеп бойынша 1,5 милион қазақ тұрады. Соңғы 20 жылда Өзбекстанда халық санағы жүргiзiлмегендiгi себептi, ондағы қандастарымыздың нақты санын ешкiм дөп басып айтып бере алмайды. Қазақтардың iрi шоғыры – Науаи облысының Тамды ауданында тұрады. Бұндағы халықтың денi 1990 жылға дейiн қазақтар болған екен. Өйткенi Тамды ауданы 1936 жылға дейiн Қазақстан Республикасының Қызылорда облысына қарасты болған. 1936 жылы облыс орталығына алыс деген желеумен Өзбекстан қарамағына өтiп кеткен.

Осы ауданның тумасы, ұзақ жыл мектепте мұғалiм болған, мектеп директоры қызметiн де атқарған Зүбира Аллабергенова апай бүгiнде Алматы қаласының тұрғыны. Өзбекстанның бұрынғы Бұқара, қазiргi Науаи облысы, Тамды ауданында ұзақ жыл мектеп саласында қызмет еткен. Орта мектеп директоры де болған. – 1961 жылдан бастап, Тамдыдан ең жоғары 999,6 сынамалы алтын табылып, Заравшан, Үшқұдық деген қалалар салынды. Бұл кен орны жылына 36 тонна алтын берiп келдi. Бұл елдiмекендердiң барлығында қазақтар басым тұрады. Сондай-ақ, Кеңмиық ауданында қазақтар көп. Қазiр Тамды, Үшқұдық, Кеңмиық және Заравшанда 50 мыңнан астам қазақ бар. Кезiнде бұдан да көп болған, тең жарымынан астамы Қазақстанға көшiп кеттi. Қазiр осы Қазақстанның барлық аумағында тамдылық қазақтар тұрады. Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Петропавловск, Қостанай, Қарағанды секiлдi солтүстiк аймақтарға қоныстанған. Тамды өндiрiстi аймақ болғаннан кейiн, ондағы қазақтар балаларын тау-кен институттарында оқытуды мақсат еттi. Сөйтiп, олар көбi тау-кен барлау iсiмен шұғылданды. Қазақстанда қоныс аударғанда осындай өндiрiстi аймақтарды жағалады. Қазiр көбiсi Рудный мен Степногорскiде, Қарағандыда кен орындарында жұмыс iстейдi. Алматы облысының Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында 1000-ға жуық, Текелi қаласында 300-ге жуық отбасы бар, – дейдi Зүбира апай. – Сiз Тамдыда мектеп директоры болып жүргенiңiзде ол ауданда қанша қазақ мектебi бар едi? Одан хабардар ма едiңiз? – Ол кезде Тамды ауданы бойынша 36 қазақ мектебi бар едi. Мен директор болған Ленин атындағы мектепте бiр ғана орыс сыныбы бар едi. Үшқұдық кейiн Тамдыдан бөлiнiп шықты. Тамдыда қазақ тiлiнде профтех училищелер болды. Бiздiң аудан қазақ ауданы болғандықтан, өмiрiмiзбен танысу үшiн Қазақстанның марқасқалары жиi келiп тұрушы едi. Бiздiң отбасымызда Бауыржан Момышұлы, Сырбай Мәуленов, Ақселеу Сейдiмбек, Жарасқан Әбдiрашев, Сәбира Майқанова, Құман Тастанбеков қонақ болды. Кiшкентай Тамдыда оқуға ынтықпаған адам жоқ едi. Әр отбасында бiр немесе екi жоғары оқу орнын бiтiрген адам болушы едi. Менiң жолдасым екi оқу орнын бiтiрген болатын. – Қазiр Тамдыдағы қазақтардың хал-күйiнен хабарыңыз бар ма? Ондағы қазақ мектептерiнiң жайы қалай? – Егемендiк алғаннан кейiн қазақ мектептерiнде орыс тiлi мен шет тiлiнiң орнына өзбек тiлi үйретiле бастады. Қазақ тiлiндегi сабақтардан гөрi орыс тiлiндегi сабақтар көбейiп кеттi. Балаларымыздың тiлi шыға өзбекше гимн айтып, өзбек мәдениетi дендеп ене бастағаннан кейiн, көштiң басын атамекенге бұрғанды жөн көрдiк. Әуелi балаларымды 2002 жылы көшiрiп жiбердiм де, 2006 жылы жолдасым зейнетке шыққаннан осында қоныс аудардық. Балам ресейлiк бiр фирмада жұмыс iстейдi. Қыздарым Талдықорғанда. Науаида Пединститут жұмыс iстейдi. Ол бұрын қазақ тiлiнде бiлiм беретiн оқу орны едi. Қазiр бұл оқу орнында қазақ тiлiнде бiлiм беретiн әр мамандықтан бiр бiр факультет бар едi. Қазақ тiлi мен әдебиетi және бастауыш бiлiм берудiң методикасы атты факультеттер бар. Бiздiң аудан көбiнесе мал шаруашылығымен шұғылданған. Қаракөл қойын өсiретiн. – Былтырдан берi Өзбекстан мен Қазақстан арасында шекара жабық тұр ғой. Қазiр шекараның жайынан хабарыңыз бар ма? – Шекараның жайы былтырғыдан да қиындап кеттi деген қауесет бар. Тек пойызбен келу мүмкiндiгi бар. Оның жол құны өте жоғары. Ал Өзбекстандағы халықтың жағдайы өте қиын. Зейнетақы мен айлық жалақылар уақытылы бермейдi. Кей ауылдарда жалақының орнына арық-тұрақ мал берiлiп жатқан жайы бар екен. – Сiздiң туыстарыңыздың iшiнен көшiп келгiсi келiп, келе алмай отырғандар бар ма? – Әрине ондайлар көп. Қазiр Өзбекстанда жаңа төлқұжат үлгiсi енгiзiлiп жатыр екен. Егер ол құжат айналымға енгiзiлсе, оның иесi тiркеуден шығу үшiн мың доллар көлемiнде төлеу қажеттiгi туатын көрiнедi. Бұны өзi жағдайы қиын қазақтардың көтере алмайтыны анық. Шекарада Кеден бекетiн салып жатқанына төрт-бес жыл болып қалды. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өткiзу iсiнiң қиындап тұрғанының себебi осы ғана. Бұл әшейiн сылтау ғана сияқты. Менiң сiңлiм Қазақстанға көшiп келiп, азаматтығын алып алған едi. Ендi Өзбекстанға сапармен барып қайтайын десе, бiздiң Әдiлет министрлiгi қызметкерлерi ол кiсiнiң әлi де өзбек азаматы болып жүргендiгiн айтады. – Қазақстанмен арадағы мәдени-рухани байланыс қалай? – Қазақстанның телеарнасын 1990 жылдан бастап көрiп келемiз. Алтын зауытының бас директоры болған Кучерский деген адам бар едi. 1960 жылдан тұратын. Украинадан келген едi. Сол кiсi 1990 жылы КСРО Жоғары кеңесiне облыс әкiмiмен бiрге депутаттыққа үмiткер болды. Сонда ол өз бағдарламасында: "Өзбекстанда қазақтар шоғырлана орналасқан аудан – Тамды ауданы. Сондықтан мен бұл жердегi халықтың қазақ бағдарламаларын көруiне мүмкiндiк жасаймын" дегендi енгiздi. Содан берi Үшқұдық, Кеңмиық, Тамды аудандары Қазақстанның бағдарламаларын көрiп келедi. Кеңес одағы кезiнде оқулық пен Қазақстанда шығатын мерзiмдi басылымдардың барлығын алып тұратын едiк. Тамды ауданында "Социалистiк шаруашылық" кейiн "Тамды шаруагерi" атты газет шығып келдi. Ташкентте "Нұрлы жол" деген газет барын бiлесiз. Ал теледидардан аптасына бiр рет бiр сағаттық хабар берiп тұрады. – Зүбира апай, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң Алматы қаласы бойынша департаментiнiң жанына "Нұрлы қоныс" атты қоғамдық қор құрып жатыр екенсiздер. Осы қордың мақсаты жайында қысқаша айта кетсеңiз? – "Нұрлы қоныс" қайырымдылық қоғамдық қорының басты мақсаты – үйде жұмыссыз отырған әйелдерге көмектесу, тiгiн цехтарын ашып, көрмелер ұйымдастыру, сөйтiп әйелдерiң еңбекпен араласуына мүмкiндiк жасау. Сондай-ақ, Қытайдан, Түркия мен Ауғанстаннан, Ираннан келетiн қандастарымызға кириллицамен жазуды үйретудi және құқықтық блiм берудi мақсат етiп отырмыз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары