ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА – ӘР ОБЛЫС 50 МЛН. ТЕҢГЕ!

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА – ӘР ОБЛЫС 50 МЛН. ТЕҢГЕ!

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНҒА – ӘР ОБЛЫС 50 МЛН. ТЕҢГЕ!
ашық дереккөзі
200

Биылғы қыс қаһарлы мiнезiн көрсетiп, қарапайым халықты әрi-сәрi күй кештiрдi. Әсiресе, қысы ұзақ болатын Шығыс Қазақстан облысының жұрты әлi күнге су тасқынының зардабын тартуда. Өңiрдiң кейбiр ауылдарын су басып, халықтың бей-берекетiн алды.

Астанада өткен үкiметтiң селекторлық отырысында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов облыс әкiмдерiне бiршама тапсырмалар жүктедi. Атап айтқанда, Премьер-министр су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына көмек көрсетудi мiндеттедi. Оның айтуынша, әкiмдер Алматы облысына көрсетiлген көмек жүйесiн Шығыс Қазақстан облысына да қолданып, әрбiр облыс 50 млн. теңгеден қаржы аударуы керек. Тапсырманың орындалуын қадағалау бiрiншi вице-премьер Өмiрзақ Шүкеевке тапсырылды. Сондай-ақ, топан судан үлкен шығынға ұшырап, мал басынан айрылған халыққа құзырлы мекемелер несиеге мал бермек. Несиенiң көлемi алғашқы жылы нөл пайыздық болса, екiншi жылы пайыздық үстеме 2 есенi құрайды. Ресми деректерге сүйенсек, су тасқынының зардабынан тек Шығыс Қазақстан облысы бойынша жайылымдық жердiң 65 пайызы, егiстiк жердiң 62 пайызы жарамсыз болып қалған. Аймақтағы мал шығыны бүгiнде 50 мыңға жетiп жығылған. Сондай-ақ, мал азығын дайындайтын техникалардың 80 пайызы iске жарамсыз.

Шығыс Қазақстан облысы әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың айтуынша, өңiрде жағдай бiр қалыпты. Ауа-райының күрт жылынуына байланысты бұл өңiрде тағы да су тасқыны орын алды. Жергiлiктi әкiмдiк пен құтқару қызметi қайта қауырт жұмысқа кiрiстi. Барлық жерге бақылау гидробекеттерi орнатылған. 1-мамырдан бастап Тарбағатай, Аягөз, Зайсан мен Абай аудандарында қызу құрылыс жұмыстары басталады. Ондағы елдi мекендерде тұрғын үй кешенi, мектептер мен ауруханалар, мәдени орталықтар бой көтередi.

Үкiмет бұдан бөлек Шығыс Қазақстан облысына тағы 800 млн. теңге шамасында қаржы бөлетiн болды. Облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың мәлiметiнше, Шығыс Қазақстанның Тарбағатай, Көкпектi секiлдi аудандарында қардың биiктiгi әлi 1 метрге дейiн жетедi. Осыған байланысты бүгiн Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Шығыс Қазақстанға барлық облыстардың да қаржы бөлуiн тапсырды.

Үкiмет, сондай-ақ, Қырғыз елiне де қолұшын беруге мiндет алып отыр. Осы аптада көршi елге гуманитарлық көмек ретiнде 3 мың тонна дизель отыны жiберiлетiн болды. Жанар-жағармай Қырғыз елiне уақтылы егiн себу жұмыстарын жүргiзу үшiн берiлiп едi. Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов Елбасының тапсырмасына сәйкес, бауырлас Қырғыз елiне 3 мың тонна көлемiнде дизель отыны бөлiнгенiн жеткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары