ТАЛАНТ ПЕН ТАҒЫЛЫМ

ТАЛАНТ ПЕН ТАҒЫЛЫМ

ТАЛАНТ ПЕН ТАҒЫЛЫМ
ашық дереккөзі
199

Қазақтың алғашқы кәсiби режиссерлерiнiң бiрi Зәуреш Есбергенқызы жайлы эссе

Шынымды айтсам, мен Сiз туралы тiптi бiлмейдi екем. Керiсiнше, Сiздi сыйлайтын, өнерiңiздi бағалайтын осы бiр жазушыны керемет жақсы бiлемiн және ыриясыз жақсы көремiн. Осынау заманды қаншалықты қатыгез, мейiрiмсiз деп қабылдасақ та, қалың топтың арасынан дәл осы кiсiдей бiреуге шын жаны ашитын, қолынан келсе жақсылығын аямайтын, тiптi тағдырдың қандай соқпағына түсiп кеткен пендеңiз болса да iздеп жүретiн, ол жайлы дұрыс пiкiрлер қалыптастыруға ұмтылатын осындай, дәл Мағира апайдай адамды осы уақытқа дейiнгi ғұмырымда кездестiрмеппiн.

Иә, мен бiлетiн жазушы Мағира Қожахметова үнемi адамзатқа iзгiлiк ойлап жүретiн, әсiресе, қазақ қыздарының қоғамдағы орны мен қызметiне аса жаны ауырып, солардың жоғын жоқтап, барын асыра көрсеткiсi келiп тұратын жан.

Жан апа, мен де Сiздi сол кiсi арқылы бұрыннан бiлетiн, танитын сияқты әсерде жүрмiн. Өзiңiздiң өнерге, қазақ өнерiне, оның iшiнде театр өнерiне қосып келе жатқан қыруар еңбегiңiздi сол кiсi арқылы саралап, қабылдағандай болдым.

Сахна деген киелi де қасиеттi өнер төрiнiң әдемi ханшайымы болғаныңызды да жазушы аузынан естiп, елiмiздiң екi қиырында тiрлiк кешiп келе жатқан қос құрбының бiр-бiрiне деген сыйластығы, жанашырлығы, тiптi, жарасымды қарым-қатынастарыңызға iштей риза болдым. Егер мынау жұмыр жердiң бетiндегi тiршiлiк иелерiнiң бәрi дәл сiздердей ағынан жарыла тiлеулес бола алар болса, бiлмеймiн, онда дүние тек жақсылықтан тербелiп тұрар ма едi?!

«Ол мықты әншi, талғамды режиссер, кербез актриса едi, бiрақ тым-тым қарапайымдылығы жеңiп кетедi». Бұл жазушы құрбыңыздың сөзi.

Егер Сiздiң М.Әуезовтың «Түнгi сарынын», С.Жүнiсовтiң «Жапандағы жалғыз үйiн», Ә.Әбiшевтiң «Белгiсiз батыр», З.Қабдоловтың «Сөнбейтiн от», М.Горькийдiң «Соңғылар», Н.Хикметтiң «Елеусiз қалған есiл ер», бурят драматургы Қ.Шагжиннiң «Сандықтан шыққан шайтан», башқұрт драматургы М.Кәрiмнiң «Тау қызы» сияқты мазмұнды да күрделi спектакльдердi сахналағаныңызды бiлмесем, бұл пiкiрге қосылар едiм.

Егер Сiздiң «Қара қыпшақ Қобыландыда» – Қарлығаны, «Айман-Шолпанда» – Теңгенi, «Оптимистiк трагедияда» – комиссарды, «Жекпе-жекте» – әйел бейнелерiн шебер сомдағаныңызды бiлмесем, бұл пiкiрге қосылар едiм.

Егер Сiздiң батыстың ән-серiлерiнiң әндерiн, әсiресе, Досаттың «Жамалын», Жылгелдi, Әдiл, Шолтаман, Өскiнбай секiлдi маңғыстаулық сал-серiлердiң, негiзiнен халық және халық композиторларының әндерiн орындаушы, насихаттаушы ретiнде бiлмесем, «Жадау көк», «Еркем-ай», «Қара қаншық», «Жылой», К.Күмiсбековтiң «Менiң далам», Ш.Қалдыаяқовтың «Сыған серенадасын», Е.Хасанғалиевтiң «Асыл арманын» құлақ құрышын қандыра орындайтыныңызды сезбесем, тағы да құрбы пiкiрiмен келiспеуге болар ма едi?!

Жоқ, Сiз қарапайым ғана тiрлiк кешпепсiз. Жаратқанның бойыңызға ата күшi, ана сүтiмен берген мол қасиеттердi Сiз тек бiр ғана өнер саласына сарқып келесiз. Ал, бұл қарапайымдылық па екен? Жо-жоқ, бұл жерде Сiздiң барға қанағатшылдығыңыз, жоқты iздеп сарылып таусылмайтыныңыз, ненi болса да өнерден күтiп, бойыңыздағыны өнердiң осы үш тармағына да қалай болса солай жұмсап келе жатқаныңыз, әрине, үлкен ерлiкпен тең дер едiк. Дегенмен, жазушы Мағираның осынау қиын да қызық өнер жолындағы Сiз секiлдi талантты, қабiлеттi, тума дарын иесiнiң осы күнге дейiн жарқ етiп жұлдыздай жарқырамай, елiмiздiң батыс өңiрiнен аса алмай, өзiнiң лайықты бағасына жете алмай келе жатқан ұзақ жылғы ғұмырыңызды аяған түрi, жаны ауырғаны екенiн де жанымызбен түсiнiп, жүрегiмiзбен қабылдадық.

Әйтпесе, Құрманғазы атындағы консерваторияның режиссура факультетiн, республикалық эстрада студиясының ән-вокаль факультетiн бiтiрiп, сонау 1964 жылдан тапжылмай осы салада еңбек ету, ол еңбектi бәлсiнбей, мiндетсiнбей халыққа қызмет ету деп санау тек Сiз сияқты қайсар қыздардың ғана қолынан келетiн тiрлiк. Режиссерлiк дипломды Жамбыл облыстық театрында М.Байжиевтiң «Әке тағдыры» спектаклiнен қорғаған, бүгiнде елiмiздегi әкемтеатрының директоры болып отырған бiрге оқыған курстасыңыз Есмұқан аға Обаевпен А.П.Чеховтың «Ваня ағайында» серiктес болып, сахнаға шығу, сол тұстағы, яғни алпысыншы жылдардың басындағы көрермен есiнде әлi сақтаулы. Одан берi қарай жетпiсiншi жылдардың басында қазақ мәдениетi мен өнерiнде өзiндiк қолтаңбасы қалған мемлекет және қоғам қайраткерi марқұм Өзбекәлi ағамыз Жәнiбековпен бiрге Торғайдағы облыстық музыкалық драма театрының негiзiн қалаушылар қатарында да Сiздiң есiмiңiз ел есiнде, әлi ұмытыла қойған жоқ. Ұмытылмайды да! Өйткенi, бұл өнер ошақтарының бәрi тарих қойнауына сiңiп кеткелi қай заман, ал тарихты ешкiм де, ешқашан сызып тастай алмайды емес пе?!

Жан апа, бәлкiм менiң бұл пiкiрлерiммен келiспессiз, мүмкiн менiң қаламым асыра сiлтеп жiбердi деп те сөгерсiз. Бiрақ…

Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында ұзақ жылдағы қызметiңiздi, Маңғыстау топырағынан шыққан тұңғыш кәсiби режиссер, актриса, әншi Зәуреш ЕСБЕРГЕНДI, шын мәнiнде, өнер сүйер қауым бiзден де жақсы бiлетiнiн, бiлiп қана қоймай Сiздiң өнердегi жолыңыздың әрбiр сәттi де сәтсiз кезеңдерiне жандары ауыратындардың қатарына менi де қосып қойыңыз дегендi ғана айтқымыз келедi.

Сол тiлеулестердiң бiрi де бiрегейi, өзiңiздiң сонау елуiншi жылдардың соңынан жақсы бiлетiн, өнердегi ғұмырларыңызды қатар бастаған әрiптесiңiзге әңгiме кезегiн ұсынсақ, тiптi, қуанарыңыз ақиқат. Олай болса, Жан апа, Сiз туралы Есағаң, қазақ театрының атасы Есмұқан ОБАЕВ былай дейдi…

МIНЕЗДI, ЖАРҚЫЛДАҒАН ҚЫЗ ЕДI… бүгiнде ұжымның ақылман ана жасына жеттi

«Уақыт жылжып, жылдар өткен сайын өткеннiң бәрi көз алдыңнан әдемi бiр көркем дүниедей өтiп, кеудеңе сағыныш ұялататыны бар. Жастық шақ деген ғұмырыңның қайталанбас мәңгi сағынышы ғой.

Зәурешпен де сол студенттiк шағымыз бiрге өттi. Кейiн ол Жамбылға, одан әрi Маңғыстау облысынан өнер жолын бастады да, әркiм өз соқпағымен тiрлiк кешiп кеттiк. «Көзден кетсе көңiлден де алыстайды» дегендей, бiраз жылдар хабарсыз кеттiк те, кейiнгi жылдары Ақтай театры ашылған сәттен бастап қайтадан араласа бастадық. Сахналаған дүниелерiн де көрдiм, сол театрдың анасы iспеттi, қазақтың салт-дәстүрiнен, әдебиетiнен, өнерiнен, сахна шеберлiгiнен сабақ берсе, Зәурештiң жастарға үйретерi көп-ақ. Өйткенi, қазiргi жастар сахна тiлi түгiлi, өз ана тiлiне де шорқақ қой.

Студенттiк жылдарына шегiнiс жасасам, Зәуреш өте мiнездi, қайсар, әсершiл болды. Алғаш консерваторияның ән факультетiнде оқып, режиссерлiкке келдi. Маңғыстау мақамдарын одан артық орындайтын әншi жоқ десе де ешкiм таласа қоймас. Оның даусы әйелдерде сирек кездесетiн қоңыр, яғни контроальт дауыс. Өзiндiк мақамы, үнi ерекше, дауыс тембрi, әндердiң портреттерiн жасауда, жыраулық дәстүрдегi әндердi насихаттауда, жастарға уағыздауда үлкен режиссерлiк жұмысымен қатар орындаушылықты қатар алып жүрген әншi.

Өнер жолында көп iздендi, көптеген қиындықтарға да қарамастан сахнасын тастамай жүрiп, балаларын да жеткiздi, бүгiнде әже болып отырған жайы бар. Тiршiлiкте кедергiсiз, қиындықсыз ештеңеге қол жетпейтiнiн де бәрiмiз бiлемiз. Ол бiраз жылдар «Қазақконцертте» әншi болды. Жолдасы Жәкен деген азамат та музыкант едi. Жас кездерiнде екеуi бiрге ел аралап, концерт берiп жүретiн-дi. Бертiн келе батысқа, туған жерiне барып, сондағы жаңадан ашылған Н.Жантөрин атындағы театрға орналасты. Бұл театрдың ашылуы да оның бақыты деп ойлаймын.

Әсiресе, Зәурештiң студент кездегi жарқылдаған мiнезi, актерлiк iзденiмпаздығы, шеберлiгi, батыстың әйелдерiне тән сезiмталдығы, сахнадағы жарқ-жұрқ еткен қимылы өзiне жарасатын әрi жарасамды дүниелер жасады. Мысалы, диплом қорғаған кезде бiз А.П.Чеховтың «Ваня ағай» спектаклiн қойдық. Мен Ваня ағайды, Софьяны Зәуреш ойнады. Актерлiк шеберлiктен өте жақсы қорғадық. Тiптi Зәурешке «режиссураны қой, актер болып қал» деген ұсыныстар да болды.

Жалпы, мен ойлаймын, Зәурештiң жанына бәрiбiр вокаль, ән жақын болды ғой деймiн.

Өнер адамдарының бәрi атақ-абыройға сарғайып жетедi. «Сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген мақал бар ғой, сол сияқты Зәуреш былтыр ғана үкiметтiң марапатына ие болды. Әрине, ешкiм мансап, марапат үшiн еңбек етпейдi. Дегенмен, қырық жыл сахнадан түспей жүрiп, жасы жетпiске таянғанда лайықты бағасын алу да жан-дүниеңдi бiр қозғап өтетiн қуаныш. Сондықтан бiз әманда қуаныштымыз. Әлi күнге дейiн бойындағы қызу қандылық, мiнездiлiк басылмаған, киiм киiсiнiң өзi, сөйлеу мәдениетi, «Сарықарын келiншек» қалпынан бiр өзгермеген қалпы. Бiрбеткей, бiрсөздi, барды бар, жоқты жоқ дейтiн қайсарлығына iшiң жылиды. Кесiп, керiп тастайды да, сосын «ал, менi өлтiрiп ал» дейтiндей кекiрейiп отыратын, әлi сол бейнесi. Менiң бiраз шәкiрттерiм қазiр Зәурешпен бiрге қызметтес, талантты актерлер, барып жүрiп байқағаным ұжым Зәурештi керемет сыйлайды екен, соны көрiп қуандым. Соңынан балапандарын ерткен атақаз, ақылман ана деп қабылдайтынына сүйсiндiм.

Әнi, әрiптестерiңiз де Сiздiң талантыңызға осылай сүйсiнiп, тағылымды өмiрiңiздi үлгi тұтатын көрiнедi. «Алтын пышақ қын түбiнде жатпайды» деп атам қазақ та әдемi айтқан-ау…

Дайындаған Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары