КЕЛБҰҒАНОВТАР ӘУЛЕТI

КЕЛБҰҒАНОВТАР ӘУЛЕТI

КЕЛБҰҒАНОВТАР ӘУЛЕТI
ашық дереккөзі
158

Қай заманда да, қай қоғамда да халық үшiн аянбай еңбек еткен қарапайым жандар болған. Олар қазiр де бар. Ал әулетiмен ел таныған, көпшiлiктiң құрметiне бөленгендер қатары аз болса да әр облыстан кездеседi. Сондай әулеттiң бiрi әрi бiрегейi – Келбұғановтар. Олар Семей облысының (қазiргi Шығыс Қазақстан) Аякөз ауданынан шыққан. Республикаға және одан тысқары елдерге белгiлi жандар. Қалың қауым күнi бүгiнге дейiн асыл жандарды құрмет тұтып, әрдайым еске алып отырады.

Қазақ ел құрметiне бөлегендi «тектiнiң тұқымы едi» дейдi. Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Тақыр жерге шөп шықпайды. Құнарлы жерде өсiп өнедi. Келбұғановтар әулетi де сондай. Түп атасы Нарынбай өз заманының бұлбұл ақыны болса, Құттыбай сөзге шешен кiсi болған екен. Бергi атасы Байқара би қалың елдi әдiлдiгiмен аузына қаратыпты. Ал Түсiп жаугершiлiк заманда батылдығымен танылған. Тайбек молданың уағыздарын жұрт ұйып тыңдаған деседi. Кеңес заманына iлiнiп, өмiр кешкен Сәдуақас пен Жолмұхаметке еңбекқорлық қасиет пен ақындық өнер солардан дарыса керек.

«…Мен өзiм отын шаптым, жүрiп малмен,

Жүгiрдiм күн батқанша қинап жанмен.

Қой жайып, отын шауып үйге келсем,

Шай бередi Кенжебала шикi нанмен»

Бұл Жолмұхаметтiң өлеңi. Осы төрт жол шумақта қаншама сыр жатыр. Бозбала шағы байдың жалшылығында өткенiн, талай-талай азапты күндердi бастан кешкенiн жеткiзген. Оның өмiр жолын, толайым тағдырын Кеңес өкiметi күрт өзгерттi. Әуелi Семей қаласындағы байланыс бөлiмiнде жұмыс iстеп, кейiндеу Түркiстан – Сiбiр темiржол құрылысында жұмысшының қайла-күрегiн ұстады. 1932 жылдың желтоқсан айына дейiн Айғыржал стансасында бағыттаушы болып жүргенде Қызыл Армия қатарына шақырылды. Содан Ақмоладағы 22-шi темiржолшылар полкiнде екi жыл әскери мiндетiн өтеп, туған жерге оралған. Әскери тәртiпке қалыптасқан жанды аудандық милиция бөлiмi қызметке шақырады. Арада жыл өткен соң аудандық партия комитетiне нұсқаушы қызметiне ауысып, көп ұзамай «МТС» директорының саяси орынбасарлығына тағайындалған.

Оны екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталысымен Ош қаласындағы алты айлық дайындық курсқа жiбередi. Содан кейiн Ташкент қаласындағы атқыштар курсын бiтiрiп, аға лейтенант дәрежесiнде майданға аттанған. 1944 жылы қараша айында 1-шi Украйна майданының 98-шi атқыштар дивизиясындағы 4-шi атқыштар полкiнде рота командирi болып, жаумен бетпе-бет шайқастарға түседi. Қанды ұрыспен Фашистердi Польша жерiнен де шегiндiрген. 1945 жылы 18 наурызда Германияның Одер өзенi маңында жан берiп, жан алған соғыста ауыр жарақаттанып, Глейвиц қаласындағы әскери госпиталда есiн жинапты. Кейiндеу дене жарақаты ауыр болған соң Украйнаның Чернигов облысы Нежен қаласындағы әскери госпиталға ауыстырылған.

Жолмұхамет Келбұғанов Глейвицтегi госпиталда жатып, «Кек алу жорығында» атты поэма жазады. Поэмасында соғыстың қалай басталғанын, Сталиннiң басшылықтағы ролiн, фашистердiң бейбiт елге тұтқиылдан шабуыл жасап, елдi-мекендер мен қалаларға жасаған лаңын, Совет әскерлерiнiң Висланы қалай жаудан босатқанын, Сандомир плацдармында төрт ай бойы қорғаныста болып, жаудың бiрнеше шабуылына тойтарыс бергендерiн жатық көркем тiлмен жырлаған. Жырының соңында жоғары қолбасшыдан шабуылға шығу жөнiнде бұйрық келiп, Костюков жасаған «Катюшаның» жауға салған ойранын, өздерiнiң ұрысқа көтерiлгендерiн, фашистердiң қоян-қолтық айқаста жеңiлiп, тұра қашқандарын тамаша суреттеген.

Ал «Айтып жатыр алғысын» атты толғауында Совет әскерiнiң Германия жерiне аяқ басқандарын, Одер өзенiнен қалай өткендерiн, өзi ротасын «Алға!» деп шабуылға бастап бара жатқанда қапияда оң жақ кеудесiнен жау мергенiнiң оғы тиiп құлағанын жырлай келiп:

«… Шынымен бұл жарадан өлгенiм бе?

Ажалды айдап келiп бергенiң бе?

Жасымнан туып-өскен қайран елiм,

Айналып қайтып сенi көрмедiм бе?

Қатты ажал қайрымсыз алғаның ба,

Денемдi жау жерiне салғаның ба.

Келiп ек ұлы мiндет орындауға,

Айырылып достарымнан қалғаным ба,

деп налып баз кешкен көңiл күйiн жыр кестесiмен өрнектеген. Алайда оның алда көрер күнi, татар дәмi бар екен. Медбикенiң дер кезiнде жасаған көмегiнiң арқасында өлiмнен аман қалады. Одер шайқасының алдында дивизия командованиесi оның ұрыстағы ерлiктерiн жоғары бағалап, «2-шi дәрежелi Отан соғысы» орденiне ұсынған. Өкiнiшке қарай сол ордендi ол кеудесiне таға алмай өмiрден озды.

Елге оралған оны Аякөз аупарткомы дайындау мекемесi бастығының орынбасары қызметiне жiберген. 1946 жылдың қыркүйек айында сол мекеменiң директоры болып тағайындалады. Содан он жыл бойына табан аудармай үздiксiз еңбек еткен. Халық үшiн дайындалатын азық-түлiк өнiмдер мен шикiзаттарды уақытынан кейiнге қалдырмай дер кезiнде мемлекетке өткiзiп отырды. Әйелi Қамария Шәкерiмқызымен қырық жылға жуық отасып, жетi ұл, бiр қызды тәрбиелеп өсiрген. Оның алтауы жоғары бiлiмдi. Ол 1972 жылы 13 ақпанда бақилық болды.

Жолмұхамет Келбұғанов сол поэмасы мен толғауын және ел, жер, отан туралы майданда жүрiп, жазған сағынышқа толы өлеңдерiн көзi тiрiсiнде газет-журналдарда жарияламаған. Жырлары қанша құнды болса да ақындықпен атын шығарғысы келмесе керек. Бертiңде өлеңдерiн қызы Ләйлә анасы Қамарияның сандығынан алып, кiтап етiп жарыққа шығарған.

* * *

Қамария Шәкерiмқызы Келбұғанова ел болашағы үшiн еңбекке ерте араласқан тұңғыш қазақ әйелдерiнiң бiрi. Кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдары өзi оқушы болса да бүкiлхалықтық сауатсыздықты жою iсiне ат салысқан. Ол кезде қазiргiдей мектеп қайда. Депо жұмысшысы тұратын жертөледе оқытып жүрдi. 1936 жылы Жолмұхамет Келбұғановқа тұрмысқа шығып, қоғамдық еңбекке қоян-қолтық араласады. Сергиопольдағы мұғалiмдер даярлайтын курсты бiтiрiп, бастауыш мектепте сабақ бередi. Алғыр жас 1937 жылы аудандық комсомол комитетiнiң нұсқауымен аудандық Некеге тiркеу мекемесiнде iс жүргiзушi болады. Жылжыған жылдармен бiрге қызмет бабында сатылып, өсiп отырған. 1940 жылы наурызда коммунистiк партия қатарына қабылданады.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталысымен күйеуi Жолмұхамет әскерге шықырылды. Уақыт өткен сайын шақырылғандар саны көбейiп, аудандағы ер азаматтар қатары сирей түскен. Олардың орындарын әйелдер басты. 1942 жылы аупартком бюросы Қамария Келбұғанованы ауаткомның аппаратындағы жауапты жұмысқа жiберудi ұйғарады. Елге «Бәрi де майдан үшiн! Бәрi де Жеңiс үшiн!» деген ұран тасталынған кез. Қазан төңкерiсiнiң бесiгi Ленинград жау қоршауында. Семей облысы сол қала халқына азық-түлiк, киiм-кешек, әрқалай жабдықтар жiберудi қолға алған. Қамария сол тапсырманы орындау үшiн Аякөз ауданы еңбеккерлерiн жұмылдыруда белсене кiрiседi. Таңның атысы, күннiң батысы аудан шаруашылықтарын тынымсыз аралап, 150 бас қой, 20 бас iрi қара, 10 жылқы, 90 мың сом ақша, 1900 пұт астық жинап, қаһарман қаладан келген өкiл арқылы жөнелтiп жатты. Аудан халқы көмектерiн тек Ленинградқа ғана жасап қойған жоқ, жалпы майданға да жiберумен болды. 1942-43 жылдары 350 килограмм жүн, 200 жылы шұлық, 280 купәйке, 180 жылы шалбар, 200 қолғап, 100 мойынорағыш, 500 жәшiк темекi, сiрiңке, қант жөнелттi. Ал Қамария осы игi iстердi ұйымдастырудың бел ортасында жүредi. Олар Жеңiстi осындай жанкештi еңбектерiнiң арқасында жақындатты.

Соғыс жылдарында ауыл шаруашылығының мамандары мен мектеп мұғалiмдерi жетiспейтiн. Солардың орнын толтыру үшiн аупартком әйелдердi МТС-тер жанынан ашылған қысқа мерзiмдi курстарда оқытып, комбайншылар мен механизаторлар, дән сепкiш техникалардың мамандарын дайындап шығарды. Бұл iс те Қамарияның араласуынсыз бiтпеушi едi. Үй шаруасындағы әйелдердi еңбекке ұйымдастыру үшiн үгiт-насихат жұмыстарын жүргiздi. Ол аудандық «Алға» газетiнiң 1975 жылы 9 мамырдағы «Бүкiлхалықтық көмек» атты естелiгiнде сол кездегi еңбек жағдайына тоқтала кеткен. «…Кейiннен бұл қызметiмдi аудандық партия комитетiнiң жаңадан құрылған әйелдер арасында жұмыс жүргiзу бөлiмiн басқаруға тағайындалған соң одан әрi өрiстеттiм. «Әйелдердiң тiлiн әйел бiледi» дегендей, бұл кезде мен және әйелдер советiнiң басқа мүшелерi үнемi қыз-келiншектер арасында болдық. Айлап командировкаға колхоздарға шықтық. Түйеге, салт атқа мiнiп, бригадаларды араладық. Телефон жоқ, кей ретте үйдегi балаларымның не болып жатқанын бiлмейтiнмiн. Әйелдер советiнiң әр мүшесi үгiтшi бола бiлдi. Күнделiктi Советтiк хабар бюросының хабарларын оқып беру, ауызша айту парыз едi. Ол кезде ауданда 34 колхоз, 3 совхоз 3 машина трактор мастерскойы болды. Партия, совет, комсомол органдарының үлкен ұйымдастыру қызметiнiң нәтижесiнде еңбекке жарайтын қарттар, мектеп, жасындағы балалар, үй шаруасындағы әйелдер жұмысқа тартылды. Жас балаларды үйге қалдыруға мүмкiндiк жоқ жерде әйел тәрбиешiсi бөлiндi».

Соғыс бiтiп, азаматтардың бiразы елге оралды. Алайда күйзелген, қираған халық шаруашылығын көтеру мiндеттерi тұрды. Түрксиб темiржолы бойындағы Аякөз бөлiмшесiне қарайтын вагон жөндеу учаскесiнiң жағдайы сын көтермейтiн жағдайда едi. Аупартком сол қиын учаскеге Қамария Келбұғанованы партия ұйымының хатшысы етiп жiберген. Ол мұндағы орын алған кемшiлiктермен танысып, партбюроның мәжiлiсiнде өз ұсынысын батыл айтады. Журналист Қаби Мыңжанов сол бюроға қатысып, «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң 1958 жылғы 14 мамырындағы №111 санында «Партбюро секретары» атты көлемдi мақала жариялайды.

«…Түнгi сменалардың жұмысындағы кемшiлiктiң негiзгi себебiн ашуымыз керек. Менiңше мұның себебi мынада. Түнгi сменаға шыққандар жұмысқа мықтап тынықпай ұйықтамай келедi. Өйткенi олар күндiзгi уақыттарын өз шаруашылықтарымен айналысып өткiзедi. Мүмкiн кейбiр адамдардың күндiз тынығуға үй жағдайы қолайсыз шығар. Сондықтан осы мәселенi жақсы анықтау керек. Бұл үшiн арнаулы комиссия құрылсын. Ол жұмысшылардың түнгi кезекшiлiкке қалай тынығып шығатынын, тағы басқа жайларды мұқият тексеретiн болсын. Осыдан кейiн коллективтiң жалпы жиналысы өткiзiлсiн. Бұған жұмысшылардың семьялары да қатыстырылуы керек. Партбюро мүшелерi Келбұғанова жолдастың бұл пiкiрiне түгел қосылды».

Қамария Келбұғанованың өзi де қолы қалт еткен кезде аудандық және облыстық газеттерге мақалалар жариялап, науқандық жұмыстар барысына үн қосып отырды. «Семей правдасы» газетiне «Аякөз вагоншыларының мiндеттемесi мен iсi», «Новая жизнь» газетiне «Как мы готовим и проводим партийные собрания», «Прииртышская правда» газетiне «Залог успеха в работе с людьми», «Жаңа ауыл» газетiне «Егiске әзiрлiкпен кiрiстi» атты мақалалары жарық көрдi. Ол туралы облыстық, республикалық газет-журналдарда қаншама материалдар жарияланып, басқаларға iсi үлгi етiлдi десеңiзшi.

Бiр таңғаларлық жәй Қамария Шәкерiмқызы да өнерден құр алақан емес екен. Ол газеттерге мақалалар жариялап қана қоймай, ара-тұра өлеңдер де жазған. Бiрақ жан жары Жолмұхамет секiлдi ол да өлеңдерiн еш басылымдарға бермеген. Үйiнде сандықта сақтаған.

«Жазғам жоқ бұл өлеңдi ақындықпен,

Шимайлау ақ қағазды емес мақтан.

Жолдасым ақ көңiлдi ойға түсiп ,

Ояттым жүрегiмдi ұйықтап жатқан.

Ауылым Аякөздiң қатарында,

Тартады ай қараңғы батарында.

Түскенде сен есiме жолдасым-ай,

Үш тұрып, үш отырамын жатарымда.

Қамария Келбұғанованы аудан басшылары 1970 жылы құрметтi еңбек демалысына шығарып салды. Ол өзiнiң естелiгiнде былай дейдi. «… Партия мен Үкiмет еңбегiмдi жоғары бағалады. «Құрмет белгiсi» орденiмен, «Үздiк еңбек» медалiмен, Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң грамотасымен марапаттады. Онан басқа «Правда» газетiнiң Құрмет грамотасымен, Темiржол басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталдым. Бiрнеше рет ақшалай-заттай алған сыйлықтарым өз алдына.

1948 жылдан 1963 жылға дейiн бес рет аудандық, қалалық Советке депутат болып сайландым. Семей облыстық партия комитетi пленумының мүшесi құрамына үш рет сайландым. Облыстық партконференцияға бес рет делегат болдым. Аупартком пленумының құрамына он үш жыл қатарынан мүше болдым». Осының өзiнен-ақ оның аса жауапты қызметтерде жүрiп өмiрдiң талай қиыншылықтарын бастан кешкенi көрiнiп тұрған жоқ па. Еңбегi елге сiңген жан 1978 жылы 31 қаңтарда өмiрден озды.

* * *

Жолмұхамет пен Қамария Келбұғановтардың тұла бойы тұңғышы Төлеукен Аякөздегi №8 орта мектептi күмiс медалмен бiтiрген. Iнiсi Нағызбектiң айтуына қарағанда, әдiлдiктi сүйетiн, кiтап оқудан жалықпайтын, адамдарға өте қайырымды қарапайым жан болса керек. Ата-бабаларынан келе жатқан дарын Төлеукенде де бар екен. Домбыра шертiп, гармон тартып, әу деп ән шырқағанда жұрт ықыластана құлақ қояды. Тiптен спорттық жарыстарда да қатарының алды болған.

Төлеукен 1960 жылы Новосiбiрдегi темiржол жүк тасымалдары инженерлерi институтын ойдағыдай бiтiрiп, елге оралды. Еңбек жолын Алматы-1, мен Алматы-11 темiржол стансаларында кезекшi бағыттаушыдан бастап, аз жылдардың iшiнде парк кезекшiсi, аға инженер, жол бөлiмiнiң поезд диспетчерi, станса бастығының орынбасары содан соң бастығына дейiн көтерiлдi. Алматы темiржол бөлiмiнiң белдi маманы болды.

Жаңалыққа жаны құмар жас маман қай кезде де iзденуден талмаған. 1969 жылы айтулы оқиға болды. Темiржол басшылары электронды-есептеу орталығының жол лабораториясын ұйымдастыру мәселесi сөз болғанда барлығы бiр кiсiдей бұл жауапты iстi Төлеукен Жолмұхаметұлы Келбұғановқа тапсырғанды жөн көрiптi. Соған ғана сенiм артқан. Бұл кезде ол Алматы-1 станса бастығы болатын.

Темiржолдың жүк тасымалы саласына ендiрiлген есептеушi машина техникалық жағынан үлкен жаңалық болды. Бұрын материалдар мен құнды заттарды есепке алып, есептеу екi рет жүргiзiлетiн. Жабдықтау органдары мен кәсiпорындарда қаржы айналымының қозғалысы үш рет есепке алынатын. Қаржы қызметiнде, жол бөлiмiнде және кәсiпорында. Бұлар iшкi жол есептерi бойынша үш сатылы жүйемен жүргiзiлетiн. Тасымал жүйесiндегi осындай жұмыстармен мыңға жуық адамдар айналысып келдi. Электронды-есептеу техникасы жол лабораториясының қолданысқа түсуi, темiржол бойының жұмысын мүлдем өзгертiп жiбердi. Жұмыс уақыты қаншама үнемдесе, еңбек өнiмдiлiгi соншама артты. Ұзындығы 7330 шақырым жол бойы учаскелерiнiң сауда есеп-айырысу жұмыстары лабораторияның арқасында небәрi сегiз сағат iшiнде орындалып жатты. Мұндай жұмыс көлемiн бұрын бес инженер бiр айда әзер атқаратын.

Есептеу орталығының бұрынғы директоры Әбен Төлебаев: «1970 жылы бiз әуелi бiреуiн, содан соң екiншi есептеу машинасын алып, оны өз күшiмiзбен орнатып iске қостық. Төлеукен Келбұғановтың кезiнде барлық темiржол бөлiмдерiнде ақпарат пункттерi мен Целиноградта аймақтық есептеу орталығы болды. Ол темiржолға өте күрделi электронды-есептеу техникасын ендiрiп, оған он бiр жыл бойына басшылық еттi. Кейiндеу осы машина арқылы инженерлiк, статистикалық, экономикалық жоспар және жедел тапсырмалар да орындала бастады».

1973 жылы темiржолда тағы да елеулi жаңалық болды. Электронды-есептеу лабораториясының базасында Жол есептеу орталығы құрылып, оның бастығына Төлеукен Келбұғанов тағайындалды. Содан көп уақыт өтпей жатып Қазақ темiржолының басшылары Целиноград темiржол бөлiмiнен есептеу орталығын ашу туралы шешiм қабылдап, оның да жұмысын жолға қоюды Төлеукен Жолмұхаметұлына тапсырды. Ол бұл жұмысты да ойдағыдай атқарып шықты.

Бiлiм-бiлiктiлiгiмен, iскерлiгiмен танылған Т.Келбұғановқа 1980 жылы Қазақ ССР Министрлер Советi төрағасы орынбасарының көмекшiсi қызметi ұсынылған едi. Ол ұсынысты қабыл алды. Бұл қызметтi толық бiр жыл атқарған ол қағаз басты болып отырудан жалығып, Батыс Қазақстан темiр жолындағы есептеу орталығының жұмысын ретке келтiру үшiн Ақтөбедегi «АСУ» бөлiмiнiң бастығы қызметiне ауысты.

Төлеукен Келбұғанов соңғы он жылдың төрт жылын Қазақ ССР Министрлер Советi жанындағы «Главалмаатастройдың» бiрiккен темiржол шаруашылығының бастығы, алты жыл Алматы темiржол бөлiмi бас инженерiнiң орынбасары болып iстедi. Осы қызметте ол мамандандырылған есептеу орталығына арналған жаңа үйдiң жобасын жасап, құрылысын қадағалауды қолға алған. Өйткенi орталықтың үй жобасын Келбұғановтан артық бiлетiн жан жоқ едi. Жаңа үйдiң құрылысы 1988 жылы бiтiп, пайдалауға берiлдi. Содан кейiн ол Алматы темiржолы бөлiмiнiң бастығы болып бiр жыл қызмет еттi.

1991 жылы Тәуелсiз Қазақстанның Жол-қатынас тасымалдау министрлiгi құрылысымен-ақ Келбұғановтан осы саланың министрi Нығметжан Есенғарин арнайы шақырып, iстi жүргiзу бөлiмiнiң меңгерушiсi етiп тағайындады. Содан соң ТМД бойынша бөлiм бастығы қызметiне жоғарылатылды. Ал 1994 жылдан бастап, министрлiктiң сыртқы экономикалық байланыстар басқармасы бастығының қызметi сенiп тапсырылған. Ол Сыртқы экономикалық байланысты жақсартуда Қытай, Иран,Франция, Швейцария секiлдi бiрқатар шетелдерде болып, көптеген түйiндi мәселелердi шешiп қайтты.

Төлеукен Келбұғанов журналистерге берген сұхбатында: «Бүгiнгi күнге дейiн бiздiң тарапымыздан алыс-жақын шетелдермен байланыс жасау үшiн 20 жобаның келiсiм-нұсқасы дайындалды. Қазiр бiз Дүниежүзiлiк банктiң тапсырмасы бойынша «Мерсер» фирмасымен бiрлесiп, Қазақстан темiржолының бүгiнгi жағдайын зерттеу жұмыстарымен айналысудамыз. Бұл жұмысқа Қазақстан темiржолының үш бөлiмiндегi жетекшi мамандар қатыстырылуда. Жуырда ғана олар Құрама Штаттардың темiржол технологиясын, жолдарының өзара байланысын және осы сала бойынша үкiмет органдарының iс-тәжiрибесiмен танысып қайтты», – деген едi. Алайда ол ойға алған көп iсiн жүзеге асыра алмай кеттi. Өмiрден қапияда ерте озды.

Қазақ ССР Министрлер Советi төрағасының орынбасары Құдайберген Көпжасаров оны былай деп есiне алды. «Ол өте адамгершiлiк қасиетi мол, бiлiмдi әрi бiлiктi жан едi. Алматы-1 стансасының бастығы кезiнде жаңа вокзал құрылысын салуды қолға алған болатын. Ол сол вокзалдың бүгiнгi күн талап деңгейiнде болуына көп күш жұмсады. Сондай-ақ ол тек республикада ғана емес Одақ бойынша темiржол саласында алғаш рет электронды-есептеу орталығын құрды. Сол кезде оны құру жөнiнде бiзде тәжiрибе болған жоқ. СССР Жол қатынастар министрлiгi оның бұл еңбегiн жоғары бағалады және барлық республикаларға үлгi тұтты. Келбұғанов Қазақ ССР Министрлер Советi аппаратында қызметте жүрiп, өзiнiң жоғары деңгейдегi орындаушылығымен, талапшылдығымен, iскерлiгiмен, жауапкершiлiгiмен таныла бiлдi».

Ал курстас досы Юрий Мерзляков: «Мен Төлеукеннiң өз уақытынан бұрын қайтыс болғанына қатты қайғырдым. Бұл суық хабар Мәскеудегi, Екатеринбургтегi, Новосiбiрдегi және ТМД елдерiнiң басқа қалаларындағы курстастарымызға да қатты әсер еттi. Осыдан елу жыл бұрын Алматыдан сүйкiмдi бiр жас жiгiттiң Новосiбiрдегi НИИЖТ-ке келгенi есiмде. Ол – Толя Келбұғанов едi. Жан дүниесi таза, жүрегi адал екен. Оқудың алғашқы айында-ақ ол бiздi қарапайымдылығымен, сенгiштiгiмен, әдiлдiгiмен өзiне тартып алды. Студенттердiң барлық мәдени шараларын ұйымдастырушы болды. Ойы жүйрiк және жеңiл әзiлiмен жұртты күлдiруге шебер едi. Толяға ғылымның да еш қиындыққа соқпайтынын бiлетiнбiз. Өйткенi бiзге ең қиын сопромат, теоретикалық механика, сызу геометриясы оған түк те емес едi. Ол: «Iрi темiржол жүйелерiндегi қозғалысты ұйымдастыру» атты диплом жұмысын үздiк қорғады. Сол жұмысының өзiнде қаншама ғылыми жаңалықтар бар едi. Ол ақпарат-есептеу орталығын басқарды. Бұл саладан бiз мүлдем бейхабар едiк. Курста бiздiң асабамыз да сол болатын. Ендi мiне ол бiздiң арамызда жоқ. Бiрақ бiз оны ешқашанда ұмытпаймыз».

Қарындасы Ләйла Келбұғанова:

– Ол маған өз мiндетiн өте жеңiл орындайтын секiлдi болып тұратын. Өйткенi қандай жауапты әрi шешуi қиын жұмыстарда да оның қиналып отырғанын көрген емеспiн. Ағам барлық уақытта алғы шепте болды. Оның бар қиындықты оңай жеңуi бiлiмi мен тәжiрибесiнiң, ұйымдастырушылық қабiлетiнiң, еңбекқорлығының арқасында болды ғой деймiн.

* * *

«Әлi есiмде, аспирантурада оқып жүрiп, ауылға барғанымда Ақылбек 7 класта оқитын, – дейдi Ләйлә Келбұғанова. – Әкем айтты: «Мына бауырың» археолог болам деп, археология жайлы еңбектердi сарқып, оқып бiтiрдi», – дейдi. Келер жылы барғанымда, әкем тағы да: «Ақылбек тарихшы болмақшы. Қазақ ССР тарихын түгел сүзiп шықты», – дедi.

Ал одан кейiн Ақылбек тағы өзгерiп қалыпты. «Жоқ, философ болатын болды», – дедi әкем. Сонда ол 9 класта оқып жүрген. Үйде үлкен шкафтың сөрелерiне әр тақырыптағы кiтаптарды толтырып қойыпты. Маған келiп философия жайлы күрделi бiр сұрақ қойғанда, не дерiмдi бiлмей, күйеуiме барып, «сен жауап бершi» дегенiм бар».

Осы бiр естелiктен Ақылбек Келбұғановтың ой санасы өз жасынан әлдеқайда озық кеткенi көрiнедi. Ғылымға деген құштарлығы сонау орта мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қалыптаса бастаған екен. Мектептi күмiс медалмен бiтiрген ол Қазақ мемлекеттiк университетiнiң философия факультетiне оқуға түсiп, 1973 жылы үздiк бағаға бiтiредi. Сол жылы оны Қазақ ССР Ғылым академиясының философия және право институтына жолдамамен жiберген.

Оның институтта жүрiп жазған «Таным шеңберi» деп аталатын еңбегi В.И.Лениннiң «Философиялық дәптерiндегi» идеяларды талдауға арналды. Оның алғырлығы осы еңбегiнен бiрден көрiндi. Бұрын бұл жұмысқа айтулы философтардың өздерi бара алмай жүргенде, Ақылбек көсемнiң еңбегiнiң мәнiн ашып бердi. Ол философиялық бiлiмдi қалай жетiлдiруге болатынын және философияны оқыту методикасын жаңаша дамытуға көп күш жұмсады. Өйткенi бұл ғылыми еңбек оқытушылар үшiн аса қажет едi.

Жас ғалым сол кезде-ақ Әл-Фараби бабамыздың философиялық еңбектерiне ден қойып, тамаша талдай бiлген. Ал философия ғылымдарының докторы А. Қасымжановпен бiрлесiп жазған «Ойлау мәдениетi» деп аталынған еңбекте диалектикалық ойлау мәдениетi өзiнiң түрiн, сипатын, мәнiн өзгерте келе қалай қалыптасқанын тереңнен толғайды. Осы құнды еңбектiң «Диалектика және творчество» бөлiмi «Декарттың: «Мен ойлаймын, демек өмiр сүремiн», деген қанатты сөзiнде үлкен мән бар. Ойлау қабiлетi – адамды жоғары дәрежеге көтеретiн және өмiр жолындағы күресте бойына қуат – беретiн аса бағалы қасиетi», – деп тұжырымдалған. Көзi қарақты жан, А.Келбұғановтың еңбектерiмен етене таныс ғалымдар кiтаптан оның ойлау жүйесiн, қолтаңбасын тап басып таныры анық. «Ойлау мәдениетi» Мәскеуде қайта басылып, мүйiзi қарағайдай ғалымдардың назарын бiрден аударды. Тiптен бұл еңбекке шетел ғалымдары да қызығушылық танытып, Ақылбек Келбұғановты мәскеулiктерден сұрап бiле бастайды. Жайшылықта өздерiнен басқа анау-мынауды шетелдерге шығара қоймайтын мәскеулiк ғалымдар Келбұғановты 1981 жылы АҚШ-тың Колледж Парк қаласындағы Мериленд университетiне 9 айлық ғылыми тәжiрбиеден өтiп қайтуға жiберген. Ол сонда жат жұрттықтардың тәжiрбиесiн бойына сiңiрiп қана қойған жоқ, өзiнiң де философиялық ойларымен оларды тәнтi ете бiлдi.

Ол сол мерзiм iшiнде философия, бiлiм, полиграфия салаларына аса қажеттi 57 кiтап сатып алады. Бiрақ КСРО кеденi «өте құпия кiтаптар» деген сылтаумен өткiзбеуге тырысқан. Ақылбек өзiне ала алмайтынын бiлген соң сол кiтаптарды Қазақ мемлекеттiк университетiнiң кiтапханасына жiберудi талап етiп, тұрып алады. Кеденшiлер содан соң ғана кiтаптарды университетке емес А.Пушкин атындағы ғылыми-көпшiлiк кiтапханаға жiберген. Ақылбек сол кiтаптарға арнайы рұқсатпен ғана оқып танысып жүрдi.

Ақылбек Келбұғановқа жүктелген iстер аз емес едi. Ол «Бiлiм» қоғамы республикалық ұйымы жанындағы ғылыми-методикалық советтiң мүшесi, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дiң жас ғалымдар советi председателiнiң орынбасары, куратор, кафедра партия тобының жетекшiсi, студенттердiң «Диалектиканың тарихы мен теориясы» ғылыми үйiрмесiнiң жетекшiсi. Алматы обкомының жанындағы методикалық-философиялық семинарлар бюросының мүшесi, республикалық мәндегi лектор, жас ғалымдардың жетекшiсi болды. Оның жетекшiлiгiмен О.В.Ким кандидаттық диссертация қорғаған. А.Келбұғанов отыздан ендi асқан шағында философия-экономия факультетiнiң шетел студенттерiмен жұмыс жөнiндегi деканының орынбасары. Ал 1985 жылдың қазан айынан 1986 жылдың мамырына дейiн осы факультеттiң деканы мiндеттерiн атқарады.

КСРО Жоғары және орта бiлiм беру министрлiгi 1986 жылы шiлдеде Ақылбек Келбұғановты Эфиопияға оқытушы етiп жiбердi. Ол 1987 жылы 27 сәуiрде автомобиль апатына ұшырап, сол жерде екi рет операцияға түскен. Оны 8 мамырда Мәскеуге үшiншi рет операция жасауға алып келген. Шереметьева аэропортында күтiп алған Ләйләға ол: «Я всю свою жизнь старался делать добро людям, тем же все они отвечали мне. Я благодарен всем, всем!» – дедi ақырын әлсiз үнмен. Бұл оның соңғы, қоштасу сөзi екенiн сол кезде кiм бiлген десеңiзшi. Сол жолы 25 мамырда Мәскеуде мәңгiлiкке көз жұмды. Қазақ халқының ғылымдағы тағы бiр жарық жұлдызы тым ерте ағып түстi. Мәскеуден шығатын «Философские науки» журналы қазанамада оны «философия ғылымдарының докторы Ақылбек Келбұғанов» деп жазбақшы болған. Алматыға алдын ала жiберген қазанама мәтiнiнде оның ғылыми дәрежесi солай көрсетiлiптi. Қазақ ССР ҒА мүше-корреспондентi А.Қасымжанов мәтiнге «ғылым кандидаты» деген түзету ендiрiп, Мәскеуге жолдайды. Бiрақ олар журналға А.Келбұғановтың ғылыми атағын доктор деп жариялаған. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нiң доцентi Ләйлә Келбұғанова кейiн соның жөнiн сұрағанда журналдың жауапты хатшысы А.А.Пружинина: «Бұл мәселе, яғни, «ғылым докторы» деп жариялау журналы редакция алқасында ақылдасылған және КСРО Жоғарғы және орта бiлiм беру министрлiгiнiң өкiлдерi шақырылды. Бiз сыртқы мәселелер жөнiнде басқарманың бас бастығы Л.Бажановтың да пiкiрiмен таныспыз. Егер Ақылбек Келбұғанов тiрi болғанда оның жарияланған еңбектерiне қарап-ақ философия ғылымдарының докторы деп атақ беруге болады. Бiз сол үшiн әдейi «ғылым докторы» деп жаздық», – дейдi.

Ақылбек Келбұғановты 1987 жылы 29 мамырда Алматының бүкiл ғалымдары мен ҚазМУ-дiң студенттерi ақтық сапарға шығарып салды. Бүгiнде ол туралы ғалымдардың естелiктерi жазылуда.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары