ҚҰР СӨЗ – АНАУ, ҚҰЖАТ СӨЗI – МЫНАУ

ҚҰР СӨЗ – АНАУ, ҚҰЖАТ СӨЗI – МЫНАУ

ҚҰР СӨЗ – АНАУ, ҚҰЖАТ СӨЗI – МЫНАУ
ашық дереккөзі
265

Газетiмiздiң өткен жылғы 17-қыркүйектегi санында Әдiл Мұратбеков деген автордың «Шымкентте шенеунiктер шекiсiп жатыр» атты мақаласы жарияланған. Осы мақалаға орай, таяуда редакциямызға Б.Әлиевтiң өзiнен төмендегiдей хат түскен едi.

Бiрден айтайын, мақала шындыққа жанаспайды. Жалпы қара күйе жаға берсем болды деген бағытта ғана жазылған. Ал мәселенiң ақиқатын бiлгiсi келген адам төмендегi құжаттар мен айғақтарға назар салғаны жөн.

1. Мақалада келтiрiлген, менiң мемлекеттiк қызметте болуым мәселелерi бойынша «дәлелдемелердiң» негiзсiздiгiне мына құжаттар арқылы көз жеткiзуге болады (хаттардың көшiрмесi қосымша тiркелген):

1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң 2009 жылғы 24-қазандағы Қазақстан Республиксы мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiне №А/1762 жазбасы.

2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2009 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiне №7-0447-09 жазбасы.

3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2009 жылғы 20-қарашадағы 7/637-00 маған жолдаған жазбасы.

Мақала жазушы осы құжаттармен тiптi де таныспаған, менiмен жолықпаған, мұхият тексерусiз жазылған. Бұған дейiн де, бiрқатар азамат арызданып, олардың да негiзсiз айыптаулары бойынша газеттерде осы мәселе жазылып, бiрақ артынша олар өздерiнiң мәселенiң анық-қанығына жете көз жеткiзбей жазғанын мойындап, кешiрiм сұраған болатын (кешiрiм сұрап жазылған хаттың көшiрмесi қоса тiркеледi).

Мақала авторы, мақаланы жазудан бұрын менiмен кездесiп әңгiмелесуi керек едi. Алайда, бұл азамат журналистiк iзеттiлiктi сақтауды жөн санамаған. Егер маған жолыққанда жоғарыдағы құжаттарды көрсетiп, толық мәлiмет берген болар едiм.

Мәселе «Нұр Отан» ХД партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi қоғамдық кеңесiнде де қаралып, қандайда бiр заң бұзушылық анықталмаған (2009 жылғы қыркүйек айы).

2. Мақалада «… Д.Исаевтың ел заңының аяқасты болмауына араша түсiп, сол кездегi облыс басшысы Н.Әшiмовке… «Облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Болатбек Әлиевтi орнынан босатуы туралы …… ұсыныс» деп жазылған. Ол ұсыныс хат кезiнде жан-жақты толық зерттелмей ұсынылған. Оған сол кездегi облыс әкiмi Н.Әшiмов заң талаптарына сәйкес жұмысқа қабылдануым жөнiнде құзырлы органдар арқылы толық анықтап 2008 жылдың 6-қарашасында «Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» департаментi бастығына жауап хат жолдаған (хат көшiрмесi қоса тiркелген).

3. «……, ел iшiнде Б.Әлиевтiң «облыстағы кадр мәселесiн Астана арқылы тiкелей өзi шешiп отыратынын айтыпты» -мыс. Бұл гу-гу әңгiмеге айналып шыға келсе бола ма?» деп жазылған. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заңының талаптарына сәйкес мемлекеттiк қызметке қабылдау жөнiнде мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының актiсi негiзiнде жүзеге асырылады. Менiң атқарып отырған лауазымға «облыс әкiмiнiң орынбасары» мемлекеттiк қызметке қабылдау, не болмаса босату құқық берiлмеген, сол себебтi «айтыпты-мыс» деп айыптау негiзсiз.

4. Бәйдiбек ауданындағы Қ.Сәтпаев, Ш.Уәлиханов, С.Ерубаев атындағы мектептердегi құрылыс жұмыстары жөнiнде.

Аталған мектеп ғимараттарында жұмыс жүргiзген құрылыс ұйымдарының Р.Бексейiтовке қандай да бiр қатысы жоқ. Олар басқа азаматтардың меншiгiнде, сондай-ақ бұл құрылыс ұйымдары құрылыс жұмыстарын жүргiзу құқығын тендерден Б.Әлиев облыс әкiмiнiң орынбасары қызметiне тағайындалуына дейiн жеңiп алған. (Тендерлер 2006-2009 жылдардың тиiсiнше 14-ақпаны мен 26-мамырында өткен, ал мен облыс әкiмi орынбасары қызметiне 2009 жылдың 7-маусымында кiрiстiм.) Осы жағдай да менiң жоғарыдағы мәселелерге қатыстығым жоқтығын айқын бiлдiредi. Айта кету керек, аталған үш мектеп құрылысының сапасы бойынша аудан әкiмiнiң, аудандық маслихат хатшысының, аудандық құрылыс бөлiмiнiң және мектеп директорларының құрылыс ұйымдары ұжымына алғыс айтқан хаттары бар (Бұл құжаттар көшiрмесi қоса тiркелген). Рас, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп ғимараты пайдалануға берiлгеннен кейiн, 2009 жылдың 14-15-қарашасында күштi дауыл көтерiлген. Өкiлеттi органдардан алынған ресми мәлiмет бойынша желдiң күшi 28 м/с жеткен. Мұндай табиғи апат жағдайында ғимараттар қирап, электр желiлерi үзiлiп, бағаналардың сынып түсетiнi жөнiнде Облыстық төтенше жағдайлар департаментi анықтама берiп отыр. Осындай табиғат апатынан келген материалдық шығынды мердiгер мекеме – «Шымкент-Профиль» ЖШС-i өз қаржысы есебiнен атқарды.

4. «… осы аудан орталығында салынатын сметалық құны 2 млрд. теңгеден асатын кәсiби-лицей мектебi ……….» деп жазылған. Бұл дұрыс емес. Менiң оған ешқандай да қатысым жоқ. Бiрiншiден, жеңiмпаз мердiгер мекеме Р.Бексейiтовтiң иелiгiнде емес, С.Юсупов деген азаматтың иелiгiнде. Екiншiден, ұтысқа ие бола алмаған (тендерге қатыса алмаған) өзге мекемелер тендердi өткiзген және жеңiп алған ұйымның үстiнен сотқа арызданған. Сот мәселенi қарай келе, тендердiң дұрыс өткенi жөнiнде қаулы қабылданған (Облыстық сот коллегиясының №2А 1527/2009 қаулысы қоса тiркелген).

Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Б.Әлиев

РЕДАКЦИЯДАН: Газеттегi аталмыш мақалада облыстық маслихаттың депутаты Р.Бексейiтовтiң де атына айтылған сөздер бойынша да мына жағдайды айта кеткен жөн. Оның «Бәйдiбек ауданындағы үш мектептiң құрылыстарын жүргiзген «Шымкент-Профиль» ЖШС-не ешқандай қатысы жоғын серiктестiк директоры Е.Үкiбаевтың ресми хатынан, сондай-ақ оның сол Бәйдiбек ауданының Шаян елдi мекенiндегi 360 орындық кәсiптiк-техникалық лицей құрылысына ешқандай қатысы жоғын сол құрылысты жүргiзiп жатқан «ГХ Шымкентгаз» ЖШС-тiң директоры С.Юсуповтың арнайы жазылған хаты дәлелдеп отыр.

Серіктес жаңалықтары