ТАСҚЫННАН КЕЙIН...

ТАСҚЫННАН КЕЙIН...

ТАСҚЫННАН КЕЙIН...
ашық дереккөзі
343

Алматыдан шыққан автобус Қызылағашқа қарай бет алып келедi. Мақсатымыз — апат орны болған ауылдың бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгiн көру, бағыт-бағдарын байқау. Көз алдымызға анау күндердегi қайғылы жағдайлардағы сюжеттер ғана елес бередi. Қираған үйлер, ағаштың қиындылары, су шайған орындардағы үйлерден қалған тау-тау үйiндiлердi де көз алдымызға елестетемiз. «Ауыл халқы қандай күйде екен?» деген ой да санамызда қылт ете қалады.

ҚЫЗЫЛАҒАШТЫҚТАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚОНЫСЫ ДАЙЫН ТҰР

Қиын күндер артта қалды. Үкiметтiң «жұмыла көтерген жүк жеңiл» деп, көптiң көмегiмен апат болған ауылға бар жағдайды жасап жатқанынан да хабардармыз. Алайда, Алматыны кезген кейбiр ақпараттардың жаңғырығы да көңiлiмiзге күдiк ұялатады. «Шындығында да солай ма екен?» деген бiр ойлар бар. «Әй, олай болуы мүмкiн емес-ау» деп тағы бiр ойлар өзiне жетелейдi. «Ашыған сүттi берiптi» дейдi бiр газеттер. «Қайырымдылық аясында жеткiзiлген киiмдерге ауыл тұрғындарының қолы жетпей жатыр екен» дейдi, ендi бiр сымсыз телефондар. Ендi бiрi: «Салынып жатқан үйлердiң сапасы нашар. Құр бетонды тұрғызып қойыпты» деседi. Әйтеуiр, алуан-алуан пiкiр бар. Көзбен көрiп, қолмен ұстамаған соң, көңiл құрғыр сенгiсi де келмейдi. Не болса да, «бара көрелiк» дедiк.

Журналистердi толтыра тиеген автобус ауыл шетiне түс ауған шақта бiр-ақ жеттi. Қызу құрылыстың жүргiзiлiп жатқаны анадайдан көзге бiрден шалынады. Құрылыс басындағы жыпырлаған адамдар да өз iсiмен әлек. Шеткi үйдiң қызыл шатыры мен самаладай болып тiзiлген көгiлдiр шатырлы үйлердiң жанына келiп, табан тiредiк. Алматыда таңғы жауын сiркiреп тұрған едi. Мұнда құп-құрғақ. Ауаны ала бұлт торлап алыпты. Күннiң көзi анда-санда бұлт арасынан жымыңдап қояды.

Бiр топ журналистердi облыс басшысы өзi қарсы алды. Бәрiмiздiң де назарымыз құрылысы бiтiп, дайын тұрған үйлерге түстi. Ауыл iргесiнен қоныс тепкен қырық шақты үйдiң көркi ерiксiз көз тартады. Сақадай-сай тұрған үйлердiң келбетiн өзге журналистер тамашалап жатқанда, екi-үш журналист сытылып, кешегi Қызылағаштың үңiрейген орнын көрмекке, жоғарыға қарай, жаяулатып, iлбiп келемiз. Ауыл iшiнде құрылыс жүргiзiлiп жатқандықтан, айналаның бәрi ақ тозаң топырақ. Борпылдақ топырақты кешiп, көше бойымен өрлеп келемiз. Ауыл iшiндегi көшелердiң жанының бәрi қазылып тасталған. Айналып өтпесеңiз, төтесiне тура шығар жол жоқ.

Кiрпiшi қаланып, еңсе бойы көтерiлiп қалған үйдiң маңына тоқтадық. Құрылыс жүргiзiп жатқан жұмысшылардан ескi ауылдың орнын сұрадық. Әуелде теледидардан көргенiмiздей емес, көп жерлер үйiндiлерден тазарып, құрылыс алаңына айналғандықтан, ауылдың бұрынғы тұрпатын көру мүмкiн емес. Айналаның бәрiнде жұмыскерлер үй салып, топырақ тасып, кiрпiш қалап жатыр. Iргетасы құйылып, кiрпiшi қаланып жатқан үйлерге көз тастап отырып, әлгiндегi «үйлердiң көбi бетоннан тұрғызылып жатыр екен» деген ақпарат есiме түстi. Салынып қойған үйлердi қайдам, жаңадан басталып жатқаны бар, қабырғасы көтерiлiп қойғаны бар, өңшең кiрпiштен салынып жатқан үйлер. Сонда «бетоннан тұрғызылып жатыр» деген әңгiме қайдан шыққан?!

АЛЛАНЫҢ ҮЙI АМАН ҚАЛЫПТЫ

Құлаған ағаштардың сынығы болмаса, үйiндi-үйiндi болып жатқан үйдiң қалдықтары көп көзге түсе бермейдi. Жол қысқарту үшiн көлiкке отырғанбыз. Көлiк жүргiзушiсi құрылыс компанияларының жетекшiлерiнiң бiрi екен. Ол кiсiнiң айтуына қарағанда, үйлердiң көбiнiң орны тазартылып, оның үстiне құрылыс жұмыстары басталып кетiптi. Ауылдағы үйлерден шыққан қалдықтардың бәрiн ауыл сыртындағы арнайы қоқыс төгiлетiн аймаққа жинап жатқан көрiнедi. Бiздiң бағыт – апаттан аман қалған жалғыз үйдi, яғни мешiттi көру едi. Мешiттiң сыртындағы сылағының бәрi түсiп қалған. Су шайып кеткен жерлерiн түгел тазалап, сыпырып қойыпты. Қабырғадағы сылақтар да қопсып түсейiн деп тұр. Қай жерге дейiн көтерiлгенiнен белгi есебiнде судың iзi сайрап жатыр. Құламады демесек, мешiттiң де халi адам аярлықтай. Төрт қабырғасы ғана қаңқайып қалыпты. Iшi-сыртының бәрi адам көргiсiз түске енген. Ауылдағы тұрғын үйлер аяқталған соң, бұған да кезек келер деп iштей өзiмiздi өзiмiз жұбаттық. Есiк-тесiгi аңқайып жатқан мешiтке мұсылман бауырлар келiп, бес уақыт намазын оқып жатыр.

«ТӘУБӘШIЛДIК» НЕМЕСЕ ТАПТАЛҒАН КИIМДЕР

«Бiреудiң кiсiсi өлсе, қаралы ол». Дана Абайдың сөзi. Мұнда бiр кiсi ғана өлген жоқ, қу тоған қырықтан астам адамдың ажалына себепкер болды. Қырықтан астам адамын жоғалтқан бұл ауылды қара жамылған, қаралы ауыл деп қалай айтпайсың. Күнi кеше ғана мұнда жайбарақат бiр ауыл тiршiлiк етiп, тiрлiк кештi-ау, деген ой жанымды жегiдей жейдi. Сәбилер де шат-шадыман күлiп, қозы-лақ қуып, асыр салған шығар мұнда. Ендi мiне, сол балалардың балғын күлкiсiн, үлкендердiң қамсыз тiрлiгiн тас бөгет бiр түннiң iшiнде жермен-жексен етiптi. Қазаны оттан түспеген, меймандос халықтың шаңырағы бiр күннiң iшiнде ортасына түстi. Ғасырмен құрдас алып қарағайлардың қаңқасы ғана қалыпты. Үңiрейген дiңiнiң өзi қорқынышты. Күнi кеше осында мамыражай тiрлiктiң болғанынан хабар беретiн де осы қарағайлар сияқты.

Ауыл тұрғындары қоныстанған палаткалы үйлерге беттеп келемiз. Көк шатырлы үйлер сияқты, кiлең көк палаткалар да бiрден көзге түседi. Кейбiр палаткадан созылып түтiн де шығып жатыр. Ер азаматтардың көбi құрылыста жүрген соң, мұнда апа-әжелерiмiз, кiшкентай сәбилер ғана көзге шалынады. Кiр-қоңын жуып, палатка маңында жүрген ананың жанына жақындадық.

— Апа, қалыңыз қалай? — деген сауалымызға:

— Шүкiр, — дедi ана.

— Апа, апат болған күнi ауылда болдыңыз ба?

— Иә. Құдашамның күйеуi сонда жұмыс iстейтiн. Сол үйiне телефон шалып: «Су күш бермейтiн сияқты. Елге дүрбелең қылмай, шығып кетiңдер» дептi. Бiрiне-бiрi айтып, естiгендер аман қалды ғой. Кейбiр көршiлердiң айтқанын елең қылмай, су тасқынында қалып қойған семьялар да бар.

— Судың күш бермей жатқанын естiгендерiңiз қай кезде едi?

— Сағат он жарымдар болатын. Судың атылған кезi 12-ден өте болды ғой.

— Палаткада тұрып жатырсыздар, суық емес пе?

— Кешке қарай от жақсақ, жылиды.

— Қай жерде тұрдыңыздар, үйдi сiздерге сол жерден салып жатыр ма?

— Сол үйiмiздiң орнына салатын болды. Ең бастысы, тезiрек сол үйiмiз бiтiп, кiрсек деймiз. Әзiрге жағдайымыз жаман емес. Тамағымыз бар, киетiн киiмiмiз бар. Тәубе!

Палаткадағы тiршiлiктi көзбен көрiп, аралап жүргенiмiзде, облыс басшысы Серiк Үмбетов мырза да келген едi. Облыс басшысы келген соң, палаткадағы тұрғындар да жиылып, әкiмге өздерiнiң көкейiндегi сауалдарын қойып үлгердi. Әкiмнiң жанына жақындап келген бойжеткен қыз өзiнiң студент екендiгiн, әкiмге арнайы хат жазғандығын жеткiздi. Көзiндегi моншақтаған жасын жасыра алар емес. «Төртiншi курсты бiтiргелi отырмын. Ақылы бөлiмде оқимын. Менен кейiн бiр сiңлiм бар. Әкем ертеректе қайтыс болған. Анам апаттан көз жұмды. Оқуымның елу пайызын төлеп қойдым. Келесi елу пайызын төлеуге ақшам жоқ» дейдi өзiн Ардақ Елтаева деп таныстырған қыз. Әкiм қолына ешқандай хаттың тимегенiн айта келiп: «Маған дүйсенбi күнi кел. Қазiр өзiңнiң аты-жөнiңдi, оқитын оқу орныңды, телефондарыңды жазып бер. Мен ақшаңды төлеп беремiн» дедi әкiм. Ардақтан кейiн де жиылған қауымның әкiмге қояр сұрағы аз болмады. Орта жасқа келiп қалған ауыл тұрғыны өзiнiң отбасымен қалада тұрып жатқандығын, әлi күнге қайырымдылық шарасы бойынша берiлiп жатқан киiмдерден бiр киiм алмағандығын айтады. «Айман, өзiң бiлесiң, мұнда келiп жатқан киiмдердiң көбi жаңа емес. Сол киiмдердi «жаңа емес» деп, алмай қойғандар көп» дейдi әкiм. Жолда кетiп бара жатқанымызда, киiмге байланысты қызық ақпаратты бiз де естiгенбiз. Республиканың түкпiр-түкпiрiнен келiп жатқан киiм-кешектердi «этикеткасы жоқ» деп алғысы келмей, аяғымен таптағандар да болыпты. Соны естiгенде, жағамызды ұстадық. Есiмiзде, Алматы қаласының өзiнде қайырымдылық шарасы аясында, «Қызылағашқа көмек» акциясы ұйымдастырылған болатын. Үстiндегi жөнi түзу шекпенiн шешiп бергендердi де көзiмiз көрдi. Сонда әлгi шекпендi «этикеткасы» болмағаны үшiн, табанға таптау керек пе?! Қайғыдан қара жамылған елдiң халiн түсiнемiз. Бiрақ, «бас аман болса, мал табылады» деп шүкiрлiк ететiн халық емес пе едiк. Ендеше неге айдың-күннiң аманында, берiлген көмектi табанға салып таптаймыз?!

120 мың теңгеге қатысты әңгiмеге де әкiм өзiнiң жауабын қайтарды. «Ертең баспаналарың бiтiп, өз үйлерiңе кiрген кезде, ол үйге қажеттi тұрмыстық заттарды қайдан аласыңдар? Қазiр ол ақшаны қолдарыңа берсем, одан ешқандай пайда болмай қалар едi. Ал, үйге кiресiңдер ғой, сосын, ол үйде қанша жан бар, соларға қажеттi төсек, тұрмыстық заттар, ас үйге қажеттi заттарды алар едiңдер. Жақында қырық үйдi тапсырсақ, сол үйге қажеттi нәрселердi де бiрге кiргiзiп беремiз. Жататын көрпе-төсегi, тамақ iшетiн үстөлi, ыдыс-аяғы, бәрi шешiлер едi» дейдi. «Көмек бәрi болып жатыр ғой, рахмет! Менiң қоятын бiр сауалым бар. Бiз үй-жайымыздан да, қора-қопсымыздан да айрылып қалдық. Ертең сол қасықсыз қалған адамдар мен қора-қопсысы аман қалғандардың жағдайы бiрдей бола ма?» деген сауал тастады жiгiт ағасы. «Бәрi бiрдей болады. Кейбiреулердiң жағдайы бар шығар. Арасында жағдайы жоқ адамдар да бар. Сондықтан ешқайсысын алаламай жағдай жасауымыз керек. «Үйiме мебель қойып берiңiз» деп бiреулер айтуы мүмкiн. Бiр үйге олай мебель қойылатын болса, онда барлық үйге де мебель беруiмiз керек. Елдiң арасына өйтiп iрiткi салатын жағдайым жоқ. Қасық беремiз бе, бәрiне бiр-бiрден қасық беруiмiз қажет» дедi әкiм.

Баспанасымен бiрге көше бойындағы кафесiн де су шайып кетiптi бiр ананың. Баспанасын салып жатыр, ал кафесiн ше? Бұл әкiмге қойған ананың сауалы. Салығын уақтылы төлеп отырған ананың кафесiн салып беру мүмкiн бе? Әкiм: «Қазiр кафе саламын деп уәде бере алмаймын. Оның заңдылықтарын көрейiн. Бiрақ, кафеңдi салып бермесек те, арнайы кафеңе орын беруге көмектесейiн» дегендi айтты.

Малға қатысты әңгiмелер де айтылды. «Пәлен қойым, түген сиырым бар едi деп айтып жатады. Бiрақ, ол малдың соншалықты болғандығы туралы құжаттары тағы жоқ. Әрине, малсыз қиын екенiн де бiлем. Облысқа қатысты аудандардың бәрiнен жинақтап, бiр-екi қараның басын құрап беруге уәде берейiн» дедi, бұл сауалға Серiк Әбiкенұлы.

Құжаты жоқ, бiреулердiң үйiн паналап жүргендер де бар екен ауыл арасында. Оның бәрiне бiрдей үй салу мүмкiн емес те шығар. Бiрақ, белгiленген үйлер салынып бiткеннен кейiн, бұл шаруаны да шешуге тырысатындығын айтады әкiм. Әкiмге қойылған сан-сауалдың бәрiне жауап берiлдi. Бас шұлғып, риза болғанын да байқадық жұртшылықтың. Бiрақ….

Әкiм мен жұртшылық осылай мұң-зарын айтып тiлдестi. Әкiм кеткеннен кейiн, бас шұлғып келiскен кейбiреулердiң әлгiндегi сөзiнен тайқып шыға келгенiн де көзiмiз көрдi сол күнi. Камера ұстап, ағылған журналистерге кейбiреулер өзгеше пiкiр айтып жатты. Жәрдемге берiлетiн ақшаны қазiр алғысы келетiнiн де айтады бiреулер.

Айтпақшы, ауыл әкiмi Сәуле Әмитовадан ашыған сүтке қатысты әңгiменiң қайдан шыққандығын сұраған едiк.

— Ешқандай ашыған сүт берiлген жоқ. Құрғақ сүт берiлген. Шеттен келген бiр мұғалiм солай айтыпты. Содан кейiн санитарлық эпидемияның адамдары келiп, арнайы тексердi. Ешқандай да мерзiмi өтiп кетпеген. Дәл сол сүттi де, бұқтырылған еттi де өзiмiз жеп, iштiк. Ешнәрсе болған жоқ.

— Өзiңiз бұрын қай қызметте болдыңыз?

— Мал зоотехнигi болып қызмет атқарғам. Шаруа қожалығым бар. Менiң де мұнда сiңлiм отбасымен кетiп қалды. Мұнда құрылыс жасауға келген адаммын. Қызылағаштың жоғын жоқтап жүрген адамның бiрiмiн. 28-нен бастап, осы қызметке қойды. Шыны керек, жұмыс iстеймiн деп айта алмаймын. Қиын. Шаршадым. Адамдар түсiнбейдi.

ТАС БӨГЕТТЕН ҚАЛҒАН БЕЛГIЛЕР

Құлаған көпiрдiң жанында тұрмыз. Ақсудың айналасының бәрi омырайып жатыр. Бiр кездерi Iлияс Жансүгiров жырға қосқан Ақсу неге ол түнi жылап ақты екен?! Қабырғамыз қайысып, сарқырап жатқан Ақсудың қасында тұрмыз. Тас бөгеттiң жұрнағы болып, үп-үлкен құбырлар әр-әр жерде шашылып жатыр. Көпiрдi бойлай, тау ортасындағы бөгетке де жылжып келемiз. Тау-тастың да тасқын судан зардабын шеккенiн байқайсың. 465 баспананы әп-сәтте жалмап кеткен су жайбарақат ағып жатыр. Тас бөгеттiң құр орны ғана қалыпты. Екi таудың ортасынан төмен құлдилаған өзен суларын бойлай, жоғарыға iлбiп келемiз. Көпiр де жоқ. Ауыл мен қаланы жалғап жатқан тас көше де опырайып қалыпты. Трассаның бойындағы көлiктер айналма жолмен кетiп жатыр. Дөңгеленген құбырларға қарап, су тасқынының қаншалықты алапат болғанын байқайсың. Судың күштiлiгi соншалықты, адам көтере алмайтын дәу құбырлар қақ бөлiнiп, әр-әр жерлерге домалап кеткен.

Айналдырған бiр айдың iшiнде жаңа ауыл пайда болып келедi. Қарқынды жүрiп жатқан құрылыс жұмыстары тоқтамайтын болса, лезде-ақ ауыл жаңадан көркейiп шыға келетiнi айқын. Игiлiктi iстiң басы-қасында жүрген азаматтардың тiрлiк iстеуге деген қарқыны да тау қопарардай. Палаткада бүрсең қаққан ауыл тұрғындары да тезiрек ес жинап, баспанасына қоныс аударса, бәрi де орнына келер ме едi деп ойлайсың.

Бiрақ, бiр жарты сағаттың iшiнде бүтiн бiр ауылды жалмап кеткен сол бiр қаралы күндi ауыл халқы оңайлықпен ұмыта қояр ма екен. Жақынын жоғалтып, бауыр етi баласынан айырған, бiр отбасыны түгелiмен жалмаған апаттың қасiретi ешқашанда көкейден кетпейдi, көңiлден өшпейдi. Әрбiр айдың он бiрi күнi ауыл тұрғындары еске алып отыратын болар, бәлкiм!

Қызылағаштың маңында тасқыннан зардап шеккендерге арналып арнайы ескерткiш те соғылатын болыпты. Тасқын судың үстiнде баласын бауырына алып, ағашқа өрмелеген ана тұр. Дәл осы көрiнiс ескерткiште бейнеленетiн болады. Ескерткiш тақтаға қарап, келешек тiршiлiк иесi өзiне тәубә жасайтын болар, кiм бiлсiн?!

Сонау бiр жылдары ату мен асуы көбейiп, Қандыағаш атанған, күнi кеше тасқынның астында қалып, қырықтан астам адамын жоғалтқан Қызылағаштың басына қайта қауiп төнбесiн! Алланың үйiн шая алмаған су ендi қара халықтың басына қайғы әкелмесiн, ылайым! Жырлап аққан Ақсу ендi ешқашан жылап ақпаса екен.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары