ТАИЛАНДТЫҢ ТАБЫС КӨЗI – ТУРИЗМ

ТАИЛАНДТЫҢ ТАБЫС КӨЗI – ТУРИЗМ

ТАИЛАНДТЫҢ ТАБЫС КӨЗI – ТУРИЗМ
ашық дереккөзі

Жылдың кез келген мезгiлiнде Таиландқа қарай ағылатын шетелдiк туристер легiнде шек жоқ. Өйткенi, туризм саласын жолға қойған осынау шап-шағын мемлекетте ұлттық экономикалық көрсеткiштердiң басым бөлiгi аталған салаға тән. Таиландтың туристiк басқармасының Мәскеулiк бөлiмi бастығының орынбасары Паттара-анонг На Чиангмай ханым тайлықтар жерiндегi туризм саласына қатысты сауалдарымызға жауап бердi.

– Паттара-анонг ханым, өзiңiз қызмет ететiн басқарма туралы қысқаша айтып өтсеңiз?

– Таиландтың туристiк басқармасы (Tourism Authority of Thailand – TAT) 1960 жылдың 18-наурызынан бастап қызметке кiрiскен. Таиландтың халықаралық туризм нарығына дендеп енуiне айтарлықтай үлес қосқан ТАТ елдегi алғашқы ұйым болатын. 2008 жылы Мәскеуден өкiлдiгiн ашқан Басқарма орталықазиялық елдермен тығыз байланыс орната бастады. Жыл сайын туризм саласына қатысты түрлi көрмелер мен мәдени шараларды жиi ұйымдастырып, демалушылардың Таиландқа қайта-қайта ат басын бұруына мүдделi. Бiз Таиландта демалған Қазақстанның әрбiр азаматы тiлмен жеткiзе алмас сезiмге бөленiп, елдерiне тыңайып қайтатынына сенiмдiмiз.

– Елiңiзде баса назар аударылатын туризм саласының бүгiнгi ахуалы қандай?

– Таиландтың экономикасы көбiнесе экспорттық шараларға тәуелдi. Экспорттық шаралар ЖIӨ-нiң 60 пайызға жуық бөлiгiне тең. Сондай-ақ, бiздiң елiмiз Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерi арасында жетекшi орынға ие. АҚШ-пен және басқа да алпауыт елдердiң нарықтары арасында орнатылған сауда-экспорттық шаралардың арқасында Таиландтың экономикасы 1997-1998 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейiн есiн тез жиды. Экспорттан кейiнгi екiншi кезекте тұрған – жыл сайын кiрiс көрсеткiштерi өсiп келе жатқан туризм саласы. 2004 жылғы су тасқынының салдарын жоюға қолданылған жедел шаралардың арқасында тайлықтар курорттық аймақтардағы инфрақұрылымдарды қалпына келтiрумен бiрге туристер ағынын арттыруға да қол жеткiздi.

– Жыл сайын Таиландта демалатын қазақстандықтардың саны қанша?

– Былтыр бұл көрсеткiш 25 307 болды. Ал 2004 жылы небары 7 259 едi. Биыл Қазақстаннан келетiн туристер саны 10-15 мыңға дейiн жетедi деген үмiттемiз. Таиландқа келетiн туристердiң жалпы ағынына келсек, 2008 жылы – 14,5 миллион, 2009 жылы 14 миллион болды. Биылғы көрсеткiш 15-15,5 миллионның үстiнде болады деген болжам бар.

– Сонда Таиланд шетелдiк туристерге несiмен тартымды?

– Бiздiң шетелдiктерге ұсынатын 7 кереметiмiз бар. Бiрiншiсi, тайлық өмiр сүру салты; екiншiсi, ұлттық құндылықтары, яғни, аса бай мәдени мұраларымыз; үшiншiсi, күн астында қыздырынып, тамаша демалуға мүмкiндiк беретiн жағажайлар; төртiншiсi, табиғаты; бесiншiсi, денсаулықты нығайту; алтыншысы, сән әлемiнiң соңғы үдерiстерi (бұл әсiресе, дүкен аралауды ұнататын әйелдер қауымы үшiн аса маңызды); жетiншiсi, жыл сайын сансыз мерекелер мен фестивальдерге бай Таиландтың түрлi мәдени шаралары.

– Осы 7 кереметтiң қайсысы жатжұрттықтарға аса қызық деп ойлайсыз?

– Аталған мәселелердiң барлығы да өзiндiк ерекшелiкке ие болғандықтан, туристер үшiн кез келген керемет қызық деп ойлаймын. Мысалы, тайлық өмiр сүру салтында ұлттық әдет-ғұрпымыз, ұлттық тағамдарымыз, спорт пен әлемге әйгiлi тайлық массаж, ауыл шаруашылығы туризмi, дәстүрлi тайлық мерекелiк шаралар қамтылған. Ал ұлттық құндылықтарымызда тарихи орындар мен мұраларға аса бай елiмiздiң археологиялық ескерткiштерi, архитектурасы мен дiни орындары кеңiнен насихатталады. Жағажайларымыз романтикалық, отбасылық, белсендi демалуға арналған және жабайы деп бiрнеше түрге бөлiнедi. Табиғатына келсек, эко-туризм, саяхаттар мен кэмпингтер, шытырман оқиғаларға толы туризм, жергiлiктi сұлулық, дайвинг пен яхтада қыдыру демалушыларға өте ұнайтыны анық. Денсаулықты нығайту үшiн СПА, медицинаның кереметтерi, медитация қарастырылған.

– Ал әйелдер қауымына қатты ұнайтын сән әлемiнiң соңғы үдерiстерi ше?

– (Күледi). Дұрыс айтасыз, бұл жаратылысынан нәзiк әрi сұлулық пен әдемiлiкке әуес әйел бiткенге шынымен қызық. Мұнда бiз трендтер, шоппинг, түрлi көңiл-көтеру, гольф ойыны, бiлiм беру туризмi, МIСЕ-туризмдi қамтыдық. Сонымен қатар жетiншi кереметке фестивальдер мен мәдениетiмiздi, музыка мен спорт, егiн орағы, дәстүрлi жәрмеңкелер мен басқа да қызықты шараларды қостық.

– Сiздiңше, Таиландтың қай аймағы туристер үшiн ерекше?

– Бiздiң елiмiздiң барлық аймағы да жатжұрттық туристер үшiн аса тартымды. Мысалы, акванариум өте жақсы дамыған орталық аймақта су әлемiне саяхат, түрлi көңiл көтеретiн шараларға бай болса, оңтүстiк аймақтағы Ко Ланта, Пхукет, Самуи, Краби аралында жағажайлар мен сан алуан спорттық шаралар өткiзiледi. Шығыс жағалаудағы Ко Чанг, Трат, Паттайя, Районг та өзiнше әсем. Солтүстiк аймақтағы Чанг Май, Чанг Рай, Кампханг Пхет, Сукхотай, Пхетчабундағы таулы аймақтар мен әртүрлi мәдени орындар да демалушылар есiнде мәңгi есте қалары анық. Табиғатты ұнататындарды Таиландтың солтүстiк-шығыс аймағындағы Меконг өзенi, Ван нам Кию ұлттық бағы асыға күтедi.

– Демалушыларды көптеп тартуда қолданылатын арнайы жеңiлдiктер мен акциялар бар ма?

– Таиландтағы өмiр сүру деңгейi көп елдерге қарағанда, әлдеқайда төмен екендiгiн бiлесiздер. Сондықтан туристердiң қалтасына аса салмақ салады деп ойламаймын. Бiрақ егер сiз муссондық жауын мезгiлiне тап келсеңiз, Таиландтағы 4 немесе 5 жұлдызды қонақүйлердiң өзiнде 50 пайызға дейiн жеңiлдiкке ие болуыңыз мүмкiн. Себебi, туристердiң негiзгi ағынын тайлықтар әр жылдың наурыз-мамыр аралығында күтедi.

– Таиландтың туризм саласындағы басты бәсекелесi ретiнде қай елдi атар едiңiз?

– Негiзi Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерi туризм саласында бәсекелестiктен гөрi ынтымақтастыққа ден қойған. Сондықтан аталған аймақты бетке алған туристерге Таиландпен бiрге Индонезия, Малайзия және Қытайды да аралап шығуына мүмкiндiк мол.

– Бангкоктағы жиi қайталанатын саяси жағдайлар шетелдiк туристердiң Таиландта дем алуға деген құлшынысына керi әсер ететiнi белгiлi. Осы орайда, туристердiң жеке бас қауiпсiздiгiн сақтауда қандай шаралар қабылданған?

– Бангкок – тұтас бiр Таиланд емес. Оның үстiне, әрбiр туристiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде жергiлiктi билiк пен тәртiп сақшылары аса сақ әрi ұқыпты. Сондықтан кез келген елдiң азаматы тайлықтар жерiнде емiн-еркiн демалуына, саяхаттауына мүмкiндiгi бар деп сенiммен айта аламын.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ