Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ: КӨРГЕНДIЛIК

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ: КӨРГЕНДIЛIК

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ: КӨРГЕНДIЛIК
ашық дереккөзі
416

Нұрғиса Тiлендиевтiң iзгiлiгi хақында

– Аналарға деген құрмет-сезiмi қандай едi?– дедiм мен.

Есiркеп Жолдасов:

– Ерекше болатын. Ана десе жүрегi аңырап тұратын.

– Кейде Нұраға ұйқыдан ояна салысымен: "Анам түсiме ендi. Әй, Дариға, жетi шелпек пiсiр" – деп анасының қабiрi басына барып, аруағына тағзым етедi екен ғой?

– Иә, солай. Менi қасына ертiп алатын. "Апа-ау, мен келдiм" – деп анасының зиратына басын төмен иiп, сәлем беретiн. Өзi Құран бiлмейдi. "Дәметкен аруақтарға, аталарым Жабайдың (Жамбылдың әкесi), Ноғайбайдың (Ыдырыс Ноғайбаевтың әкесi), әкем Атабайдың (Атабай, Жабай, Ноғайбай ағайынды кiсiлер екен), анам Салиханың аруақтарына арнадым" – деп бетiн сипайтын.

Алғашқы танысқан күннен бастап өзiнен үш жас үлкен менiң анамды да «апа» деп өте жақсы көрдi. Үйiнде жүргенiмде:

– Апамнан хабар алдың ба? Апаммен сөйлестiң бе? – деп күнiне екi-үш рет сұрап қоятын. Бiрде Мәскеуге барып, мейрамханада екеумiз қатарласа шай iшiп отырғанбыз.

– Ескен, сен қазiр ГУМ-ға (орталық әмбебап магазин) бар да, екiншi қабатына көтерiл. Соның үшiншi сөресiнде апама лайықты бiр әдемi орамал тұр. Соны барып алып кел. Мә, ақшаң – деп, 28 сом бердi. Iшiмнен: "Мен қасында жүрмiн. Ол магазинге қашан барып үлгердi? Әлде бiреуден сұрап бiлдi ме? Өзi барып көрiп келгендей, бағасына дейiн бiлiп отыр", – деп мен таң қалдым. Барсам, тура сол орамал тұр. Сатып ап:

– Мiне, аға, әкелдiм, – дедiм.

– Шабаданыңа сап қой. Ертең ауылға барғанда апаңа сыйла, – дедi.

– Ой, қандай көргендiлiк?! – деп мен тiптi тебiренiп кеттiм. Үлкен кiсiлердi көрсе, әсiресе, аналарды көрсе, жас баладай қуанатын.

Өзiнiң анасын көргендей, анасы тiрiлiп келгендей ақтарылып, сыр шертетiн. Бiр сөзбен айтсам, жүрегi кең кiсi едi.

– Бiреулердiң мiнезi шатақ, Ол кiсiмен әңгiмелесуге де, қасында отыруға да болмайды дегенi бекер екен ғой?

– Бекер. Сөйлесiп, кiм екенiңдi бiлгеннен кейiн iшi-бауырыңа кiрiп, дария боп ағатын. Жұбайымның аяғы ауыр едi.

– Атын ұл туса, Нұрғиса, қыз туса, Дариға қоям, – дедi.

– Аға, Құдай қаласа, – деп бiз қуана құп алдық. Сол Дариға қызым Астанадағы музыка акдемиясын бiтiрiп, сонда ұстаз боп жүр. Мiнезi тура Нұрағаның мiнезi.

– Ерекше есту қабiлетi де ұқсай ма?

– Ұқсайды. Өте әсершiл қыз.

– Бiр сөзiнде Асқар Тоқпанов аға "Нұрғисаның көрiпкелдiк қасиетi де бар" деген едi. Сен бұл жөнiнде не айтасың?

– Асекеңнiң ол пiкiрiмен толық қосылам. Болашақты болжап: "Бiз әлi егемендiгiмiздi аламыз. Өзiмiздiң туымызды желбiретемiз, өз әнiмiздi шырқаймыз," – дейтiн. Ондай ұғым он ойланып, жүз толғансам да менiң басыма келмейтiн.

Нұраға ешкiмнен именбей тiк жүрдi. Бiздi баласындай алақанында аялап, қолынан келген жақсылығын аямады. Ол кiсiнi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы, КОКП Орталық комитетiнiң саяси бюро мүшесi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзi жақсы көрiп, еркелеттi.

– Мiнезi Баукеңнiң мiнезiндей деген кiсiлердi де кездестiрдiм.

– Ол рас. Мiнезi Баукеңнiң мiнезiнен бiр мысқал кем емес едi.

– Музыка саласындағы Баукең десеңшi?

– Дәл солай.

– Бiр-екi мысал келтiршi?

– ФРГ-де Қазақстанның онкүндiгi өтпек. Оған бiздiң "Отырар сазы" оркестрi де баратын болды. Дайындық басталып, үш ай тыным таппадық.

Бәрiнен тексеру деген жаман екен.

– Әке-шешең сотталған ба? Отбасыңдағылар кiмдер? – деп есiмiздi шығарып, тырнағымыздың, шашымыздың ұзындығына дейiн сұрады. Мен шет елге шығудың қиындығын алғаш сол жолы бiлдiм.

Күнде аудандық, қалалық, облыстық партия комитетi, аудандық, қалалық, облыстық атқару комитетi шақырады. Жолға шығар алдында тиiстi орындағылар:

– "Отырар сазы" оркестрiн Есiркеп Жолдасов алып барады, – деп жауапкершiлiктi маған жүктедi.

– Неге Нұрғиса Тiлендиев аға өзi бармайды? – десем, ол кiсi соғыста барлаушы болған екен. Соған байланысты шет елге шығу құқығы шектеулi көрiндi. Қандай әдiлетсiздiк?!

– Ол кезде сен қанша жаста едiң?

– Жиырма тоғыз жаста едiм. ФРГ-ге аттандық. Арамызда Ермек Серкебаев, Бибiгүл Төлегенова, опера және балет театрының әншiлерi, бишiлерi бар. Басшымыз – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Кәкiмжан Қазыбаев аға.

Еуропаның өнерге жан-тәнiмен берiлгендiгi ә дегеннен байқалды. Өзiмдi мүлде бөлек дүниеде жүргендей сезiндiм. Бейне түсiмде көрген әлемге енiп кеткендеймiн. Ленинградтан тiке Фиринсбургнамани деген қалаға ұштық. Әуежайдан күтiп алып, қонақ үйге орналастырды.

Кешкi сағат сегiзде концерт беруiмiз керек. Оркестр қай жерге, қалай орналасады деп көрермен залымен күнiбұрын танысып шығып, қасымдағы немiс азаматынан:

– Осы 500 орынның бәрiне халық келе ме? – деп сұрадым. Ол сенiмдi түрде:

– Келедi. Билет әлдеқашан сатылып кеткен, – деп күлiмсiрей жауап бердi.

Бiраз демалған соң, ұжымыммен тағы жаттығу жұмысын жүргiздiм. Дәл сағат сегiзде концерттi "Отырар сазы" оркестрi бастауы керек. Сегiзге он минут қалғанда залға көз салдым. Бiр адам жоқ. Арада бес минут өттi. Зал бос. Мен аң-таң қалып, қасымдағы немiс азаматына:

– Бiз концерттi қалай бастаймыз? – деп сұрадым. Ол:

– Ең соңғы үшiншi қоңырау соғылғанда сахна ашылады. Сол кезде бастайсыздар, – дедi. Үшiншi қоңырау соғылып, сахна ашылды. Қарасам, зал көрерменге лық толы. Не деген дәлдiк, не деген ұқыптылық?! Жұрт ешқандай у-шусыз, жым-жырт орындарына уақтысында кеп отыр. Ең ғажабы, бiр шығарманы екi, үш реттен орындаттырды. Сахнадан кетiп қаласың ба, зал ду қол соғып, жiбермей, қайтадан шақырып алады. Екi сағатқа жоспарланған концертiмiздiң бағдарламасы үш жарым, төрт сағатқа созылды.

Бiз ФРГ-нiң көп қаласында болдық. Бәрiнде де жоғарыдағы жағдай қайталанды. Газеттер бiздiң шығармашылық iзденiсiмiзге жоғары баға берiп, жарыса жазып жатты.

– Ертең елге қайтамыз. Ортадан ақша жинап, ұжымымыздың Алматыда қалып қойған мүшелерiне сыйлық алып, көрген, бiлгенiмiзбен бөлiсейiк. Сөйтiп шет елден келгенiмiздi бiлдiрейiк, – дедiм.

Бiздi Алматы әуежайынан Нұраға бастаған ұжымымыз қуана қарсы алды. Қасымдағы көмекшiм-домбырашы жiгiтке сыбырлап:

– Сен сөйлеп, Нұрағаның атына жылы сөздер айт, – деп едiм:

– Ой, Есiркеп, өзiң айт, – дедi ол жүрексiнiп.

– Жарайды, – деп концертiмiздiң жақсы өткенiне, еуропалықтардың өнерiмiзге шын пейiлдерiмен тәнтi боп, қуана қол соққанына бiраз тоқталып, бiздi осындай дәрежеге жеткiзген, көпшiл, ұйымшыл етiп тәрбиелеген Нұраға сiзсiз, – деп ұжымымыз атынан алғыс айттым.

– Нұрағаңның сендердi қалай көпшiл, ұйымшыл етiп тәрбиелегенiне тоқталшы?

– Назарыңызды бiр шағын оқиғаға аударайын. Бiрде Мәскеуге барып, концерт қойдық. Концертте әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң ректоры, академик Өмiрбек Жолдасбеков сөйлеп, Нұрағаның иығына шапан жапты. Корзина толы гүлдi әкеп қасына қойды.

Концерт бiткеннен кейiн бiз сахнаға шықтық. Нұраға әлгi шапанды алды да, микрофонды ұстап:

– Өмеке, маған шапан жапқаныңа рақмет. Сен де әрқашан абыройлы боп жүргiн. "Берген шапанымды өзi кимедi" деп ренжiме. Мына жерде шәкiртiм концертке бiрiншi шығып тұр. Бұл баланы Оңтүстiк Қазақстаннан өзiм тауып әкелдiм. Сен сыйлаған шапанды осы шәкiртiмнiң иығына жабам. Шарапатты азамат едiң, шарапатың тисiн – деп, зерлi жағалы шапанды менiң иығыма жапты. Осындай тәрбие көрген бiз қалай көпшiл, ұйымшыл болмаймыз?

– Сендерге өз өмiрiнен әңгiме айтушы ма едi?

– Айтатын. "Ауылдан Алматыға көшiп келiп, екiншi Темiржол вокзалы жанындағы бiр орыстың үйiн сатып алдық" – дейтiн. – Күнделiктi сүтке жарайтын сиыр, ешкi, қой ұстадық. Әкем ет комбинатында жұмыс iстедi. Қатты шаршаған кезде ол кiсi:

– Екi ағам қайтыс боп кеттi. Жалғыз қалдым, – деп күрсiнiп, қайғыратын.

Кейде Жәкең, Жамбыл атам сона-а-ау Ұзынағаштан есекпен келiп, бiздiң үйге тоқтайтын. Есегiн байлап, алдына шөп салам. Жәкең тұйық кiсi болатын. Онша-мұнша нәрсеге көңiл бөлмей, шайға қанып болғаннан кейiн ғана менiң шешеме қарап:

– Салиха, амансың ба-ей? – деп қоятын. Тағы он шақты кесе шай iшiп:

– Нұрғиса, сен де жүрсiң бе-ей, – дейтiн. Мен:

– Жүрмiз, ата, – деймiн. Ұйықтап демалып, ертеңiне көк базарға кетедi. Көк базар бiздiң үйден онша алыс емес едi. Ол жақтан керек заттарын алып кеп, үйiмiзге тағы қонады. Анам тамағын берiп, күтедi.

– Жәкең сараң болатын. Ол кiсi бiр жерде жұмыс iстеп, айлық алмайды.

Айтқан өлеңiне жұрт бiрдеңе бередi. Ол қай жыртығына жамау болады, – дейтiн анам.

Жамбыл атамның төрт айналатын белбеуi бар едi. Ақшасын соның ара-арасына сап қоятын.

Ақша шоколадтың қағазына ұқсайтын. Мен шоколадтың қағазын әдемiлеп бүктеп, жинап жүретiнмiн. Атам үш сом ба, он сом ба, бiлмейдi, тек ақшаның жалпы санын ғана бiледi.

– Әй, Нұрғиса, берi кел, – деп менi қасына шақырады.

– Не, ата? – деп жүгiрiп барам.

– Мынаны санап бершi?

– Қазiр, ата?

Шоколадтың қағазын күнiбұрын дайындап қойғам. Он сомдықтың бiрiн алам да, орнына шоколадтың қағазын сала қоям. Ертеңiне ол ақшаға кәмпит сатып ап жейтiнмiн. Оны Жамбыл атам бiлген емес.

Нұрағаның Ахаң, Ахмет Жұбанов туралы айтқаны да қызық едi:

«Вокзалдың маңынан шөп орамыз. Шөмеле етiп жинап, оны бiртiндеп қораға тасимыз.

Мен кешкiлiк қора маңындағы үйiлген шөптiң басына шығып, домбыра тартам. Көршiлер; орысы, татары бар, шешеме:

– Ойпырма-ай, балаң қандай бала? Үйiлген шөптiң басына шығып, домбыраны зарлатып тартады да отырады. Басқа нәрсенi бiлмей ме? – дейдi екен.

Бiрде үйiмiзге бiр көзi жұмулы, түрi қорқынышты кiсi келдi. Мен зып берiп үйдiң төбесiне шығып кеттiм. Әлгi кiсi асықпай адымдап iшке ендi. Бiр кезде шешем ауызғы бөлмеден:

– Әй, Нұрғиса, төмен түс, түс! Үйге кел! – деп айқайлады.

– Бармаймын.

– Қой, олай деме, шырағым. Ахмет Жұбанов деген ағаң сенi iздеп келдi. Сенi сыртыңнан жақсы көредi екен.

Менде үн жоқ. Барғым келер емес. Жұмулы көзiнен шошып қалғам.

– Нұрғисажан, сенi күтiп отырмыз. – Шешем ренжiп қалар деп iшке енiп, бейтаныс кiсiмен амандастым.

– Қарағым Нұрғиса, домбыраңды алып келшi?

Мен барып, үйiлген шөптiң үстiндегi домбырамды алып келдiм.

– Мен Ахмет Жұбанов деген ағаң болам, – деп өзiн таныстырып, маған 3-4 күй тарттырды.

– Сенен жақсы домбырашы шығады. Бүгiннен бастап музыка мектебiнде оқисың, – деп аты-жөнiмдi жазып ап кеттi. Кемеңгер, ұлы ұстазым Ахмет Жұбановпен мен алғаш осылай кездескем».

– Достыққа қалай едi?

– Нұраға достыққа болаттай берiк болатын. Бiреудi алдап, өтiрiк айту дегендi жек көретiн. Бiреуден сыйлық алу, бiреуден бiрдеме дәметiп, талап ету дегенге де жоқ едi. Ауданға, облысқа барғанымызда шапаныңыз деп Нұрағаға да, қасында жүрген маған да конверт ұсынады. Оны оркестрдiң 60 мүшесiне теңдей етiп бөлiп беретiн. Шапанын қасындағы домбырашылардың бiрiнiң иығына жабатын. Мен мынаны өзiм пайдаланайын демейтiн. Дүние қуу деген ой қаперiнде болмайтын. Тапқан олжасын ұжыммен бөлiсетiн. Қолы да, көңлi де ашық едi.

Магазиннен жақсы зат көрсе: "Әй, мынаны апама, келiнге, ана балаларыңа алсайшы. Мә, ақша" – дейтiн.

– Өнер саласындағы жасы үлкен кiсiлерге қалай қарады?

– Ахмет, Құрманбек, Қанабек, Қалыбек, Серәлi ағаларды пiр тұтты.

– Сол кiсiлердiң кезiнде опера және балет театрының дирижерi болдым. Бас дирижер үлкен адам ғой. Соған қарамастан әлгi ағаларым: "Ананы алып кел, мынаны алып кел" – деп жұмсайтын. Жүгiрiп кететiнмiн. Ол ағалар керемет ағалар едi, – деп ол кiсiлердiң айтқан әңгiмелерiн жаттап алғандай етiп, түгiн қалдырмай айтатын. Шiркiн соның бәрiн магнитофонға жазып алғанда, бүгiнде том-том кiтап болар едi.

Кейде жалғыз отырған кезде Нұрағамен бiрге жүрген күндерiм ерiксiз есiме түседi. Ешкiмге арамдығы жоқ едi. Арамдық дегеннiң не екенiн де бiлмейтiн. Ол кiсiнiң мiнезi қара бұлт боп төнiп дауылдатып, жаңбырлатып, ақ түтек борандай борап, соңынан жарқырап шыққан күнге ұқсайтын.

Бiрде оркестрдiң бiр мүшесi Алтай деген жiгiт жұмысқа iшiп келiптi. Нұраға ашуланып:

– Залдан шығып тұр! – дедi. Ол қозғала қоймады. Бұйрық жазып, жұмыстан қуып жiбердi. Ол жетi ай еш жерге орналаса алмай, сандалып жүрдi..

Концертке дайындалып жатқанбыз. Алтай жайлап қасыма келдi.

– Ескен, әлi жұмыссыз жүрмiн. Нұрағаға айтсайшы, менi қайтадан алсын, – дедi бiр түрлi қиналып. Ол жiгiт үш баласымен пәтер жалдап тұратын. Мен:

– Қазiр Нұрағаның көңiл-күйi өте жақсы. Концертке шығайын деп тұрмыз. Сен жайлап iшке енiп, iзетпен сәлем берген соң, жағдайыңды айт, – дедiм.

– Мақұл.

Мен бардым да:

– Аға, баяғы Алтай деген жiгiт келiп тұр. Сiзге жолықсам дейдi, – дедiм.

– Кiрсiн, – дедi. Ол iшке енiп сәлемдесiп:

– Аға, жетi айдан берi боспын. Жұмысқа орналаса алмадым, – деп едi:

– А, не дейсiң?! Жұмыс таппадың ба? – деп Алтайға аяй қарады.

– Таппадым. Жетi айдан берi бос жүрмiн.

– Айлығың қанша едi?

– 120 сом.

– Жетiнi жүз жиырмаға көбейтсең, қанша болады?

– 840.

– Төс қалтасына қолын сұғып, ақша шығарып, жетi айлық жалақысын санап бердi.

– Арызыңды жаз да, мынаны үйiңе апарып қайтып кел.

Сол сәттегi Алтайдың қуанғанын көрсеңiз. Орнынан тұра алмай, тәлтiректеп, құлап қала жаздады.

– Өсек-аяң, жел сөзге ерушi ме едi?

– Ермейтiн. Бiреудi азғырып, Пәленшеге, Түгеншеге былай айт, олай айт деуге де жоқ едi. Өнегелi адамды қолдайтын, бiзге өнегелi болыңдар дейтiн. Талантты жандарды iздеп жүретiн.

– Әй, сендер өнерлi, өнегелi жандарды кездестiрсеңдер маған алып келiңдер. Елге, ауылға барғандарыңда талантты күйшiлердi, әншiлердi iздеңдер. Бiздiң iздеуге уақытымыз жоқ. Өнерлi, өнегелi жандардың бәрiн жарыққа шығаруымыз керек. Олар – халық қазынасы. Асыл дүниенiң бәрi халықта, – дегенiн талай естiдiм.

– Көршiлерiмен қалай тұрды?

– Көршi-қолаңнан төменгi қабатта Бибiгүл апамыз, жоғарғы қабатта Олжас Сүлейменов ағамыз тұрды. Бәрiмен жақсы сыйласты.

– Ағайын-туғандарымен ше?

– Оларды көп араламайтын. Нұрағаның бос уақыты жоқ едi деп айттым ғой. Үйде отырғанда телефонында тыным болмайтын. Ұйықтап жатыр-ау демей, достарына түнгi үште де қоңырау шалатын.

– Тiрлiк бiтпей жатқанда сендер неге ұйықтайсыңдар? – деп ренжитiн.

Ордабек деген оркестрде концерт жүргiзушi ағамыз болды. Сахна шымылдығы ашылар сәтте қайғылы хабар алып:

– Аға, Ордабек қайтыс бопты, – деп мен қасына барып едiм:

– Ол да өлмейтiн уақытта өледi екен, – дедi кейiп.

– Ажал келдi, ол кiсi қайдан бiлсiн?

– Әй, бiзде шаруа деген бiтпей жатыр емес пе? Ол өлмейтiн уақытта өлiптi, – дедi тағы да көңiлсiзденiп.

– Қалай тамақтанушы едi?

– Көбiне темекi шегетiн, коньяк iшетiн. Тамақсау емес едi. Дастарқан үстiнде әзiл-қалжыңды келiстiрiп айтып, жұртты күлдiрiп, көңiлдендiрiп отыратын. Оспанхан ағамен жақсы дос болды. Екеуi қосылып қалғандағы әзiлдерi сондай тамаша, таптырмайтын әзiлдер едi.

Серіктес жаңалықтары