АРУЛАРЫМЫЗДЫҢ АНКАРАДАҒЫ АЙТУЛЫ ЖЕҢIСI

АРУЛАРЫМЫЗДЫҢ АНКАРАДАҒЫ АЙТУЛЫ ЖЕҢIСI

АРУЛАРЫМЫЗДЫҢ АНКАРАДАҒЫ АЙТУЛЫ ЖЕҢIСI
ашық дереккөзі
211

Жексенбi күнi Анкарада аяқталған халықаралық «Премьер-Министр» турнирiнде Қазақстанның қыздар құрамасы тек ринг иелерiне ғана есе жiберiп, жалпы командалық екiншi орынды иелендi. Әлемнiң көптеген былғары қолғап шеберлерi қатысқан осындай айтулы жарыста топ жару қазақ боксының абыройын бұрынғыдан да асқақтата түскенi кәмiл.

Мұсылман елдерi iшiнде Түркия соңғы жылдары қыздар боксына ерекше ықылас танытып келе жатуы өзiндiк құбылыс болып саналғанымен, шаршы алаңның шаңын қағып жүрген түрiк қыздары арасынан небiр саңлақ спортшылар тәрбиеленгенiн айта кеткен жөн. Түрiк аруларымен қазiр әлемнiң кез келген былғары қолғап шеберлерi санасуға мәжбүр. Ал қазақ елiнде де кейiнгi уақытта қыздар боксының ерекше қарқынмен дами бастағаны және нәзiкжанды аруларымыздың әлем ареналарында айтулы жеңiстерге жете бастауы спорт сүйер қауым мен бокс дегенде iшкен асын жерге қоятын қызу қанды жанкүйерлердi қуанышқа бөлеп отыр. Әрине, кейбiреулер үшiн нәзiк қыздар мен дөңкиген былғары қолғап мүлдем үйлеспейтiн сорақылық танылуы ықтимал. Бiрақ, адамзат осыған дейiн тәндi шыңдап, жанды рухани байытатын жанжақты әрi ерекше спорт түрi – бокстан әсем және қызықты ештеңе ойлап таба алған жоқ. Әлемдiк жарыстарда қазақ елiнiң абыройын асқақтатып жүрген алаштың саңлақ азаматтары сияқты қаракөз қыздарымыз да былғары қолғапты еш жатсынбайтын болып шықты. Аз ғана уақыт iшiнде аруларымыз түрлi жарыстарда көк байрағымызды желбiретiп, елiмiздiң қоржынына қомақты ұпай салып үлгердi.

Анкарада финалдық жекпе-жекке шыққан үш аруымыздың арасынан Саида Хасенова (64 келi) ғана өзiнiң азулы қарсыласы, түрiк аруы Гүлсiм Татарға жол берiп, күмiс медальдi қанағат тұтты. Әрбiр жарыста алтын медальға ғана үмiт артатын әсiре талапшылдығымыз болмаса, өзге елдерде Саиданың күмiс алқасы алтынымен пара-пар саналатыны сөзсiз. Ал 48 келi салмақтағы былғары қолғап шеберi Назгүл Боранбаева мен Юлдуз Маматкулова (81 кг) өздерiнiң бәсекелестерi – Румыния құрамасының жарық жұлдыздары Дута Стелуто мен Елена Турчиндi төпелеген соққының астына алып, жеңiстерiне еш күмән қалдырған жоқ. Осыған дейiн нәзiкжанды қызымыз Назым Қазыбай (46 кг) шаршы алаңда әдемi өрнек салып, Қазақстан қыздар құрамасының қоржынына қола жүлде салған болатын.

Әлемдiк спорт сарапшылары қазақ қыздарының бокстағы табыстарына ерекше назар аудара бастағаны бекер емес. Осы айтулы «Премьмер-Министр» турнирiнде төрт алтын медаль алған түрiк қыздары бiрiншi орынды иеленiп, шашасына шаң жұқтырмады.

Анкарада өнер көрсеткен Қазақстан ерлер командасы үш қола медальдi қанағат тұтумен ғана шектелiп отыр. 48 келi салмақтағы Мардан Берiкбаев, Рүстем Сыбаев (69 кг) және Иван Дычко өз қарсыластарына жол берiп, финалдық жекпе-жекке жете алмай қалды.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары