Шахмаран СЕИЛОВ: АҚПАРАТҚА АҚЫЛДЫ ТОҚТАМ КЕРЕК

Шахмаран СЕИЛОВ: АҚПАРАТҚА АҚЫЛДЫ ТОҚТАМ КЕРЕК

Шахмаран СЕИЛОВ: АҚПАРАТҚА АҚЫЛДЫ ТОҚТАМ КЕРЕК
ашық дереккөзі
302

Әлемдегi есi бар елдiң бәрi ақпарат саласында етек-жеңiн қымтап ұстайды. Бiздiң ақпараттық кеңiстiк болса, солтүстiгiмiзде де, оңтүстiгiмiзде де, шығысымызда да ашық-шашық, қорғансыз жатыр. «Орысша сайрап, өзбекше «гәпiрген» («Түркiстан» газетi, 11 наурыз, 2010 жыл) ақпараттық кеңiстiгiмiздi қалай қорғаймыз? Бұл жөнiнде экономика ғылымдарының докторы, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ақпараттық коммуникациялар академиясының президентi Шахмаран Сеиловпен әңгiмелескен едiк. 2002-2007 жылдар аралығында «Қазақтелеком» АҚ атқарушы директоры болған, оның алдында «Қазтелерадио» ААҚ Басқарма төрағасы қызметтерiн атқарған Сеилов мырза сандық технологиялардың ақпараттық саладағы мүмкiндiктерi туралы ой өрбiттi.

— Елiмiздiң оңтүстiк, солтүстiк аймақтарындағы оқырмандарымыздан сол маңайдағы шекаралас көршi мемлекеттердiң телесигналдарының отандық телесигналдардан басым екендiгiне шағымданған хаттар редакциямызға жиi түсiп жатады. Бұл аймақтарда "Хабар", "Қазақстан" телеарналары ғана көрсетiледi, ресейлiк, өзбекстандық телеарналардың саны басым, ал оңтүстiк-шығысымызда Қытайдың мемлекеттiк телеарналарының хабарлары көрсетiле бастады. Сонда өз елiмiзде өзгенiң телесигналына қалайша басымдық берiп отырмыз? Мұны реттеудiң қандай да бiр техникалық жолы бар ма, жоқ па? — Ақпараттық тәуелсiздiк деген өзiнше бөлек категория емес, ол экономикаға, халықтың тәуелсiздiгiне тiкелей қатысты мәселе. Байланыс саласында жүрген азаматтардың былайша айтқанда, "ақпаратшылардың" көзқарасымен айтқанда бұл мәселенiң екi жағы бар: бiрiншiсi, технологиялық мүмкiндiк жеткiлiктi ме, бәрi дайындалған ба, спутник болсын, эфирмен болсын, кабельмен болсын, телесигнал жетiп тұр ма, жоқ па деген мәселе. Екiншiсi — сол сигнал арқылы халыққа жетiп тұрған ақпарат халықтың сұранысына сай ма, пайдасы тиiп жатыр ма, көңiлiнен шыға ма, жоқ па? Бүгiнгi технология тұтынушының сұранысына сай келетiн хабарды оған жеткiзiп беруге қабiлеттi болуы керек. Технологиялық мүмкiндiктер сай болуы керек, ал технология болғанда, хабарлардың сапасы дұрыс болуы керек. Бұл – өзiмiздiң iшкi проблемамыз. Ал шет мемлекеттiң iс-әрекетiне келсек, мұнда саясаттың бар екенiн жоққа шығара алмаймыз. Өткен айда Ресей мемлекетiнiң президентi Дмитрий Медведев Ресей ақпарат кеңiстiгiнде ТМД мемлекеттерi ақпарат құралдарының араласуына арналған үкiметтiк жиын өткiздi. Онда Медведев былай дедi: "Сiздердi бiрiктiру үшiн, сiздерге жақсылық жасау үшiн интеграцияға бара жатырмыз. Сол үшiн сiздердiң телеарналарыңызды бiз көрсетейiк, ал сiздер орыс телеарналарды көрiңiздер". Аңдағанға — астарлы ой айтылды. Орыс телевидениесi Қазақстанға толық кiрiп бiттi. Ресейде не болып жатқанын бiз толық бiлiп отырмыз. Ал өзiмiздiң Президенттiң, Үкiметтiң жасап жатқан тiрлiгi туралы ақпарат алыс аймақтарымызға жетпей жатыр. Оған кiм кiнәлi деу керек? Оған кiнәлi — технология! Қазiр сандық технологияға көшуге дайындық үстiндемiз. Осы сандық технология бiз үшiн жаңа мүмкiндiктерге жол ашады. Бiрақ өзара жарыстың болуын да жоққа шығаруға болмайды. Технологиялық мүмкiндiктер ашылған соң, бiр-ақ сұрақ қойылады: көрермен қолайына орыстың телевидениесi жаға ма, қазақтiкi жаға ма? Былай қарасаңыз, орыстар қарқынды жұмыс iстеп жатыр, оған дау айта алмайсыз. Ресей үлкен ел, олардың телехабарларының өзiндiк құны да төмен, мысалы, бiр хабарды 150 миллион аудиторияға таратқан арзанға түсе ме, әлде 15 миллион аудиторияға таратқан арзанға түсе ме? Қай жағдайда телехабар өзiн-өзi ақтайды? Әрине, аудиториясы ауқымды елде. Бұл — бiр. Бұл елде дайын журналистер баршылық, телебағдарламалар жасаудың өзiндiк дәстүрi қалыптасқан. Орыс хабарларының рейтингiсiнiң жоғары болатындығының бiр себебi осында. Бұл — екi деңiз. Ал бiз аяғымызға ендi тұрып келе жатқан елмiз. Бiзге тезiрек бәсекеге қабiлеттi болуы үшiн даму жолына түсу керек. Бәсекеге қабiлеттi дегенде, бiз жасаған телехабарлар өзiмiзде ғана емес, Ресей елiндегi көрерменге де көзайым болса. Олар бiздiң телебағдарламаларды көруге асық болса. — Шекаралас аймақтардағы шетелдiң телесигналдарын басуға бола ма? Оның құқықтық негiзi бар ма? — Заң бойынша, олар шекараның ар жағынан бiздiң аймағымызға телесигнал таратуға құқылары жоқ. — Бiрақ таратып жатыр емес пе? — Электрлiк байланыстарының халықаралық одағы деген ұйым бар. Осы ұйым аясында сандық байланысқа көшу сатыларын қамтитын 2015 жылға дейiнгi жоспар қабылданған. Бұл барлық мемлекеттермен келiсiп жасалған жоспар. Оған сәйкес, қазiргi аналогтық жүйе 2015 жылға дейiн ғана пайдаланылып, одан соң тек сандық жиiлiк қолданылмақ. Бiздiң көршiлерiмiздiң тарапынан жасалып жатқан iс-әрекеттер осы өлiара кездi пайдаланып жасалынып жатқан әрекеттер сияқты. Қазақстан тезiрек өз арналарын ашып, аумақты түгел қамти алмаса, оларға қарсы дау айта алмаймыз. Олар бiздiң аймаққа тiкелей келiп, сигнал таратып жатқан жоқ қой. Сiз де таратыңыз өз хабарыңызды. Егер олардың сигналы бiздiң елдiң телесигналына қарсы келiп жатқан болса, онда халықаралық ұйымдар бiздi қорғайды. Бiз қазiр халықаралық одаққа арыз жазуымыз керек. "Бұл сигнал бiзге келешекте кедергi келтiредi, екiншi жағынан, оның сигналы бiздiң халқымызға тiкелей берiлiп жатыр, бұл дұрыс емес" деп. Олар спутник арқылы ашық сигнал таратып жатыр. Бiз де КазСАТ-ты ашып қояйық. Бұл жерде әлдебiр жарыстың синдромы бар. Кiм басым түседi деген. Мұндай проблема қазiргi таңда Қытай мен Ресей арасында да туындап отыр. Қазiр Ресей де сандық технологияға көшудiң қамын жасауда. Сол үшiн, әсiресе, Владивосток жағына қарай сигнал қабылдағыштарды қойып жатыр. Негiзi, бiз болашақта Ресеймен, Өзбекстанмен келiсiмге келе аламыз деп ойлаймын. Өйткенi, олар халықаралық конвенцияға қол қойған, осы жөнiнде белгiлi бiр мiндеттемелердi мойнына алған. Оларды тәртiпке шақыруға болады. Ал Қытайды тәртiпке шақыра алмайсың. — Неге? — Женевада 2001 жылы қабылданған Электрлiк байланыстың халықаралық одағы қабылдаған жиiлiк жоспарына Қытай қол қойған жоқ. Жер шарындағы мемлекеттердiң бәрi қолдады, ал Қытай қарсы болды. Сондықтан БҰҰ-на немесе халықаралық одаққа Қытайдың үстiнен шағымдана алмаймыз. Оған қарсы тұрудың бiр-ақ жолы бар. Егер ол мықты сигнал тарататын қабылдағыш қойса, дәл сондай қуатты сигнал тарататын қабылдағышты бiз де орнатуымыз керек. Сонда шекаралас екi ел бiр-бiрiнiң телесигналдарын басады, қабылдамайды. Ақпараттық тәуелсiздiктi қорғаудың технологиялық жолы — осы. Ал қазiргi таңда бiздiң тарапымыздан ондай әрекет жоқ, ал бiздiң көршiлерiмiз өз сигналдарын тарататын қуатты қабылдағыштарын орнатып жатыр. Әрине, оны өзiнiң шекарасындағы халқыма таратып жатырмын дейдi, бiрақ ол бiздiң елге де кiрiп жатыр. — Шекаралас аймақтарды былай қойғанда, Алматының өзiнде спутниктiк байланыс арқылы Қытайдың мемлекеттiк телеарнасы хабар таратып жатыр емес пе? — Кезiнде «Caspionet» деген телеарна ашылды ғой. Қазақстан Орта Азиялық мемлекеттердiң басын бiрiктiрiп, бiр спутниктiк сигнал арқылы осы аймақты түгел қамту керек болған. Негiзi, белгiлi бiр мемлекеттiң спутнигi сол мемлекеттiң аумағын ғана қамту керек. Бiрақ техникалық тiлде "қамту аймағы" (зона покрытия) деген термин бар. Ол эллипс түрiнде таралады. Сигналды көбiрек бергенде, жақын маңдағы кiшкентай мемлекетiңiз соның астында қалады. Техниканың кемшiлiгi дейсiз бе, ерекшелiгi дейсiз, мұндай жағдай болған соң, ол мемлекеттiң кiнәсi жоқ сияқты. Техниканың осы ерекшелiгiне сiлтеп, ақтала салады. Бiрақ жаңадан құрылған Байланыс және ақпарат министрлiгi Сыртқы iстер министрлiгi арқылы "Сiздiң мемлекеттiң сигналы бiздiң елдiң аумағына ашық түрде енiп жатыр" деп хат жазу арқылы бұл жағдайды өзгертуге ықпал ете алады. Мәселенiң екiншi жағы, бiздiң өзiмiздiң кабельдiк телеарналарымыз Қытайдың телехабарларын қабылдап алып, бiзге таратып жатыр. Ресейдiң телеарналарын ретрансляциялау бiршама қымбаттау болса, Қытайдiкiне ретрансляция жасау өте арзанға түседi. Бұл жерде де саясат бар. Қазақстанда Қытайдың телехабарларын үздiгiп күтiп отырған көрермен көп пе? Мұны бiзге материалдық тұрғыдан тиiмдi етiп әдейi ұсынып отырған сияқты. Шетелдiкiнiң бәрi қисық деп түгел жабудың жөнi жоқ, оған ұмтылудың да қажетi шамалы. Бiрақ өз елiңнiң ақпараттық тәуелсiздiгiн қорғай бiлу керек. — Қазақстанда он шақты телеарна бар. Бiрақ елiмiздi түгел қамтуға "Хабар" мен "Қазақстан" телеарналары ғана қауқары жетiп отыр. Онда да шекаралас аймақтарда бұл арналардың сигналы жетпей жатқанын айттық. Бар-жоғы он шақты телеарнамыз Қазақстанды жүз пайыз қамту үшiн не жетпей жатыр? — Тарихқа қарасақ, тәуелсiздiктiң алдында телехабарлардың көпшiлiгi радиожелiлiк сыммен таратылған болатын. 1996-1997 жылдары бiз осы радиожелiден спутникке ауысайық деп ұсыныс енгiзiп, бағдарлама жасаған едiк. Бұл бағдарлама "Спутниктiк телехабар таратудың ұлттық бағдарламасы" деп аталды. Қазақстанның аумағына, халықтың тығыздығына, техникалық мүмкiндiктерiне қарап жобалағанда, бiзге ең тиiмдiсi — спутниктiк байланыс екенi анық айтылған едi. Осыдан соң, Министрлiкке қарайтын КАТЕЛКО деген компания құрылды. Сол жылдары КАТЕЛКО стандарттары қабылданды. Сол жерде стратегиялық тұрғыда үлкен қателiк жiберiп алдық. Оған кiнәлi адамдар белгiлi. Сол кезде екi стандарт бойынша тартыс жүрдi: бiрi — Еуропа қолданып отырған DVB стандарты едi. Бiз осыны қабылдауды ұсындық. Ол кезде бiзде дәл қазiргiдей сенiмдiлiк болған жоқ, сол кездегi болжам бойынша осы стандарт бiзге ыңғайлы, оның келешегi зор деп ойладық. Уақыт өте келе осы ойымыз дұрысқа шықты. Өкiнiшке қарай, американдық стандарт қабылданды. Бұл стандарт бойынша сигнал қабылдағыштардың бағасы өте қымбат болды. Спутникте қазiр 60 телеарна бар. Оның бәрiн көруге халық дайын. Сигнал аумақты түгел қамтып тұр. Неге 2-3-ақ арнаны көрiп отырмыз? Себебi, стратегиялық қателiктiң кесiрiнен осылай болды. Олардың сигнал қабылдағыштары бiр-ақ компаниядан сатылып алынады. КАТЕЛКО осы компанияға тәуелдi болып қалды. Көңiлi қаласа — құрал-жабдықты сатады, қаламаса — бермейдi деген әңгiме. Одан соң КАТЕЛКО+ деген спутниктiк программасы ашылды. Сол кезде мен осы компанияның басы-қасында жүрдiм. Акционерлерге де, Үкiметке де айттым: "Осы мүмкiндiктi құр жiбермейiк, ашық стандартқа көшейiк. Өйткенi, спутниктен сигнал қабылдайтын қабылдағышты бiр-ақ компаниядан сатып алатын болған соң, сол компанияға тәуелдi болып қаламыз. Оның келешегi жоқ" дедiк. Бiрақ саясаткерлер басқаша шешiм қабылдады. Қазiр осыған ұқсас мәселе қайтадан көтерiлiп жатыр. Осы iстiң басы-қасында жүрген азаматтар осы стандартты қалдыруға мүдделiлiк танытатын сияқты. Бұл — үлкен қате. Бұл — ақпарттық тәуелсiздiгiмiзге төнер қауiп. — Қазақстандықтардың көпшiлiгi қазiр "АлмаТВ" кабельдiк телевидениесiн тамашалап отыр. Бiрақ осы кабель арқылы таратылатын бағдарламалардың алғашқы топтамасын неге ресейлiк телеарналар құрайды? "1-шi" нүктеден "10-шы" нүктеге дейiн түгел — ресейлiк телеарналардың үлесiнде, ал қазақстандық телеарналарға 13-14-шi нүктелерден бастап орын берген. Неге? — Мұны тексеру керек. Бұл мәселе бiраздан берi айтылып жүр. Негiзi, бiрiншi болып қазақстандық телеарналар тұруы керек. Алматыны қайдам, Астанада бiрiншi "нүктеде" — "Қазақстан", сосын "Хабар" тұр. Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнiң жергiлiктi басқармасы осындай мәселелердi тексерiп отыруы керек. Тәртiп бойынша, алғашқы пакет отандық бағдарламалардiкi болуы керек. Бәлкiм, оны тексеру, iзiн қуу мәселесi ғана ақсап тұрған шығар. — Сандық телевидениеге көшу бағдарламасы дайындалды. Ал шындығында осыған бүгiнгi таңдағы техникалық, материалдық дайындығымыз бар ма? Осы жолда қандай қиындыққа тап болуымыз мүмкiн? — Сандық технологияға көшкенде, тұрмысымызда жерден жетi қоян тапқандай алақайлайтын өзгерiс бола қоймайды. Оның технологиялық ерекшелiгi бiреу-ақ: мысалы, аналогтық технологияда — бiр жиiлiк, бiр қабылдағыш, эфирде — бiр телеарна көрсетiледi. Ал сандық технологияда — бiр жиiлiкте, бiр қабылдағыш арқылы он бiрдей телеарна сигналын қабылдайды. Яғни, жиiлiктiң тиiмдiлiгi он есе артады деген сөз. Қазiргi таңда "жиiлiк жетiспейдi" деген себеппен аймақтарда бес-алты, әрi кетсе, оншақты телеарна ғана көрсетiп жатырмыз. Сандық технология тұрмысымызға енгенде, жиiлiктiң саны күрт өседi, мол мүмкiндiктерге жол ашылады. Ал осы жиiлiктердi қалай толтырамыз деген мәселе туындайды. Бiр "Хабардың" аясында он "Хабардың" бағдарламаларын көрсететiндей мүмкiндiктi елестетiп көрiңiзшi? "Қазақстанға" да, басқа телеарналарға да қатысты осылай. Сонда осы жиiлiктердiң бәрi бос қалады деген сөз. Он жиiлiкте жүз телеарна көрсетуге болады. Жүз телеарнаның оны ғана өзiмiздiкi болғанда, тоқсаны өзгенiкi болмақ па? Ендеше, бiз тезiрек телеарналардың санын да, сапасын да арттыруымыз керек. Бұл мәселе ендiгi үш-төрт жылда-ақ алдымыздан шығады. Өзiмiздiң "Мәдениет", "Балалар арнасы", "Денсаулық", "Тарих" атты ұлттық телеарналарымызды неге ашпасқа? Бұл бiр жағынан, халқымыздың рухани сұранысын толтыруға, сондай-ақ ақпараттық тәуелсiздiктi қорғауға негiз болар едi. Орыстың да өзiмiзге қажеттi телеарналарын сұрыптап алу керек шығар. Басқаша айтқанда, елiмiздiң аймақтарында қандай телеарналардың көрсетiлетiндiгi "жетi пiшiп, бiр кесiп" дегендей, көп ойланып, толғанып барып, шешiм қабылдайтын мәселе болуы керек. Ақпарат саласында ақылмен шешетiн мәселе көп. Қазiр Байланыс және ақпарат министрлiгi жаңадан құрылды. Оның басшысы, өз мамандығына сай азамат ретiнде саясатты ысырып қойып, технология жағын үш-төрт жылда жолға қойып алса, жүйеге келтiрiп алса, одан кейiн не көрсетемiз деген мәселе туындамақ. — Былтыр, есiңiзде болса, сыртқы iстер министрi — мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев "таза мемлекеттiк тiлде 24 сағат хабар тарататын 3 сандық жүйедегi телеарна ашамыз" деген мәлiмде жасады. Одан соң, "үшеу емес, осындай бiр телеарна ашылса да жарар" деген әңгiменi естiп қалып жүрмiз. Сандық технологияның мүмкiндiктерi он-жиырма емес, жүз телеарна ашуға жол берсе, неден тартыншақтаймыз? — 24 сағат бойы мемлекеттiк тiлде хабар тарататын телеарна ашуға болады, тек оған қаражат табу керек. Таңнан кешке дейiн қазақша құр сайрап қана тұратын болса, оның қажетi шамалы. Бұл жерде эмоцияға жүгiнуге болмайды. Кез келген телеарнаның табыс көзi екеу: бiреуi — Үкiметтiң беретiн ақшасы, екiншiсi — жарнамадан түсетiн пайда. Кәсiпкерлердiң қай телеарналарға жарнама беретiнiн рейтинг шешедi. Мысалы, 24 сағат қытайша хабар тарататын телеарна ашайық. Оған кiм жарнама бермек? Қазақстанда қазақ тiлiн үйренiп жатқандардың саны артып келедi, бiрақ тек мемлекеттiк тiлде хабар тарататын телеарнаны елдiң 99 пайызы көредi дегенге мен сенбеймiн. Бәлкiм, екi телеарна бiрге жүз пайызды құрауы керек шығар. Егер Үкiмет "үш телеарнаны да көтеруге шамамыз келедi, жарнама iздемеңдер" дейтiн болса, мен қуанар едiм. Олай болмайтын болса, онда басқа аудиторияға да қызықты болатын бағдарламалар жасап, аздап сұйылту керек. — Сонда, сiздiңше, қазiргi таңда бiздiң таза мемлекеттiк тiлде хабар тарататын үш телеарна ашуға шамамыз жетпей ме? — Менiңше, шамамыз жетпейдi. — Әлде құлық жоқ шығар? — Негiзi, бұған Үкiмет те, халық та дайын. Бiрақ бұл — қаржыға байланысты нәрсе. Үш бiрдей телеарнаны рейтингiсi жоғары етiп жасай аламыз дегенге мен күдiкпен қараймын. Әуелi рейтингiсi жоғары, сапасы жақсы, мазмұны қызықты бiр телеарна жасап алайық. Егер оның бағдарламалары 24 сағаттан асып жатса, әрi қарай дамыта беруге болады. Үш үйдi салуға ақша бөлiп, олардың тек iргетасын ғана қалап қойғаннан, бiр үйдi толығымен салып бiтiрген дұрыс емес пе? Бiр үйдi сатып бiтiрiп, одан пайда тауып, одан соң екiншi үйдi салып, одан пайда тауып, үшiншi үйдi салуға болады. Бұл жерде бәлендей саясат бар деп ойламаймын, менiңше, тек экономикалық түйткiлге тiрелетiн нәрсе. Одан соң, ең бастысы, тездетiп журналистердi дайындауымыз керек. — Сандық телеарнаға көшудiң қандай кiлтипандары бар? — Сандық телеранлараға көшу үшiн әуелi елiмiздiң аумағындағы сигнал қабылдағыштардың бәрiн ауыстыру керек. Екiншiден, әр азаматтың үйiндегi телевизор сандық телесигналды тiкелей қабылдамайды. Оған қажеттi сандық қабылдағышты таратуымыз керек. Бұл екеуiне де көп қаражат керек. Қабылдаған бағдарлама бойынша, бiз мұның бәрiн бес жылда жасап үлгеруiмiз керек. Сандық телевидение арқылы 40-60 телеарна көрсететiн болса, оның 10-ы тегiн болады. Қалғаны ақылы болмақ. Сонда сандық телевидение қазiргi кабельдiк, спутниктiк, эфирлi түрлерiмен бәсекеге түспек. Менiң есебiм бойынша, 15 миллион халықтың 65 пайызы қалада тұрады, ал оның 60 пайызы кабельдi телеарнаны көрiп отыр. Ал спутниктiк телеарна бұл аудиторияның 10-15 пайызын қамтиды. Сонда эфирлi-сандық телевидениенiң үлесiне аудиторияның 30 пайызы ғана тиесiлi болмақ. Кабельдiк телеарналар үлкен қалалардың бәрiн қамтуға тырысып жатыр. Халық тығыз орналасқан жерлерде бұл технология озады. Өйткенi, оның бағасы арзанырақ болады. Ал қаладан тыс жерлерге кабельдi тарту қымбатқа түседi, бұл — эфирлi технологияның қамту аймағы. Алыс аймақтардағы көрерменге спутник арқылы сигнал қабылдаған тиiмдi. Былай қараңыз, ненi қалай тарату қажеттiгiн технология бiзге өзi-ақ көрсетiп тұр. Қаланың үстiнен бiз эфирлi сигналды таратамыз, бiрақ үйiнде алпыс телеарна көрсетiп тұрған кабельдi телеарнаның тұтынушысы сандық телеарнаға ауысуды қалай ма, жоқ па? Жекеменшiк телеарналар аймақтық болып қалуы мүмкiн. Әр аймақта субақпараттық кеңiстiк пайда болады. Ал республиканың үстiнен республикалық телеарналар хабар таратады. Жалпы, кабельдi теларна шамамен 5 миллион тұтынушыны қамтып отыр, ол 7 миллионға дейiн дамуы мүмкiн, спутниктiк телеарнаның үлесi — 1 миллиондай, ол да дамып, тұтынушы санын 2 миллионға дейiн көбейтетiн шығар. Ендi эфирлi телвидениенiң 5-6 миллион тұтынушысын сандық технологияға тарту керек. Мұны жасаудың маркетингтiк шешiмдерi бар. — Қарапайым тұтынушы үшiн сандық телевидениенiң қандай артықшылығы бар? — Кейбiреулер сандық телевидениеге ауысқанда, телеэкрандағы көрiнiстiң бояуы артады деп түсiнедi. Шындығында, көрер көзге оның ешқандай өзгешелiгi болмауы мүмкiн. Сапасы қазiргi кабельдiк телеарнанiкi сияқты SD-технологиясының сапасы. Қазiр HD технология шығып жатыр. Сандық телеарнаны осы форматта қабылдасақ, көрермендi тартудың бiр жолы — осы. Эфирдегi көрiнiс өте көркем, сапалы болмақ. Мемлекеттiк тiлде хабар тарататын телеарна туралы айттық қой. Осы телеарнаны 24 сағат тек HD форматта берiңiзшi. Көрермен көзiн алмай қалады. Оның рейтингiсi де өседi, жарнамасы да көбейедi, тiптi қазақша көргiсi келмейтiн адамдар суретiнiң сапасына қызығып, амалсыз қарауы мүмкiн. Бұл ұсынысты бiз айтып жүрмiз. Байланыс министрлiгiнде құрылғалы жатқан жұмысшы тобына шақырса, онда да айтамыз. Жалпы айтқанда, сандық технологияға көшудiң қиындығы аз, тек оған көшудi тездету үшiн экономикалық ынталандыру әдiстерiн пайдалануымыз керек. — Сандық телеарнаның алғашқы пакетi тегiн болғанда, қалған пакетiнiң бағасы қанша болады? — Бұл жерде спутниктiк, кабельдi теларнадан арзанырақ баға қоймасаңыз, көрермендi өзiңiзге тарта алмайсыз. Баға маркетингiсiнiң жоспары болу керек. — Қазiрше әлi белгiсiз бе? — Мұны әзiр санап жатқан ешкiм жоқ. Оны әлi зерттеу керек. Мысалы, нарықта үш түрлi бөлке нан сатылады. Сiз төртiншi нан әкелiп тұрсыз. Оны өткiзу үшiн сiз "жаңа" өнiм ұсынуыңыз керек. Ол өзi ақ, әртүрлi қоспасы бар, байытылған т.б. нарықта жоқ нан болса, өтедi. HD формат деп отырғанымыз — осы "басқа" нан, жаңа өнiм. Оның сапасы да, бағасы да басқаша болуы мүмкiн. — Ресейде және Қытайда сандық телевидениенiң дамуы қай деңгейде? — Қытай ешкiммен ақылдаспай, өз саясатын өзi жасап жатыр. Қазiр сандық технологияға бiртiндеп көшуде. Негiзi, бұл елде кабельдiк телеарна жақсы дамыған. Ендi қала маңы аймақтарында сандық телевидениенi дамытып жатқаны – шекаралас елдерге өз бағдарламаларын таратудың жолы сияқты. Ресей де сандық телевидениеге көшу бағдарламасын қабылдады. Оны бiз сарапқа салдық, олардың қай жерде қателiк жiбергенiн де көрiп отырмыз. Владивосток жағына сигнал қабылдағыштарды қойдық деп жариялады. Бiрақ азғана қуатты қабылдағышты орнатты. Шекаралас аймақтың ерекшелiгi, егер бiр мемлекет белгiлi бiр жиiлiк бойынша сигнал тарататын болса, екiншi мемлекет оның сигналына кедергi келтiрмеу үшiн өз сигналын басқа жиiлiкте таратуға мәжбүр. Қытай ыңғайлы жиiлiктердi толтыруға асығып жатыр. Орыста да жанталасу бар. Бұл қауiптi жағдай бiздiң басымызға да түседi. Шығыс Қазақстан, Тарбағатай аймақтарында жиiлiктердi толтыру мәселесiн тезiрек қолға алу қажет. Сосын онда не тарататынын ойлау керек. Қазақ-орыс шекарасында да осыған ұқсас жағдай. Олар ыңғайлы жиiлiктi түгел алып болса, бiз құр қаламыз. Женева жоспарында барлық мемлекеттердiң жиiлiктердi теңдей бөлiп алуы қарастырылған. Бiрақ онда да кiм жиiлiктi бiрiншi болып алса, оның мерейi үстем болмақ. Кезiнде ақ-қара телевидениеден түрлi-түстiге көшкенде, ғаламат дамуды бастан өткердiк қой, қазiр де соған ұқсас бетбұрысты жағдай тумақ. Тек осы жерде сандық технологияға ауысқанда, бiз сигнал қабылдағыштарды өзiмiзде шығара аламыз ба, әлде өзгеге тәуелдi болып қаламыз ба — осыны анықтап алу керек. Президент осы мәселенi "Нұр Отан" партиясының ХII съезiнде айтып өттi. "Бұл үлкен жоба. Бұл салада отандық өндiрiстi дамытудың мүмкiндiгiн қарастыру керек" дедi. Ресей Санкт-Петербург аймағында үлкен кластер ашты. Телевизор, антенна, сигнал қабылдағыш шығаруды қолға алды. Новосiбiр, Мәскеу төңiрегiнде өндiрiс қолға алынды. Үкiметтен бөлiнген ақшаны сандық телевидениеге көшуге, екiншiден телекоммуникация саласын дамытуға жұмсамақ. Қазақстанда мұндай талап байқалмайды. Бiзде бағдарлама қабылданады, ақша бөлiнедi, бiз қабылдағышты сатып аламыз, iс сонымен бiтедi. DVВ-T жүйесi бойынша 6-7 телеарна ғана көрсетiледi. Ендi жаңадан DVВ-T2 деген жүйе шықты. Ол 12-14 телеарна көрсете алады. Ресей бiздiң DVВ-T жүйенi қабылдағанымызға мүдделi. Өйткенi, олардың кәсiпорындары DVВ-T қабылдағышын ғана шығара алады, ал DVВ-T2-ны шығаруға қауқары жетпейдi. Жақында бiз Ақпараттандыру агенттiгi, Қазақ агенттiгi, бiрнеше ұйым бiрiгiп халықаралық семинар өткiздiк. "Еуропа DVВ-T2-ға көшейiн деп жатыр. Бұған көшiп болған кезде, олардың бұрынғы жүйеден қалған қабылдағыштарды өткiзетiн рынок керек болады. Осыдан аулақ болайық. Дәл қазiр бiзге DVВ-T2 қымбатқа түссе де, болашағы зор болғандықтан, осы жүйеге қазiрден бастап көшейiк" деген ұсыныс бiлдiрдiк. Ресейлiк компаниялар мұны естiгенде, қобалжи бастады. Оларға бiздiң DVВ-T-да қалғанымыз тиiмдi. Ресейдiң өзiнде кей аймақтарда DVВ-T, кей аймақтарда DVВ-T2 қолданылуы мүмкiн. Өзбектерде жапондық NEC және немiстiң Rohde & Schwarz қымбат, бiрақ сапасы мықты қабылдағыштарын алып, төрт-бес облысты сандық телеарнаға ауыстырды. Ал бiзде бiресе "Самғау", одан соң "Арна-Медиа" болды, бiрiн ашып, бiр-бiрiне қосып жүрiп бiраз уақытты құр жiберiп алдық. Ендi тезiрек шешiм қабылдап, жылдың соңына дейiн осы сандық телеарнаға көше бастауымыз керек. Ресейде бұл салада корпоративтiк мүдде аяқтан шалып, алға жылжи алмай жатыр. Бiзде әлi мұндай корпоративтiк мүдде жоқтың қасы, жинақы түрде, ойланып-толғанып, салмақты шешiм қабылдаған жөн. Осы мүмкiндiктi қолдан жiберiп алмасақ болғаны. — Осыдан бiрнеше жыл бұрын қоғамдық телеарнаға қатысты қоғамдық пiкiр қалыптасып, мемлекеттiк деңгейде мәселе көтерiлiп едi. Бiрақ бұл жоба аяқсыз қалған сияқты. Неге? — Қоғамдық телеарна деген таңсық нәрсе емес. Технологияның оған қатысы жоқ, оған жарнаманың да қатысы жоқ. Қоғамдық телеарна жасаудың бiрнеше жолы бар: ол тек қана Үкiметтiң қаржыландыруы арқылы жүзеге асады. Екiншiден, қоғамдағы әртүрлi топтардың сұранысына сай болуы керек. Үшiншiден, оның бағдарламасын қабылдайтын бақылаушы кеңес болуы керек. — Онда не кедергi? — Нарыққа қарай келе жатырмыз ғой. Бiр нәрсенi түсiнуге тиiспiз. Нарық барлық мәселенiң оң шешiмiн бермейдi. Нарық пен жарнама экономикалық жағдайы нашарларға, абоненттiк төлемдi төлей алмайтын адамдарға қарай желi тартпайды. "Қазақтелекомның" өзi ауылдарға зордың күшiмен барып жатқан сияқты. Ұялы байланыс операторлары неге тек қалаларда жақсы дамыған, ал алыс ауылдарға барғысы жоқ? Өйткенi, ол жақта табыс жоқ. Қоғамның бар мүддесiн нарықтың қолына берсеңiз, халықтың белгiлi бiр топтары қоғамнан жырылып қалуы мүмкiн. Сондықтан. қажет болған жерде, мемлекет өз қалтасынан шығынданып, қоғамның мүддесi үшiн жұмыс iстеуi керек. Қоғамдық телеарнаның нарыққа қажетi жоқ. Ол қоғамдағы әлеуметтiк сұранысқа сай нәрсе. Шындығын айтқанда, бiздiң қоғамда белең алған бiр келеңсiз жайт, бiр ұсыныс айтылса, оған қарсы мiндеттi түрде талас туады. Сөйтiп, жақсы бастамалар аяқсыз қалады. Сондықтан, нарыққа сiлтей бермей, Үкiмет өзi қолға алған дұрыс. Екiншi жағынан алғанда, қоғамдық телеарнаны әлi жүзеге аспағанының астарында саясат бар деп ойламаймын. Қоғамдық телеарна бiздiң барлық мәселемiздi шешiп бере алмайды. Тiптi, сандық технологияға көшкенде, он телеарнаңыз тұтастай алғанда бiр қоғамдық телеарнаның ролiн атқаруы мүмкiн. Менiңше, одан да мазмұнды күшейту керек. — Әңгiмемiздiң басы ақпараттық тәуелсiздiктен басталды ғой. Сандық технологияның дамуы ақпараттық тәуелсiздiк қорғауға сеп бола ма, жоқ па? — Ақпараттық тәуелсiздiктi қорғауды технология шеше алмайды. Әуелi мазмұн мықты болуы керек. — Қазақстандық он шақты телеарналарымыз неге Қазақстанды түгел қамтып хабар тарата алмайды? Технологияға қатысты мәселе ме осы, жоқ па? — Мiне, бұған технология мүмкiндiк бередi. Бiрақ он шақты телеарна аздық етедi. — Тым құрығанда, барымызды көрсетiп алайық… — Жасыратын не бар, Ресейдiң телеиндустриясы қарыштап дамып жатыр. Орыстың сериалдарының өзi қандай. Қазақтың индустриясы осылайша даму керек. Сонда ғана технологияның мүмкiндiгiн барынша пайдаланасыз. Болашақта барлық телеарна интернетке ауысады. Эфирге байланып отырудың, оған тәуелдi болудың қажеттiгi жойылады. Мысалы, таңғы жаңалықты дәл сол уақытында емес, өзiңiзге ыңғайлы уақытта көрудiң мүмкiндiгi туады. Технология ендiгi бес-алты жылда дамиды, содан соң ескiредi, ескiрмейтiн тек мазмұн ғана. Қызықты, тартымды, сапалы фильмдер, бағдарламалар. Оны сiз кабель арқылы да, спутник арқылы да, эфир арқылы да, келешекте интернет арқылы да таратасыз. Осыны есте ұстау керек. Болашақта интернет те, телевидение де қалтафонға ауысады. Жаңалықтар ма, бағдарлама ма, фильм бе, электронды базада тұрады, кез келген уақытта нүктесiн басып қалып, қалаған бағдарламаны көре бересiз. Осындай эволюция келе жатыр. Жақында бiз осы тақырыптарды қамтитын конференция өткiземiз. Бүгiндi ғана емес, келешектi қамтитын шешiм қабылдау керек. Бұған, әрине, халықты да дайындау керек.
Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары