2020: БӘРI ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУI ТИIС

2020: БӘРI ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУI ТИIС

2020: БӘРI ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУI ТИIС
ашық дереккөзі
426

Осы аптаның басында Министрлер Кабинетiнiң жиынында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мемлекеттiк тiлдiң толықтай жүзеге асуы үшiн тағы 10 жыл қажет екендiгiн мәлiмдедi.

«Тiлдердi дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» бойынша Қазақстан биыл толықтай дерлiк мемлекеттiк тiлге көшуге тиiс едi. Алайда, «Күлтөбенiң басында күнде жиын жасап», жыл сайын 5 миллиард теңгеден қаржы аударғанымыз мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн бiршама көтергенi аян.

Былтыр жалпыұлттық санақ қорытындысы шыға салысымен, елдегi жергiлiктi ұлттың басым түскендiгi қобалжытты ма, кiм бiлсiн, Премьер-министр Министрлер Кабинетiнiң алқалы жиынын бұдан былай тек мемлекеттiк тiлде өткiзуге пәрмен бердi. Бастама жақсы. Бұдан әрi қазақ тiлiнiң көшi күн өткен сайын түзеле беретiнi күмәнсiз.

«Ендi он жылда мемлекет толықтай қазақ тiлiне көшедi» дейдi алқалы жиында қазақша үн қатқан Кәрiм Қажымқанұлы. Ал, бұл жолғы тiлдердi дамыту жөнiндегi бағдарлама бойынша мемлекеттiк тiлдi жүзеге асыру кезеңдерге бөлiп қарастырылмақшы. Және бұл бағдарлама алда көпшiлiктiң талқысына ұсынылмақ.

Күнi бүгiнге дейiн 20 жыл iшiнде жоғары оқу орындарында мемлекеттiк тiлде бiлiм беру 60%-ға жеттi. Өркениеттi мемлекеттерде жоғары оқу орындары бiр тiлде бiлiм бередi. Кезiнде бiзде оқу гранты орыс және қазақ мектептерiнiң түлектерi үшiн теңдей бөлiнiп келсе, бiрнеше жылдан берi мемлекеттiк тiлдегi бiлiм грантының үлес салмағы 10%-ға артты. Болашақта бұл пайыздың 70-80, тiптi 90%-ға жетiп, бiлiм беруде бiртектi стандартқа көшетiн боламыз. Ал, жаңа көпшiлiк талқысына салынар бағдарламаның бұл жолы сөзбұйдаға салынбай нақты боларына және кезең-кезеңмен мемлекеттiк тiлдiң жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiндiгiне сенiмiмiз кәмiл.

2020 жылы Қазақстан халқы тек қана бiр тiлде, қазақ тiлiнде сөйлейтiн болады. Билiк осылай мақсат қойды. Ендеше осы мақсат сөз жүзiнде қалмасын деп тiлейiк.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары