ЕУРОПА ҚАЗАҚСТАННАН ӘЛI ДЕ ҮМIТТI

ЕУРОПА ҚАЗАҚСТАННАН ӘЛI ДЕ ҮМIТТI

ЕУРОПА ҚАЗАҚСТАННАН ӘЛI ДЕ ҮМIТТI
ашық дереккөзі
225

Елiмiз ЕҚЫҰ төрағалығын қолға алғанда әлемнiң демократ сарапшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты өзге көзқарастарды қорғайды деп қауiптенген болатын. Оған қоса Ресей өз инициативасын Қазақстан арқылы жүзеге асырмақ деген ой талайдың көкейiн тескенi анық. Құрамында 56 мүше ел бар мәртебелi ұйым қақтығыс аймақтарын бақылауда ұстау, азаматтық қоғамның, адам құқықтары мен демократияның сақталуын қадағалайды. Осы тұрғысында елiмiзге артылған сенiмге "Әлемдiк еркiндiк үйi" және басқа да шетелдiк ұйымдар тарапынан күмән сейiлмедi. Дегенмен Қазақстанға байрағын сенiп тапсырған Еуропа қауiпсiздiк ұйымы бiздiң елiмiзден үмiтiн үзбейдi.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы, "Эксклюзив" журналының бас редакторы:

– Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын алғанына 3 ай мерзiм өттi. Әзiрге өкiлдер ауызбiршiлiкке шақырып, ұйымның мақсат-мүддесiн анықтау үшiн арнайы сапармен Украина, Әзiрбайжан, АҚШ және басқа да бiрқатар мемлекеттерге барып қайтты. Ұйымның өзiне қатысты мәселенi iрiктеп алу керек едi. Аймаққа қатысты проблемаларды көтерсе игi болмас па едi? Арал теңiзiнiң тартылуы бүкiл әлемге төнiп тұрған қауiп екенiн Еуропа әлi ұғынған жоқ. Ауғанстан қақтығысы, бес мемлекет арасындағы су тапшылығы, заңсыз наркобизнес – мiне, осы мәселелер күн тәртiбiнен алынып отырған сияқты. Елiмiздiң төрағалықтан ұтатыны – Астанада өтетiн саммит. Саммит арқылы ғана елiмiз ұпайын түгендеп алмақ. Себебi ұйымның соңғы саммитi осыдан 11 жыл бұрын өткiзiлген болатын. Осы уақыттың iшiнде көптеген саяси-экономикалық өзгерiстер болды. Сондықтан Қазақстанда өтетiн саммиттiң жұмысы көптеген мәселелердi шешуге мүмкiндiк бередi деген сенiм бар. Алдағы уақытта Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетiн саммит оның халықаралық деңгейдегi саяси беделiн арттыруға көмектесуi мүмкiн. Ал аймаққа қатысты проблеманы, менiң ойымша, әлi көтерiп отырған жоқ.

Досым СӘТБАЕВ, саясаттанушы:

– Әзiрге Қазақстан ауыз толтырып айтарлықтай дәнеңе қыла қойған жоқ. ҚР Мемлекеттiк хатшысы – Сыртқы iстер министрi, ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы Қанат Саудабаев Еуропа елдерiне арнайы барып, кездесулер өткiздi, таныстыру акциясын ұйымдастырды. Деседе ЕҚЫҰ-ға мүше болған мемлекеттер төрағалықты кезекпен атқара бередi. Бәлендей бiр жер қопарып тастамайды. Жоспарда бар мәселелер ғана қаралады. Қазақстан қазiргi таңда тек дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеумен ғана шектелiп отыр. 1 жылдың iшiнде ондаған жылдар бойы шешiмiн таппай келе жатқан шиеленiстердiң түйiнiн тарқата қоймас. Мәселен, ең басты деп саналатын Кавказ қақтығыстарын қолға алып отыр. Сондай-ақ елiмiз Ауғанстан мәселесiн де назардан тыс қалдырмады. Ауғанстанға баса назар аударуды талап етiп отыр. Әлемдiк деңгейдегi проблемаларды шешу мақсатында Қ.Саудабаевтың бiраз елдерге барып-қайтқаны белгiлi. Бiрақ бұл – пиар акцияға жақынырақ. Бүгiнгi таңдағы басты мақсаттардың бiрi – Астанада саммит өткiзу.

Ал Арал мәселесiне келер болсақ, елiмiз өз бетiнше Өзбекстанмен келiссөздер жүргiзуде. Кiшi Аралды қайта толтыру қолға алынды. Бiрақ бұл мәселе тек Қазақстанның қызығушылығын ғана қорғайды, бұл қауiптiң әлемге әкелер нәтижесiн Еуропа елдерi бiлмейдi. Есесiне "әлемдiк қауымдастық" айналысып жатыр. Елiмiз жыл аяғына дейiн барлық проблемаларды толыққанды шешпейдi. Бұл анық нәрсе. Мәселен, Кавказ шиеленiстерi ондаған жылдар бойы шешiмiн таппай келедi. Сол сияқты Ауғанстан мәселесi қанша жылдан берi актуалды. Бiзге келер пайда тек – елiмiздi жарнамалаймыз. Имидж қалыптастыру мүмкiндiгi ғана туындап отырған сияқты. Ал демократиялық жағынан елiмiз маңызды бiр шара қолданбағандықтан, жағымды имидж қалыптасуы да екiталай.

Дос КӨШIМ, саясаттанушы:

– Еуропа қауiпсiздiк ұйымына төраға болғалы берi ешбiр нәтиже көрмедiк. Әлбетте бұл өте қысқа мерзiм. Бұл ұйымның төрағалығын алып отырған Азиядағы жалғыз мемлекет. Үш ай мерзiм iшiнде атқарылған iстерге келер болсақ, ТМД, Еуропа елдерiнiң маңызды деген проблемалары көтерiлдi. «Осында Азия елдерiнiң ушығып тұрған мәселелерi неге жоспарға енгiзiлмейдi?» деген сұрақ туындауы мүмкiн. Бiрақ, Қазақстан өзi төраға бола тұрып, Орта Азия елдерiндегi ушыққан мәселелердi алға қойса, адами тұрғыдан ыңғайсыз болар едi деп ойлаймын. Су тапшылығы, Арал төңiрегiндегi мәселелердi ЕҚЫҰ төрағалығынсыз-ақ шешуге болады. Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев, Астана мұрындық болып отырған ЕҚЫҰ саммитiнiң басты тақырыбы Ауғанстан проблемасы болуы тиiс деп есептейдi. Осы саммит барысында ғана өз абыройымызды сақтап қалуымыз мүмкiн.

Әзiрлеген Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары