«АТАМЕКЕН ОДАҒЫ» БИЗНЕСТIҢ ЖОЛ КАРТАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
«АТАМЕКЕН ОДАҒЫ» БИЗНЕСТIҢ ЖОЛ КАРТАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
6-сәуiрде Астанада «Атамекен Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы отандық шағын және орта бизнестi дамытуға бағытталған «Бизнестiң жол картасы — 2020» бағдарламасын басқарма отырысында талқылады.
Аталмыш отырысқа Қазақстанның барлық аймағынан бизнес – қауымдастық өкiлдерi, экономиканың түрлi саласындағы кәсiпорын жетекшiлерi, ҚР Парламент депутаттары, сонымен қатар, вице-министрлер мен комитет төрағалары қатысты. Отырысқа қатысушылар жобаны дайындаушыларға нақты ескертпелер мен сын пiкiрлерiн жасырмады. Құрылысшылар қауымдастығының атқарушы директоры Г.Астафьевтiң айтуынша, банктер «Жол картасы» қаржысын өздерiнiң әлсiз несиелерiнiң компенсациясы үшiн пайдаланып, табысты және перспективалық кәсiпорындар төмендетiлген ставка несиесiнен (12%) құр қалып, бағдарламаға iлiне алмай қалуы мүмкiн екен. Ал, Фермерлер Одағының төрағасы А.Даринов мемлекеттiк даму институттары, соның iшiнде «ҚазАгро» қаржысы «Жол картасы» аясында игерiлмей қалған қателiк деп есептейдi. Палата Президиумының мүшесi, Парламент Мәжiлiсi комитетiнiң төрағасы В. Бобров бағдарлама аясындағы экспортты жетiлдiруге қатысты әдiстердiң тиiмдiлiгiнiң күмәндi екенiн жеткiздi.
Басқарма «Атамекен Одағы» ҰЭП төрағасы А. Перуашевқа «Жол қартасы» бойынша бизнес – қауымдастық тарапынан айтылған ұсыныстарды үкiмет жетекшiсiнiң назарына жеткiзудi тапсырды.
Сонымен қатар отырыста Кеден одағы аясында техникалық регламенттердi жетiлдiру мәселесi қарастырылды. Кеден одағының құрылуымен аталған мәселелердiң маңыздылығы арта түспек, себебi кеден тарифтерiн сәйкестендiру, нарықты қорғау мен өнеркәсiптi қолдауда тарифтiк емес шараларды техникалық реттеу белгiлейдi. Сонымен қатар, «Атамекен Одағы», Ресей өнеркәсiпшiлер және кәсiпкерлер одағы мен Белорус өнеркәсiпшiлер одағы арасында осындай бiрiккен комиссия құрады. Мұндай келiсiмге келесi аптада Мәскеуде қол қойылады деп жоспарлануда.
Жанна ҚҰТТЫҒАЛИЕВА