СЕРIКТIҢ СӘТТI «НАРЯДЫ»

СЕРIКТIҢ СӘТТI «НАРЯДЫ»

СЕРIКТIҢ СӘТТI «НАРЯДЫ»
ашық дереккөзі
308

Келiсiм-шарт қызметiнiң аға сержанты Серiк Райымбеков «Меркi-темiржол» шекаралық бақылау бөлiмшесiнiң алдыңғы қатарлы әскери қызметшiлерiнiң бiрi. Әскери қызметшi жақында қызмет итi «Адимен» бiрге аса құпия есiрткi тасымалының жолын кесiп, қырағылықтарын тағы бiр мәрте дәлелдедi.

Бұл оқиға наурыз айының соңғы күндерi орын алды. Әдеттегiдей Меркi станциясына «Бiшкек-Мәскеу» бағытына қатынайтын жолаушылар пойызы келiп тоқтаған болатын. Өздерiнiң тиесiлi қызметтерiн атқаруға кiрiскен меркiлiк шекарашылар аталмыш пойызды жiтi тексере бастайды. Келiсiмшарт қызметiнiң аға сержанты, аға нұсқаушы Серiк Райымбеков өзiне тапсырылған вагондарды мұқият тексерiп шығады. Сөйтiп келесi вагонға өткенде «Ади» мазасыздана бастайды. Аға сержант С.Райымбеков жолсерiк отырған купенi жiтi тексеру қажет деп шешедi. «Ұрының арты қуыс», — дегендей дәл осы кезде әлгi вагонның жолсерiгi де шектен тыс мазасызданып, күдiк тудырады. Жолсерiктiң мазасыздануынан бiр шикiлiктi сезген шекарашы купенiң екiншi қабатында жатқан сөмкенi тексередi. Сөмкенi ашса, лық тола көкөнiс. Көкөнiстi бiр-бiрден алып қарағанда екi пакетке мұқият орап жасырылған ақ ұнтақ көзге шалынады. Ұрлығы әшкере болған жолсерiк сасқалақтағанынан «сөмкенi белгiсiз бiреу межелi жерге жеткiзiп бер дегесiн, келiсiп едiм», — деп ақталғандай болады. «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көрерсiң», — демекшi, шекарашылар мұқият тексерудiң нәтижесiнде купенiң iшiндегi жылытқыш құралының iшiнен де әлгiндей пакетке оралған нәрсенi тәркiледi. Осылайша аға сержант Серiк Райымбеков асқан қырағылық танытып жалпы салмағы төрт келiден астам геройндi тауып, заңсыз есiрткi тасымалының жолын кестi. Оңай олжа көкейiн тескен жолсерiк күдiктi ретiнде құрықталды.

Сөздiң ретiне орай аға сержант С.Райымбеков бұған дейiн де бiрнеше мәрте есiрткi тасымалының алдын ораған болатын. Үстiмiздегi жылдың қаңтар айында үш келiге жуық апиынды әшкерелеген. Үлгiлi шекарашының айтулы қызметiн ескерген әскери бөлiм басшылығы бiрнеше мәрте мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықпен алғыс бiлдiрген.

Шекарашы деген атақты биiк ұстап, абыройлы қызмет атқарғанына жетi жылдан асқан аға сержант С.Райымбеков аяулы жары екеуi екi бала тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Ол алдағы уақытта келiсiм шарт қызметiнiң мерзiмiн өз қалауымен ұзартып, қастерлi шекарамыздың күзетiн қамтамасыз етуге аянбай тер төкпекшi.

П.БIЛӘЛБЕКОВ, келiсiмшарт қызметiнiң

қатардағы жауынгерi.

ҚР ҰҚК Шекара қызметi

Серіктес жаңалықтары