«ЖАБЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ» ЖАЙМАШУАҚ КЕШ

«ЖАБЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ» ЖАЙМАШУАҚ КЕШ

«ЖАБЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ» ЖАЙМАШУАҚ КЕШ
ашық дереккөзі
432

Шыны керек, «темiр тордың арғы жағы» бiз үшiн жабық қоғам. Өз басымызға түспейiнше, сол жабық қоғам жайлы мүмкiндiгiнше, естiгiмiз де, көргiмiз де келмейтiнi рас. Ал шын мәнiнде, «жаңылмайтын жақ, сүрiнбейтiн тұяқ болмайтыны» секiлдi кез келген адамның басына iс түсуi әбден мүмкiн ғой. Бұған былтыр Тараз қаласындағы абақтылардың бiрiне жұмыс бабымен барғанда көз жеткiздiк.

Сол жолы елге есiмi белгiлi әрiптесiмiздi темiр тордың арғы жағынан көру түсiмiзге де кiрмептi. Таза қазақ тiлiндегi жалғыз арнаның негiзiн қалаушылардың бiрi болған, қарымды қаламгердiң кезiнде алаяқтардың арбауына түсiп, iстi болғанын естiгенде тiптi жүрегiмiз сыздап қоя бердi. Әйткенмен, айтайын дегенiмiз бұл емес едi. Осы жолы жабық қоғамды жағалап тағы бардық. Әрiптесiмiздi көруге емес, наурыз тойына орай ұйымдастырылған шараға қатысуға. Алматы қаласы мен облысы бойынша қоныс түрiндегi ЛА-155/13 мекемесiнде Наурызды қарсы алудың ерекше дәстүрi қалыптасқан. Биыл да сол дағды бойынша, мекеме басшылары Ұлыстың ұлы күнiн кең көлемде атап өтуге әзiрленген екен. Киiз үй тiгiлiп, қазан асылып, концерт қойылуы тиiс-тiн. Тек ауа райы оған мұрша бермедi. Таң ата шелектеп құйған жаңбырдың арты қарға ұласып, жоспарды iске асырғызбады. Десек те, тәрбие iсi жөнiндегi бөлiм бастығы, әдiлет капитаны Шайзат Букаеваның мұрындық болуымен наурыз мерекесi атаусыз қалмады. Жазасын өтеушiлердiң қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Әуелеген ән, күмбiрлеген күй бiздiң қай жерде, яғни, жоғарыда айтқан бiздiң ұғымымыздағы жабық қоғамда отырғанымызды бiр сәтке ұмыттырғаны рас. Оқылған өлеңдерде де бiр-бiр тағдыр жатыр. Бiреу бiр мұңайған, бiр қуанған сәтiн өлеңге қосса, ендi бiреу Отанға, ел мен жерге, ата-анасына деген сүйiспеншiлiгiн, ғашық адамына деген махаббатын жыр еткен. Ең бастысы, әрбiр жырда өкiну, мойындау бар, тек түңiлу жоқ.

Мерекелiк кешке «НұрОтан» партиясының кеңесшiсi Қ.Серiмбетов, мекеме басшысының тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары А.Жанұзақов, «Қуаныш» дiни бiрлестiгiнiң үйлестiрушiсi Ә.Шынтемiров қатысып, жазасын өтеп жатқан жандарға үлгi боларлық тiлек-кеңестерiн жеткiздi.

Колония басшысы Дiнмұхамед Асқарұлының айтуынша, ЛА-155/13 мекемесiнде 500-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Орын жетiспейдi. Мұншалық адамды темiрдей тәртiпте ұстап, олардың тура жолға түсуiне ықпал жасау да оңай шаруа болмаса керек. Әрi бұл қоныс түрiндегi түзету мекемесi болған соң, жазасын өтеушiлердiң жұмыспен қамтылуын қадағалау iсi де өз алдына күрмеуi қиын мәселе.

«НұрОтан» партиясының өкiлi Қайрат Темiрбекұлы мекеме қызметкерлерiнiң айлығы шайлығына жетпейтiнiн, соған орай осы мәселенi шешуге партия күш салып жатқанын да жеткiздi. Жабық қоғамдағы жаймашуақ кештiң соңында мерекелiк дастарқан жайылып, жиналғандар наурыз көжеден дәм татты.

Әдiл БАЙБОЛ

Серіктес жаңалықтары