МӘСКЕУДЕГI МЕКТЕПКЕ БАУЫРЖАН БАТЫРДЫҢ ЕСIМI БЕРIЛДI
МӘСКЕУДЕГI МЕКТЕПКЕ БАУЫРЖАН БАТЫРДЫҢ ЕСIМI БЕРIЛДI
Бауыржан Момышұлы қазақ халқына ғана емес, бүкiл әлемге әйгiлi тұлға. Айбатты мiнезiмен талай жауды шегiндiрген батырды қалай әспеттесек те жарасады. Көптiң көңiлiнде жүрген тiлек те сол. Даңқты жауынгер, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлына ресми түрде «Халық қаһарманы» атағын беру керектiгi.
Бұл жайт талай рет айтылды да, жазылды да. Газетiмiзге сұхбат берген батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы да «БАҚ өкiлдерi әкеме берiлмеген атақты қосып айтады» деп қапаланған едi. Жақында Парламентте Үкiмет басшысына сауал жолдаған Мәжiлiс депутаты Ирак Елекеев ұлы жеңiстiң 65 жылдық мерейтойына дейiн Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берiлуi тиiс дедi. Алайда, мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан «Бiрақ сол керек пе? Менiң ұғымымда Бауыржан Момышұлының өзi үлкен атақ. Яғни, Бауыржан Момышұлы кез келген атақтан биiк тұрған тұлға. Дегенмен, атақтың деңгейiн көтеру үшiн, Бауыржан батыр алған «Халық қаһарманын» кiм көрiнгенге бермеу үшiн, бәлкiм керек те шығар?!» деп қайсар, ержүрек тұлғаның жоғары атаққа лайықты екендiгiне жұртты тағы да мойындатты.
Есесiне, ең жағымды жаңалық Мәскеу қаласынан жеттi. Ұлыстың ұлы күнi қарсаңында, Мәскеудiң №229 орта мектебiне Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының аты берiлдi. Бiлiм ошағының қазақ қаһарманының есiмiмен аталуы кездейсоқ емес. Себебi бәрiмiзге белгiлi, бұл жерде Панфилов бастаған 316-шы атқыштар дивизиясы Мәскеу үшiн ерлiкпен күрескен.
Алып мемлекеттен жеткен қуанышты хабарды батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы қалай қабылдады екен? «Бұл кәдiмгi қалыпты жағдай ғой. Неге десең, әкем Мәскеудiң, жалпы Ресейдiң жерiн қорғаған. Мәскеудiң түбiнде жаудың бетiн қайтарған. Бiлуiмше, бұл Қазақстанның Ресейдегi елшiлiгiнiң мұрындық болуымен жүзеге асқан. Менен тек «қарсы емеспiн» деген қағаз беруiмдi сұрады. Оны нотариалды түрде бекiтiп, телефакспен жiбердiм. Ал түпнұсқасын бiр жiгiт алып кеттi. Содан кейiн тып-тыныш. Әлi бiзге ешқандай хабар келген жоқ», – деп жауап бердi. Батырдың ұлы Бақытжан Момышұлының айтуынша, жергiлiктi жердегi ата-аналар «Бауыржан Момышұлы» деген кiм едi?» деп қарсылық бiлдiрiптi. Әрине, мұндай сөздi батырдың баға жетпес ерлiгiн бiлмейтiндер ғана айтады.
Және бiр айта кетерлiгi, Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай мектепте батыр мүсiнi қойылып, мұражай ашылмақшы. «Сол мектепте бiр бөлменi мұражайға беремiз дептi. Жалпы, оған онша қуанып жатқан жоқпын. Бәрi орынды. Негiзi солай болуы керек деп ойлаймын», – дейдi ержүрек батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ