КЕДЕНДIК ОДАҚ КIМГЕ ТИIМДI?

КЕДЕНДIК ОДАҚ КIМГЕ ТИIМДI?

КЕДЕНДIК ОДАҚ КIМГЕ ТИIМДI?
ашық дереккөзі
256

Өткен аптада Алматы әкiмшiлiгi ұйымдастырған «Қазақстанның үштарапты Кедендiк одаққа мүше болуы туралы» тақырыбында өткiзiлген дөңгелек үстелде Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова, Қаржы министрi Болат Жәмiшев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрi Арман Евнеев, Экономикалық даму және сауда вице-министрi Тимур Сүлейменов, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов пен қоғам қайраткерлерi, оның iшiнде, кәсiпкерлер мен зиялы қауым өкiлдерi ой бөлiстi.

Өткен аптада Кедендiк баж салықтарынан түсетiн кiрiстiң сүбелi бөлiгi, яғни, 87,9 пайызы ресейлiктерге бұйырды. Ал Қазақстанға – 7 пайыз, Белоруссияға – 5 пайыз. Министр Болат Жәмiшевтiң айтуына қарағанда, «үлестердi бөлiсу туралы келiсiмнен кейiн бiз елiмiздiң бюджетiн 61 млрд. теңгеге ұлғайттық. Қазақстанның импорттық кедендiк түсiмдердегi үлесi 3,5 пайызды құраса, Кедендiк одақ шеңберiндегi түсiмдердi бөлу туралы келiсiм бойынша Қазақстанның үлесi 7,33 пайызға дейiн өскен. Өйткенi, тарифтердi екi есеге дейiн өсiргенде үлес те, бюджеттiк кiрiс те екi есеге көбейедi». Экономикалық даму және сауда министрi Жанар Айтжанова бүгiнде қазақстандық экспорттың 80 пайызы шикiзаттан тұратынын, шетелдiк инвестицияның 80 пайызы шикiзат саласының өңдеу өнеркәсiбiне бағытталғанын жеткiздi. Негiзi Ресейдегi iрi өндiрiс ошақтарының көпшiлiгi, анығында, 80 пайызға жуығы кеңестiк заманнан «мұраға» қалғандар. Iшкi нарықтағы сұранысты қанағаттандырумен қатар өндiрiсi қарқынды дамыған әрi Қазақстан экономикасынан 14 есе үлкен ресейлiк экономика импорт мәселесiнде де ұтады. Тәуелсiздiк алғалы 20 жылға жуық уақыт өткен бiздiң елiмiзде өндiрiстiк потенциалдың қалыптастырылмай отырғаны өкiнiштi. Әйтпесе, сыртқа тасымалдайтын импорттық өнiмдерiмiздiң басым бөлiгiн шикiзат құрар ма едi? Ж.Айтжанова ханым Жер шарында Дүниежүзiлiк сауда ұйымы шеңберiнде әрекет ететiн 12 кедендiк одақ бар екендiгiн үлгi еттi. Белгiлi экономист Қанат Берентаевтың пiкiрiнше, Кедендiк одақтың негiзгi элементi – бiрыңғай кедендiк тариф болса, екiншiсi, бәсекелiк орта құрылады. Алайда, отандық кәсiпкерлердiң басым бөлiгi бәсекеден ығады. Өйткенi, бұған дейiн Қазақстанда қытайлық арзанқол тауарлардың бәсекесiне төтеп бере алмадық. Өндiрiс ошақтарында нақты өнiм өндiруден гөрi алыпсатарлық қарқынды дамуда. Көтерме базардан көкөнiс атаулыны арзанға сатып алып, қала орталықтарына 5-6 есеге қымбатқа сататындардың кесiрiнен қарапайым тұтынушы ұтылатыны сөзсiз. Дөңгелек үстел барысында Болат Жәмiшев жаңа экономикалық бiрiгу аумағы бойынша азаматтар валюталарын декларация жасамай-ақ үш ел арасында жүре беретiндей жасау қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, кәсiпкерлердiң өзара сауда жасауында ҚҚС (қосымша құн салығы) бойынша төлемдi 50 күнге кейiнге шегеру қарастырылып отырған сыңайлы.

Министр Жанар Айтжанова: «Бiз айына бiр рет Экономика министрлiгi қабырғасында Шүкеевтiң жетекшiлiгiмен кәсiпкерлер мен бизнесмендердi басқосуға шақырып тұрамыз. Сол жерде отандық кәсiпкерлердiң барлық талап-тiлектерi мен ұсыныстары айтылып, ақылдаса отырып, комиссия мүшелерi оны Ресей мен Беларусьтегi әрiптестерiмен келiссөз жүргiзу барысында басты бағытта ұстайтын болады. Бiр өтiнiш – отандық бизнес өкiлдерi өз талап-тiлектерi мен ұсыныстарын өз ассоциациялары арқылы жеткiзiп тұратын болса. Өйткенi бизнесмендердiң бәрiнiң даусы бiзге жете бермейтiнiн бiлесiздер. Ал ассоциациялар өз бизнесмендерiнiң басын жиi қосып, өз мүдделерiн қорғайтын мәселелердiң маңыздыларын сарапқа салып, бiзде болатын басқосуға жеткiзетiн болса» – дедi. Министр ханымның айтуынша, Кедендiк Одақ алдымен кәсiпкерлер үшiн үлкен мүмкiндiктердi ашады. Ол мүмкiндiктердi қалай пайдаланамыз, ол өзiмiзге байланысты. КО-ға қатысушы елдермен тұрақты түрде келiссөз процестерi өтiп тұрады, ҚР-дiң екi заңына өзгерiс енгiзiлмек. Одаққа мүше болу дегенiмiз – Үкiмет үшiн де, кәсiпкерлер қауымдастығы үшiн де бiрлескен жауапкершiлiк болмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары