ТӨРТ СӘБИДI ТӨБЕМIЗГЕ КӨТЕРСЕК НЕТТI?

ТӨРТ СӘБИДI ТӨБЕМIЗГЕ КӨТЕРСЕК НЕТТI?

ТӨРТ СӘБИДI ТӨБЕМIЗГЕ КӨТЕРСЕК НЕТТI?
ашық дереккөзі
206

Наурыз айының 9-да Есентай Қапар мен Назымгүл Қуанғанның шаңырағы шаттыққа бөлендi. Олар 4 қыздың ата-анасы атанды. Бұл бiрден 4 сәбиге әке болған Есентайдың ғана қуанышы ма, барша қазақ бөркiн аспанға атар қуаныш емес пе? Немерелерiнiң атын атасы қойса керек: Нұрайша, Бекайша, Жанайша және Гүлайша.

Сәбилердiң ең кiшiсi дүние есiгiн 900 грамм салмақпен ашса, ең үлкенi бар-жоғы 1,5 кило ғана болған екен. Бүгiнде олар Ана мен баланы қорғау орталығында, перинатальдық бөлiмде, түтiкпенен су iшiп, түндiкпенен күн көрiп жатыр. Әзiрге нәрестелердiң денсаулығы бiрқалыпты.

Есентай Қапар Спорт және туризм академиясында оқытушы және Қалалық спорт басқармасының қарауындағы №13 спорт мектебiнде күрестен жаттықтырушы болып iстейдi. Және осы Академияның Байтұрсынұлы және Құрманғазы көшелерiнiң қиылысындағы №4 жатақханасының аядай бөлмесiнде тұрады. Ертең сәбилердi аман-есен ауруханадан шығарып алғаннан кейiн, олардың арықарайғы тiрлiгi қалай болатындығы беймағлұм. Есентай өзiнiң қызметiнен 1 айлық көлемiнде қаржылай көмек бөлiнгендiгiн және де №13 спорт мектебi ұжымының көмек көрсеткенiн айтады. Ал, Тұрғын үй департаментiнен хабарласып, үй алуға құжаттар жинау қажеттiгiн ескертiптi. Бiрақ, оның қашан, қай кезде берiлетiндiгi жайында нақты ештеңе айтылмаған. Қазiр құжаттар жинастырып жатыр екен.

– Соңғы 5 жылда тұрған үйлердiң кiтапшасы, форма 2 анықтамасы керек екен. Менiң әйелiм 2006 жылға дейiн ШҚО Үржар ауданы, Мақаншы ауылында тұрған. Сол себептi де оның құжаттарын Мақаншыдан алдыру керек. Қазiр екi ортада жол жоқтықтан, құжаттары келiп үлгiрмей жатыр. Құжатты екеумiздiң атымыздан тапсырады екенбiз. Өзiмнiң құжаттарымды дайындап қойдым, – дейдi Есентай Қапар.

Есентай Қапардың қазiргi тiркеуi Алматы қаласының Алатау ауданында екен.

Жалпы, соңғы жылдары қазақ отбасында үшем, төртемдер жиi дүние есiгiн ашатын болып кеттi. Былтыр Шымкентте, ШҚО Аягөз ауданында дүниеге келген үшемдер жайында қазақ баспасөзi бiр дүрлiгiп басылған. Бiрақ, осы сәбилердiң ата-аналарының әлеуметтiк жағдайы тек ақпарат құралдарының араласуымен ғана оңалып жатады. Әсiресе, бұл өзге емес, тiкелей баспана мәселесiне байланысты. Жалпы, мемлекеттiң үшем, төртемдерге байланысты ұстанымдары неге жоқ? Оларды 18 жасқа толғанға дейiн мемлекет қамқорлығына алу, баспанамен қамтамасыз ету, балаларды күтуге арнайы медбике тағайындау сияқты мәселелер өзiнен-өзi шешiлгенi жөн сияқты.

Осы орайда осыдан оншақты жыл бұрын Қытай фабрикасында жұмыс iстейтiн бiр әйелдiң 4 баланы бiрден дүниеге әкелгенi есiме оралып отыр. Осы оқиғаны Қытай ақпарат құралдары да, бүкiл әлемдiк баспасөз де жарыса жазған едi. Қытайда бала тууға шек қойылатындығына қарамастан жаңағы 4 қыздың 3-еуiнiң 18 жасқа дейiнгi қамқорлығын Қытай үкiметi өз мойнына алған едi. Ал, бiзде ондай бастамалар не мемлекеттiк құзырлы органдар тарапынан, не қоғамдық ұйымдар, ұлттық компаниялар тарапынан көтерiлiп отырған жоқ. Баспанасыз ата-аналар баспанамен қамтамасыз етiлгеннен кейiнгi мәселелер жабулы күйiнде ғана қалады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары