ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАЛПЫНА КЕЛТIРIЛIП ЖАТЫР

ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАЛПЫНА КЕЛТIРIЛIП ЖАТЫР

ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАЛПЫНА  КЕЛТIРIЛIП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
226

Қызылағаш ауылында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгiнгi күнi 58 мердiгерлiк компания өкiлдерi барлығы 450 үйдi жаңадан салу, 17 үйдi күрделi жөндеуден өткiзу жұмыстарына кiрiстi. Жиырмадан астам үйдiң iргетасы қаланып, өткен аптада алғаш қазығы қағылған үйдiң шатыры көтерiлiп қалғанына да ел куә болуда. Сондай-ақ, әр көшеден үйлердiң сұлбалары көрiне бастады.

Ақсу, Көксу, Сарқан аудандары мен Текелi, Қапшағай қалаларының тәулiгiне 25-тен 100 мың данаға дейiн өндiру қуаты бар кiрпiш зауыттары құрылыс жұмыстарын қажеттi кiрпiшпен (шамамен 14-15 млн. дана қажет) қамтамасыз ететiн болады.

Ауылға қазiргi кезде 100 мың кiрпiш, сондай-ақ, әртүрлi құрылыс материалдары жеткiзiлуде.

Қызылағаштықтарға көмек қолын созушылар саны күн сайын арта түсуде. Бүгiн Қызылағашқа "БН-Инвест" компаниясының басшысы Болат Назарбаев арнайы келiп, ауылды қалпына келтiру жұмыстарына атсалысу мақсатында өз қаржысына 10 үй салып беретiнiн жеткiздi.

– Бүкiл елiмiз халықтың қайғысын жеңiлдетуге жұмылу үстiнде. Осыған орай бiз де өз тарапымыздан қызылағаштықтарға қолдан келгенше көмектесу жөнiнде шешiм қабылдадық. Сөйтiп, Қызылағаш ауылы тұрғындарының басына түскен ауыртпалықты бiрге бөлiсу үшiн компания есебiнен 10 үйдiң құрылысын бастап, 2,5-3 ай мерзiмде пайдалануға беремiз, – дедi Болат Назарбаев журналистерге берген сұхбатында.

Ақтоған және Егiнсу ауылдарын тазалау жұмыстары жалғасуда. Бұл ауылдарда қираған үйлердi қайта салу және зақымданған үйлерге күрделi жөндеу жүргiзу жоспарланып отыр. Сөйтiп, Егiнсу ауылында 26 үй жаңадан салынады, 47 үйге күрделi жөндеу жүргiзiлетiн болады. Ал Ақтоған ауылында 65 үй жаңадан салынып, 37 үйге күрделi жөндеу жүргiзiлмек.

Қазiргi кезде Қызылағаш ауылында 320 техника мен екi мыңнан астам адам жұмыс iстеуде.

Ауылды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жүргiзiлiп жатқан ұңғылау жұмыстарының бiрiншi кезеңi аяқталды.

Су құбыры жүйесiнiң шамамен ұзындығы – 13 шақырым. Су құбыры қондырғыларын орнату үшiн барлығы 5900 метр траншея қазылып, 2000 метр құбыр орнатылды.

Азық-түлiк қауiпсiздiгi мен ауызсу сапасын бақылау облыстық СЭС басқармасының басты назарында.

Облыс әкiмiнiң тапсырмасына бойынша, су тасқынынан қаза болғандарға арнап Қызылағаш ауылында қойылатын ескерткiштiң жобасы дайындалу үстiнде. Саябақта орнатылатын ескерткiште қаза болғандардың аты-жөнi жазылып, оның айналасы абаттандырылатын болады.

Зардап шеккендерге жәрдемақылар аудару үшiн "Қазпочта" арқылы есеп-шоттар ашу жұмыстары жалғасу үстiнде. Бүгiнгi күнге 2625 есеп-шот ашылды. Соның iшiнде 2025 адамға 26 млн. 115 мың теңге аударылды.

Қаза болған адамдар саны – 44. Қаза болғандардың 24-не құжаттар дайындалып, оларға 12 млн. теңге аударылды (Естерiңiзге сала кетейiк, қайтыс болған әрбiр адамға облыс бюджетiнен 500 мың теңге төленедi).

Қызылағаш ауылына мемлекеттiк материалдық резервтен гуманитарлық көмек пен материалдық құндылықтар келiп түсуi жалғасуда.

Қазiргi кезде мәлiмет бойынша:

– Үкiмет резервiнен 599 млн. 838 мың теңге;

– Ұлттық компаниялардан 561,1 млн. теңге, (оның iшiнде "Самұрық-Қазына" АҚ тарапынан – 500,0 млн. теңге);

– Астана, Алматы қалалары мен облыстардан – 870,0 млн. теңге;

– "Жансүгiров" қайырымдылық қорына 457,8 млн. теңге, (оның iшiнде "Қазақмыс" корпорациясы" АҚ – 110,0 млн.теңге) қаражат түстi.

Сөйтiп, бүгiнгi күнгi мәлiмет бойынша, Ақсу ауданындағы су тасқыны салдарын жоюға және табиғи апаттан зардап шеккендерге жәрдемдесу жұмыстарына 2 млрд. 488 млн. теңге қаражат жиналды.

Республикалық шұғыл құтқару отряды мен облыстық су-құтқару қызметi құтқарушыларының бiрлескен күштерiмен Қызылағаш өзенi сағасында қашықтығы 15-20 шақырым жерлерде iздестiру жұмыстары жүргiзiлуде.

№ 28237 әскери бөлiмiнiң үш тобы (әрқайсысында 15 әскери қызметшiден) "Казавиаспас" мекемесiнiң Ми-171 тiкұшағымен Қызылағаш ауылынан батысқа қарай 20-25 шақырым жерлердегi ашық жерлердi тексерiп, қаза болған адамдардың денесiн iздестiруде.

Облыс әкiмiнiң орынбасары Серiк Мұқановтың айтуынша, кейбiр бұқаралық ақпарат құралдары таратқандай, жүздеген адам қайтыс болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Су тасқынынан қайтыс болған адамдардың саны – 44. Бүгiнгi күнге 1 адамның жоғалғаны туралы тиiстi органға шағым түскен. Қазiргi кезде тұрғындардың көбiсi ауылға қайтып оралып, қалғандары уақытша орналастырылған жерлерде тұрып жатыр.

– Егер де бiз қоғамнан шын мәнiнде қайтыс болған адамдардың санын жасырған болсақ, ол кезде iшкi iстер департаментiне арыз айтып, жоғалған адамдарды iздеушiлер көптеп келер едi. Ал бүгiнгi күнi жоғарыда айтып өткен бiр азаматқа қатысты iздеуден басқа ешқандай өтiнiш тiркелмеген, – дедi С.Мұқанов.

Алматы облысы әкiмiнiң баспасөз қызметi

Серіктес жаңалықтары