ҚОҢЫР ҮНДI БАУЫРЖАН

ҚОҢЫР ҮНДI БАУЫРЖАН

ҚОҢЫР ҮНДI БАУЫРЖАН
ашық дереккөзі
274

"Ел iшi — өнер кенiшi". Қазақ халқы қашан да өнерлi, талантты ұл-қыздарға кенде емес. Сiрә, бұл халқымыздың ежелден жалғасып келетiн дәстүр сабақтастығының әсерiнен шығар.

Киелi сахнаның төрiне көтерiлген осындай талантты, өнерпаз жiгiттiң бiрi — Бауыржан Өскенбек. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Бәйдiбек ауданының Жиенқұл бөлiмшесiнде дүниеге келген ол кiшкентайынан қолына қасиеттi қара домбыраны ұстап өскен. Өнегелi отбасында құдiреттi сөз бен ән өнерiне етене жақыны да Бауыржан екен. Мектеп қабырғасында жүрiп-ақ, мектепаралық, ауданаралық айтыстарда тiзгiндi тартып отырып, жүлделi орындарды еншiлеген жас өрен сол кездiң өзiнде-ақ келешекте әншi-композитор болатындығын сезген сияқты. Айтыс өнерiнiң майталмандары Манап Көкенов, Әселхан Қалыбекова, Таушан Әбуова сынды ата-апалардың сөз маржанын терген қасиетiн бойына сiңiрген Бауыржан Өскенбек: "Сөздiң патшасы, сөз сарасы — өлеңдi қиыннан қиыстырып құрайтын өнер 9-сыныптан бастап қона бастады. Содан бiрте-бiрте ән жазуға бет бұрдым. Ең алғаш әнi мен сөзi үйлесе шыққан әнiмдi 10-сыныпта жазыппын", — дейдi бақытты балалық шаққа саяхат жасап. Бұл талайдың жүрегiне жол тартқан — "Динара" әнi.

Иә, бiр жылдары "Динара" әнi жастар арасында көп айтылып, көп орындалып жүрдi. Бiрақ тәп-тәуiр әннiң авторы 10-сынып оқушысы екенiн кiм бiлген? "Шыны керек, бұл әннiң музыкасы жақсы болғанмен, сөзi әлсiздеу шықты. Әлi де балалықтың ауылынан алыстамаған кезiм ғой" дейдi композитор. Бiр қызығы, Бауыржанның талантынан туған "Динара", "Достарым", "Анашым", т.б. әндер бүгiнге дейiн көше әндерi ретiнде шырқалып келген. Тек Шымкент қаласындағы саз колледжiне түскеннен кейiн ғана Бауыржан Өскенбектiң тынысы ашылып, өнерге деген құлшынысы арта түседi. Жергiлiктi жердiң қалалық өнерпаздар театрында көрiне бастаған Бауыржанға әншi қауымнан: "Әндерiң жақсы екен. Неге әндi көптеп жазбайсың?" деген ұсыныстар түседi. 2005 жылдан бастап өнер саласына бiржола бет бұрған Бауыржан Өскенбек бүгiнде Бейбiт Сейдуалиеваның орындауындағы "Бiр белгi", "Шақырады көктем", "Бiр үмiт" әндерiнiң және Қарақат Әбiлдина мен Қыдырәлi Болманов шырқап жүрген "Асыл досым", "Ана", "Ризамын", "Сағынамын" т.б. әндердiң авторы. Дәстүрлi әншi Гүлбаршын Тергеубековамен бiрге шырқап жүрген "Өзiңдi iздедiм" дуэтiн де көпшiлiк тыңдарман жылы қабылдады. Қазiргi кезде әншi-композитор Бауыржан Өскенбектiң шамамен 30-40 әнi эстрада аспанында қалықтап жүр.

Бiрқатар байқаулардың жүлдегерi Бауыржан Өскенбектiң алға қойған жоспары көп. "Асыл жарым" әнiне түсiрiлген бейнеклипжақын арада телеэкранға жол тартпақ. Ал бұдан соң жылдың негiзгi жетiстiгi — алғашқы альбомның тұсауы кесiлмекшi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары