ҚАЗАҚ ТЕННИСIНIҢ АЙЫ ТУАР КҮН

ҚАЗАҚ ТЕННИСIНIҢ АЙЫ ТУАР КҮН

ҚАЗАҚ ТЕННИСIНIҢ АЙЫ ТУАР КҮН
ашық дереккөзі
261

Қазiргi кезде спорттан тiптi хабары жоқ кез келген кiсiден: «Роджер Федерер, Рафаэль Надаль, Мария Шарапова кiм?» — десеңiз ойланбастан жауап қатар едi. Олар әйгiлi теннис жұлдыздары. Мiне, бұл спорт түрiнiң қазiр дамып-өркендеп, кең қанат жайғандығының айғағы. Соңғы жылдары Қазақстанда да осы өнер кеңiнен насихаттала бастады.

ҚАЗАҚСТАНҒА ТЕННИС ҚАЛАЙ КЕЛДI?

Ең алдымен үлкен теннистiң қазақ жерiне қалай келгендiгi туралы сөз қозғасақ. Өткен ғасырдың 50-жылдары Кеңес Одағында теннис спорты әлсiн-әлсiн төбе көрсете бастады. Ол бiздiң елдi де шарпып өтедi. Ол кездерде Алматыдағы «Динамо» стадионыда бүкiл республикадағы жалғыз теннис корты жұмыс iстейтiн. Ал 1956 жылға дейiн С.Заруба деген азамат өз ықпалымен жастар арасында теннис үйiрмесiн құрған. Бiрақ ол тәрбиелеген шәкiрттер КСРО I – спартакиадасында жалпы командалық есепте 15-орын алып қалады. Дегенмен, бiз бұл сәттердi Қазақ теннисiнiң алғашқы қадамы деп айтсақ жөн болар.

Бұдан былай жеткiншектердi дайындау үшiн тәжiрибелi, бiлiктi маман қажет болды. Мәскеуден келген Биценко мен Қазақстанның үш дүркiн чемпионы Галина Тучашвили – осы олқылықтың орнын толтырды. Шәкiртке ұстаздық етуден құрылтайшы Александр Маркидiң өзi де қашпады. Тiптi оның тәрбиесiн алған В.Янчук, А.Польский, С.Пекай, Н.Андрейченко Орта Азияның бiрнеше мәрте жеңiмпаздары атанып жатты.

Осыдан барып, елiмiздiң жер –жерлерiнде корттар, теннис орталықтары ашылып, iс өрге домалады. Балалар мен жастар теннисi қарқынды түрде дамып, қолға алынды. Жаттықтырушылар саны да. Осының арқасында 14 жасар Марина Крошина спорт шеберi деген атаққа қол жеткiзедi. Августин Вельцтiң тағы бiр шәкiртi Лиля Карпова бұл дәрежеге 15-жасында жеттi.

Ал 1966 жылдан бастап, Вельцтiң тәрбиеленушiлерiнен құраған Алматы командасы КСРО-ның аймақтық турнирлерiнде жеңiп, жыл сайын жеңiмпаз атанып отырды. Кейбiр шәкiрттерi, тiптi КСРО намысын шетел ареналарында қорғап жүрдi. Мысалы, 1967 жылы тамыз айында Кошицеде (Чехия) өткен жарыста Лиля Карпова ересектер арасында үшiншi орыннан көрiнедi. Одан кейiн 1968-жылдың ақпанында Мәскеудегi халықаралық турнирде Карпова Венгрия чемпионы, атақты Сабоның өзiн жеңiп кеткен болатын.

Қазақстанның жастар құрама командасы бүкiлодақтық мектеп оқушылары спартакиадасына қатысады. 1967-жылы Санкт-Петерборда өткен бұл бәсекеде жерлестерiмiз Мәскеу, Өзбекстан және Грузия командаларын ұтып, жүлделi бесiншi орынды қанжығалап қайтады. Сол кездегi баспасөз беттерiнде, бiздiң ұл-қыздарымыздың Грузияны 8:1 есебiмен ойсырата ұтқаны сенсация деп бағаланады.

Осындай аты шулы жеңiстерден кейiн ел назары тенниске бiржола ауады. Ал 1964-66 жылдары Алматыда қазақ тенисi дамып, жеке және екi командалық КСРО бiрiншiлiгi өтедi. Бұл әрине қазақ теннисiнiң тарихынан алынған алғашқы беттер ғана.

Қазақстан тәуелсiз ел болғалы соңғы екi жылдың көлемiнде ғана үлкен тенниске дұрыстап ден қоя бастады. Оның өзi жасыратыны жоқ, Елбасымыздың осы спортпен жете шұғылданатындығынан ғана басталды. Сол кiсiнiң жеке тапсырмасымен федерация президентi болған Болат Өтемұратов ел теннисiн қолға алды. Ең алдымен теннисi дамыған, көршi Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатылды. Сол елдiң белдi маманы, жаттықтырушы Шамиль Тарпищевпен де Астанада бiраз мәселелер талқыланды. Ресейдегi теннис турнирлерiне қазақстандық, Қазақстандағы турнирлерге ресейлiк спортшылар қатысып, жүйелi түрде тәжiрибе алмасу жүргiзiле бастады. Ресейдегi жаңа есiмдер – Голубев, Щукин, Кукушкин, Воскобоева, Шведова, Корелев Қазақстан атынан өнер көрсетуге келiсiм берiп, құрама сапына өттi. Олар бiздiң елдiң жалауын жамылғалы берi де бiрқатар жеңiстерге қол жеттi. Мысалы, өткен жылдың қараша айында Санкт-Петербордағы АТР санатындағы iрi турнирде Андрей Голубев аты аңызға айналған Марат Сафиннiң өзiн ұтып, айды аспанға шығарды. Жарыстың ақтық сынына дейiн жетiп, ағылшын Энди Мюррейге ғана есе жiбердi. Ал қарсыласынын әлемдiк рейтингте 4-шi тұрғанын ескерсек, Андрейдiң осындай деңгейге көтерiлгенiн мақтан тұтуымыз қажет.

Ал Галина Воскобоеваның «Австралиан Оупен» турнирiндегi табысы, әрине қазақ теннисiнiң тарихында өзiндiк орын алары сөзсiз. Аталған «Үлкен Шлем» бәсекесiнде қазақстандық спортшының iрiктеу кезеңiнен iркiлмей өтiп, жарыстың негiзгi бөлiмiнiң үшiншi айналымы, яғни 116 финалға дейiн жеткенi ел спортында бұрын-соңды тiркелмеген көрсеткiш едi. Осындай нәтижеден кейiн теннисшi қызымыз әлемдiк рейтингтiң 71-сатысынан нық орын алып тұрды.

Дәл осы турнирде тұңғыш рет Қазақстан атынан болгар қызы Сесиль Каратанчева да қатысты. Бұл теннисшiнiң де әлемдiк спорт аренасында қалдырған iзi бар. Ол небәрi 15-жасар кезiнде Франция ашық бiрiншiлiгi «Роллан Гароста» атақты Венус Уильямстың өзiн тiзерлеткен-дi. Мiне, содан кейiн Сесиль дегенде спорт әлемiнде пайда болған жарық жұлдызды елестететiнбiз. Өкiнiшке қарай, 2006 жылы оның спорттағы қадамына үлкен тосқауыл қойылды. Австралия ашық бiрiншiлiгi кезiнде дәрiгерлер оның қанынан рұқсат етiлмеген күшейткiш дәрумендердiң белгiлерiн тапқан. Сөйтiп, жас талантты екi жылға спорттан шеттетiп тастайды. Осы кезде Болгария теннис федерациясынан көмек сұраған Каратанчева қараусыз қалған жетiм баланың кебiн киедi. Мiне, содан берi айып мерзiмiн өтеп шыққан Сесиль, ендi халықаралық аренада Қазақстан намысын жыртып жүр.

Осындай даңқты әпкелерiнен өнеге алып өсiп келе жатқан қаракөзiмiз Зарина Диас та өзiнiң өрелi ойын өрнегiмен көзге түсе бiлдi. 15 жасар Зарина өткен жылы Астанада өткен iрi турнирде топ жарды. Бұл жеңiстiң де орны бөлек. Өйткенi ол жеңiс – кәсiпқой теннистегi қазақ қызының тұңғыш табысы-тұғын.

P.S. Федерация басшысы генерал Новиков қызметтен кетiсiмен, ел теннисiнiң керi кеткен қадамы алға басты. Республикада осы спортты дамыту барысында келелi iстер мен бiршама реформалар жасалынды. Атап өтер болсақ, «Kazakhstan Team» бағдарламасы құрылып, 8-16 жасар аралығындағы жастар iрiктеу арқылы АҚШ-қа оқу-жаттығуға жiберiлдi. Одан кейiн тағы да тенниске бейiмi бар деген 30 баланы әлемнiң үздiк теннис мектептерiне бiлiмiн жетiлдiруге аттандырдық. Бас қаламыз Астанада әлемдiк талаптарға сай теннис кешенi салынды. «Президент кубогы» жарысыда қайта жандана бастады. Бiр сөзбен айтқанда, қазақ теннисiнiң өркендеп, дамуына барлық шаралар жасалды. Кеше ғана Федерация кубогындағы қыздар командасы өз тобынан бiрiншi орын алып, келесi кезеңге өтуi соған айғақ.

Ендi осы алған беттен қайтпай, теннис Федерациясы қарқынды жұмыстарын жалғастырса, үлкен нәтижелер күтетiн кез де таяп қалғандай. Демек, Қазақ теннисi биiкке көтерiлер күн алыс емес!

Ермұхамед МӘУЛЕН

Серіктес жаңалықтары