“ҚОШ КЕЛДIҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!”

“ҚОШ КЕЛДIҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!”

“ҚОШ КЕЛДIҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!”
ашық дереккөзі
205

Көгiлдiр көктемнiң жаймашуақ күндерiнiң бiрiнде, Алатаудың бөктерiндегi әсем сарай ән мен жырға бөлендi. Бұл жолы кең сарайды нұрға бөленткен "Жұлдыздар отбасы" жастар журналының "Қош келдiң, әз-Наурыз!" атты ән-думан кешi.

"Той десе, қу бас та домалайды" демекшi, Республика сарайында кеш өткелi жатыр дегендi естiген көпшiлiк тайлы-таяғы қалмай, сарайға жиналыпты. Кешке қатысқан өнерпаздарымыз да шетiнен бұлбұлдар мен дүлдүлдер екен. Мерекелiк кеш ұлттық ән-думан десе дегендей-ақ екен. Ә дегеннен-ақ, сахна төрiне мерекелiк кеш шымылдығын қазақтың хас батырларынша мұздай қаруланып, сауыт-саймандарын асынған жiгiттер бимен ашты. Бұл жiгiттер жақында ғана топ құрған "Ердәуiт" өнер тобы.

Одан кейiнгi кезек, әлемнiң рекордтар кiтабына енген "Қара жорғаға" тидi. Бұған дейiн күйiн ғана естiп жүрген көпшiлiк бұл жолы "Қара жорғаның" әнiн естiп, биiн билеп қайтты.

Тойдың сәнiн келтiрген Бекболат Тiлеуханның "Япурайы" болды. Саясаттың мiнберiнде жүрген талантты ұлының дауысын тыңдармандары да сағынып қалыпты. Орындарынан дүр көтерiлiп, дарынды ұлдарын ыстық ықыласымен көмкердi. Сахнасы мен тыңдарманын жезтаңдай әншiнiң өзi де сағынып қалса керек. Бiр ғана әнмен шектелмей, домбырасын қолына алып, бiрнеше әндерден де попурри шырқады. Әсiресе, "Ұлыстың ұлы күнiндей мереке күнiнде ән де отты болуы керек. Ән жылаңқы болса, халық та жылаңқы болады. Ал, бiз жылады екен деп, ешкiм ештеңесiн бөлiп бермейдi. Сондықтан, қашанда ұлттық намысымыз жаншылмай, алаш рухы аспандай берсiн!" деген алаш рухты азаматтың тiлегiне риза болмаған жұртшылық кемде-кем.

Кеш көрiгiн қыздырған әншiлерiмiз Мақпал Жүнiсова, Рамазан Стамғазиев, Майра Мұхамедқызы, Қыдырәлi мен Қарақат, Жанар Айжанова сияқты өнер тарландарының наурыз шашулары да көпшiлiктiң көңiлiнен шықты.

Кеш әзiлсiз де болмады. Нұржан Тұтов, Аманғали және "Өнер қырандары" сияқты әзiл-сықақ ұжымы залға жиналған қауымды күлкiге көмдi.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары