АБЫЛАЙДЫҢ АЛТЫ АҒАШЫ

АБЫЛАЙДЫҢ АЛТЫ АҒАШЫ

АБЫЛАЙДЫҢ АЛТЫ АҒАШЫ
ашық дереккөзі
377

Өткен ғасырдың елу жетiншi жылының жазы едi. Он сегiзге ендi iлiккен шағым. Ұлытауды да алғаш көрiп,тамсанған шағым. Ұлытаудан жиырма-отыз шақырым Ешкiөлмес деген жерде бiраз болуға тура келдi.Сол жерден Құрман деген дос таптым(сол достығымыз әлi үзiлген жоқ).Құрманның әкесi Молда Ысқақ,неге екенi белгiсiз,маған сенiм артып,1931 жылғы көтерiлiс туралы әңгiме шертiп едi.Сол сенiмiн ақтай алдым ба екен?

Ешкiөлместе Жақсылық атты завхоздың үйiне барып, қымыз iшiп тұратын едiк. Жақсылықтың қарындасы Орынкүл мен қалмақ қызы Санжиева тiл үйiрген қымызды кезек сапырып,ағаш тостағандарды босатпайды.Сондай отырыстың бiрiнде дембелше келген, қараторы жiгiт өрiмi жуан тобылғы сапты қамшысын бүктей ұстап, сәлем бере кiрдi. Ағынан қарасы көп көзiнде ұшқын бар, өзiмiз қатарлы жiгiттiң жүзi аса жылы көрiндi. Ығысып төрден орын бердiк. Жiгiт әңгiмешiл екен, есiмi – Кенжебек. Әңгiмеден құр қалмайтын отағасы Жақсылықтан Ешкiөлместiң асбесiнiң талшығын ұршыққа иiрiп, шекпен тоқып киген Жайлаубай Кеңесұлы туралы естiдiк.

Кенжебектiң өрiмi жып-жылмағай жылан сырт қамшысын тамашалап,қолдан-қолға өткiздiк. Қамшының алақанын да әдемiлеп келтiрiп, шашақтап,бүлдiргiсiн өрiп-өрнектеп, тобылғы саптың үстiнiң әр жерiне шашақпен түймелеп сәндеп бағыпты.

Сөйтiп отырғанда Кенжебек қалтасынан қарындаштан сәл жуан, ұзындығы он сантиметрдей алты ағашты алды да, бiрiн-бiрiне кертiктерiн қиыстыра сұғыстырып бiзге ұсынды. Әуелi қолына алған Жолдыбай Төлеуов деген досым:

– Бұл не? – деп сұраған.

– Мен қиыстырдым ғой,ендi ажыратып көршi, – деген Кенжебек күлiмсiреп.

Жолдыбай бiраз әурелендi. Алты ағашты кезек-кезек жұлқылады, мән шықпады. Жақсылық ажырата алмай, Құрманға ұсынды. Қолы түгiлi, тiсiн жұмсаған Құрман әбден терлеп, "мынау не керемет" деп тоқтаған. Орынкүл мен Санжиева да құр қалмады. Соңғы кезек маған келген. Күштедiм, болмады. Қисынын табуға тырыстым, көнбедi. Бiр-бiрiне сызатсыз жымдасқан алты ағаштың кертiктерi көзге iлiнбедi. Ұзақ әуреленiп,болдырып барып мен де Кенжебектiң өзiне ұсындым.

Кенжебектiң бас бармағы алты ағаштың бiреуiн сырғытып жiбергендей көрiндi де, бәрi бөлiнiп-бөлiнiп шыға келдi.

– Әй, мұны қайдан алдың? – деп сұрады Жақсылық.

– Маған Оқап Жұмабекұлы жасап бердi. Абылайдың алты ағашы осы екен, – дедi күлiмсiреген Кенжебек.

Иә,Абылайдың алты ағашымен алғаш рет осылай кезiккен едiм.

Аңызға сенсек, Абылай қапылыста дұшпанның қолына түскен дейдi. Күзет мықты, қашуға жол жоқ, ұзақ жатса керек. Бiр жолы Абылай өзiн күзеткен қалмақ шалынан "Бiр жаман бата айтшы" деп сұрапты. Сонда күзетшi: "Өзiң бiлме, бiлгеннiң тiлiн алма"деген екен. Қапастан құтылудың Абылай амалын ұзақ ойласа керек. Сонан қалмақ ханына шарт қойыпты. "Мен бiр жұмбақ айтамын. Осыны шешсеңдер, мен тұтқын болып қала беремiн, шеше алмасаң босатуға келiс"дептi. "Бiз де ел емеспiз бе,бiр қазақтың жұмбағын шешермiз" деп қалмақ ханы келiскен екен. Хан қалмақ елiнiң бар бiлгiш, жақсы-жайсаңын жинап, Абылайды алдырып:

– Айт жұмбағыңды, – десе керек.

Сонда Абылай қиуын бiлдiрмей жымдастырған осы сынық сүйемдей алты ағашты қолына берiп, сындырмай, бүлдiрмей ажыратуын талап етедi. Қалмақтың бар жақсысы, данасы, күпiнген-iсiнгенi кезек-кезек қолға алып, бiр түс арпалысып, шешуiн таппаса керек. Талабы орындалған Абылай тұтқыннан осылай босанған екен (ендi бiреулер қазақтың бiр топ азаматын босатқан) деседi.

Ұзақ жылдар осы Абылайдың алты ағашы естен кетпедi. Қалам ұстағанның бiразына айтып көрдiм. Ақын – өлеңнен аспады, прозашы оған қадам баспады. Сонан 47 жыл өткен соң Құрман досымды iздеп барғанмын.Жанымда Мағзұмбек редактор, музей бастығы Сейiтжан. Абылайдың алты ағашын тағы сөз еттiм. "Кенжебек менiң iнiм ғой, алты ағашты ұстап жүретiн,өзi қайтыс болды," дейдi Сейiтжан. Абылайдың жұмбақ ағашы кiмнiң қолында кеткенi белгiсiз. Ендiгi жұрт бұл туралы естiмептi де. Бiраз сұрастырып көрiп едiм, ақсақал дегендердiң өзi көрмеген,бiлмеген болып шықты. "Шiркiн-ай, осындай мұраға да ие бола алмайтынымыз-ай"деген өкiнiш кеуденi қысқан.

– Сейiтжан, сен iзiне түс,тапсайшы, – деп өтiне беремiн жолдастан.

Биыл, Едiге батырдың мазарының жайы туралы мәселе көтерiп Ұлытауға тағы бардым.

– Кәмеке, Абылайдың алты ағашы табылды. Сiзге де бiреуiн жасатып қойдым, – деп Сейiтжан жарқырай қарсы алды.

Әйтеуiр бiреуден алты ағаштың сынығын тауыпты. Соған қарап құрастырып, музейге әлденешеуiн қойғызыпты. Мектеп оқушыларын музейге шақырып, Абылайдың алты ағашын көрсетiп,қыр-сырын таныстырып, аңызына да қанық етсе керек.

Сөйтiп жарты ғасырдан артық уақыттан соң, Абылай бабамыздың тұтқыннан босауына себепшi болған қыры да,сыры да мол алты ағашпен көрiстiм.

Үйiмнiң төрiнде тұрған Абылайдың алты ағашына күнiне бiр қарап қоямын да, тағдыры талайға толы қазақ елiнiң тарихын көз алдыма елестетемiн.

Кәмел қажы ЖҮНIСТЕГI, жазушы

Серіктес жаңалықтары