АМСТЕРДАМДАҒЫ АЛАШТЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

АМСТЕРДАМДАҒЫ АЛАШТЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

АМСТЕРДАМДАҒЫ АЛАШТЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
ашық дереккөзі
284

Голландиядағы консулдығымыз қазақтармен араласуға құлшынбайды

Жиырма жыл бұрын Түркиядан Амстердамға ат басын тiреген қазақтардың саны бүгiнде 200-ге жуықтапты. Кәрi құрлықтың кiндiгiне орналасқан шет мемлекетте жүрсе де, кейiнгi буынға қазақы салт-дәстүрдi, әдет-ғұрыпты, тiлдi дәрiптеген ақсақалдар арасында Жағыпар аға да бар. Наурыз мерекесiнiң қарсаңында "Түркiстанның" сұрақтарына жауап берген ол амстердамдық қазақтардың бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгiнен хабардар еттi.

– Жағыпар аға, Амстердамдағы қазақтардың саны қанша?

– Амстердам қаласында шамамен, 45 қазақ отбасы бар. Бiр отбасында орташа есеппен алғанда, 4 адам деп есептесек, барлығы 180-200-ге жуық.

– Амстердамда Наурыз мерекесi тойлана ма?

– Жоқ, бiзде Наурыз мейрам ретiнде аталып өтiлмейдi. Мұндағы қазақтар 20 жыл бұрын Түркиядан келгенбiз. Ол кезде түрiктер елi де Наурызды тойламайтын. Бiрақ егер белгiлi бiр ұйымдар немесе Қазақстанның Амстердамдағы консулдығы тарапынан ұйымдастырылса, қонақ ретiнде қатысамыз.

– Сонда сiздер қандай мерекелерге басымдық бересiздер?

– Негiзiнен Рамазан айы мен Құрбан айт кеңiнен тойланады ғой. Бұл Түркиядан сақталып қалған үрдiс. Алайда, мұндағы дiни мерекелер Қазақстандағы не Түркиядағы сияқты кең ауқымда өткiзiлмейдi. Қызметте жүрген қазақтар мейрамды тойлауға мекеме басшыларынан бiр-екi күнге ғана рұхсат алады. Есесiне, 30 сәуiрдегi Нидерландтар ханшасының туған күнi халықаралық деңгейде аталып өтiледi. Мен Қазақстандағы Наурыз мерекесi қалай өткiзiледi екен деп қатты қызығып жүретiнмiн. Атажұрттағы Наурызды 2008 жылы көрiп қайтқам. Орталық алаңға тiгiлген үлкен сахна, тойға жиналған әлеумет, шат-шадыман күлкi, той-думан, көңiлдi концерт, тiптi, қолына қыран құсын қондырып алып, қонақтарға бүркiтiмен суретке түсуге ұсыныс бiлдiрiп жүрген қазақ жiгiтi де қатты ұнады.

– Бұл Қазақстанға алғашқы сапарыңыз ба едi?

– Жоқ, мен жалпы он шақты рет болып қайтқам Қазақстанда. Ретi келсе, Атажұртқа ат басын жиi бұруды қалаймыз ғой.

– Жатжұртта жүргенде қазақы салт-дәстүрдi сақтап қалу қиын тимей ме сiздерге?

– Орта буын өкiлдерi мен үлкендер жағы әке-шешемiзден мирас болған салттарымызды өзгертпей сақтауға тырысамыз. Бiрақ амал жоқ, кейбiр дәстүр заман талабына сай өзгерiп бара жатыр. Мысалы, келiн түсiру, қыз ұзату, қайтыс болған кiсiнi қайтпас сапарға шығарып салу т.б. бұрынғыға қарағанда, қазiр өзгерiске ұшырады дейдi үлкендер.

– Амстердамдағы қандастардың қазақшалары қалай?

– Үлкендер жағы кейде қазақша, кейде түрiкше сөйлесемiз. Голландша сөйлейтiн отбасылар да кездеседi. Жанымызда өзге ұлт өкiлдерi тұрса, оңаша айтылуы тиiс нәрселердi қазақша ұғынысатын кездерiмiз болады. Мұндағы жастары 30-дан төмендердiң қазақшасы әлсiз. Айтқанды түсiнедi, бiрақ қазақша жауап беруге қиналады. Бұрын Түркияда жүрген жас күнiмде қазақшаға мен де шорқақ болатынмын. Өйткенi, қалалық жерде өстiм, әрi түрiктермен қоян-қолтық араластық. Ал Түркиядағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдары басқа ұлттардан алшақ, өздерi ғана бөлек қоныстанғандықтан, қазақы салт-дәстүр, тiл, үрдiстердi сол қалпында сақтап қалған. Уақыт өте келе, iскерлiк қатынаста болған серiктестерiмiзбен (ауылды жерлердiң қазақтары) тығыз араласудың арқасында туған тiлдi жақсартып алуға ұмтылдым. Құдайға шүкiр, еңбегiм еш кеткен жоқ. Қазiр шетте жүрген қазақтардың көпшiлiгi туған тiлдi ұмыта бастады десек, қателеспеймiз.

– Мүмкiн үлкендер тарапынан жастарға тiл мәселесiнде қатаң талап қойылмағандықтан шығар?

– Олай ойламаймын. Сонда бiздi балаларымызға қазақша үйретпедi, талап қоймады демексiз бе? Менiңше, мұқтаждық пен қажеттiлiктiң жоқтығынан. Амстердамдағы жастар қазақшаны да, түрiкшенi де ұмыта бастаған. Олардың тiлдерi шұбарланып, ауызекi тiлге көшкен. Менiң қызым бар. Отбасын құрған, бiр қызы бар. Сол төрт жарым жастағы немереме қазақ тiлiн үйретудi қолға алдық. Тым болмаса, немерем бiлсiн деген ниет қой менiкi.

– Сонда ондағы қазақ жастары негiзiнен қай тiлде сөйлейдi?

– Әр тiлде. Қазақша, түрiкше, голландша, ағылшынша, басқа тiлдерде де сайраған жастар көп.

– Туған тiлдi меңгерсем деген талабы барларға қазақша үйрететiн мұғалiмдер бар ма?

– Ондай мамандық иелерi жоқ. Өкiнiшке қарай, мұндағы консулдық өзге өлкелердегi консулдықтарға қарағанда, қазақтармен қоян-қолтық араласуға онша құлшынбайтын сияқты көрiнедi. Бiзбен жиi хабар алысып, жақын болуға тырысатын бiр-екi жас жiгiт бар болатын. Кейiнгi кездерi олар да көрiнбей кеттii. Сiрә, басқа жаққа ауыстырып жiберген болар. Өзге мемлекеттердегi қазақстандық консулдықтар атқарып жатқан шараларға қарасаң, көзiң тояды.

– Өзге ұлт өкiлiне үйлену, тұрмысқа шығу сияқты жайттар кездесе ме?

– Ендi ондай жайттар болып тұрады ғой. Үлкендердiң тiлегi – қазақтың қазақпен құдаласуы. Өз басым ұлтшыл қазақ болғандықтан, басқа ұлттың етегiнен ұстағандарды аса жақтыра бермеймiн әрi қош көреймiн де. Бiрақ бiзде әке-шешенiң тiлiн алмау басқа ұлт өкiлiмен көңiл қосқанда кездеседi. Бiрақ бәрiбiр қай ұлттың не ұлыстың өкiлi болса да, қазақы дәстүрден аттап кетпеуi тиiс. Мәселен, бiр түрiк қызын келiн еттiк делiк. Егер ол қазақша салтты, үрдiстi сыйламай, үлкендердiң наласын арқаласа, ондай келiндi ешкiмнiң жақтырмасы анық. Егер керiсiнше, қазақшылықты бiзбен бiрге ұстанса, жақсы келiн атанып, үлкеннiң батасын алады. Негiзi бiр-бiрiмен жақсы таныс қазақтар бiр-бiрiмен құдандалы-жекжат болуға ұмтылады.

– Сiздерде үйлену тойы қалай өтедi?

– Барлық жердегi қазақтардың салты бiр емес пе? Сәл өзгерiстер болмаса. Жастар көңiл қосса, жiгiт жақ құда түседi.

– Қазақстанда ұнатқан қызын алып қашатын жiгiттер көп…

– Бiлемiн, сiздерде қыз алып қашу жиi кездеседi екен. Бiзде ондай жоқ. Үйленердiң алдында қыз жақ ұзату той жасайды. Арада апта өткенде жiгiт жақ "жыртыс той" ұйымдастырып, келiн түсейiн деп жатқандарын хабарлайды. Қыз жаққа қалың мал парасы берiледi. Тойға қай жақтан қанша кiсi келетiнiн екi жақ алдын ала келiсiп алуы тиiс. Қыздың туғандары келiнге қажеттi заттарын берсе, күйеу жiгiттiң туған-туысы жастар бөлек шығатын шаңырақты сайлап, оның керек-жарағын түгендейдi. Ендi кей жерде кейбiр өзгерiстер кездесуi мүмкiн, бiрақ негiзiнен барлық қазаққа тән дәстүр ғой.

– Әңгiмеңiзге рахмет, аға! Амстердамдағы қазақ бауырларға Атажұрттан дұғай сәлем!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары