БIЗ ОСЫ КIМБIЗ?
БIЗ ОСЫ КIМБIЗ?
Иә, кiмбiз?
Қазақ болсақ ата-тегiмiз (фамилиямыз) төл құжатта неге ала-құла? "Сақтағанов", "Сәрсенбаев", "Сырым Сарсек", "Сапартегi", "Сыдықұлы". Осылай тiзiлiп кете бередi.
Басқалардiкi қалай?
Махарадзе, Джугашвили — грузиндер.
Казарян, Саркасян — армяндар.
Иванов, Сидоров — орыстар.
Гүрсал Намық — түрiк.
Болат Бұлболоғлы — әзiрбайжан.
Ал бiздiң ата-тегiмiз ше? Құжаттарда құбылып тұр. Ұлттық менталитетiмiзге сай, өзгелерге қазақ екенiмiздi бiрден бiлдiретiн фамилиямызда бiрiздiлiк жоқ. Бұған етiмiз өлiп кеткенi соншалық, көбiмiз немқұрайды қараймыз. «Әне-мiне» деп жүрiп алатын жайбасарлығымыз тағы бар. Әлi күнге "ов,ев"-тен арыла алмай жүргенiмiз сол.
Неге?
Қабылдауымыз, талғамымыз әрқалай. Бiрiздiк жоқ.
Қазақтың қай ауылына барып ақсақалдарына сәлем берсеңiз ата-тегiңiздi сұрайды.
— Шырағым, атың кiм?
— Батыр.
— Кiмнiң ұлысың?
— Жүзбайдың.
— Тегiң кiм?
— Жұмабайдың тегiмiн.
Сонда Батыр Жүзбайұлы Жұмабайтегi болып шығады. Ендi Батырдың ұлы Асыл делiк. Оның ата-тегi қалай түзiледi? Асыл Батырұлы Жұмабайтегi. Ал Асылдың ұлы Берiктiң ата-тегi ше? Берiк Асылұлы Жұмабайтегi болар едi. Қыз, әйел затының да ата-тектерiн осылай жазсақ қазақ ұлтынан екенiмiз анық көрiнiп тұрмай ма?!
Жуырда Тiл комитетiнiң ұйымдастыруымен осы мәселе арнайы қаралды. Менiңше өте орынды. Аса маңызды мәселеге бей-жай қарап, "ов-ев" тiркестерiмен жүре беру – ұлттығымызға сын. Бодандық сананың сарқыншағынан құлантаза арылмай, егемен елде тұрсаң да еңсеңдi көтеру қиын. Сондықтан ата-тегiмiздiң орысқа да, түрiкке де ұқсамай таза өзiмiздiкi болғаны жөн-ау. Комитет бастамасын қолдап, ата-тегiмiздi бiр iздiлiкке түсiрсек рухани мерейiмiз арта түсер едi.
Сiз бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?
Көлбай Адырбекұлы